Сәу 14, 2016 13:21 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан

Пайғамбар (с.ғ.с.) немересі Хасанды (ғ.с.) көтеріп алып намаз оқу үшін мешітке келеді. Оны қасына отырғызып, жамағат намазының имаматына тұрды. Пайғамбар (с.ғ.с.) сәждеге ұзақ жығылды. Намаз аяқталғаннан кейін Пайғамбардан (с.ғ.с.) «Бұл сәждеге бұрынғыға қарағанда ұзағырақ жығылдыңыз. Сізге тағы уәхи түсті ме?» деп сұрайды. Сол кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деп жауап береді: «Уәхи түскен жоқ, бірақ немерем ойнап, иығымда отырды. Иығымнан өзі түскенге дейін асыққым келмеді».

Баланың табиғи қажеттіліктерінің бірі ойын болып табылады. Баланың дамуы мен қабілет-дарынының ашылуы үшін оған ойын қажет. Бүгінде қоғамтанушылар ойынды балалардың қоғамның дамуы үшін де қажет іс деп санайды. Психологтардың пікірінше, ойын адамның өте пайдалы іс-әрекеттерінің бірі болып табылады. Олардың пайымдауынша, бала ойын арқылы жинайтын мағлұмат тек оның бүгінгі өмірі үшін ғана емес, сонымен қатар оның болашақ өмірі үшін де қажет болады. Ойын - баланы болашаққа дайындайтын үдеріс. Ислам діні де баланың ойындарын, әсіресе оның өмірінің алғашқы кезеңіндегі, яғни оның өмірінің алғашқы жеті жылындағы ойынды аса маңызды деп санайды. Имам Садық (ғ.с.) бала ойынының маңыздылығы жайлы былай дейді: «Балаларың жеті жасқа дейін ойнасын. Жеті жастан кейін оны тәрбиеле». 

Адамдардың барлығы, мейлі ол жас, мейлі қарт болсын, тіпті пайғамбарлар мен илаһи әулиелер де балалық шақтарында ойынға қызығып, ойнаған. Исламның ардақты Пайғамбары (с.ғ.с.) кейде өз балаларының арасында жүгіру және күрес бойынша жарыстар өткізетін. Хиджри жыл санағы бойынша 7 ғасыр ғұламаларының бірі ғалым, шешен әрі тарихшы Ибн Аби әл-Хадид былай дейді: «Әлидің (ғ.с.) үлкен ұлы Хасан (ғ.с.) қадірлі, қолы ашық және кішіпейіл адам болған. Пайғамбар (с.ғ.с.) оны жақсы көрген. Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) онымен Хосейн (ғ.с.)-ның арасында жүгіруден жарыс өткізеді. Хасан (ғ.с.) Хосейннен (ғ.с.) озып кетеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оны өзінің оң тізесіне, ал Хосейнді (ғ.с.) сол тізесіне отырғызды». Пайғамбардың (с.ғ.с.) осы әрекетінен хазіреттің ойынды өзі бақылап, ойынның жеңімпазы Хасанды (ғ.с.) қолпаштап, ал жеңілгенге оның талпыныстары үшін құрмет көрсеткенін көреміз.

Ойын бала тәрбиесіне бірнеше тұрғыдан ықпал етеді. Ол – баланың табиғи және негізгі қажеттіліктерінің бірі. Баланың осы қажеттілігіне көзжұма қараудың көптеген рухани және психикалық зардаптары болады. Басқа тараптан, баланың бойында энергия көп болады. Бұл энергия бір тәсілмен жұмсалуы керек. Баланың энергиясын пайдаланудың ең жақсы жолы белсенді түрде ойнау болып табылады. Егер бұл энергия жұмсалмаса бала рухани және физикалық ауруларға шалдығады. Имам Казем былай дейді: «Перзент есейген кезде кішіпейіл болуы үшін балалық шағында секіріп ойнағаны дұрыс». Шын мәнісінде, адам балалық шағында өзінің сотқар рухын, қорқыныштары мен күмәндарын ойынмен қанағаттандырса, ер жеткенде ішкі тыныштық пен тепе-теңдікке қол жеткізіп, сабырлы адам болады.

Ойынның балаға тигізетін ықпалының бірі оның үйлесімді түрде жан-жақты дамуы. Ойынның түрлері көп. Балалар олардың біреуін ғана таңдайды. Олар балалық шақтың әр кезеңінде сағат сайын бір ойынды таңдап отырады. Бұл ойындардың әрбіреуі бала болмысы мен тұлғасын бір жағынан немесе жан-жақтан дамытады. Ойын баланың сана-сезімі мен ойлау күшінің өсіп-жетілуінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, бала танымының дамуына да әсер етеді. Ойын баланың қоғамдық жетілуіне де ықпалын тигізеді. Бала ойында ережелерді сақтау арқылы заңдарды құрметтеу, сынды қабылдау, топтық қарым-қатынас және тағы да басқа қоғамдық әдет-ғұрыптарды үйренеді.

Ойын баланың өзін-өзі тануы және басқалардың баланы тану құралы болып табылады. Бала ойын кезінде өзінің осалдығы мен күшін, қорқыныштары мен алаңдаушылықтарын, көзқарасы мен ой-пікірлерін, ұнататын және ұнатпайтын заттарды анықтап, жалпы алғанда өзінің тұлғасын жетілдіріп, кейбір кездері өзі де басқалардың осалдықтары мен күш-құдіретін түсінеді. Ата-ана да баланың ойынын бақылау арқылы өз перзенттерінің икемділіктерін көрген соң жақсырақ тәлім-тәрбие тәсілін пайдалана алады. Сондай-ақ перзенттерінің осал жерлерін түсінсе, оны түзете алады.

Бала ойынының жағымды әсерлерінің тағы біріне ойын арқылы оған оқу-білім үйрету жатады. Балалар ойын кезінде көп нәрсені үйренеді: олардың сөздік қоры толығады; түстер, формалар және заттармен танысады. Негізінде баланың үйрену қабілеті өмірінің алғашқы жеті жылында ойын ойнау арқылы қалыптасады. Мысалы, имам Садық (ғ.с.) балалық шағында басқа балалармен отырып мұғалім болатын, ал балалар оның шәкірттері болатын. Имам жемістердің атауларын сұрайтын. Мысалы, имам түсі қызыл, дәмі тәтті, болмаса қышқыл, пәлен деген аймақта, не ағашта, не жерде өсетін бір жемістің атын жасыратын. Сол жемістің атауын айтқан бала мұғалім болатын, ал имам шәкірттердің қатарына қосылатын. Жемістің атын қате айтқан бала ойыннан шығатын. Осылайша, имам Садық (ғ.с.) ойын арқылы балалардың мағлұматы мен зейінін нығайтатын.

Бүгінгі күні балалардың ойнау тәсілдері өзгеріске ұшыраған. Қазіргі кезде бала виртуалды және компьютерлік ойындарға батып, табиғи заттармен, жалпы алғанда табиғат аясында ойнаудан мақұрым қалған. Табиғатта өскен адам физикалық, рухани және психикалық тұрғыдан сау болады. Ол тәрбие тұрғысынан да ойлау, әсіресе жаратылыс мақсаттары туралы ойлау үшін көбірек мүмкіндікке ие болады. Бір күні Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) топырақпен ойнап жүрген бір топ баланы жолықтырады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) серіктерінің бірі балалардың бұл істеріне тыйым салады. Бірақ Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Оларды жібер. Себебі, жер – балалардың бағы».

Баламен ойын ойнауда маңызды жайттарға назар аудару керек. Кейде ата-ана мен тәрбиешілері балалардың ойынына қатысып, онымен бірге ойнаулары керек болады. Осылайша, балаға құрмет көрсетумен қатар, жаңа ойындар, ойынның тәсілдері, ахлақи қасиеттер, заңдар мен ережелерді үйретуге болады. Тағы бір маңызды жайт, ата-ана мен тәрбиешілері бала ойынында өздерін бір бала деңгейіне дейін түсірулері керек. Баланың қасында болып оны жақсылыққа жетелеуге болады. Пәк имамдардың (ғ.с.) жолынан осы тәсілді көруге болады. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) былай дейді: «Қасында бала бар адам онымен бала сияқты қатынас жасауы керек». Сонымен қатар, баланы өзіне ұнайтын ойыннан күштеп тоқтатуға немесе оған бір ойынды зорлап таңуға болмайды. Баланың бір ойынын тоқтату не оны басқа бір ойынға үйретудің дұрыс жолы – оны көндіру болып табылады.

Бүгінде компьютерлік технологиялар қоғамда ауқымды түрде тарады. Бұл технологиялар балалардың өміріне, әсіресе олардың ойындарына көптеген әсерін тигізді. Өмірдегі компьютердің рөлі күннен-күнге артып келе жатқандықтан, бұл технологиялардың балалардың өсіп-жетілуін қалайша жақсартып, не тоқтататынын түсіну маңызды болып табылады. Виртуалдық ойындар баланың бос уақытын толығымен дерлік жаулап алған. Мұндай ойындардың білім беру, байланыс қызметтерін ұсыну сияқты жағымды тұстарына қарамастан, оның жағымсыз тұстары да бар. Бағдарламамыздың келесі бөлімінде жаңа компьютерлік ойындардың баланың ой-санасына тигізетін жағымды және жағымсыз әсерлері жайлы сөз қозғаймыз.