Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: Ислам көзқарасы тұрғысынан
Адамның даму кезеңдерінде адам балалық шақ пен ержетудің арасындағы бір кезеңге жетеді. Өмірдің осы кезеңі «жасөспірімдік шақ» деп аталады.
Бұл кезеңде адам түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Бұл өзгеріс оны болашақ өмірге дайындайды. Жасөспірімдік шақ – адам өмірінің сезімтал шағы, ал ислам көзқарасы тұрғысынан балиғатқа жету болып саналады. Сол себепті ислам пайғамбары (с.ғ.с.) тәлім-тәрбие мен даму кезеңдерін үш жеті жылға бөліп (дүниеге келгеннен жеті жасқа дейін, жеті жастан он төрт жасқа дейін, 14 жастан жоғары), ата-аналар мен тәрбиешілерге балиғатқа жету әрі жасөспірімдік шақ болып табылатын адамның тәлім-тәрбиесінің үшінші кезеңінде перзенттеріне ересек адам ретінде қарауға кеңес берген. Оған сенім артып, түрлі жұмыстарда перзентпен кеңесіп, оның пікіріне құрметпен қарауға және оған жауапкершілік арту тапсырылған. Осылайша перзенттің қабілеттері ашылып, тұлғасы қалыптасады.
Тәлім-тәрбие ілімдерінің мамандары, психологтар мен қоғамтанушылардың пікірінше, жасөспірімдік кезең – бір адамның өмірінің ең маңызды әрі ең басты кезең болып табылады. Бұл кезде жасөспірімнің бойында физикалық және психикалық өзгерістер пайда болады.
Америкалық зерттеуші Миллер Ньютон өзінің «Жасөспірімдік шақ» деп аталатын кітабында осы кезеңді балалық шақтан ересектік кезеңге өтетін даму үдерістерінің кезеңі деп атаған. Миллердің пайымдауынша, мидың жүйке жүйесінің даму процестері (таным, эмоциялық және мінез-құлық үдерістерінің өзгеруі), физикалық даму (дене бітімінің өзгеруі), жыныс жүйесінің дамуы (физикалық және мінез-құлық), ересек адам немесе тәуелсіз адам ретінде өзіндік сана-сезімінің жетілуі, қоғамдық топта ересек адамның деңейіне жету және қоғамдық қарым-қатынаста өз іс-әрекетін бақылау жасөспірімдік шақтағы даму үдерістерінің қатарын құрайды.
Кейде жетілу кезеңіне қатысты өзгерістер жасөспірімнің тұлғасы мен мінезін, сондай-ақ табиғатын толығымен өзгертеді. Сол себепті, жасөспірімнің психикалық, сана-сезімі мен физикалық және ахлақи қырларын тану бала мен жақындарына жасөспірімдік кезеңнің физикалық және рухани өзгерістерін дұрыс қабылдауға көмектеседі. Жасөспірімдік шақ – күш-құдірет кезеңі. Алла Тағала Құран Кәрімнің Рұм сүресінің 54-ші аятында былай дейді: «Ол сондай Алла. Сендерді әлсіз жаратып, сосын әлсіздіктен кейін күш беріп, сосын күштен кейін нашарлатып, қартайтты. Ол қалағанын жаратады. Сондай-ақ, Ол аса естуші, тым күшті». Бұл аят өмірдің басты үш дәуірі мен оның ерекшеліктерін, яғни, әлсіздік, күш-құдірет пен екінші әлсіздік дәуірін атап көрсетеді. Әлсіздік дәуірі – балалық шақ, күш-құдірет – жасөспірімдік, жастық шақ, ал екінші әлсіздік кезеңі – қартайған шақ.
Жасөспірімдік шақ балиғатқа жету кезеңімен қатар жүреді. Айта кетер жайт, жетілу кезеңі – әр адамның өмірлік кезеңдерінің ең қиын кезеңі болып саналады. Бұл кезең 12-17 жас аралығын қамтиды. Әрине қыз балаларда бұл кезең шамамен 11 жаста, ұл балалардан екі-үш жыл бұрынырақ басталады. Балиғатқа жету кезеңінде гормондардың бөлінуі артып, олардың физикалық және жыныстық өзгерістер қалыбындағы бой көтеруі басталады.
Жасөспірімдік шақтағы жетілу – ақыл-ес және физикалық даму мен ойлау күшіне жету кезеңі болып саналады. Алла Тағала Ниса сүресінің 6-шы аятында былай деген: «Жетімдерді үйлену шағына жеткенше сынаңдар. Сонда егер олардан бір естиярлық көрсеңдер, дереу олардың малдарын өздеріне беріңдер». Жетім баланың ақыл-есі кемелдікке жетпеген жағдайда ол өзінің мал-мүлкін сақтап, оны қорғай алмайды. Сол себепті оның өз мал-мүлкін ұстауға хақы болмайды. Ал осы кезеңге жеткен жағдайда мал-мүлкін өз қолына алып, оны пайдалануға хақы болады. Сондықтан жасөспірімдік шақты өмірдің өте маңызды кезеңі деп атауға болады. Бұл кезең өзіндік ерекшеліктеріне байланысты басқа кезеңдерден басым болып келеді.
Ата-аналар жасөспірімдік шақтың адам өмірінің маңызды кезеңі екенін түсінулері керек. Себебі осы кезеңде адамның мінез-құлқы мен көзқарастарында күтпеген өзгерістер пайда болады. Өмірдің кейбір кезеңдері физикалық әсерлерге байланысты маңызды болса, келесі біреулері психикалық әсерлер тұрғысынан маңызды саналады. Ал жасөспірімдік кезең екі тұрғыдан да маңыздылыққа ие. Хазірет Әли (ғ.с.) былай деген еді: «Жасөспірімнің жүрегі сол жерге сепкен кез келген тұқымды қабылдап алатын жыртылған жер тәрізді».
Жасөспірімдік шақ даму кезеңінен кейінгі кезеңге өту уақыты болып табылады. Балалар жастық шаққа аяқ басып, балалықтан есейген шаққа өткен кезде балалық қылықтарын қалдырып, мінез-құлық пен көзқарастың жаңа үлгілерін үйренулері керек. Жасөспірімдік шақ адамға түрлі өмір сүру тәсілдерін үйренуге мүмкіндік береді. Осылайша адам өз қажеттіліктерін ең жақсы тәсілмен өтей алатын мінез-құлық, құндылықтар мен көзқарас үлгілерін таңдай алады.
Ислам Революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи жасөспірімдік шақтың маңыздылығы мен оның болашаққа әсері жайлы былай дейді: «...жасөспірім қоғамдық реформашы, көрнекті данышпан, әділ әрі ізгі адам болуы мүмкін. Осы қабілеттер мұғалімнің алдына баратын барлық балалар мен жасөспірімдердің болмысында бар...».
Жасөспірімдік шақ тұлғаның өзгеруінің аса маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Бұл кезең психиологтардың назарына ертеден іліккен. Жасөспірім барлық өзгерістерді қабылдаумен қатар, бір анық тұлғаға қол жеткізуі керек. Ол «Мен кіммін?», «Менің әлемдегі орным қайда?» және «Өз өмірімнен не қалаймын?» деген сұрақтарға анық әрі нақты жауап беруі керек. Жасөспірім отбасы және қоғаммен қатынасында өз сұрақтарына берілген жауапты дұрыс түсінетін болса, оның материалдық және рухани өмірі дұрыс жолмен жүретін болады. Сонымен қатар толыққанды өмір үшін де дайын болады. Имам Әли (ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Жасөсіпірімдер үйренуі керек ең лайықты нәрсе ересек кезінде соны қажет ететін нәрсе болып табылады».
Жасөспірім осы кезеңде жағымды, не жағымсыз ерекшеліктерге ие болуы мүмкін қылықтар жасайды. Жасөспірімнің түрлі ерекшеліктерінен, әсіресе оның жаратылысының ерекшелігінен хабардар болу осы кезеңнің өзіндік ауытқушылықтарының алдын алады. Жасөспірімдік шақ – белгісіз сезімдер, рухани және физикалық өзгерістер, құштарлық пен толқу, эмоциялық әрі қисынсыз шешімдер кезеңі. Жасөспірімдер көбінесе екпінді, арманшыл әрі ойлампаз болып келеді. Олар құқық пен әділетке ұмтылады. Жасөспірімдік кезең отбасы мен перзенттің келіспеушіліктерінің кезеңі болғанына қарамастан, балаға даму, тәуелсіздікке қол жеткізу, оның бір толыққанды әрі табысты жасқа айналуына көмектесетін уақыт болып табылады.