Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: Ислам көзқарасы тұрғысынан
Жасөспірімдер – әр мемлекеттің ең басты байлығы. Ислам діні жасөспірімдерге ерекше назар аударып, оларды материалдық, рухани, тәлім-тәрбиелік, ахлақи, қоғамдық, осы дүниелік және ақыреттік тұрғыдан толығымен өз қамқорлығына алған
Жасөспірімдік шақ адам тұлғасының жетілуі мен қалыптасуының ең маңызды кезеңі болып саналады. Исламның ардақты ғұламалары жасөспірімдік шақты Алланың аса бағалы нығметтерінің бірі санап, әрдайым осы маңызды топқа назар аударуды кеңес еткен. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) жасөспірімдер жайлы: «Сіздерге жасөспірімдерге жақсылық жасауды тапсырамын. Себебі, олардың жүректері нәзік» деген.
Имам Әли (ғ.с.) де осы жайында өз перзенті имам Хасанға (ғ.с.) қаратып былай деген: «Жасөспірімнің жүрегі егін егілмеген тың жер тәрізді оған себілген әрбір дәнді қабылдайды. Сол себепті жүрегің мен жаның қатайып, ақыл-ойың басқа нәрселерге бет алғаннан бұрын шынайы ниетпен өз істеріңмен айналысуың үшін сені әдепке үйрете бастадым. Тәжірибелі адамдар бұл істердің қиыншылықтарын бастан өткергендіктен сен енді оны қайтадан бастан кешпейсің».
Осы кезеңде жасөспірімнің жағымды немесе жағымсыз қылықтары болады. Ата-ана тарапынан лайықты тәрбиелік тәсілдер арқылы жасөспірімнің бойындағы жақсы қасиеттер жетілдіріліп, ал жаман қасиеттер жойылуы керек. Жалпы алғанда, жасөспірімдік шақ – күрделі кезең. Әр жастың өзіндік ерекшеліктерінің болуына қарамастан, қыздар мен ұл балалардың жасөспірімдік мәселелерін шешу екі себеп бойынша қиынға соғады. Бірінші, балалық шақ кезінде олардың мәселелері не ата-аналары, не мұғалімдері тарапынан шешіледі. Алайда жасөспірімдік шақта олар қиыншылықтарын өздері шешуі керек. Бірақ жасөспірімдердің көбісі тәжірибесіз болғандықтан өз мәселелерін жалғыз шеше алмайды. Басқа тараптан жасөспірімдер өздерін азат әрі тәуелсіз адам ретінде сезінуді жақсы көреді. Олар мәселелерді өздері шеше алатындай жол іздеп, ата-анасы, не мұғалімі тарапынан көмектесу мақсатында жасалған талпыныстарды қабылдамайды. Осы кезде ата-ана жасөспіріммен күшті эмоциялық қатынас орнатуға талпыныс жасау арқылы олардың өздеріне деген сенімдерін күшейтетін факторға айналулары керек.
Жалпы алғанда «жас» сөзі күрделі өмірді еске салып, өмірдің түрлі салаларындағы талпыныс және ұмтылыспен қатар жүретін армандар мен қажеттіліктерге толы болып келеді. Бұл кезеңде жастың түрлі талаптары болады. Оларды дұрыс қолдану физикалық және психикалық саулыққа себеп болады. Бірақ кейде адам өз армандарын орындау үшін басқалардың құқықтарына қол сұғып, кейде қатыгездікке дейін барады, ал кейде жағымпаздық жасайды. Зорлық пен бүлікшілік, жәбірлеу, ашкөздік пен атаққұмарлық сияқты қасиеттер жасты ахлақ пен адамгершілік жолынан тайдыруы мүмкін. Осындай қасиеттердің жетілуі үшін мүмкіндіктің туындауы жастың табандылығын бұзып, оны өзіне лайық емес жолға бағыттайды.
Сол себепті жасөспірімнің қамқоршылары мен қоғамдық заңдар оның бойындағы иманы мен сенімі және заңды сақтау сезімін нығайту арқылы жасөспірімнің жаман жолға түсуінің алдын алады.
Жасөспірімдік шақ ерекшеліктерінің бірі – жасөспірімнің бағынбаушылығы. Жасөспірім отбасы билігінен тәуелсіз болғысы келеді. Кейде осы азаттықта артық кетіп, бағынудан бас тартып, отбасы билігіне қарсы наразылық танытады.
Осылайша отбасының бұйрықтарына бас иіп жүрген бала «төңкеріс» жасайды. Осы кезеңде ата-ананың сабырлығы мен төзімділігі жағдайды олардың пайдасына қарай өзгертіп, жасөспірімнің әке-шешемен көбірек жақындасуына себеп бола алады. Сонымен қатар, осы кездегі эмоциялық бағыттардың бірі – отбасы не жақын адамдар тарапынан оң көзқарастар мен жақсы сезімдердің аз болуы. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, әсірешіл эмоциялық қатынастар тұзағына түскен жасөспірімдердің көбісі ата-анасының біреуі не екеуі тарапынан да эмоция тапшылығына ұшыраған. Әрине бұл мәселе жасөспірім мен оның кемшіліктерімен шектеліп қалмайды, керісінше барлық адамдарға қатысты болады.
Өзіндік қасиеттердің болмауы – жасөспірімдік шақтың жағымсыз ерекшеліктерінің бірі. Жасөспірімдердің бір бөлігі отбасында өзіндік қасиеттердің тапшылығынан ерекше жағдайға енеді. Кемсітушілік, мінеушілік пен қатаң сынау олардың тұлғаларының негізгі тірегіне қауіп төндіреді. Сондықтан балалар аз-аздап ата-анамен ара-қашықтықтарын ұлғайтып, өз отбасымен жақын болмайды. Отбасынан теріс айналу жасөспірімнің отбасы шеңберінен тыс жерлерден үлгі іздеуіне себеп болады. Жасөспірім киім кию, шаш үлгісі мен қарым-қатынастарындағы реакция көрсетудің түрін мақтан тұтып, былайша айтқанда өз құрдастары арасында бір «тұлғаға» айналады. Ол басқаларға өзінің есейгенін білдіру үшін өзін жақсы көрсетуге тырысады. Бұл кезде ата-ана жасөспірімнің тұлғасына құрметпен әрі дұрыс қарау арқылы оны лайықты мінез-құлық пен дұрыс киім таңдауға бағыттай алады.
Тәуелсіздікке ұмтылу – жасөспірімдік шақтың тағы бір ерекшелігі. Жасөспірім енді бала емес. Ол есейіп, іс-әрекеттерде өзім шешім қабылдай аламын деп сезінеді. Егер бұл қажеттілік ата-ананың қаталдығы және қатыгездігімен бетпе-бет келсе, бағынбаушылыққа ұласады. Осы қажеттілікті қанағаттандыру үшін жасөспірім өзі мен басқаларға зиян тигізбейтіндей дәрежеде азат болуы қажет. Қатыгездік жасөспірімді отбасы кеңістігінен алшақтатып, оның ата-анасымен қарым-қатынасын бұзады. Сондай-ақ баланы жасырын әрекет ету мен ашу-ызаға берілуге душар етеді. Осы аяда мейірімді әрі шынайы қатынас жасау жасөспіріммен қатынас орнатудың ең лайықты тәсілі болады. Жасөспірім осы кезеңде жабығу және ашу-ыза сияқты психикалық аурулар мен өзін-өзі өлтіру, есірткі заттарға тәуелділік және басқа да қоғамдық ауытқушылықтарға бейім болады. Осы кезеңде олардың алдын алуға бағытталған барлығынан да ең маңызды нәрсе жасөспіріммен дұрыс әрі лайықты түрде қатынас жасау тәсілдерімен танысу болып табылады.
Жасөспірімнің өсіп-жетілуі, оның ата-анасы және лайықты тәрбиелік үлгілерге еліктеуі уақыт өте келе баланың бойындағы жақсы қасиеттерді қалыптастырып, оның ой-санасы мен мінез-қылығын билей бастайды. Имам Әли (ғ.с.) былай дейді: «Жасөспірімдерге көмектес. Себебі олар жақсы істерге тезірек бет бұрады».
Діни ғұламалардың ілімдеріне сүйене отырып, жасөспірімдік кезеңді әдеп үйрену кезеңі деп атауға болады. Бұл шақта жасөспірімнің ой-өрісі жетіліп, оның талаптары мен қажеттіліктері есті болады. Ол енді бар ынтасымен айналасындағы адамдардардан тәжірибе алып, өз білімін көтеруге дайын болады. Сондықтан осы алтын кезеңді ең жақсы тәсілмен пайдаланып, перзенттің жасырын қабілеттерін гүлдендіруге жағдай жасау үшін оның уақыты толығымен қадағаланып, жоспарлануы керек.
Еліктеу – жасөспірімдік шақта көбірек байқалатын күшті түйсіктердің бірі. Бұл кезеңде жасөспірім ата-анасымен қоса, көп мөлшерде өз құрдастарына еліктеуге бейім болады. Жасөспірімдік шақтағы еліктеу кезеңі 12 жастан басталады. Ол кейде біле тұра, кейде білместікпен өз құрдастарының ғылыми немесе ахлақи және тағы басқа көзқарастарына еліктейді. Бірақ біле тұра еліктеуде жасөспірім үлгісінің жағымды тұстарын таңдап, жағымсыз істерін дұрыс анықтап, оны ысырып қояды. Сондықтан ата-ана мен тәрбиешілер жасөспірімдерге өмірлік мәселелерде көзжұма еліктеуге болмайтынын, себебі мұндай еліктеудің құрдымға соқтыратынын түсіндірулері керек. Сонымен қатар ата-ана өздерінің жасөспірім балаларын жақсы мінез-құлық үлгілерімен таныстырулары қажет.
Осы кезеңде жасөспірімдер өз тұлғасының қасиеттері мен жаратылыстың пайда болуы жайлы ойлануды қажет етеді. Жасөспірім үшін ойлануға және саралауға жеткілікті мұрсат беру қажет. Хабардар ата-ана өз перзентінің оңаша қалуына бөгет болмайды. Осылайша оның сенімділігіне нұқсан келтірмейді. Сонымен қатар жасөспірім өмірінің басым бөлігі үмітке негізделген. Үміттену барлық адамдардың өмірлерінің құнды факторы болып табылады. Адамдар, әсіресе жасөспірімдердің өздері үшін белгілеген межесі болашаққа деген үміттен құралған. Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи жасөспірімдердің бойында үміттену рухын тудыру жайлы: «Елдің ең басты қажеттілігі жас ұрпақтың бойында болашаққа деген үміт, шаттық және өз-өзіне сенімділік рухын тудыру болып табылады» деген болатын.
Кейбір адамдардың ұғымына керісінше, жасөспірімдер дін мен мазхабқа қарай ұмтылып, діннің өмірлеріндегі маңызды рөлі жайлы хабардар болады. Сондықтан діни рәсімдерге белсенді түрде қатысып, діни ұғымдар туралы үлкендерден сұрап отырады. Осы жылдары жасөспірім наным-сенімдерін жаңадан қалыптастырып, көзжұма еліктеуден арылып, өз сенімдерін қисынды дәлелдер арқылы қайта қарастыруға ұмтылады.