Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан
Дін ғұламалары мен исламтанушылар осы аспандық дінді наным-сенім, ахлақ және ахкам деп үш бөлімге бөлген. Дін принциптерімен таныстық сенімдер шеңбері негізінде орын алады.
Өткен бағдарламада ислам дінінің жасөспірімдік кезеңде дұрыс діни тәрбие берудің маңыздылығын қуаттайтынын айтып өттік. Бір Алланы тану және оған иман келтіру жасөспірімнің жаны мен тән тыныштығына, әсіресе саулығына әсер етеді. Бүгінгі бөлімде перзенттерді жасөспірімдік кезеңде діннің басқа да принциптерімен таныстыру қажеттігіне тоқталамыз.
Шиіттер әділетті Алланың маңызды ерекшеліктерінің бірі деп атайды. Олардың ойынша, илаһи әділет – әр мұсылман оған рационалды дәлелдер арқылы сенуі қажет діннің басқа қағидаларымен деңгейлес маңызды принцип. Осы көзқарасқа сәйкес, әділет – Алланың сипаттарының бірі. Ол өзінің маңызды болуына байланысты наным-сенім туралы мәселелерде ерекше орынға ие. Әділет дегеніміз – барлық адамдардың Алланың алдында кез-келген тұрғыдан тең әрі бірдей болуы. Тек тақуалық тұрғысынан ғана айырмашылық болмаса, ешбір адам оның алдында басқа адамнан артық емес. Мұсылман жасөспірім Алланың алдындағы әділет мәселесін зерттеген кезде мына мәселені түсінуі тиіс: Алла әр құбылыс пен мақұлықты өз орнымен жаратты. Жаратылған әлемде барлық құбылыс тепе-теңдік пен үйлесімдікке ие. Барлық әлем Алла Тағаланың мақсатына сай жаратылған. Ешбір зат пайдасыз және мақсатсыз емес. Сонымен қатар, Алланың ешбір ісі қаншалықты кішкентай болса да мақсатсыз жасалмайды.
Басқа жақтан мұсылман жасөспірім Алланың сипаттарын зерделеу арқылы Алла Тағала әділ болғандықтан өзінің әрбір пендесіне оның мүмкіндігі және қабілетіне сай басымдылық беретінін түсінеді. Ол ешбір адамға оның төзімділігі мен қабілетінен артық міндет жүктемейді.
Сондай-ақ әділ Алла өз пенделеріне олардың жасаған істеріне лайық сауап жазады немесе жазалайды. Осы мәселелерді білу жасөспірімнің ерекше тыныштық күйге еніп, оның әлемге деген көзқарасының өзгеруіне себеп болады. Жасөспірімге әділ түрде қатынас жасаудың жағымды іс-әрекет, ал зұлымдық жасаудың жағымсыз әрекет екенін және Алланың ақылға сай емес істерді жасамайтынын түсіндіру керек. Алла ешуақытта зұлымдық жасамайды әрі оның барлық істері әділетке негізделген. Жасөспірім Алланың ешкімге зорлық жібермейтінін және мәнсіз іс жасамайтынын, сол себепті ырзық беруі немесе оны қайтып алуының даналыққа негізделгенін білуі қажет. Сондықтан тағдырдың тәлкегінде үмітті жоғалтпау керек. Сонымен қатар жасөспірім мына мәселені білуі қажет: дәрігердің өз науқасына дәрі беріп, ал науқастың оны өзіне пайдалы деп санайтындығы сияқты Алланың кейбір істерін біз үшін түсініксіз болса да қабылдауымыз керек. Адамзат тағдыры біз қаншалықты түсінбесек те хикметке негізделген.
Жасөспірім Алланың әділдігімен таныса отырып, оның ішкі болмысы мен тұлғасы шариғат заңдарына сай болудың дұрыс екенін үйреніп, дұрыс жолдан таймауына себеп болады. Басқаша айтқанда, шариғат заңдарын сақтау жасөспірімге тақуалық, тазалық, құтқарылу және күнәлардан аулақ болуды үйретеді. Мұндай адамның сөздеріне сенуге болады. Себебі тақуа әрі жәуанмәрт адам Алладан қорқады. Оның болмысында ешуақытта өтірік айтпайтын және шариғатқа қайшы келетін әрекет жасамайтындай күш пайда болады.
Жасөспірімдік кезеңде оған сену мұсылман адамның жағымды істер жасауына себеп болатын діни қағидалардың бірі – пайғамбарлық. Адам өзінің өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қоғамдық өмірге араласуы керек. Адам қоғамдық өмірдегі істерін тәртіпке келтіру үшін заң жүйесін қажет етеді. Ол осы заңдарға сүйеніп әрекет ету арқылы өзінің тыныштығы мен бақуаттылығын қамтамасыз етеді. Адамзат әрдайым адамның сыртқы және ішкі, дүниелік және ақыреттік барлық армандарын жүзеге асыру, адамзат қоғамын бақытқа жеткізетін, барлық салалардағы жеке бас және қоғамдық қажеттіліктерін өтейтін заң жүйесін армандап келеді. Бұл заңға тек уәхи арқылы Алла тарапынан түскен илаһи үкімдер арқылы жетуге болады.
Имам Садық (ғ.с.) пайғамбарлықтың қажеттігі туралы былай дейді: «Бізден және барлық жаратылыстардан жоғарырақ болып табылатын Жаратушымыз бар. Ол дана әрі жоғары мәртебелі. Жаратылыс арасынан Онымен жақыннан сөйлесетін лайықты ешкім жоқ. Алланың жаратқандарының ішінде өзі мен пенделерінің арасын байланыстыратын елшілері бар. Олар Жаратушының жолдауларын жаратылысқа жеткізеді. Сонымен қатар, адамдарға олардың пәни өмірде өмір сүрулерінің себептері мен өмірді жалғастыру үшін қажетті құралдарды үйретеді.
Осылайша жаратылғандардың арасында Алла тарапынан дұрыс іс-әрекеттерді орындауға бұйыратын және бұрыс істерден тыятын әмірлерді жеткізетін адамдар болады. Олар – Алланың әулие-әмбиелері».
Шын мәнінде, Алла Тағаланың хикметі бақыт пен кемелдікке жетудің жолдары мен илаһи уәхиді өзінің елшілері мен пайғамбарлары арқылы пенделерге жеткізуді қажет етеді. Пайғамбарлық қағидасын түсіну жасөспірімге ақылға жүгіне отырып, илаһи елшілердің ілімдерінен көмек алып дұрыс жол мен іс-әрекетті үйреніп, оны жүзеге асыруға көмектеседі.
Жасөспірім ол туралы қарастырып, өз тәрбиешілерінен үйренуі керек тағы бір діни қағида – имамат. Пайғамбарлардың қажеттілігі туралы келтірілген барлық дәлелдер имаматқа да қатысты. Ғұлама Табатабаи осы жайында былай дейді: «Адамның міндеттерін уәхи жолымен түсінетін және оны басқа адамдарға үйрететін адамдардың болуы қажет. Сонымен қатар осы адамның аспандық міндеттері мәңгілікке әлемде сақталып, қажетті кезде адамдарға үйретілуі керек. Бұл әрдайым дінді сақтайтын тұлғалар болып, олар қажетті кезде қызмет етуге дайын болуы керек. Аспандық діннің сақталуына жауап беретін әрі Алла тарапынан осы орынға тағайындалған адам «имам» деп аталады».
Алла тарапынан имамның тағайындалуы барлық адамдар үшін жіберілген рақымның белгісі. Себебі Алла тарапынан ислам қоғамында имамның таңдалып, тағайындалуы халықтың Аллаға бойсұну мен күнәлардан аулақ болуы үшін жағдай жасайтындығы сөзсіз. Сонымен қатар исламдық әдет-ғұрыптардың сақталуы имам мен оның бейкүнә орынбасарларына байланысты болады. Имамға сену үмбеттің құтқарылуы үшін алғышарт әзірлейді.
Жасөспірімдік шақтан бастап танысу қажет қағидалардың бірі – қиямет күніне сену. Осы қағиданы түсіну аясында дұрыс қатынас жасап, лайықты түрде өмір сүруге болады. Ақыретке иман келтіру және өлімнен кейін өмірдің жалғасуына сену жеке бас саласында да, қоғамдық алаңда да жасөспірімнің іс-жүзіндегі қарым-қатынасына әсер етеді. «Мына әлемнің жаратылысының пәлсапасы қандай?» «Қайдан келіп, қайда барамыз?» деген сұрақтар барлық адамдарды, әсіресе жасөспірімдерді ойландырады. Ақыретке сену қағидасы жасөспірімнің мынадай маңызды сұрақтарына жауап береді: қандай мақсатпен өмірге келді; оның өмірі қай жерде аяқталады; оны қандай тағдыр күтіп тұр; мәңгілік бақытқа жету үшін қалай өмір сүру керек?
Ақыретке сенудің адамның жеке және қоғамдық істеріне әсері жайлы мына жайтты айтқан лазым: ақыретке сенетін адам өзін осы пәни дүниеде мәңгілік әлемге қарай кетіп бара жатқан әлемдіктердің кереуенінің жолаушысы деп санайды. Жасөспірім осындай ой-пікір және сеніммен уақыт өте келе сезімдік тәжірибелерден құтылып, ақыл-ойдың көмегімен ғайыптық мәселелер сияқты жоғары ақиқаттарға қарайтын болады.
Қоғамдық істер мен қатынас және исламның қағидаларына сенуге ықпал ету үшін дәлелдер мен зерттеулер және талпынысқа сүйену керек. Ирандық философ Мұртаза Моттәһари ислам дінінде еліктеудің қабылданбауының дәлелі туралы былай дейді: «Құран Кәрім ойлану мен сараптауды иманның негізі ретінде атаған. Құран әрдайым адамдардан ойлау арқылы иманға жетуді талап етеді. Құран оған сеніп, оны тану керек нәрсеге жай ғана бойсұнуды жеткілікті санамайды. Сондықтан дін қағидасын ой-қисынмен зерттеу керек. Мысалы, Алланың болуы және оның жалғыздығы ой-қисынмен түсінуді қажет ететін мәселе болып табылады. Хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) Алланың елшісі болуы да осындай мәселердің қатарына жатады».
Осылайша жасөспірім мықты иманға жету үшін дін қағидаларын талдап, қарастыруы керек. Осы діни қағидаларға сену аясында ғана аталмыш қағидалар оның мінезіне әсер етіп, оның жақсы істер жасауына көмектеседі.