Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан
Бұл бағдарламада жасөспірімдік кезеңдегі ахлақи қасиеттер туралы баяндап, ислам пайғамбарының (с.ғ.с.) өмірлік жолынан мысалдар келтіреміз.
Естеріңізде болса, өткен бөлімде ахлақ мәселелерімен перзенттерді жасөспірімдік кезеңде таныстыру қажеттігі жайлы айттық. Сонымен қатар, адамның болмысы мен мінез-құлқы жасөспірімдік шақта нығайып, келесі кезеңдерге негіз болуы үшін балалық шақтан, тіпті одан да ертерек кезеңдерден ахлақи қағидалар мен ілімдер негізінде қалыптастырудың қажеттігіне тоқталдық. Егер тәлім-тәрбие илаһи ой-пікір және дұрыс ғамалмен қатар жүретін болса, жасөспірімнің осындай кеңістікте рухани тұрғыдан дамып, ахлақи қасиеттерге ұмтылатынын да айттық.
Біз әлем ахлақтан алшақтаған ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі жағдайда адамзат өміріндегі руханият пен ахлақта үлкен әрі қорқынышты бос қуыс пайда болған. Ахлақ тапшылығы көптеген салаларда әлемнің қазіргі қиындықтарының бастауы болып отыр. Бүгінгі таңда ахлақтың болмауынан қоғамның көптеген адамдары, әсіресе ахлақ тапшылығының таралуынан қоғамның басқа таптарына қарағанда көбірек зарар көріп отырған жасөспірімдер есірткі заттарға тәуелділік, психикалық аурулар және тағы да басқа қоғамдық апаттарға душар болуда.
Ахлақ – өмірдің басты өзегі. Экономика, саясат, басқару мен билік сияқты барлық істер ахлақтан әсер алады. Мамандардың пайымдауынша, адамның өмірінде ахлақтан басқа ықпалдырақ еш нәрсе жоқ. Байлық, білім, мансап пен қоғамдық күштің барлығы ахлақтың жынында маңызды емес. Егер жасөспірімнің ерік-жігері мен наным-сенімдері нығаятын болса, оның қиыншылықтарының басым бөлігі шешілетіндігі шәксіз. Батыс философы Иммануил Кант ахлақты дүниежүзілік мәселе деп атап былай дейді: «Егер мен басқалардан бір нәрсені талап етсем, өзім ұқсас жағдайдағы адамдар алдында сол талаптарды орындауым керек».
Егер жасөспірім ахлақи қасиеттердің оның бақытына себеп болып, өзіне ұнайтын нәрсенің басқаларға да ұнауы керек екендігін түсінетін болса жасөспірімнің қателік жасамау ықтималдығы жоғары болады.
Ислам дінінде жасөспірімнің бақыты үшін ахлақи үлгілер ұсынылады. Адамның толыққанды үлгіге деген қажеттілігі оның қабылдаушылық ерекшелігіне байланысты. Бұл ерекшелік адамның тұлғалық және қоғамдық тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Осы аяда Алла Тағала Құранда олардың ең жақсысы ислам пайғамбары (с.ғ.с.) болып саналатын үлгілер ұсынды. Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) барлық ахлақи сипаттар бойынша үлгі болып табылады. Алайда хазіреттің барлық ахлақтық және мінез-құлықтық қасиеттерін санамалап шығуға уақытымыз жетпейді. Барлық адамдар, әсіресе мұсылмандар сол хазіреттің ғамалдарын үлгі тұтып, ғұламаның дұрыс ахлағы мен өмірлік бағдарламасын үйренуі керек. Сондай жағдайда ғана табысты әрі бақытты өмірге жете алады. Құранда осы мәселе туралы былай деп жазылған: «Алла елшісінің ахлағы мен мінез-құлқы сендер үшін жақсы үлгі».
Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) төмендегідей тұлғалық әрі ахлақи қасиеттерге ие болған: сенімділік, төзімділік, сабырлық, уәдеге беріктік, кішіпейілділік, мейірімділік, кешірімділік, қанағаттылық, ұқыптылық, кеңпейілділік, жанкештілік, мақсатқа жету жолындағы табандылық, көнгіштік, ізгілік пен мәрттік және тағы басқалары. Жасөспірімнің осындай тәрбиелік үлгілер және сипаттармен танысуы оны қоғамдық апаттар мен мәселелердің алдында нығайта түседі.
Алла елшісінің (с.ғ.с.) болмысында болған маңызды ахлақи қасиеттердің тағы бірі – шыншылдық. Шыншылдық дегеніміз – бір адамның бір оқиғаны баяндау кезінде шын айтуы. Егер адамдар бір адамның барлық салаларда толығымен шыншыл екенін көрсе, оған қарай тартыла түседі. Пайғамбардың (с.ғ.с.) ахлақи қасиеттерінің тағы бірі – Хазірет жасөспірімдік шағынан осы қасиетке ие болып, ел арасында «сенімді Мұхаммад» деп аталып кеткен.
Жасөспірім оның отбасы мен қоғамдағы даму жолдарының бірі кішіпейіл болып, маңындағы адамдармен жақсы қатынас орнату екендігін білуі керек. Пайғамбар (с.ғ.с.)-ның өмірде және қоғамдық қатынастарда қарапайым болғаны соншалықты, тіпті ол адамдардың арасында отырғанда танымайтын адам: «Араларыңызда Мұхаммад (с.ғ.с.) қайсы?» деп сұрауға мәжбүр болды. Әлем оны тәкаппар еткен жоқ. Ол әлемнің алдамшы қызығына берілген жоқ, керісінше оған тақуалық көзқараспен қарады. Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) қысқа бірақ мағынаға толы нұсқа сөйлейтін. Ол ешуақытта басқалардың сөзін бөлмейтін және ешуақытта кейіп сөйлемейтін, ауыр әрі зілді сөздер айтпайтын. Адаммен сөйлескенде оған патшалар сияқты жоғарыдан қарамайтын. Жиылысқа кірген кезде төр жақ болмаса да бірінші көрген бос орынға жайғасатын. Алдында адамның тұрып тұруына рұқсат бермейтін, керісінше ол барлық адамдарға құрметпен қарайтын. Ал тақуаларды хазірет ерекше құрметтейтін.
Жасөспірімдік шақ – адамның рухани және физикалық тынышсыздығының шарықтау шегі. Бірақ егер жасөспірім хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) өмірі сияқты исламдық тәлім-тәрбие үлгісімен танысып, ол хазіреттің өзінің ашу-ызасын қалай басқанын білетін болса, өзінің ішкі тыныштығына жету жолдарын білетін болады. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) тек Алла мен ислам діні үшін ғана ашу шақырып, сол себеппен ғана қуанатын. Хазірет ешбір адамға оның алдында басқа біреу туралы жаман айтуға рұқсат бермейтін. Ол ар-ұят тұрғысынан теңдессіз болды. Сонымен қатар, сабырлы, берік, төзімді әрі кешірімді болды.
Хазіреттің қызметшісі болған Онс бен Малек былай дейді: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) сәресі мен ауызашарына сүт әзірлейтінмін. Бір күні кешке пайғамбар үйге кеш қайтты. Мен ол хазірет қонаққа барып, сол жерде ауыз ашып келді деп ойладым да, сүтті ішіп қойдым. Көп ұзамай хазірет те келді. Мен оның серіктерінің бірінен пайғамбардың ауыз ашқан, ашпағанын сұрағанда, маған «жоқ» деп жауап берді. Хазірет мән-жайды түсінген кезде ештеңе білдіртпеді. Сол түнді жылы жүзбен, нәр татпастан өткізді».
Баланың жасөспірімдік шақтан бастап танысуы қажет ахлақи қасиеттердің тағы бірі – кешірімділік. Жасөспірім басқалардың жаман қылықтары мен қателіктеріне көз жұмып, олардың көрсеткен жәбірлеріне кешіріммен қарап, кең пейілділік танытуы керек.
Сонымен қатар, мұқтаж адамдарға көмектесуді де балаға жасөспірімдік шақтан бастап үйрету керек. Рауаяттарда айтылғандай, Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) ғибадат пен намазды қатты жақсы көретін, бірақ егер адамдардың ол кісіде жұмысы болса, хазірет намазын қысқартып оқып, адамдарға көмектесуге асығатын. Ол басқалардың қажеттіліктерін өтеу үшін еш нәрседен аянып қалмайтын. Барлық адамдарды құрметтейтін. Хазірет ұлылықты иман мен оны іс-жүзінде орындау деп санап, байлық, сән-салтанат пен мансап туралы ойламайтын. Құлдарға мейірімділікпен қарап, олардың жағдайын жақсартуға талпынатын. Осындай мінез-құлықтың нәтижесінде адамдар пайғамбарға қатты қызығушылық танытатын.
Исламда баса айтылатын ахлақи қасиеттердің тағы бірі – тазалық пен ұқыптылық. Адам өз табиғатына сәйкес тазалық, әдемілік, ұқыптылық пен тәртіпке ұмтылып, ластық пен тәртіпсіздіктен бойын аулақ ұстайды. Қасиетті ислам діні осы илаһи қасиетке сүйене отырып, ізбасарларына әрдайым ластық белгілерін өздері мен өмір сүретін орталарынан алшақтатып, басқалармен қатынас орнатқанда және өзі тектес жаратылыстарға көрінгенде әдемі әрі ұқыпты болуды тапсырды.
Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) тазалыққа ерекше мән беріп, оны адамның иманының белгісі деп санаған. Ол әрдайым хош иісті әтір себумен қатар, тісін де жиі тазалайтын. Сондай-ақ тамақтанудың алдында және одан кейін де қолдарын жуатын. Үйден шығар кезде айнаға не суға қаранып, үсті-басын ретке келтірген қалыпта сыртқа шығатын. Сол себепті адам есейген шағында әдетке айналуы үшін жасөспірімдік кезеңнен бастап тазалық пен ұқыптылыққа назар аударуы керек.
Осылайша лайықты ахлақи қасиеттерге ие болып, оларды қалыптастыру үшін жасөспірімдік шақтан бастап талпыну керек. Жасөспірімдер Алла елшісінің (с.ғ.с.) ахлағынан үлгі алып, дұрыс жолға түсе алады.