Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: Ислам көзқарасы тұрғысынан
Отбасы жасөспірімнің ахлақи тәрбиесінің ең басты факторы болып табылады. Себебі, жасөспірімнің тұлғасы, мінез-құлқы, бақыты мен бақытсыздығы, болашағы отбасында қалыптасады.
Ата-аның көзқарастары, құндылықтары мен іс-әрекеттері жасөспірімнің көзқарасы, мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің қалыптасуына әсер етеді. Жасөспірімнің әлеуметтік және ахлақи әдеттері әке-шешенің іс-әрекетінен, жалпы алғанда олардың баламен қатынас орнатуында жасаған қылықтарынан бастау алады. Мысалы, егер жасөспірімнің үйінде шектен тыс еркіндік болып, балаға зорлық жасауға рұқсат етілсе, ол қоғамда да басқалардың құқығына қолсұғушылық жасап, басқалардың құқықтарын оп-оңай бұзады. Шын мәнінде жасөспірім егер үйінде дұрыс тәрбиеленсе, қоғамда да басқалардың құқығына құрмет көрсететін болады.
Отбасы мен ондағы құндылықтар жасөспірімнің тұлғасының қалыптасуында ықпалды рөл атқарады. Психологтар отбасының түрі мен оның ерекшеліктерін жасөспірімнің тәрбиесіндегі маңызды мәселе деп санайды. Олардың пікірінше, отбасылар адам еркіндігі және оның басқалардың құқықтары мен жеке кеңістіктерін сақтау мөлшері тұрғысынан бірнеше топқа бөлінеді. Кейбір отбасылар еркіндікке ұмтылады. Бірақ жасөспірімге еркіндік берумен қатар, оған жауапкершіліктерді де жүктейді. Жасөспірім осындай отбасында басқалардың құқығын сақтап, адамдардың құқықтарына қолсұғушылықтан алшақ болуды үйренеді. Мұндай отбасыларда ата-ананың беделі сақталуымен қатар, жасөспірімнің талаптары мен қажеттіліктері де назарға алынады. Осындай отбасындағы ахлақи тәрбие лайықты түрде жүзеге асырылады.
Кейбір отбасылары бала тәрбиесіне жеңіл қарайды. Бұл ортада жасөспірімге толық әрі шектен тыс еркіндік беріліп, оның іс-әрекеті мен қылықтарына ешқандай бақылау жүргізілмейді. Мұндай отбасыларда ата-ана тіпті өз перзентіне дұрыс жоды нұсқау міндетін де атқармайды. Әдетте осындай отбасындағы ата-аналар жұмысбасты болғандықтан, өз перзенттерінің істерін қадағалап, олардың іс-әрекеттерін бақылайтын мүмкіндігі болмайды. Батыс психологы Марк Уорден отбасылардың осы тобы жайлы былай дейді: «Ата-ананың жасөспірім баларына қатысты немқұрайлығы балалардың тәуелсіз әрі ерікті қылықтарын бірнеше есе арттырады». Осындай отбасыларда ата-ана балаларының қызығушылықтары, қабілеттері мен жақсы ахлақи қасиеттерге не жаман әдеттерге бейімділігі туралы хабарсыз болады. Сонымен қатар, мұндай отбасылардың басым бөлігі өздерін ахлақи принциптер мен әдет-ғұрыптарды сақтауға міндетті деп санамайды.
Отбасылардың келесі бір түрі қатал ата-аналар басқарған отбасылар болып табылады. Мұндай жанұялар баланың өтініші қанша жерден дұрыс әрі орынды болса да оны қабылдаудан бас тартады. Әке-шешенің осындай әрекеті жасөспірімнің өз ата-анасы ұнатпайтын іс-әрекеттерді орындауына әкеп соқтырады. Мұндай жасөспірімдір көбінесе өтірік айтып, мектептен қашады. Жанұялардың бұл түрінде шектен тыс қаталдық жасөспірімнің қыңырлығының үдей түсуіне себеп болатындықтан ата-ана ешуақытта өз баласының ахлақи және діни тәрбиесінде табысқа жетпейді.
Дағдарыс пен күйзеліске душар болған отбасыларда жасөспірім көптеген ауыртпашылықтармен, әсіресе ахлақтық қиыншылықтармен бетпе-бет келеді. Ата-анасы ажырасып, бөлек тұрып жатқан, не отбасы мүшелері арасында келіспеушіліктер бар жанұяда толыққанды отбасылық қарым-қатынас құру үшін кедергі туындайды. Жоғары мектеп оқушыларына жасалған зерттеулердің нәтижесі күйзеліске ұшыраған отбасыларындағы жасөспірімдердің өздерінің қоғамдық жұмыстарында қиыншылықтарға тап болатынын көрсетті:
Осылайша, жасөспірімдердің ауытқушылықтар мен қылмыстарға бейімділігінің бір себебіне отбасындағы жағымсыз кеңістік пен ата-ананың баласын дұрыс бақыламауы жатады. Сондықтан ата-ананың өздері балаларының ахлақи тәрбиесіне кедергі болмауы үшін бәрінен бұрын жасөспірімнің ахлақи тәлім-тәрбиесінің қағидалары мен тәсілдерінен хабардар болуы керек.
Ислам көзқарасы тұрғысынан үлгілі отбасы перзенттердің ахлақи және діни тәрбиесі жолында ықпалды рөл атқарады. Иран Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи бұл жайында былай дейді: «Исламдық ортада әйел мен күйеу бірге болады әрі бір-біріне тиесілі болады. Олар бір-бірінің, перзенттерінің және отбасы алдында жауапты болады. Исламдық орталарда отбасы діңгегінің мықты әрі берік болатыны соншалықты, тіпті кейде екі ұрпақтан кейін де атасы, әкесі мен немересі бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатады. Исламдық орталар, яғни екі адам ұзақ уақыт бойы бір-бірінің қасында өмір сүріп, ешуақытта бір-бірінен жалықпай, керісінше бір-біріне адалдығы, жақындығы мен сүйіспеншілігі арта түсетін діндар әрі иманды орталар діндарлық пен имандылықтың, Алланың талаптарын орындаудың үлгісі болып табылады. Ислам мен ислам мәдениетінде отбасы өмірлік болып табылады. Өткен ұрпақ өз мұраларын келесі ұрпаққа тапсырады. Осылайша кейінгі ұрпақ тамырсыз, жалғыз және бабалар мирасынан кенде қалмайды».
Жасөспірімнің ахлақи тәрбиесіне әсер ететін орталардың тағы бірі мектеп кеңістігі болып табылады. Ол жерде жасөпірімдер мен ұстаздардың, тәрбиешілердің арасында қатынас орнайды. Мектеп, әсіресе жасөспірімді қоғамға аяқ басуға дайындау тұрғысынан маңызды болып табылады. Мектеп – жасөспірім достары мен тәрбиешілерінен әдет-ғұрып, қарым-қатынас пен ахлақи қағидаларды сақтауды үйренетін жер. Ол осылайша басқалармен ынтымақтасу және пікірлестік білдіруді үйреніп, басқа адамдарың құқықтарына құрмет көрсетуге тырысады.
Қоғамтанушылардың пікірі бойынша, үйдегі қарым-қатынастар жеке әрі эмоциялық қатынастар, ал мектептегі қатынастар қоғамдық әрі қисынға сүйенген қатынастар болып табылады. Сол себепті үй мен мектеп ортасы баланың тәлім-тәрбиесі мен дамуына лайықты жағдай жасау үшін бір-бірін толықтырып, көмектесуі керек. Осы үдерісте әке-шешенің мектеп мұғалімдері және қызметкерлерімен әріптестік жасауы ерекше маңыздылыққа ие. Бірақ осы арада мектептің оқу-білім және тәлім-тәрбиедегі рөліне көзжұма қарауға болмайды. Себебі оқу-білім кезеңі тәлім-тәрбие тұрғысынан ең маңызды әрі ең жақсы кезең болып табылады. Бұл кезеңде балалар тәлім-тәрбиені қабылдауға толығымен дайын болады, сондай-ақ балалардың ресми түрде білім алуы осы кезеңде басталады. Сол себепті тәлім-тәрбие үшін ең жақсы уақыт болып саналатын алтын кезеңді қолдан жіберіп алмау керек.
Жасөспірімнің ахлақи тәрбиесінде мұғалімдер, сыныптастар мен достардың, сондай-ақ оқыту сағаттарының болуы аса маңызды болып табылады. Жасөспірімнің ахлақи тәрбиесінде мұғалімнің рөлі ерекше маңыздылыққа ие. Себебі мұғалім өзінің рухани ықпалы тұрғысынан жасөспірімнің жан дүниесі, ой өрісі мен мінез-құлқына айтарлықтай мөлшерде әсер етіп, өзінің іс-әрекеттерімен жасөспірімге өмірлік және ахлақи сабақ бере алады. Достар мен сыныптастар да жасөспірімнің мінез-құлқына ерекше әсер етеді. Себебі бір топқа мүше болу сезімі осы кезең ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Бұл кезеңде жақсы және жаман адамдармен дос болу жасөспірімнің өмірлік жолын анықтайды. Сонымен қатар тәрбие сағаттары да маңызды рөл атқарады. Егер мұғалім тәрбие сағаттарын дұрыс тәсілмен қолданып, балалардағы ахлақи қасиеттерді көбейте білсе, ол жасөспірімнің ахлақи тәлім-тәрбиесіндегі басты рөлді атқаратын болады.
Әдетте балалар мектепте тәрбиенің екі түрімен бетпе-бет келеді. Бір тәрбие жалпы, ерікті әрі жоспарланған болып келеді, ал екіншісі, еріксіз, жоспарланбаған тәрбие. Ерікті тәрбиенің түрі бойынша жасөспірім белгілі бір пәндерді оқуы керек. Сыныпта мұғалім балалардың алдында сөйлейді. Ол жерде қажетті нұсқаулар есіктер мен қабырғаларға жабыстырылады. Осы жайттардың барлығы ерікті, жалпы әрі жоспарланған тәрбие тәсілдері болып табылады. Осы тұрғыдан мектептің рөлі теңдессіз. Сол себепті мұғалімді таңдау, оқыту сағаттары мен бағдарламаларын реттеу, сыныптан тыс оқытылатын кітаптарды таңдау, мұғалім мен оқушы арасындағы қатынас түрі – мектепке жүктелген ауыр жауапкершіліктер болып табылады. Бұл істер оқушылардың тәрбиені қабылдау үдерісінде басты рөл атқарады.
Мектеп беретін тәрбиенің тағы бір түрі – еріксіз тәрбие. Мұғалімнің еріксіз түрде жасайтын қатынасы мен мінез-құлқы болады. Ол сабағын түсіндіреді, бірақ сабақ кезінде өзін-өзі ұстауы, балаларға жеке-дара көңіл бөлуі, әділетті іс-жүзінде атқаруы – зерттеуді қажет ететін мәселелер. Мұғалім математика сабағымен қатар, әділет және шыншылдық сабағын да беретінін өзі де түсінбеуі мүмкін немесе абайсызда уәде беріп, кейін оны орындамауы мүмкін. Бірақ оқушы оған қатысты әділетсіздік жасалғанын сезінеді. Осылайша ол жанама түрде мұғалімнен әділеттік немесе әділетсіздік, шыншылдық немесе өтірік айту бойынша сабақ алады.