Қаз 28, 2021 01:37 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 866-бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ғафир" сүресінің 48-50-аяттарына құлақ түріңіздер:

«قَالَ الَّذِینَ اسْتَکْبَرُوا إِنَّا کُلٌّ فِیهَا إِنَّ اللَّـهَ قَدْ حَکَمَ بَیْنَ الْعِبَادِ»، «وَقَالَ الَّذِینَ فِی النَّارِ لِخَزَنَةِ جَهَنَّمَ ادْعُوا رَبَّکُمْ یُخَفِّفْ عَنَّا یَوْمًا مِّنَ الْعَذَابِ»، «قَالُوا أَوَلَمْ تَکُ تَأْتِیکُمْ رُسُلُکُم بِالْبَیِّنَاتِ  قَالُوا بَلَى قَالُوا فَادْعُوا وَمَا دُعَاءُ الْکَافِرِینَ إِلَّا فِی ضَلَالٍ»
 

Аяттардың аудармасы:


Паңсығандары: “Расында бәріміз тозақтамыз. Күдіксіз Алла, құлдарының арасына үкім беріп қойған” дейді. (48)

Оттағылар, тозақтың сақшысына: “Раббыларыңнан тілеңдер. Азабымыздан бір күн жеңілтсін” дейді. (49)

(Тозақ сақшылары): “Сендерге елшілерің мұғжизалармен келмеді ме?”,- дейді. Олар: “Әрине!”,- дейді. (Сақшылар): “Ендеше жалбарыныңдар, кәпірлердің тілегі мүлде зая кетуде” дейді. (50)


Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Аллаға серік қосқан күпір басшылар мен олардың ізбасарлары тозақта бір-бірімен жанжалдасады. Қол астындағылар басшыларын тозаққа түскендеріне жауапты санайды. Тозақтан құтылу үшін олардан көмек сұрайды.

Бұл аяттарда былай делінген: өз қол астындағылардың талаптарына жауап бере алмаған күпір басшылар оларға: "Бəріміздің тағдырымыз ортақ. Бірге тозаққа түстік. Өйткені Құдай пенделеріне төрелік етеді. Оның бұйрығына сәйкес біз бәріміз осындамыз. Біз құтқарылар жол тауып алар болсақ, сендерді ойлаудан бұрын өзімізді құтқару жайлы ойлайтын едік. Алайда қазір біздің қолымыздан ештеңе келмейтінін біліңіздер",-дейді.

Қол астындағылар өз басшыларынан үміт үзгеннен кейін тозақтың күзетшісіне барып, аздап тынығу үшін тым болмағанда бір күнге азапты азайтуды сұрады. 

Алайда тозақта қызмет жасап жүрген періштелер оларға: «Үстемшілдерге ергеннің орнына Алла елшілерінің алдына неге бармадыңдар? Олар сендерге айқын дәлелдер келтірмеді ме? Сендерді тура жолға шақырмады ма?»-дейді. Тозақтықтар: «Иә, пайғамбарлар келді, олардың жолдауларын естідік, бірақ сөздерін қабылдамадық, күпірлік жасадық»,-деп мойындады. Алла періштелері: «Онда өздерің кінәлісіңдер. Олай болса, бүгін мойындап, өткенге өкінгендеріңнің сендерге еш пайдасы жоқ. Сондықтан Құдайға қанша жалбарынсаңдар да, орындалмайды, сендердің жазаларың жеңілдетілмейді»,-деді.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Бұ дүниеде тәкаппарлық танытып, хақ алдында бас имеген адамдар ақыретте қорлыққа ұшырайды және одан құтыларға жол болмайды.
  2. Адамдарға дұрыс та әділ төрелік ету – Алланың ісі. Басқалар жайлы жөнсіз мінеп, кінәраттамайық.
  3. Тозақтың азабына демалыс та, жеңілдік те берілмейді. Бұ дүниеде барымызда тәубеге келіп, өкініш білдіру мүмкіндігін пайдаланайық. Сонда ақырет азабынан құтқарыламыз.  
  4. Тозақта қаскөй әрі күпір адамдардың жағдайының ауыр болатыны соншалықты, олар жазасын бақылайтын тозақ күзетшілеріне барып, көмек сұрайды. Әрине бұдан ештеңе шықпайды.
  5. Илаһи сүннет бойынша, адамның міндеті аяқталмайынша ол сотталмайды.

"Ғафир" сүресінің 51-52-аяттарына құлақ түріңіздер:

«إِنَّا لَنَنصُرُ رُسُلَنَا وَالَّذِینَ آمَنُوا فِی الْحَیَاةِ الدُّنْیَا وَیَوْمَ یَقُومُ الْأَشْهَادُ»، «یَوْمَ لَا یَنفَعُ الظَّالِمِینَ مَعْذِرَتُهُمْ وَلَهُمُ اللَّعْنَةُ وَلَهُمْ سُوءُ الدَّارِ»

Аяттардың аудармасы:

Расында елшілерімізге иман келтіргендерге дүние тіршілігінде де, куәлікке тұратын (қиямет) күні де әлбетте жәрдем етеміз. (51)

Ол күні залымдардың желеулері кәдеге аспайды. Оларға қарғыс болады. Және жұрттың жаманы да солардікі. (52)

 

Қол астындағылар күпір қожайындары қажет болғанда көмектеседі деп ойлайды, бірақ қиямет күні күпір басшылар ешкімге көмектесе алмайды. Залым адамдарға керісінше пайғамбарлар мен салих жандар қиямет күні Алланың жан-жақты қолдауына ие болады. Осы аяттарда айтылғандай, Алла – пайғамбарлар мен мүміндердің жетекшісі, сондықтан осы дүние мен ақыретте оларға жәрдемдеседі. Алла тағала бұл жерде бір жалпы негіз ретінде осы дүние мен ақыретте  пайғамбарлар мен мүміндерге көмектесетінін жариялайды.

Алла тағала бұ дүниеде ғайыптан қол ұшын созып, мүміндердің рухын нығайтып, дұшпандардың жүрегіне үрей ұялатады. Сондай-ақ бүлікшіл дұшпандардың қастандықтарын залалсыздандырып, шынайы мүміндерге қарсыластарын жеңуге мүмкіндік береді.

Ал қиямет күні күпір залымдар үшін масқаралары шығып, бастарынан бақ таятын күн болады. Барлық халық жиналған кезде куәгерлер оларға қарсы куәлік етеді. Сол ұлы күнде олар абыройдан айырылып, масқараланады. Сол күні куәгерлер мүміндердің мүддесіне сай куәлік етеді. Сөйтіп олардың үстемшілдерден басым түсуіне себеп болады. Үстемшіл залымдардың сол сотта өтініш сұрауы олардың жағдайын жақсартуға көмектеспейді, оларға махшарға жиналғандардың лағынетінен басқа ештеңе бұйырмайды. Залымдар Алланың рақымынан мақұрым қалады және өзінің артынан ергендердің жиренішіне ұшырайды. Олар тозақ отының ең нашар жерінде орналасып, психологиялық және физикалық тұрғыдан қысымға ұшырап, азапталады.

Негізі Құранда пайғамбарлардың тарихы баяндалып, мүміндердің залымдармен күресуі барысында Алланың берген жәрдемінен шынайы мысалдар келтірілген. Яғни мүміндер өз заманындағы зорлықшылдарға қарсы төзімділік пен табандылық танытса, илаһи жәрдемге ие болып, дұшпандарды жеңеді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

  1. Алланың жазуы бойынша пайғамбарлар мен мүміндердің жеңісі хақтың жалғанды кесімді түрде жеңуі саналады. Әрине бір шарт бойынша:  мүміндер иманды сақтау және илаһи пайғамбарларға жақтасу жолында тұрақтылық пен табандылық танытуы тиіс.
  2. Тек ақыретте емес, осы дүниеде де мүміндерге иманның берер әсері мен пайдасы ұшан теңіз.  
  3. Мүміндердің жеңісі туралы илаһи уәделер олардың көңіліне медеу болады. Оларға дұшпандардың қоқан-лоққылары, қысымдары мен әлімжеттіктеріне қарсы тұруға стимул, үміт және күш-қуат береді.

 

 

Осымен бүгінгі бағдарлама аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.