Қар 01, 2021 19:55 Asia/Almaty
  • Құраннан үйренейік (1)

Бұл бағдарлама топтамасында илаһи білімнің шексіз мұхитының тамшысы, аяттардың мағнасына тоқталамыз.

 

 

بسم اللَّه الرّحمن الرّحیم

Мейірімді және Рақымды Алланың атымен бастаймыз

Халықтың маңызды жұмыстарын  үлкенінің атынан бастау ежелден қалыптасқан. Адамдар сөйтіп, оның сауабы мен берекесіне себеп болады деген пікірде болды. Мысалы, пұтқа табынушылар пұттарының атымен және осы кезде кейбір мемлекеттер жұмыстарын басшыларының атымен немесе олардың қатысуымен бастайды. Алайда бүкіл жаратылыс оның қалауымен жаратылған Алла Тағала кез келген үлкеннен ұлы. Табиғаттың кітабында ғана емес, шариғаттың кітабы, яғни бүкіл қасиетті кітаптар Оның есімімен басталады. Ислам бізге барлық үлкен әрі кішкентай істеріміз бен жұмыстарымызды, тамақтануымызды, сусын ішуімізді, сапарларымыз, сөйлеген сөзіміз бен жазуымызды, кәсібімізді «Бисмилләмен» Алланың атымен бастаумыз керек екенін үйретеді. Алланың есімін айтпай бауыздалған малдың еті жеуге келмейді.

«Бисмиллә» тек Исламға ғана байланысты емес, Құранның аяттары бойынша, хазірет Нұхтың кемесі жолға «Бисмиллә» деп аттанды. Хазірет Сүлейман Саба жерінің патшасы Белқейске жолдаған хатын «Бисмилләмен» бастады. Біздің пікірімше, «Бисмиллә» «Фатиха» сүресінің толық аятының бірі. Өйткені Пайғамбар әулеті (ғ.с.) намазда «Бисмилләні» айтпайтын немесе ақырын айтатын адамдарға ренішін білдіретін және өзі бұл аятты барлық намаздарда дауыстап айтатын.

«Бисмиллә» мен Алланың есімі - амалдардың берекесі мен кепілі,   Аллаға тәуекел етудің және Одан келген жәрдемнің белгісі. «Бисмиллә» амалдарға илаһи реңк беріп, адам әрекетін көп құдайға табынушылық ету мен екіжүзділік пәлелерінен сақтайды. «Бисмиллә», яғни уа, Алла, мен сені ұмытпадым, Сен де мені ұмытпа. «Бисмиллә» деп айтқан адам өзін Алланың шексіз құдіреті мен  мейіріміне жақындатады.

Бұл аяттан кез келген жұмысымызды берекесі мен кепілі болатын Алланың атымен бастауды үйренеміз.