Нұрлы жол. 869-бөлім. "Ғафир" сүресінің 61-65 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 869-бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Ғафир" сүресінің 61-63-аяттарына құлақ түріңіздер:
ابتدا به تلاوت آیات 61 تا 63 از سوره غافر گوش فرا میدهیم:
«اللَّـهُ الَّذِی جَعَلَ لَکُمُ اللَّیْلَ لِتَسْکُنُوا فِیهِ وَالنَّهَارَ مُبْصِرًا إِنَّ اللَّـهَ لَذُو فَضْلٍ عَلَى النَّاسِ وَلَـکِنَّ أَکْثَرَ النَّاسِ لَا یَشْکُرُونَ»، «ذَلِکُمُ اللَّـهُ رَبُّکُمْ خَالِقُ کُلِّ شَیْءٍ لَّا إِلَـهَ إِلَّا هُوَ فَأَنَّى تُؤْفَکُونَ»، «کَذَلِکَ یُؤْفَکُ الَّذِینَ کَانُوا بِآیَاتِ اللَّـهِ یَجْحَدُونَ»
Аяттардың аудармасы:
Ол сондай Алла, сендерге түнді тынығу, күндізді көру үшін жаратты. Күдіксіз Алла, тым кеңшілік иесі. Бірақ адамдардың көбі шүкірлік қылмайды. (61) Міне осы Алла Раббыларың. Әр нәрсені жаратушы; Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Қайтып адастырыласыңдар? (62) Осылайша Алланың аяттарына қарсы келгендер адастырылады. (63)
Бұл аяттарда Алланың бірлігі тақырыбына қайта оралып, аса көңіл аударылмайтын кейбір илаһи нығметтерге тоқталып: "Қараңғы түн мен жарық күн – Құдайдың екі үлкен нығметі. Олар адамдар мен басқа да тіршілік иелерінің өмірінде басты рөл атқарады",-делінген.
Күннің жарық әрі жылы болуы қозғалыс пен әрекетке негіз болып, адамның жұмыс істеуіне және өсімдіктердің өсуіне жағдай жасайды. Түннің қараңғылығы күндізгі ауыр жұмыстан кейін адамның денесі тынығып, жаны тынышталуына септігін тигізеді. Күн мен түннің нақты жүйесі және жарық пен қараңғылықтың үйлесімді ауысымы адамдар мен басқа да тіршілік иелерінің Жер бетінде өмір сүруіне қажетті маңызды факторлардың бірі саналады. Егер жарық пен қараңғылықтың үйлесімі болмай, жарық көбейсе, тіршілік иелерін жандырып жіберіп, Жер бетінде тіршілік болмас еді.
Алайда халықтың көбі осы үлкен нығметке немқұрайлы қарап өтіп кетеді. Кейбіреулер тіпті шүкіршілік етпек түгілі, оның барын теріске шығарады. Жаратушының орнына олардың тағдырында ешқандай рөл ойнамайтын адамдарға жүгінеді. Олар жансыз заттар немесе адамдарға сүйіспеншілік білдіреді. Ал негізі Құдайдан басқа ешкімде жарату құдіреті де, болмыс істерін басқару қуаты да жоқ.
Аяттарда одан ары былай делінген: Осынша нығмет берген құдірет – Құдай. Ол бүкіл нәрсені жаратқан. Одан басқа ғидабатқа лайықты құдірет жоқ. Жаһанды жаратып, басқарып тұрған құдірет қана ғибадат етуге лайықты.
Осыны біле отыра, хақтан қалай бас тартып, бөгде құдайларға бет бұрады? Алланың аяттарын теріске шығаратын адамдар ақырында хақ жолынан тайып, адасатыны сөзсіз.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Жаратылыс жүйесінде түн демалуға, күндіз еңбек пен талпынысқа арналған. Әркім өз өмір бағдарламасында осы табиғи принципке көңіл бөлген дұрыс.
- Әлемде Құдайдың пейілі мен нығметтері барша адамға арналған. Ол мүмін мен кәпір, жақсылық жасаушы мен қаскөйді де қамтиды.
- Құдай халыққа нығмет беру үшін олардың шүкіршілік етуін күтпейді. Адамдардың көбінің шүкіршілік етпейтінін білсе де, оларға ұдайы мейірімін төгеді.
- Тек барлық нәрсені жаратып, оларды басқара алатын құдірет қана ғибадат етуге лайықты. Құдайдан басқа ешкім бұл ерекшелікке ие емес.
"Ғафир" сүресінің 64-65-аяттарына құлақ түріңіздер:
«اللَّـهُ الَّذِی جَعَلَ لَکُمُ الْأَرْضَ قَرَارًا وَالسَّمَاءَ بِنَاءً وَصَوَّرَکُمْ فَأَحْسَنَ صُوَرَکُمْ وَرَزَقَکُم مِّنَ الطَّیِّبَاتِ ذَلِکُمُ اللَّـهُ رَبُّکُمْ فَتَبَارَکَ اللَّـهُ رَبُّ الْعَالَمِینَ»، «هُوَ الْحَیُّ لَا إِلَـهَ إِلَّا هُوَ فَادْعُوهُ مُخْلِصِینَ لَهُ الدِّینَ الْحَمْدُ لِلَّـهِ رَبِّ الْعَالَمِینَ»
Аяттардың аудармасы:
Ол Алла сендерге жерді тұрақ, көкті күмбез қылды. Сондай-ақ сендерді бейнелегенде көркем бейнеледі. Және де таза нәрселерден қорек берді. Міне осы Алла, Раббыларың. Төтенше ұлы Алла, бүкіл әлемнің Раббы. (64)
Ол тірі Алладан басқа ешбір тәңір жоқ. Ендеше дінді Оған арнап, нағыз ынтамен өзіне жалбарыныңдар. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббына лайық. (65)
Алдыңғы аяттардың жалғасында Құдайдың кейбір нығметтеріне, адам өміріндегі жер мен аспанның рөліне тоқталып, былай делінген: Жер планетасы өз осі мен Күнді айналады. Жердің айналысынан күн мен түн болатынына қарамастан, ол өте тыныш та сенімді орын. Құдай Жерді бір қолайлы орынға айналдыру үшін тиісті жағдай тудырды. Жер – шайқалмайтын тұрақты мекен. Адамдар оның қозғалысын сезбейді. Тіршілікке қажетті заттар мен ресурстар адамдардың ықтиярына берілген. Сондықтан адамдар онда сенімділікпен өмір сүріп, жұмыс істеп, белсенділік жасайды.
Содан кейін былай делінген: сіздің төбеңіздегі аспан Жер тұрғындары үшін күмбез іспетті. Ол сізді көптеген қатерлерден сақтайды. Атмосфера күмбез сияқты Жерді айнала қоршап, жауып тұр. Бұл үлкен күмбез Жер тұрғындарын Күн сәулесі мен ғаламдық радиациядан қорғайды. Сондай-ақ каметалардың Жер бетіне түсіп, адамзат өркениетін жоюына кедергі жасайды.
Күн мен түн, жер мен аспанның нығметтері баяндалғаннан кейін Құдай адамға қайта оралып, Өзінің адамға берген үлкен нығметтерінің бірін атап, былай деген: Адамдарға берілген мына әдемі де мейірімді келбет, келісті де симметриалы дене басқа тіршілік иелерінен бөлек жаратылған. Бұл – Құдайдың адамға деген айрықша ілтипаты. Мына жайтқа назар аударған орынды: Адам денесінің ерекше құрылымы оған ауыр да жеңіл жұмыстарды жасауға және өмір сүру үшін денесінің түрлі мүшелерін пайдалануға мұрсат береді.
Құдай адамға таза азық-түлік пен сусындар берген. Олар адамның табиғатына үйлесімді. Сондықтан ішіп-жеуден ләззат алыңыздар.
Құран осы үлкен нығметтерді баяндағаннан кейін: "Адамдарға нығмет беріп, ғаламның ісін басқарып отырған – сол Құдай. Ол мәңгілік әрі берекелі. Одан берекеден басқа ештеңе шықпайды",-деді.
Тіршілік иелері әлемге келіп, кетеді. Мәңгі тірі болатын тек – Алла тағала. Өйткені оның өмірі – оның болмысы. Ол ештеңе арқа сүйемейді. Ал басқа тіршілік иелері өздерінің уақытша әрі шектеулі өмірін Құдайдан алады. Тек абсолютті әрі мәңгі өмірге ие құдірет қана ғибадатқа лайықты екені анық. Одан асқан лайықты құдірет жоқ. Оған серік қоспай, ырым араластырмай шынайы ықыласпен ғибадат ету керек. Ол ғана мадаққа лайықты.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Жер бірнеше түрлі қозғалысқа ие болса да, Алла оны адам қоныстануы үшін тыныш қып жасады.
- Жердің тыныштығы, аспанның айнала қоршап тұруы, адамды жаратуы және оған ризық беруі – осының барлығы адамның жайлы өмір сүріп, дамып, рухани биіктеуіне арналған.
- Алла тіршілік иелері арасында ең әдемі келбетті адамға берді. Бұл –
Алланың үлкен нығметтерінің бірі.
- Алланың рақымы мен берекесі бүкіл әлем, соның ішінде адамдарға төгілген. Одан басқа ғибадатқа лайықты құдірет жоқ. Сондықтан тек оған мадақ айтып, шынайы ғибадат етейік.
Бүгінгі уақытымыз аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.