Сәу 25, 2016 16:01 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада Теһран облысының табиғи-географиялық ерекшеліктерімен таныстырып, осы облыстың саяси-әкімшілік орталық мәртебесіне ие болуы өнеркәсіп және қызмет түрлерінің басым бөлігінің осы облыстың аумағында орналасуына себеп болғанын айттық. Қазір әлемнің ең үлкен әрі тұрғыны көп қалаларының қатарына жататын Теһранның тарихы шарықтаулар мен құлдырауларға толы. Бүгінгі бағдарламада Теһран облысының тарихымен қысқаша таныстырып өтеміз.

Осы уақытқа дейін Теһран облысында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі аймақта алғашқы адамдар тіршілік еткен ең көне қоныстың Дамавандтың атырабындағы Килан (Kilan) елді мекені болғанын көрсетті. Оның 14000 жылдық тарихы бар. Сол зерттеулер көрсеткендей, ол заманда адамдар үңгірлерде өмір сүріп, аң аулаумен күн көрген. Б.з.д. 8000 жылдан бастап Мадтардың дәуіріне дейін облыс бойынша адамдарға тиесілі көне ескерткіштер мен  қоныстар біртіндеп көбейе түскен.

Теһранда қоныстану тарихы б.з.д. 5000 жылдан басталады. 1393 жылдың дей айында Теһранның Моулави ауданынан б.з.д. 5000 жылға тиесілі адамның қаңқасы табылды. Бұдан бұран қазіргі Теһран аймағындағы ең көне қоныс б.з.д. 3000 жылға тиесілі Қейтарие мекенінен басталады деп саналған еді. Соңғы анықталған қалдықтарға дейін Теһранның тарихы Ашканилердің заманынан, яғни шамамен 2000 жыл бұрынғы кезеңнен басталады деп пайымдалған болатын. Сол заманда Теһран (Деһран) маңызды әрі абадтандырылған Рейдің (Араганың) солтүстігіндегі бір ауыл болған. Дариуш өзінің Бистундағы тас жазбаларында Рейді атаған.  

Рейдің атағы Сасанилер кезінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Бүгінде Рейде сол заманнан көптеген ескерткіштер сақталып қалған. Рей х.қ.ж.с.б. 4 ғасырға дейін  Шығыстың ең үлкен қалаларының бірі болған, бірақ кейін  (моңғол шапқыншылығынан соң) х.қ.ж.с.б. 617 жылы (1220 жылы) моңғол әскері тарапынан қиратылды. Рейдің тарихы мен қазіргі жағдайы жайында келесі бағдарламаларда сөз қозғайтын боламыз.

Айта кететін жайт, сол заманда Теһран Рей қаласының халқы үшін бағы көп  үлкен ауыл мен жайлау болған. Оның тұрғындарының үйлерінде дұшпандардың шабуылынан жасырынатын жертөле болған. Онда азық-түлік те сақтаған, сондықтан айлар бойы дұшпандарға төтеп бере алған. Сол себепті Теһран моңғол әскерінің шабуылынан аман қалып, Рей қаласы қиратылғаннан кейін  көбірек маңыздылыққа ие болды.

Теһранның аты аталған ең көне жазба – Абу Исхақ Естахридің «әл-Масалек уа ал-Мамалек» атты еңбегі. Ол х.қ.ж.с.б. 340 жылы жазылған. Естахриден кейін Яқут Хамави мен ибн Хаукаль Бағдади да Теһран жайлы мағлұмат  қалдырған. Мысалы,  Яқут Хамави «Маджам ул-Баладан» атты еңбегінде: «Теһран – үйлері жердің астына салынған үлкен ауыл. Тұрғындардың өзі қаламаса, ешкім бұл үйлерге кіре алмайды»,-деп жазған.

«Әл-Белад» еңбегінің авторы Мұхаммад Қазвини Теһран жайлы былай дейді: «Теһран тұрғындарының үйлері жер астына салынған. Дұшпандар шабуыл жасаған кезде Теһран халқы жылдам жер астындағы үйлерінен шығып, оларға қарсы тұрады».

Географтар мен зерттеушілердің Теһран жайлы еңбектері мынаны растайды: Теһран бағзы заманда Рей ауылдарының бірі болған. Рей Құм, Хорасан, Мазандеран, Қазвин, Гилян мен Савеге баратын жолдардың қиылысында орналасқандықтан, сонымен қатар саяси-әкімшілік, сауда және діни орталық болғандықтан ежелден ерекше назарда болған. Сондықтан осы маңызды стратегиялық орталық ұдайы басқыншылық пен шапқыншылыққа ұшырап отырған.

Теһран ауылы жерасты үйлері, көптеген табиғи кедергілерінің болуына байланысты оған ену қиын болғандықтан билеушілер мен қашқан адамдар үшін сенімді пана болған.

Сафавилер дәуірі Теһранның кеңейіп, маңызы артқан кезеңдерінің бастамасы болды. Қазвинді өзінің астанасы етіп таңдаған шах Тахмасп Сафави (х.қ.ж.с.б. 930-984) Сафавилердің даңқты бабасы сейіт Хамзаны зиярат ету үшін кейде Шах Абдулазимнің кешеніне барып тұрған. Ауа райы қолайлы, бақтары мен арықтары көп Теһран шахтың назарына алынып, бірте-бірте осы ауылда көп тұрақтайтын болады. Шах Тахмасп Сафави өз билігі кезінде Теһранда ғимараттар, мұнаралар мен мықты дуалдар салдырған. Х.қ.ж.с.б. 961 жылы (1553-1554 жылдары) Теһранның айналасына дуал салынып, 114 мұнара (Құран сүрелерінің санына сәйкес) тұрғызылған.

Бұл заманда Теһранда төрт қақпа – Шамиран дарбазасы, Қазвин дарбазасы, Дулаб қақпасы, хазірет Абдулазим қақпасы болған, содан кейін Доулат және Мұхаммадие деген басқа екі қақпа қосылған. Дуал тұрғызу үшін кейбір жерлерден топырақ алынған. Кейіннен бұл ойықтар «Чале мейдан» және «Чал Хесар» деген атпен танылған.

Италияның ең атақты саяхатшысы Пьетро Делаваль х.қ.ж.с.б. 1028 жылы, сәйкесінше 1618 жылы шах Аббас Сафавидің билігі кезінде Иранға сапар шеккен. Ол Теһранды да көрген. Ол жайлы: «Теһран Кашаннан үлкен, бірақ оның тұрғындарының саны Кашаннан аз. Қала жерінің үштен бірі ғимараттарға, үштен екісі бақтарған бөлінген. Теһран қаласының барлық көшелеріне шынар ағаштары егілген. Бұл ағаштарының кейбірінің қалыңдығы соншалықты, төрт адам қол ұстасып тұрғанның өзінде ағаштың діңін зорға құшақтай алады»,-деп жазған.

Сафавилер билігі құлап, Афшарлар билік басына келгеннен кейін Надыр шах х.қ.ж.с.б. 1152 жылы  (1739 жылы) Теһранды басқаруды өзінің үлкен ұлы Резақоли Мырзаға береді. Надыр шах Афшар қайтыс болып, елде саяси бытыраңқылық орнаған кезде х.қ.ж.с.б.1172 жылы (1758 немесе 1759 жылы) Кәрімхан Зенд Ирандағы билікті өз қолына алып, Теһранда таққа отырды. Кәрімхан Зенд Теһранды 4 жыл бойы өз үкіметінің орталығы етіп алып, «Арг» кешенінде жаңа ғимараттар салды. Кәрімхан Зенд Мұхаммад Хасан хан Қаджармен қақтығыстарына байланысты және астананы далалық түркімендерден алыстату мақсатында елдің орталығын Теһраннан  Ширазға ауыстырды.

Астана Теһраннан Ширазға ауысқаннан кейін Теһран өзінің салтанаты мен беделін жоғалтқан жоқ, керісінше аз уақыттың ішінде  қайтадан үкіметтің орталығына айналды.

Теһранды елордасы етіп таңдаған алғашқы патша Аға Мұхаммадхан Қаджар болды.  Аға Мұхаммадхан Теһранның билеушісі Ғафурханмен қақтығыстан кейін өзіне қарсыларды жеңіп, қалада орналасып, оны астанаға айналдырды. Аға Мұхаммадхан х.ш.ж.с.б. 1174 жылы (1795 жылы) Теһранда таққа отырды. Ол билікке келгеннен кейін өз атымен тиын басып шығаруға бұйрық беріп, өзінің астанасы ретінде таңдаған Теһранды «Халифаттың үйі» деп атады. Аға Мұхаммадхан Қаджар тарапынан Теһранның астана ретінде таңдалуының бірнеше себебі болды. Солардың ең маңыздысы Теһранның Вараминдегі құнарлы жерлерге жақындығы және Афшар Савджабалақ жайлауы мен Вараминде қоныстанған батыс көшпенді тайларының жерлерімен көршілес орналасуында болды. Олар Аға Мұхаммадханның жақтастары болған.

Келесі себебі Теһранның Астарабад пен Мазандеранға, шын мәнінде Аға Мұхаммадхан Қаджарды жақтайтын күштер басшыларының өмір сүретін жеріне  жақындығы болды. Сол уақыттан бастап 20  мың ғана тұрғыны болған Теһран деген кішкентай ауыл қарқындап дами түседі. Аға Мұхаммадханнан кейін билікті қолына алған Фатхали шах Қаджардың кезінде (х.қ.ж.с.б. 1212-1250 жылдары, 1797-1834 жылдары) Теһран бұрынғыдан көбірек дами түсті. Теһранда жаңа ғимараттар мен үйлер салынды. Қала салыстырмалы түрде абадтандырылғаннан кейін алыс-жақын жердегі аудандардың тұрғындары астанаға көшіп, соның нәтижесінде Теһранның тұрғындарының саны айтарлықтай артты.

Х.қ.ж.с.б. 1222 жылы (1807 жылы) Теһранға сапар шеккен Жак Морье (Morier) өзінің сапарнамасында Теһранды сипаттап, ондағы моншалар, керуен сарайлар мен үлкен алаңдарының саны жөнінде статистикалық мәлімет берген.

Насери дәуірі деген атпен танымал Насыреддин шахтың кезеңі Иранда саяси-әлеуметтік және мәдени өзгерістердің дәуірі болып саналады. Бұл заманда Еуропаның индустриалды өркениеті мен Батыстың отаршыл саясаттарының ықпалында Иран жаңа кезеңге аяқ басты. Соның нәтижесі Насыреддин шах қайтыс болғаннан кейін бірден конституциялық қозғалыс пен басқа да өзгерістер түрінде көрініс тапты. Бұл дәуірде Теһранды дамыту саласында реформалар жасалып, оның тұрғындарының саны артты.