Нұрлы жол. 875-бөлім. "Фуссиләт" сүресінің 8-12 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 875-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Фуссиләт" сүресінің 8-аятына құлақ түріңіздер:
«إِنَّ الَّذِینَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ لَهُمْ أَجْرٌ غَیْرُ مَمْنُونٍ»
Аяттардың аудармасы: Расында иман келтіріп, ізгі іс істегендер, олар үшін таусылмайтын сыйлық бар. (8)
Өткен бағдарламадағы соңғы аят зекет бермейтін, қайырлы іс істемейтін және ақыретке сенбейтін мүшріктер жайлы болды. Әрине егер мұндай адамдар қайырлы іс істесе де, қияметке сенбейтіндіктен ақыретте сый-сыяпаттан кенде қалады.
Бұл аятта былай делінген: Құдай мен қияметке иман келтірген және жеке әлеуеті мен дарыны, әлеуметтік орнына қарай әрдайым ізгі іс атқарған адамдарға Құдай қияметте қисапсыз сый-сыяпат береді.
Бұл аяттан үйренетініміз:
- Иман мен ізгі іс бір-бірінен ажырағысыз. Қияметте бір-бірінсіз іске жарамайды.
- Алланың ақыреттегі сыйы шексіз. Ал әлемде тіпті ең қымбат сый шектеулі әрі таусылады.
"Фуссиләт" сүресінің 9-10-аяттарына құлақ түріңіздер:
«قُلْ أَئِنَّکُمْ لَتَکْفُرُونَ بِالَّذِی خَلَقَ الْأَرْضَ فِی یَوْمَیْنِ وَتَجْعَلُونَ لَهُ أَندَادًا ذَلِکَ رَبُّ الْعَالَمِینَ»،
«وَجَعَلَ فِیهَا رَوَاسِیَ مِن فَوْقِهَا وَبَارَکَ فِیهَا وَقَدَّرَ فِیهَا أَقْوَاتَهَا فِی أَرْبَعَةِ أَیَّامٍ سَوَاءً لِّلسَّائِلِینَ»
Аяттардың аудармасы:
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Сендер жерді екі күнде жаратқанға қарсы келесіңдер ме? Сондай-ақ Оған теңеулер жасайсыңдар ма? Бұл бүкіл әлемнің Раббы” де. (9)
Жерге үстінен асқар таулар жаратты да құт-береке қойып, жер жүзіндегілердің ризықтарын төрт күнде шамалады. Бұл сұраушылар үшін тура жауап. (10)
Бұл аяттарда кәпірлер мен мүшріктерге қаратып былай делінген: Сендер Жерді екі күнде жаратқан күшке сенбей, оған серік қосасыңдар ма? Қандай үлкен қателік! Негізі жоқ нендей сөз!
Шын мәнінде біз тіршілік етіп жатқан Жерді Құдай өз қолымен жаратқан. Ешкім де, ешнәрсе де бұл істе оған серік болмады. Ол Жерді жаратып қана қойған жоқ, бүкіл ғаламның Жаратушысы. Осы ғаламат болмысты жаратқан күш ғаламды басқарып отыр. Демек шын мәнінде ғаламды жаратқан, оны басқаратын, оған иелік ететін және билік жүргізетін күш қана табынуға лайықты.
Жерді жаратқаннан кейін өсімдіктер, жануарлар мен адамдарға қажетті нәрселерді де жаратып, олардың ықтиярына берді. Жер бетіндегі аспанмен астасқан асқар таулар, телегей теңіздер, нулы ормандар және жер астындағы түрлі қазба байлықтар Жер түрғындарының қажеттіліктерін өтеу үшін жаралған. Жерде ырыс-береке мол. Одан түрлі азық-түлік табуға болады. Бұл береке мен нығметтің сұраушылардың қажетіне сай екені даусыз. Онда артық-кем болмайды. Басқа сөзбен айтқанда, Құдай мақұлықтардың тіршілік етуіне қажет барлық нәрсені жаратты. Бұл береке мен нығмет Жерде өздігінен пайда болды ма, әлде біреу Құдайға оларды жасауға көмектесті ме? Көмектеспегі анық.
Әрине жарату ісі біртіндеп түрлі дәуірлерде бірінен соң бірі жүзеге асырылды. Жер қолданысқа берілуі үшін екі кезеңнен өтті. Жерде түрлі нығметтер пайда болуы үшін басқа кезеңдер өтті. Жалпы Жер тұрғындарды қабылдауға дайын болып, олардың қажеттіліктерін толық өтей алу үшін 4 дәуірден өтті.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Әлемді жаратушы мен оны басқарушы бір. Мүшріктер Құдайды жаратушы деп танығанымен ғаламды басқаруда заттар немесе басқа адамдарды оған серік қып қосқан.
- Жарату жүйесі бір сәтте пайда болған жоқ, біртіндеп кезең-кезеңмен атқарылған. Мысалы, Жер планетасын жарату екі кезеңде жүзеге асырылды.
- Құдайдың ұлылығын көрсететін белгілердің бірі – Жерде барлық адамдардың қажеттіліктерін өтеуге жететін ризық пен береке жасырғандығы. Әрине әділетсіз бөлу, ысырап ету және зұлым қатынас көрсету бүгінде әлем халықтарының көбінің кедейлікте және таршылықта өмір сүруіне себеп болып отыр.
"Фуссиләт" сүресінің 11-12-аяттарына құлақ түріңіздер:
«ثُمَّ اسْتَوَى إِلَى السَّمَاءِ وَهِیَ دُخَانٌ فَقَالَ لَهَا وَلِلْأَرْضِ ائْتِیَا طَوْعًا أَوْ کَرْهًا قَالَتَا أَتَیْنَا طَائِعِینَ»،
«فَقَضَاهُنَّ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ فِی یَوْمَیْنِ وَأَوْحَى فِی کُلِّ سَمَاءٍ أَمْرَهَا وَزَیَّنَّا السَّمَاءَ الدُّنْیَا بِمَصَابِیحَ وَحِفْظًا ذَلِکَ تَقْدِیرُ الْعَزِیزِ الْعَلِیمِ»
Аяттардың аудармасы:
Сосын көкке жөнелді. Ол, бір түтін еді. Сонда оған әрі жерге: “Екеуіңде ерікті немесе еріксіз түрде келіңдер” деді. Екеуі де: “Бой ұсынған түрде келдік” деді. (11)
Оларды жеті көк етіп, екі күнде жасады. Сондай-ақ әр көктің міндетін өзіне білдірді. Жақын көкті жұлдыздармен әшекейледік әрі, қорғауға алдық. Осы тым үстем, толық білуші Алланың тағдыры. (12)
Құдай Жерді жаратып, онда тұрғындарға қажетті түрлі нығметтерді орналастырғаннан кейін мына аяттарда аспандардың жаратылуы жайлы айтылып, былай делінген: Құдайдың қалауымен аспандар жаратылды. Басында олар ауқымды газ түйдектері түрінде болды. Құдай оларға форма мен тәртіп беріп, оларды бір тұғырға негіздеді.
Құдай жер мен көкті айрықша форма мен түрде жаратуды қалады. Жер мен көкте оған бағынғаннан басқа амал қалмады. Қаласа да, қаламаса да, Ол қалаған қалыпта қалыптасып, жасалуы тиіс болды.
Мысалы,Жер екі кезеңде тұрғындарды қабылдауға дайын болды. Қанша ұлы болса да, аспан да Құдай қалаған формада екі кезеңде қалыптасты.
Әрине Құдай 7 аспан жаратты. Біз үстімізде көріп тұрған нәрсе – бірінші аспанның бөлігі. Басқа сөзбен айтқанда, жаратылыс әлемі 7 үлкен кешеннен тұрады. Соның тек бірінші кешені ғана адамдардың көзіне көрініп тұр. Адамзаттың өте дамыған заманауи телескоптары осы аймақтан, яғни бірінші аспаннан ары аса алмады.
Түнде жұлдыздар аспанды әрлеп тұрады, шырақтай жарқырайды. Олардың әрқайсысында жаратылыстың құпиясы жасырынған. Олар адамды болмыс және оны жаратушы туралы ойлауға шақырады. Құдай аспанды кез келген қатерден сақтап отыр.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Аспан бастапқыда түтін мен газ түрінде болды.
- Бүкіл болмыс Құдайдың пәрменіне бағынады. Болмысқа үйлеспейтін бөлшек болмауға тырысайық.
- Болмыс жүйесі біздің түсінігімізден әлдеқайда кең әрі ауқымды. Жұлдыздар мен галактикаларға қатысты тапқан және болашақта табатын ақпаратымыз тек бірінші аспанға қатысты. Адамда аспанның басқа бөліктері мен Құдайдың басқа жаратылыстары туралы ақпарат жоқ.
- Болмыс – Құдайдың ғылымы мен құдіретінің көрінісі. Ол әлемді белгілі бір тәртіп бойынша жаратып, басқарып отыр.
Бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.