Иранға сапар (182)
Өткен бағдарламада Теһранның тарихымен танысып, Аға Мұхаммадхан Қаджардың х.қ.ж.с.б. 1209 жылы (х.ш.ж.с.б. 1174 жылы, милади күнтізбесі бойынша 1795 жылы) осы қалада басына тәж киіп, таққа отырғанын, сол кезден бастап Теһранның «Дар ул-халифат» (Халифат үйі) атанғанын айттық.
Ол Теһранды тайпалық қолдау, стратегиялық жағдай және қолайлы экономикалық жағдай сияқты бірнеше себепке байланысты Иранның астанасы етіп таңдаған. Қаджар шахы сафавилерге азды-көпті ұқсас әкімшілік жүйе құрғаннан кейін нұқсан келген қалаға жан бітірді. Теһранның абадтандырылуы мен дамуы, көшіп келушілердің санының артуы, ирандық және шетелдік стильмен жаңа ғимараттар салу, үлкен діни және мемлекеттік ғимараттар салу Теһрандағы сафавилер заманынан қалған қоршаулардың құрылысына өзгерістер енгізуге себеп болды. Қаджар әскерінің Теһранды жаулап алғанынан 85 жыл өткен соң шах Тахмасптың қамалы, мұнарасы мен дуалы құлай бастады. Тарихи тамыры терең дәстүрлі Теһран өзгерістен аман қалмады, келбеті өзгеріп, «Дар ул-халафейе Насери» – Насырдың халифат үйінің негізі қаланды.
«Насери ғасыры» деген атпен танымал Насыреддин шахтың заманы Иранда саяси-әлеуметтік және мәдени өзгерістер орын алған кезең болып саналады. Бұл заманда Иран Еуропаның индустриалды өркениеті мен Батыстың отаршыл саясаттарының әсерінен жаңа кезеңге аяқ басты. Соның нәтижесінде Насыреддин шах қайтыс болғаннан кейін бірден конституциялық қозғалыс орын алып, басқа да өзгерістер болды. Насыреддин шах Қаджардың 50 жылдық билігі (х.қ.ж.с.б. 1264-1313 жылдары, 1849-1898 жылдары) Иран астанасының абадтандырылып, ауқымды түрде дамыған кезеңі болып саналады. Өкінішке орай, сол замандағы құнды ескерткіштер қиратылды. Насыреддин шахтың патшалығы басталған кезде тұрғындар санын айтарлықтай арттыру үшін көне дуалдың ішінде құрылыс салатын жер қалмады. Бұл кезеңде Теһранның аумағына жаңа жерлер қосылды. Қаланың айналасына жаңа дуал салынып, ор қазылды. Сөйтіп, Теһран Насырдың «Дар ул-халафесі» деген атпен танымал болды.
Бұл мезгілде Амир Кабирдің қолдауымен «Дар ул-фунун», Әмір базары, Етікшілер базары мен Әмірдің сарайы сарайы сияқты ғимараттар салынды. 1826 жылы орыс шығыстанушысы Березин тарапынан алғаш рет Теһранның картасы дайындалып, Санкт-Петербургта басылып шықты. Х.қ.ж.с.б. 1275 жылы (х.ш.ж.с.б. 1237 жылы) Этезад ас-Салтане бастаған бір топ қолбасшы зеңбіректі қолдануды үйретуші мосье Кершиштің әріптестігімен және Дар ул-фунунның бірнеше шәкіртінің көмегімен Теһранның тағы бір картасын жасап шығарды. Дар ул-халафе саналатын Теһранның осы алғашқы картасы 1:1000 масштабында болған. Карта жасаушы топ қажетті техникалық құралдар мен мүмкіндіктерге ие болмағандықтан, арақашықтық адыммен, ал бұрыштар шамамен өлшеніп отырған. Осы негізде аталмыш карта қала мен ондағы аудандар мен қақпалардың қалпы мен жағдайын көрсету тұрғысынан сәтті жасалған карта саналады. Ол ескі Теһранды толығымен адамның көз алдына келтіреді
Х.қ.ж.с.б. 1284 жылы (1867 жылы) француз инженерлердің әріптестігімен Теһранның жаңа картасы жасалды. Онда қаланың аумағына жаңа жерлер кіргізілді. Қала жаңа ор мен дуалдың көмегімен сегіз қырлы пішінде қоршалған. Қаланың сыртпен байланысы Шамиран, Доулат, Юсефабад, Душантаппе, Дулаб, Хорасан, Бақшах, Қазвин, Гомрак, хазірет Абдулазим, Ғар, Ханиабад қақпалары арқылы жүзеге асырылған.
Насыреддин шахқа террор жасалғаннан кейін Мұзаффареддин шах х.қ.ж.с.б. 1313 жылы жазда (1895 жылы) таққа отырды. Х.қ.ж.с.б. 1323 жылы (х.ш.ж.с.б. 1284 жылы, милади күнтізбесі бойынша 1905 жылы) Теһранда Конституциялық көтеріліс болды. Конституциялық көтерілістің пайда болған себептері мен мақсаттары жайында баяндау бұл бағдарламаның аясына жатпайды. Алайда Конституциялық көтерілісінің қалыптасуында Теһран базары мен мешіттерінің негізгі рөл атқарғанын айта кету қажет.
Теһран халқы үлемдер мен дінбасылардың басқаруымен мешіттерде бас қосып, жиналғаннан кейін ақырында х.қ.ж.с.б. 1324 жылы 14 джамади ус-санида (1906 жылы) Мұзаффареддин шахқа Конституциялық көтерілістің бұйрығын қабылдатты. Мұзаффареддин шах сол бұйрыққа қол қойғаннан бірнеше ай өткен соң қайтыс болды. Сол жылы 28-ші дей айында Мұхаммадәли шах Гүлстан сарайында басына тәж киіп, таққа отырды. Мұхаммадәли шах Конституция мен мәжілісті қабылдағысы келмеді, сондықтан әртүрлі сылтаулармен Конституцияның негізін құлатуға тырысты. Ақырында х.қ.ж.с.б 1326 жылы (1908 жылы) әскери амалдар мен казактардың көмегімен Ұлттық Кеңес Мәжілісінің ғимаратына зеңбірек атып, Мәжілістің бірқатар өкілін өлтіріп, бір тобын түрмеге қамап, қайтадан деспоттық үкімет орнатты.
Конституциядан кейін Теһранның абадтандырылмағанымен қатар Ирандағы саяси‑экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздықтар салдарынан қиратыла бастады. Мұхаммадәли шах Қаджардың кезінде құнды көне ғимараттар бірінен соң бірі қиратылды. Казактар мен озбыр күштердің азаттықты қалаушылармен соғысында Теһранның танымал ғимараттарының бірқатары, соның ішінде «Бахарестан» ғимараты мен «Сепахсалар» мешітіне қатты нұқсан келтірілді.
Қаджарлар әулеті билігінің соңғы жылдарында Иран Бірінші дүниежүзілік соғыс пен жергілікті қозғалыстар, құрғақшылық пен бейберекеттіктің сахнасына айналды. Бұл жағдай қалалар мен қала құрылысының дамуына кедергі келтірді. Бұл кезеңде үкіметтер саяси мәселелерге душар болғандықтан Теһранда айтарлықтай өзгеріс орын ала қойған жоқ. Х.ш.ж.с.б. 1299 жылы (1921 жылы) әскербасы Резахан Мирпәндждің төңкерісінен кейін Иран мен оның астанасы Теһранда өзгеше жағдай қалыптасты. Бұл кезеңнің ең басты ерекшеліктерінің бірі ретінде елдің капиталистік жүйеге қарай бет бұруын, диктаторлық пен басып-жаншумен қатар жүрген модернизмді айтуға болады. Сондықтан Насыреддин шахтың дәуірінің соңы мен Конституциялық заманда басталған Батысқа бет бұру үдерісі осы кезеңде біртіндеп жүзеге асып, Батыс елдерінен үлгі алу дамудың жалғыз жолы ретінде танылды.
Мемлекеттік аппараттар дами түсіп, Теһранның айналасында әртүрлі зауыттар салынды. Дарбазаларды қиратып, орларды толтырып, басқа да көне мұнаралар мен дуалдарды алып тастаумен қатар жүрген Теһранды кеңейту үдерісі салдарынан қала біртіндеп өзінің тарихи болмыс-бітімінен айырылып, басқа жолда дамыды. Теһран қаласындағы аудандардың көбінің құрылысы өзгерді. Бұл кезеңде халықтың үйлері мен дүкендерін қирату, кейбір көне ескерткіштерді бұзу әдеттегі іс болатын.
Теһран Қаджарлар әулеті билік басына келіп, астана болып таңдалмас бұрын 15 мың тұрғыны бар кішкентай қала болған. Бірақ сол заманнан бастап, оның тұрғындарының саны арта түсті. Қаджарлар дәуірінің орта шенінде ол Иранның ең үлкен қаласына айналды. Х.ш.ж.с.б. 1335 жылы (1957 жылы) жүргізілген алғашқы ресми халық санағы бойынша, бұл қала 1 560 934 тұрғынымен Иранның адам саны көп ең үлкен қаласы болған.
Пехлеви режимі маңындағылардың монополиясында болған мұнайды сатудан түскен мол табыс Теһранда ерекше салаларға инвестицияның салынуына себеп болды. Осылайша, елдің мақұрым қалған басқа қалалары мен ауылдарымен салыстырғанда Теһран айтарлықтай деңгейде дамып кетті. Бұл қалада жұмыс орындары мен әртүрлі мүмкіндіктердің болуы оның тартымдылығын одан ары арттырды. Сондықтан тарих 1320-1355 жылдары (1942-1977 жылдары) Иранның басқа қалаларының тұрғындарының Теһранға жоспарсыз ағылуының куәсі болды. Осы заманнан бастап, Теһран қаласының кеңею жылдамдығы орасан зор көлемге ие болды. Теһраның шығысы, батысы мен оңтүстігінде үлкенді-кішілі қалашықтар мен жаңа махаллелер пайда болып, біртіндеп Теһранның аумағына қосылды. Х.ш.ж.с.б. 1355 жылы (1977 жылы) Теһранның тұрғындар саны 4,5 млн адамнан асып, қала біртіндеп халықаралық мегаполиске айналды.
Х.ш.ж.с.б. 1355-1357 жылдары (1977-1979 жылдары) Теһранға жоспарсыз көшу өзінің мәдени-әлеуметтік саладағы зиянды әсерлерімен бірге қаланың қиындықтарын арттыра түсті. Пехлеви әулеті халықтың мал-мүлкін тонаудан түскен мол байлықтың арқасында Альборз тауының етегіне салтанатты сарайлар салып жатқанда х.ш.ж.с.б. 1357 жылы (1979 жылы) Теһран қаласы халықтың көтерілісі мен Пехлеви әулеті билігінің құлауына куә болды.