Сәу 26, 2016 18:58 Asia/Almaty
  • Ислам əлеміндегі бірлік (6)

Бұл бағдарламада мұсылмандардың жікке бөлінуі мен әлсіреуінің факторлары және сейіт Джамаледдин Асадабади тұрғысынан олармен күресудің жолдарын талдаймыз.

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, сейіт Джамаледдин Асадабадидің соңғы ғасырлардағы ең алғашқы және ең маңызды діни реформатор әрі ислам бірлігінің жаршысы болғанын айттық. Ол Иран, Осман мен Үндістан Ресей, Англия мен Франция сияқты еуропалық елдер тарапынан саяси-әскери басқыншылыққа ұшырап, жаулап алыну алдында тұрғанда Шығыс халықтары мен мұсылмандарды оятуға кіріскен. Ол кезде басқа ислам елдері тікелей және жанама түрде Батыс елдерінің отарлауында, бәрінен бұрын жоғарыда аталған үш ел мен Үндістанның қол астында болған еді. Бүгінгі бағдарламада сейіт Джамалдың мұсылмандардың жікке бөлінуі мен әлсіреуінің факторлары және олармен күресудің жолдары жайлы көзқарасымен таныстырамыз.

Сейіт Джамал мұсылмандардың жікке бөлінуі мен әлсіреуінің ең үлкен факторы олардың ой және әрекет тұрғысынан нағыз исламнан алшақтауы деп санаған. Ол мұсылмандарды екі тұрғыдан  шынайы дін мен нағыз исламнан алшақтады деп санайды:  біріншісі – діннен ой және таным тұрғысынан алшақтау және ескі ырымдар мен жаңа сенімдердің дінге енуі; екіншісі – мұсылмандар арасында ахлаққа жатпайтын мінез-құлықтар мен пасық сипаттардың таралуы. Сейіт Джамал мұсылмандардың ой-санасына ескі ырымдардың енуі, олардың нағыз исламнан алшақ қалуы және діни тағылымдардың тек сыртқы, жанама әрі болмашы белгілеріне иек артуы мен мұсылмандардың ойларына жаңа сенімдердің енуін ислам елдерінің артта қалуының басты факторларының бірі әрі мұсылмандар арасында жікшілдік пен бұрмалаушылықтың пайда болуының басты себептерінің бірі санады. Ол х.қ.ж.с.б. 4 ғасырды мұсылмандардың әлсіреп, жікке бөлінуінің бастамасы деп атаған. Бұл заманда әртүрлі діни-саяси және материалистік тармақтар мен ағымдар қарқынды дами түсіп, өздерінің азғындаушы ойларын тарату арқылы мұсылмандарды ой-пікір тұрғысынан күдік-күмәнға душар етіп, сенімдерін шайқалтты. Сейіт Джамал мұсылмандардың нағыз исламнан алшақтауының келесі сипатын олардың арасында пасық әрі азғыратын сипаттардың таралып, ақлақтық және әлеуметтік ауытқулардың орын алуында деп біліп, мұсылман қоғамы сырттай алғанда бір топ, ал іштей бір-бірінің дұшпаны деп еске салды. Сейіт Джамал бөгделермен уағдаласқаннан кейін мұсылмандардың діни болмысының жойылуы, болмыс-бітімнің өзгеру үдерісінің қалыптасуы, менталитетсіз қалуы және шетелге табынушылықты мұсылман халықтарының артта қалып, араларында жікшілдіктің пайда болуының маңызды факторларының бірі деп атады.

Сейіт Джамал деспотизмді мұсылмандардың әлсіреуі мен жікке бөлінуінің келесі бір факторы санады.  Ол деспотизмді ислам елдерінің дамуы мен исламдық бірлік идеясының қалыптасуы үшін екі тұрғыдан зиянды деп санайды.  Біріншісі, үстемшіл билеушілер өздерінің билік ету тәсілі салдарынан халықтардың жағдайында тұрақсыздық тудырып, олардың ғылыми даму мен  жоғары дәрежелерге жетуіне жол бермеді. Екіншісі, үстемшіл билеушілер ішкі базалардың жоқтығы мен қоғамдық қабылдаудың болмауына байланысты бөгделерге бағынышты болып, амалсыздан олардың әріптесіне айналды. Ол, сондай-ақ,  екі тұрғыдан үстемшіл емес биліктерді мұсылмандар арасында бірлік тудыруға себеп болады деп санайды: біріншісі, мұндай биліктер халықтың ризалығына ие бола алады, осы заңдылық олар үшін құдіретті базаға айналады. Екіншісі, ұлт, қауым немесе зорлық-зомбылық сияқты демократиялық емес факторлармен билікке қол жеткізбеген, халықтың дауысына сүйенген үкімет ұлттар мен тайпаларды бөліп-жармайды. Бұл мәселе мұсылмандар арасында бірліктің қалыптасуына жағдай жасайды.

Сейіт Джамаледдин Асадабади мынадай пікірде болған: егер мұсылмандардың саяси санасы арта түсіп, олар діннің негізінде бір діни шариғаттық міндет ретінде зұлымдықпен күресіп, саяси істерге араласатын болса, сол кезде бірлікке қол жеткізуге болады. Өйткені халықтың бір мықты үкіметке сенімі әсерінен біртіндеп жікшілдік пен бытыраңқылық жойылып, әсіресе мұсылмандар бұл үкіметті Алла тарапынан берілген билік деп санайтын болады. Ол «Арух әл-Уасқа» журналындағы «Билік басындағы адамдар, құдіреттің иелері қандай болуы керек?» атты бір мақалада ел басқаруға қажетті ерекшеліктерге, соның ішінде халықтың дауысына сүйенуге, ойластырылған шаралар қолдануға, әділетті сақтап, бөгделермен дос болудан сақтануға көңіл аударған. Ол мұсылмандардың бейберекет жағдайын олардың өздерінің теріс әрекет етіп, қоғамдық мүдделерді сақтамауында жатыр деп атап, содан соң халықтардың жағдайының тұрақсыздығы, үкімдерді өз қалауынша тәпсірлеу және озбырлықпен күш көрсетуден туындаған өзгерістерді деспотизмнің болуынан туындайтын табиғи жайт деп түсіндірді.  Исламдық бірлікті қалыптастыруға бағытталған өзінің саяси күрес жолында деспотизмнің тосқауылын жақсы сезінген сейіт Джамал көп жағдайда ислам елдері басшыларын сынаған. Сейіт Джамалдың мұсылмандарды ауытқытудың факторы мен ислам әлемінің бірігуіне кедергі ретіндегі  ішкі деспотизмге көңіл аударуы кейінгі реформаторлардың, әсіресе Абдуррахман Кавакебидің назарына алынды.

Сейіт Джамал діни, саяси және ұлттық жікке бөлінушілік пен ағым тудырушылықты мұсылмандар бірлігінің үлкен апаты, ал халифатты сұлтандыққа айналдыруды мұсылмандар арасында ағымға бөлінушіліктің таралуының басты себептерінің бірі деп атап, оны қатты сынаған. Сейіт Джамал ойы мен сөзінде ғана емес, өз ісінде де осы идеяға берік болған, сондықтан өзінің ұлты мен мазхабын атамаған, бұл белгісіздік ол қайтыс болғаннан кейін де осы күнге дейін жалғасып келеді. Ол ұлттық және этностық соқыр сенімді  Құран Кәрім мен Алла елшісінің жолына қайшы деп білген. Ұлтаралық және тайпаралық қайшылықтарды көзге ілмеуді ислам әлемінің дамып, бірліктің қалыптасуына себеп болады деп санаған.  Сейіт Джамал ислам елдерінде әділ биліктің болуы жікшілдік пен қайшылықтарға әкеліп соқтыратын тайпалық және ұлттық соқыр сенімдерді Алла жолындағы діни сенімге айналдырып, қоғамда тілеулестік пен достық тудыра алады ден есептеген.

Сейіт Джамал шетелдік отаршылдықты мұсылмандардың әлсіреуі мен жікке бөлінушілігінің ең маңызды себептерінің бірі және мұсылмандардың дамуы мен бірігуінің басты кедергісі деп санаған. Ол мұсылмандардың бұрынғы және қазіргі жағдайын салыстыра келіп, мұсылмандардың имани бірлігі мен біртұтастығының өткен ғасырлардағы құдірет және революциямен байланысын, ішкі деспоттық басқару мен шетелдік отаршылдықтан туындаған ішкі бытыраңқылық пен жікшілдіктің қазіргі замандағы олардың әлсіздігі мен артта қалуымен байланысын, шетелдіктер басқарып тұрған кездегі мұсылмандардың жағдайын еске салды. Сейіт Джамал тәуелсіз беделді елдерді құлатудағы, сондай-ақ, мұсылмандардың жікшілдігі мен бытыраңқылығындағы отаршылдықтың әсерін маңызды деп атады. Ол шетелдік отаршылдық факторына басқа факторларға қарағанда көбірек көңіл бөлген және негізі өзінің исламдық бірлік жобасын Батыс отаршылдарының жан-жақты басқыншылығына реакция ретінде, Батыстың саяси-әскери алпауыттарының ислам елдерін басқаруды толығымен қолға алу қаупі жайлы сөйледі. Сейіт Джамал тек ішкі бірлік арқылы ғана Батыстың жан-жақты басқыншылығына төтеп беруге болады деп ойлады. Сол себепті өзінің кездесулері мен баяндамаларында отаршылдықтың жеңілмейтіндігі туралы мәселені дақпырт  деп таныстырып,  сол арқылы  мұсылмандар арасында батылдық, батырлық пен джиһадтықтың рухын оятқысы келді.

Сейіт Джамал мұсылмандарды Батыстың жан-жақты басқыншылығымен күресуге ынталандыруда мына мәселеге табандылық танытты: елді отаршылдарға беретін немесе отаршылдардың ислам елдеріне ықпал ету жолын жеңілдеткен адамдар ғана сатқын емес, сонымен қатар отаршылдықпен күресуге күші жете тұрып, қарсыласудан бас тартқан адамдар да сатқын. Ол әлем мұсылмандарын  отаршылдарға қарсы мобилизациялау идеясын орындау үшін әлем мұсылмандарына бір мықты үлкен исламдық елді қарсыласу базасы ретінде қабылдауды ұсынды. Осылайша ислам әлемінің барлық күш-қуатын біртұтас әрі мақсаттандырылған күйде бөгде басқыншылармен, әсіресе Батыс елдерімен күресу жолында жұмсауды көздеген.

Сейіт Джамал өзінің еңбектерінде мұсылмандардың ғылым мен дамудың керуенінен кешеуілдеп қалуын ислам елдерінің әлсіреуінің негізгі принциптерінің бірі деп атап, ислам елдерінің жаңа технологияларға қол жеткізуде қауқарсыздығының отаршылдықтың жалғасуы мен  ислам әлемінің бытыраңқылығы мен жікшілдігіне себеп болды деп еске салды. Сейіт Джамал өзінің мақалаларында мына жайтты баса айтты: ислам қоғамдарының  материалдық және рухани қуатқа ие бола алмауы Батыс алпауыттарының теріс пайдалануына жағдай жасады. Сейіт Джамал ислам елдерінің артта қалуы мен исламның негізі арасындағы байланысты теріске шығара келіп, бұл елдердің артта қалуын мұсылмандардың исламның үкімдеріне көңіл бөлмеуінен туындап отыр деп санады. Ол осыған орай ислам әлеміндегі тағдыр-жазмыш мәселесін сынап, жазмышқа сену мұсылмандардың артта қалуына себеп болды деп айтып, осы жөнінде түсініктер беру арқылы исламның алғашқы ғасырларындағы үлгілерге, тағдыр мен жазмыштың  мұсылмандар үшін қалайша ілгерілеу факторы болғанына тоқталды.   

Жалпы алғанда сейіт Джамал ислам елдерін әлсіретіп, ислам әлемінің бірлігіне кедергі жасайтын факторларды мойындай келіп,  мұсылмандардың нағыз исламға қайта оралуын, діни сенімді ескі ырымдардан тазартуды, пасық мінез-құлықтан арылуды, діни-адами мінез-құлыққа ие болуды, тайпааралық, дінаралық және ұлтаралық қайшылықтарды тоқтатуды, озбыр билеушілермен күресуге талпынуды, халықтың саяси шешімдерді қабылдауға қатысуын, ғылым мен дамудың керуеніне жетуді, Батыстың отаршылдығына қарсы исламдық болмыс-бітімді қалыптастыруды ислам елдерінің дамуы мен күшеюінің құпиясы және Батыс отаршылдарына қарсы бірліктің факторы деп атады.