Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Өткен аптада 1979 жылғы Ислам революциясының жеңісіне дейін және одан кейінгі алғашқы жылдардағы Иранның әлеуметтік кинотуындыларының жағдайы туралы баяндадық. Бүгін осы Иран әлеуметтік кинематографиясы туралы сұхбатымызды одан ары жалғастырамыз.
Кинематография зерттеулерінің маңызды салаларының бірі көркемөнер саласындағы әлеуметтану ғылымы, соның ішінде қоғам мен кинематография арасындағы қарым-қатынас болып табылады. Өйткені кинематография өзінің әңгіме-дастандары арқылы адамның ой-санасын жаулап алып, тіпті қоғамдағы адамдардың өмір жолын өзгерте алады. Мысалы, Голливудта бастапқы жылдары қоғам мен кинематография арақатынасын зерттейтін орталық болған. Олар кинематография құралдары арқылы қоғамға әсер етудің әдіс-тәсілдерін зерттеген. Қоғамға деген жан-жақты көзқарас бүкіл әлем кино өнерінің қоғамды тәрбиелеудің маңызды құралы ретінде қабылдануына жәрдемдесіп қана қоймай, оны қоғамның айнасына айналдыра алды. Иранда әлеуметтік кинематография әу бастан-ақ көп жағдайда өз зерттеулері негізінде туындылар түсіруге бет бұрған кинорежиссерлердің жеке көзқарастарына сүйенді. Сол себепті Иранның әлеуметтік кинематографиясы сан рет ауытқушылықтарға ұшырады. Иран кино өнерінің тарихы барысында бірқатар фильмдердің қоғаммен бірге ілгерілеп, ал кейбірінің қоғам жағдайынан артта қалып қана қоймай, оның толықтай жалған бейнесін ұсынып, қате жолға түскендігінің де куәсі болдық. Мұндай адамдардың қоғам жайлы дұрыс түсініктері болмаған, олардың тәжірибелері әлеуметтік жағдайға сараптама жасауға мүмкіндік бермеген. Бұл кинорежиссерлер қоғамның шынайы рухын көрсетпейтін бір үстүртін бейнені көңілге түйіп алған. Аталмыш фильмдерді Иранның әлеуметтік кинематографиясының шынайы көрсеткіші ретінде қарастыруға болмайды. Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, кинематография Ислам революциясы жеңісінен кейінгі алғашқы жылдары қоғамның қобалжулы жағдайы мен саяси мәселелерінің әсерінде болды. Әрине фильмдердің көбісінде қоғамның жағдайы Иран революциясы мен өзге де бірқатар революциялар ұрандарының сарынында сөз болған. Алайда Саддам Хусейннің Иранға қарсы соғысы бұл үдерісті тоқтатып, өзге бұқаралық ақпарат құралдары сынды кинематографистердің де өз кинокамераларын Саддам Хусейннің агрессиясына қарсы Иран халқының қасиетті қорғанысы мен таңылған соғыс ақиқаттарын бейнетаспаға түсіру үшін қолдануға жұмылдырды. Осы салада қызмет атқарған өнерпаздардың көзқарастары соғыс кезеңіндегі халықтың ерлік рухын күшейтуді қажет еткен жағдаймен үйлесілді. Түсірілген әрбір фильм осы көзқарас пен жағдайға сәйкес келді. Алайда соғыс кезіндегі экономикалық жағдайға байланысты мәдени іс-шараларға айтарлықтай бюджет бөлінбеді. Кинорежиссерлер мен мәдениет қайраткерлері өздерінің туындыларын шағын бюджетпен түсірді. Ең қызық жайт: көптеген сәтті әрі жарқын фильмдер осы заманда түсірілді. Тіпті фильмдер сатылымының көлемі бүгінгі Иран кинотуындыларының жағдайынан әлде қайда жоғары болды. Бұл сол кезеңдегі қоғам жағдайының айрықша болғанын және ешбір өлшеммен оны бағалауға болмайтынын көрсетеді. Көптеген сыншылардың пікірінше, Иран кинематографиясы алпысыншы жылдары (1980) өзінің даму шегіне жетіп, кинематография тарихының өшпес туындылары көбі сол заманда түсірілді. 1988 жылы соғыс аяқталған соң Иран кинематографиясы романтикалық сарындағы әлеуметтік мелодраммаларды түсіруге бет бұрды. Сондай-ақ, комедия жанрындағы кинотуындылар да айтарлықтай дамыды. Осы күндері кинотеатрлар жақсы дамып, өркендей түсті. Ал әлеуметтік кинематографияда киножұлдыз жасау үдерісі пайда болып, жаңа жас жұлдыздар қалыптасты. Дәл осы іс-шара көрермендер санының өсуіне түрткі болды. Мәселен, режиссер Бехруз Афхамидің "Қалындық" фильмінде рөл сомдаған актерлердің революциядан кейінгі алғашқы жұлдыздарға айналғанын атап өтуге болады. Кейіннен Иранның әлеуметтік кинематографиясы жаңа әдіспен "көшелік" атанған фильмдерді түсіруге бет бұрды. Әлеуметтік оқиғалар, тұрмысы төмен адамдардың мәселелері мен олардың қиындықтарын қамтыған туындылар басым болды. Рахшан Бани Этемад, Расул Молақалипур және кейіннен Азхар Фархади сынды кинорежиссерлер Иранның әлеуметтік кинематография саласының дамуына өз үлестерін қосқан. Осы режиссерлердің туындыларында кедейшілік, нашақорлық пен әйелдер мәселесі әлеуметтік патология тұрғысынан қарастырылады. Бұл туындылардың көбісі зерттеулерге негізделген, тіпті олардың бірқатары деректі фильмге ұқсас келеді. Осы саладағы кинематографияның тәжірибелі сыншысы әрі жазушы Джавад Туси: "Иранның әлеуметтік кинематографиясы революциядан кейінгі жылдары айтарлықтай даму үстінде болды. Әйтсе де әлеуметтік тақырыптар түсінбеушілік пен сенімсіздікке ұрынды. Кейде тіпті әлеуметтік тақырыптарды қарастыруға кедергі жасайтын консерваторлық және сақтық көзқарастар да туындап отырды. Дегенмен қоғамдық ауытқушылықтардың бір бөлігіне қисынды жауапты экономика, білім және мәдениет салаларынан табу қажеттігін қабылдағанымыз жөн. Біздің міндетіміз осы қоғамдық ауытқушылықты тану және алдын-алу болып табылады",-деген еді. Ол сөзінің жалғасында: "Көркемөнер мен мәдениеттің рөлі мен міндеті не? Тарихи қалыпты бір жағдайды ұсыну мен осы қиындықтарды шешуден бөлек өзге міндетті ойлауға болады ма? Қысқа мерзім ішінде өнерпаздар мен мәдениет саласындағы қызметкерлер арасында жаңашырлық пен сенімділік сезімін тудыру арқылы осы ауытқушылықтар мен қиындықтарды шешіп, оңтайлы әрі мінсіз жағдайларды тудыра алу үшін жанашыр көзқарас болуы қажет. Әлбетте бұл жолда міндетті түрде ұраншылдықтан тартынып, көркемөнер туындыларына қоғамның дұрыс сарапталған зерттеулерін қосу керек. Егер бұл іс-шара жүзеге асырылса, әлеуметтік кинематографияның маңызы арта түсіп, әлеуметтік тақырыптар отандық кинорежиссерлерді осы салада табыстың шыңына жетелейтіні анық",-дейді. Алайда Иранның әлеуметтік кинематографиясының құлдырау мен шарықтау кезеңдері де болды және белгілі-бір кезеңдерде көпшілік қабылдаған кинотуындылар оны бастапқы мақсатынан алшақтатты. Осылайша кейде нақты қисынға сүйенбеген халықтық сенімдерді қуаттау кейбір әлеуметтік дастандарды жолынан тайдырып, тек көрерменнің көңіл көтеруін күйттеген туындылар экранға шықты. Бұл фильмдер соңғы минуттарда ахлақтық жолдау ұсынумен шектелу, шындыққа жанаспайтын оқиғалар мен адамдардың қарым-қатынасын көрсетумен ерекшеленді. Шын мәнісінде бұл үдеріс әлеуметтік кинематография ұстанымын артқа тартып, аталмыш туындылардың режиссерлері сапаның төмендегеніне қарамай, тек сатылымды арттыру жолында бәсекелесті. Әлеуметтану көзқарасы тұрғысынан кинематография әдетте кинозал орындықтарының саны, билет кассалары алдындағы көрермендер сабы, актерлердің бет-әлпеті, жарқыл-жұрқылы көп көркем көріністер мен камера алдындағы сахналар және тіпті көрермендерді тартатын кинотеатр афишалары сынды критерийлермен шектеледі. Өкінішке орай, кейде аталмыш сипаттарға ие көпшілікке арналған кинотуындылар үлкен экранды жаулап алып, негізгі әлеуметтік кинематографияны өз құрсауында ұстап, шетке ығыстырды. Әлбетте әлеуметтік кинематографияның шамшырағы еш уақытта өшпеді, бірақ бұл қауіп-қатерлер оның өз міндетін атқаруына қажетті күш-жігерінің азайып, әлсірей түсуіне себеп болды. Иранның әлеуметтік кинематографиясы соңғы жылдары қиын асулардан өтіп, отандық және шетелдік сахнада өз орнын таба білді, сондай-ақ, көрермен назарын тарту тұрғысынан да лайықты орынға ие болды. Бүгінгі әлеуметтік фильм түсірушілер Иран халқының әлеуметтік мәселелеріне назар аударып қана қоймай, әлемнің кез-келген жерінде өмір сүретін адамдардың өмірінде туындайтын тақырыптарды да көтереді. Сол себепті Иран кинематографиясының әлеуметтік фильмдері дүниенің өзге жерлерінде жылы қарсы алынып, сүйіспеншілігіне ие болды. Мәселен, "Надер мен Симиннің ажырасуы" атты кинотуынды соның бір үлгісі болып табылады. 2013 жылы аталмыш фильм әлем бойынша жақсы қарсы алынып, кинематографияның ең үздік жүлдесіне ие болды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі көптеген көрермендер оны тамашалады. Аталмыш кинотуындының режиссері нақты сыни көзқараспен әлеуметтік мәселелерді көтеретін Иранның жаңа буын режиссерлерінің бірі Азғар Фархади болып табылады. Фархадидің режиссерлығымен түсірілген бүкіл толық метражды фильмдер мен телехикаялар оның қоғамның қат-қабатындағы әлеуметтік мәселелердің бүге-шігесін байыбына барып зерттеген ізденістерінен тұрады. Дәл осы іс-шара оның Иранда ғана емес, әлем кино өнерінде де әлеуметтік тақырыпта жұмыс жасайтын кинорежиссер ретінде танылуына себеп болды.