Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Иранның әлеуметтік кинематографиясын талқылап, ирандық кинорежиссерлердің әлеумет тақырыбы мен оның мәселелері жайлы көзқарастарымен таныстырып жатқанымызға бірнеше апта болды.
Бүгінгі бағдарламада да Иранның әлеуметтік кинематографиясы мен оның бірқатар ерекшеліктері жөнінде сөз қозғаймыз. Ислам революциясының жеңісінен кейінгі Иранның әлеуметтік кинематографиясының жағдайына шолу жасағанда көптеген сұрақтардың туындайтындығы анық. Бұл кинематографияның осы түрінің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Осы сұрақтарға жауап беру арқылы кинорежиссерлер мен кинематографистердің іс-әрекеттерін бағалау саласында айқын критерийге қол жеткізіп, әрі олардың қоғамның шынайы бейнесін ұсынудағы жетістігін анықтауға болады. Әлеуметтік кинематографияны талдаудың алғашқы қадамында міндетті түрде "әлеуметтік фильмдердің қандай ерекшеліктері бар?", "әлеуметтік кинематографиядан не күтуге болады?", "тек әлеуметтік қиындықтарды көрсету әлеуметтік фильмдердің түпкілікті мақсаты ма?" әлде "қоғамдық сынды осы кинематографияның негізгі элементі ретінде қарастыруға болады ма?" деген аспектілер анықталуы керек. Жоғарыда аталған сауалдарға жауап табу үшін өткенге оралып, х.ш.ж.с.б. 60 шы жылдардың (XX ғасырдың 80 ші жылдары) басында түсірілген ең алғашқы кинотуындыларға зер салғанымыз жөн. Сол замандағы Иран қоғамының жағдайын көрсететін революция және соғыс туралы фильмдерден басқа ислам революциясынан кейінгі Иранның әлеуметтік кинематографиясының ізашары режиссер Рахман Резаидің "Бақылау" туындысын байқаймыз. Бұл фильм тапшылықта өмір сүріп, тағдыр тауқыметін көрген бір жұмысшы жайлы баяндайды. Ол үй сатып алу үшін көптеген қысымдар мен қиыншылықтарды бастан кешеді. Алайда фильмнің соңында, үй сатып алу үшін алған несиенің соңғы бөлігін төлеп болған соң, көпір үстінде жүрегі ұстап, дүниеден озады. Туындының осындай күйінішті соңы көрерменнің жадынан оңайлықпен кете қоймайды. Мұнда режиссердің қоғамдағы әділетсіздікке деген қатаң сыны жеткізілген, сондай ақ, жаңашырлық сезім мен наразылық сарын да байқалады. Өйткені фильмнің соңында сол жұмысшының ұлы әкесінің жағдайын көргеннен кейін оның өмірін қайталамас үшін өзге жолды ұстануға бел байлайды. Әлбетте "Бақылау" фильмінің сарыны бүгінде тым ұраншыл болып көрінгенімен, фильм белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік топтың өмірін жете баяндайды. Бұл фильмді әлеуметтану зерттеулерінде де пайдалануға болады. Келесі бір туынды Асғар Һашемидің режиссерлігімен х.ш.ж.с.б. 1368 (1989) жылы түсірілген "Қала шатырларының астында" атты фильм. Фильм Иранның әлеуметтік кинематография саласындағы сәтті туындысы болып саналады. Мұнда жас отбасы бір үйді жалдап тұрады. Бірақ бұрынғы отбасы белгіленген мерзімде үйді босатпайды. Сөйтіп, екі жанұяға да қиындықтар туындайды. Соңында ауылдан қалаға өмір сүруге келген, сол үйді бірінші болып жалдап тұрып жатқан отбасы қиындықтарға шыдай алмай, ауылға қайтып кетеді. Аталмыш фильм үлкен қалаларға көшіп келушілердің қиындықтары мен оның мәдени және экономикалық салдарын баяндап, режиссердің осындай үдерістердің жалғаса түсетіндігіне алаңдаушылығын көрсетеді. Сын лүниенің кез-келген жерінде дұрыс әрі жасампаздық сарында айтылса, қабылданады. Сондай-ақ өнерпаздардың қырағы көзі мен сезімтал рухы әлеуметтік қиындықтарды баяндау мен шешу жолында басқаға қарағанда көбірек септігін тигізе алады. Бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе кинематография ықпалы күшті құрал болғандықтан, өзге өнер түрлеріне қарағанда бір қадам алдыда болып, қоғамның бейнесін айқынырақ көрсете алады. Күйінішті сарын немесе фильмнің қайғылы аяқталуын Иранның әлеуметтік кинематографиясындағы бірқатар фильмдерінің негізгі ерекшелігі екенін атап өткен жөн. Бірақ қиындықтарды баяндау мен оны шешуге қоғамның назарын аудартудың табиғи түрде осындай сарынға жетелейтіндігін ұмытпағанымыз абзал. Адамның ауруы туралы сөз қозғау жағымды нәрсе емес, алайда денсаулыққа қол жеткізуге қажетті іс ретінде сырқаттанған адам мен оның айналасындағы адамдар үшін өмірлік маңызға ие. Сондай-ақ, оташының пышақпен обырға шалдыққан бездерді алып тастауы ауыртпалық түсіргенімен, берер пайдасы мен шипасына байланысты оны қабылдауға болады. Дәл осы сияқты әлеуметтік мәселелер мен қиындықтарға сезімталдықпен қарайтын өнерпаздардың тілі ащы болғанымен, мәселені дұрыс жоспарлап, қисынды сын айтса, дәрігерлер сынды дерт пен сырқатты жою жолында қадам жасай алады. Сол себепті қоғамның толыққанды бейнесін жасау әлеуметтік кинематография критерийлерінің бірі болып табылады. Көп адамдар қоғаммен қарым-қатынасты әлеуметтік кинематографияның алғышарты ретінде қарастырып, мерзімі мен мекені белгісіз фильмдерді аталмыш категориялы туындылардың қатарына жатқызбайды. Мәселен, оқиғасының географиялық орны мен тарихы айқындалмаған фильм әлеуметтік кинематография туындыларының қатарына ене алмайды. Ислам революциясынан кейінгі кинематографияның отыз жылдан астам тәжірибесінде қоғам мен адамдардың қарым-қатынастары және әлеуметтік шындықтарды шынайы әрі дұрыс бейнелеген кинотуындылар табысқа жетті. Бұл фильмдер қоғам өмірінің қырлары және әлеуметтің шынайы үлгілеріне негізделген тұлғалық қарым-қатынастарды лайықты қолдану арқылы билет сатылымында тиісті көрсеткішке қол жеткізіп қана қоймай, көркемөнер мамандары тарапынан да әрдайым жоғары бағаға ие болды. Осы саладағы кинотуындылар арасынан "Мәңгілікке бір рет", "Шаукаран", "Қала терісінің астында", "Қалыңдық", "Нәргес", "Ай сәулесінің астында", "Үмітсіз ұрпақ", "Элли туралы" сынды фильмдерін атап өтуге болады. Бұл туындылар әлеуметтік өзгерістерге әсер етіп, бағыт қалыптастырумен қоса, Иран кинематографиясының техникалық және мазмұндық сатысын жоғарылатты. Дегенмен, Саддам Хусейннің Иранға таңған соғысының режиссерлердің қоғамға деген көзқарастарына әсер еткендігін жасыруға болмайды. Сегіз жылға созылған соғыс күйінішті, ал оның салдары ауыр болды. Бірақ кейде осы кезеңді, «баастық» режим мен оның батыстық жақтастарына қарсы халықтың күрес әдісін бейнелеудің үлкен тағылымы бар. Соның бірі қоғамдық қарым-қатынастардағы дін мен діни болмыстың әсерін түсіну болып табылады. Бұл көзқарас тұрғысынан Иранның әлеуметтік кинематографиясының бірқатар фильмдерінде бейнеленген қалалық қарым-қатынастарды бірегей әрі айрықша деп санауға болады. Мысалы, Ибрахим Хатемикианың "Кархеден Рейнге дейін" және "Шыны такси" туындылары соғыстан кейінгі жылдары түсіріліп, «Қасиетті қорғаныс» жанрының компоненттерін де қамтып, ирандық исламдық болмысқа ие болған әлеуметтік фильмдердің ең үздік үлгілері болып есептеледі. Алайда, әлеуметтік кинематографиядан белгілі бір мәселені бейтарап және қарапайым тілмен баяндайтын келесі ағымдарды да байқауға болады. Аталмыш ағымдағы режиссерлердің белгілі бір мәселені баяндаудағы мақсаты – тек оны қаралап, жаман қырларын көрсету, әлемнің кейбір ағымдары мен көркемөнер стильдеріне еліктеу. Мұндай әрекет ақырында оның халық пен киносүйер қауымнан алшақтауына әкеліп соқтырады. Иранның әлеуметтік кинематографиясында осы топқа жататын режиссерлердің бірі ретінде Масуд Кимиаиді атап өтуге болады. Ұзақ жылдар бойы Иранның әлеуметтік кинематографиясы салысында қызмет атқарып келген бұл режиссер соңғы жылдары өзгеше көзқараспен әлеуметтік мәселелер жайлы фильм түсіріп келеді. Ол бір кездері өз туындыларында әлеуметтік мәселелерді жақсы талдап, мықты көзқарас білдіре алды. Бірақ "Үкім" және "Бастық" кинотуындыларында әлеуметтік қиындықтарға байсалды көзқарас таныта алмады. Бұл фильмдерде жастар арасындағы нашақорлық мәселесі жолынан адасқан жеке адамның бір болмашы мәселесі деңгейінде көрсетіліп, фильмнің соңында бір адамның өлімімен бүкіл әлеуметтік қиындықтарға нүкте қояды. Иранның әлеуметтік кинематографиясы соңғы онжылдық барысында құрылым, мазмұн мен оқиғаларды баяндау әдіс-тәсілдері тұрғысынан өзгерістерге ұшырады. Иран кинематографиясының кейбір жас режиссерлері жаңа техникаларды пайдалану арқылы аталмыш кинематография саласын көрермендер назарын аудару бағытына итермеледі. Мұндай туындылардың негізгі ерекшеліктерінің бірі ретінде жанға бататын тақырыпты таңдау, ерекше фильм түсіру әдістерін пайдалану, соның ішінде камераны қолға алып түсіруді атауға болады. Сондай-ақ, аталмыш режиссерлердің бірқатары қысқа мерзім ішінде – бір сағат немесе бір күн ішінде көрініс алатын оқиғалардың сюжеттерін баяндап, жас әрі әуесқой актерлерді ойнатып, жастардың әлеуметтік кинематографиясының негізін қалады. Бұл фильмдер қысқа мерзім ішінде көрермендердің назарын өзіне тарта алғанымен, егер мәселеге үстірт қараумен шектеліп, оны тереңірек талдап, баяндаудан алшақ болса, қайталама мен еліктеу тұңғиығына құлайтындығы және уақыт өте келе ұмытылып, тек олардың аттары ғана қалатыны күмәнсіз.