Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы (3)
"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың үшінші эпизодының тақырыбы: 1979 жылғы Ислам революциясы мен 1905 жылғы Машруте – конституциялық революция арасындағы байланысты қарастыру.
Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың үшінші эпизодын тыңдап отырсыздар. Бұл подкастта 1979 жылы Иранда Ислам революцияның қалыптасу жолы, оның басқа революциялардан ерекшеліктерін талдаймыз. Өткен эпизодта біз Иран Ислам революциясын әлемдегі басқа революциялардан ерекшелендіретін тағы бір аспектті талқылаған едік. Әлемнің саяси әдебиетінде негізі революция, зорлық-зомбылық пен қантөгіс арасында тығыз байланыс бар екенін айттық. Ал дүние жүзіндегі төңкерістердің барлығында дерлік мыңдаған, тіпті миллиондаған адам халықтың билеуші саяси жүйеге қарсы күресінен қаза тапты. Бірақ барлық саяси сарапшылардың пікірінше, Иран революциясы бұл ережеден тыс, 20 ғасырдағы ең бейбіт және зорлық-зомбылықсыз революция болды. Ислам революциясында зорлық-зомбылыққа жол берілмеу себебін түсіндіруде мына жайтты атап өттік: революцияда зорлық-зомбылық пен қантөгістің азаюының негізгі себебін шах режимінің саясаттарынан емес, имам Хомейнидің осы революцияның жетекшісі ретіндегі тұлғасы мен сипатынан іздеу керек. Діни сеніміне берік имам Хомейни халықтың жаны мен қанын қымбат санаған. Сол себепті ол саяси режим мен оппозиция арасында зорлық-зомбылық циклінің қалыптасуына жол бермеді. Саяси ақыл-парасаты мол имам Хомейни халықтың хабардарлығын арттырып, қарулы күрестің орнына жаппай бейбіт күрес саясатын ұстанып, сондай-ақ режимге қысым көрсетудің халықаралық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, күрестегі зорлық-зомбылық деңгейін барынша азайтуды мақсат тұтты. Әрине 1979 жылғы Иран Ислам революциясының кейбір айрықша ерекшеліктеріне қарамастан, әлемдегі басқа революцияларға ұқсастықтары да көп. Ол Иранның қазіргі заман тарихымен тығыз байланысты. Бұл бөлімде біз сіздерге 1979 жылғы революция мен Иранның қазіргі заман тарихындағы тағы бір маңызды оқиға, яғни 1905 жылы, шамамен 75 жыл бұрын болған конституциялық революцияның арасындағы байланысты түсіндіруге тырысамыз. Осы екі революцияны салыстыру бізге Ислам революциясының жеңісіне әкелген өзгерістердің жаңа өлшемдері мен қырларын айқындайды. Бізбен бірге болыңыздар!
Ислам революциясы мен конституциялық революцияның ұқсастықтары мен айырмашылықтарын қарастырмас бұрын Машруте – конституциялық революция туралы қысқаша баяндап, сол төңкеріс неліктен 1905-1906 жылдары болғаны, қандай мақсаттарды көздегені және қандай нәтижелерге қол жеткізгені туралы айтып өткен жөн. Иранда 120 жылдай бұрын конституциялық революция болды. Қаджар әулетінен шыққан Насыреддин шах билік еткен жылдары Иран қоғамының бір бөлігінде бірте-бірте наразылық пайда болды. Бұл наразылықтар үш мәселеге байланысты болды: Біріншіден, зұлым патшалардың халыққа жасаған жауыздығы мен езгісі, билеушілердің халықты кемсітіп, әділетсіздік жасауы. Екіншіден, шет елдердің, әсіресе Ресей мен Ұлыбритания үкіметтерінің Иранның ішкі істеріне кең көлемде араласуы, Иран үкіметінен көптеген ұпай мен артықшылықтар алуға тырысуы. Үшіншіден, халықтың сана-сезімі мен білімінің арттуы, елдегі әміршіл, зұлым, әділетсіз жағдай туралы хабардар болуы, сондай-ақ Иран үкіметінің шет мемлекеттерге тәуелділігі. Бұл факторлар 20 ғасырдың басында Иран халқының наразылығын тудырды. Халықтың Насыреддин шах үкіметіне наразылығы күшейгені соншалықты, ақырында бұл билеуші Иранның қазіргі астанасы Тегеранға жақын жерде орналасқан Рей қаласындағы шах Абдулазим Хасани кесенесінде шерушілер мен қарсыластардың бірінің қолынан қаза тапты. Насыреддин шах қайтыс болғаннан кейін билікке оның ұлы Мұзаффареддин шах келді. Бірақ жаңа билеуші Насыреддин шахтың 50 жылдық билігінен кейін әкесіндей күш-қуатқа ие бола алмады. Елде бірте-бірте наразылық күшейіп, қоғамдық сипатқа ие болды. Бұл наразылықтардың кейбірі экономикалық мәселелерге байланысты болды. Бірақ халықтың наразылығы мен талаптарының ауқымы тек экономикалық мәселелермен шектелмеді. Олар бұл экономикалық мәселелердің түп-төркіні билеушілердің бұрыс басқаруы мен сыртқы күштердің араласуында деп дұрыс түсінді. Орыстардың Иранға қысым жасап, ішкі істеріне араласуы, әсіресе кеден ісін бақылауы және елде әділетсіздік, кедейлік пен бейберекеттіктің күшеюіне байланысты халық үкіметке қарсы көтеріліске шықты. Бұл наразылықтарды саудагерлер мен діни үлемдер қолдады. Діни үлемдердің бұл наразылықтарды қолдауы үкіметтің жұмысын қиындата түсті. Бірақ үкімет берілмеді. Үкіметтің халықтың орынды талаптарына мойынсұнбай, сол кездегі премьер-министр қасарысқанын көрген Иран халқы діни үлемдер және ғұламалармен ынтымақтаса түсті. Діни үлемдердің біразы үкіметтің бұл әрекетіне наразылық білдіріп, Теһран маңындағы қасиетті орындардың бірі саналатын Абдулазим Хасани кесенесіне қоныс аударатын жағдайға жетті. Иранның қазіргі заман тарихында бұл "кішігірім миграция" ретінде белгілі. Көрнекті шиіт үлемдері Абдулазим Хасани кесенесінде наразылық білдіргеннен кейін халық діни үлемдерді тез қайтарсын деп үкіметке қысым жасады. Діни үлемдер өздерінің Теһранға қайтуының шарты ретінде әділет үйін (сот үйін) құру және ресейліктердің атынан Иранның кеден министрі болып, сауық кешінде шиіт дінбасыларына тіл тигізген "месье Нос" деген атпен танымал Джозеф Носты (Josephus Naus) қызметтен босату, Мұзаффареддин шахтың уәзірі Айн ад-Доуланы қызметінен босатуды талап етті. Халықтың қысымына шыдамай, үкімет үлемдердің талабын қабылдауға мәжбүр болды. Халықтың езгі мен озбырлықты жеңу жолындағы алғашқы қадамы осылайша жасалды. Бірақ бұл жеңіс ұзаққа бармады. Үкімет өзіне алған міндеттемелеріне адал болмай, халыққа қайта зорлық-зомбылық жасай басады. Сол себепті наразылықтың екінші толқыны басталды. Тегерандағы наразылық акцияларына қатысқан халық қанға бөкті. Діни үлемдер бұл әрекетке наразылық білдіріп, бұл жолы шиіттердің сегізінші имамы хазірет Резаның (ғ.с.) қарындасы хазірет Масуменің (ғ.с.) кесенесі орналасқан Құм қаласына қоныс аударды. Өз өмірлеріне қауіп төнгенін сезген бір топ адам мен наразылық білдірушілер Ұлыбритания елшілігін паналады. Наразылардың талаптары бірте-бірте кеңейіп, конституционализм бағытына ойысты. Наразылық білдірушілердің алғашқы талабы сот үйін құру болған. Бірақ бірте-бірте олар заңның үстемдік етуі мен Кеңес мәжілісін құруды талап ете бастады. Олар үкіметтің заңға бағынуын қалады. Ақырында олардың қысымымен Мұзаффареддин шах Қаджар конституцияшылдардың талабын қабылдауға келісті. Осылайша 20-ғасырдың алғашқы жылдарындағы Иран халқының екінші наразылық қадамы х.ш.ж.с.б. 1285 жылдың мордад айында (1906 жылдың тамызы) конституция мәтінін дайындау және Ұлттық мәжілісті құру туралы конституциялық жарлық шығаруға әкелді. Осылайша Иранның конституциялық революциясы жеңіске жетті. Бірақ көп уақыт өткен жоқ Мұзаффареддин шах қайтыс болып, оның ұлы Мұхаммедәли шах таққа отырған кезде Ұлттық мәжіліс жабылып, Иранда тағы да озбырлық орнады. Бірақ Иранның қазіргі заман тарихында "кішігірім тирания" кезеңі ретінде белгілі болған Мұхаммедәли шах Қаджардың қысқа бір жылдық озбырлығы х.ш.ж.с.б. 1288 жылдың тир айында (1909 жылдың шілдесі) Саттар хан мен Бақыр ханның және Иранның әртүрлі аймақтарынан келген конституцияшылдар тобының көтерілісімен аяқталып, конституционализм қайта орнады. Иран конституционализмінің екінші дәуірі ішкі және сыртқы оқиғалар салдарынан ұзаққа бармады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталып, конституцияшылдар арасындағы ішкі қайшылықтардың кеңейіп, шетелдіктердің араласуы салдарынан конституционализм идеалдары бірте-бірте ұмытылды. Қаджарлар әулеті жойылып, Пехлеви әулеті билікке келуі үшін интеллектуалдық, әлеуметтік және саяси негіздер қалыптасты. 1925 жылы желтоқсанда Қаджарлар әулеті құлап, 1926 жылы мамырда Реза шах таққа отырғаннан кейін Иран тарихында жаңа дәуір басталды. Оның негізгі және көрнекті сипаты конституционализм идеалдарын бұзу және тиранияны қайта орнату болды.
Реза шах Пехлеви мен оның баласы Мұхаммед Реза шахтың елу жеті жылдық билігі Ирандағы конституциялық идеалдардың ұмытылғанының айқын мысалы болды. Осы жылдар барысында елде саяси тирания үстемдік етті. Заң әртүрлі жолмен бұзылды. Ұлттық мәжіліс өкілдері халықтың нағыз өкілдері емес еді. Олар патшаның әмірлерін түсіндіріп, ақтаумен айналысты. Әсіресе 1332 жылдың 28 мордадындағы (1953 ж. тамыз) мемлекеттік төңкерістен кейін Ирандағы билеуші режим толығымен АҚШ-қа тәуелді авторитарлық режимге айналды. 1350 жылдардың басында (1970 ж.) шах режимі өзінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін ең жақсы жағдайда, ал халық пен конституциялық идеалдарды қорғаушылар үшін ең нашар жағдайда болды. 1973 жылы арабтар мен Израиль арасында болған соғыстың әсерінен мұнай бағасының айтарлықтай өсуі режимнің экономикалық жағдайы үшін өте қолайлы болды. Мұхаммад Реза шах мұнайдан түскен мол табыстың көмегімен АҚШ пен Израильден ең озық әскери-қауіпсіздік техникасын сатып алды. Режимге қарсы шыққан немесе оны сынаған барлық саяси партиялар мен топтар жаншылды, ал "Растахиз" партиясы шах құрған партия ретінде биліктің барлық тармағын қолына алды. Сондай-ақ шах режимі теңдесі жоқ халықаралық, әсіресе АҚШ-ның қолдауына ие болды және осы қолдаудың және бай мұнай кірістерінің арқасында аймақтың жандармына айналды. Шах режимі саяси тиранияны ең жоғарғы деңгейге жеткізді, ал САВАК елдің саяси және қауіпсіздік жағдайын толық бақылауға алды. Иран АҚШ-қа қатты тәуелді болды. Кейбір сыншылар оны протекторлық қарым-қатынас деп атады. Қоғамдағы таптық алшақтық кеңейіп, тереңдей түсті. Және белгілі бір мағынада 1905 жылғы конституциялық революцияның тәуелсіздік пен еркіндіктен бастап, әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігіне дейінгі барлық мұраттары Мұхаммед Реза шахтың озбырлығы мен америкалық үстемшілдіктің табанында жаншылды.
Осындай жағдайда 1342 жылдың хордадынан (1963 жылдың маусымынан) бастап режимге қарсы оппозицияның символы ретінде танымал болған және осы себепті 1343 жылы алдымен Түркияға, содан кейін Иракқа жер аударылған имам Хомейни (р) тағы да озбырлық пен тәкаппарлыққа қарсы күрес туын ұстап шықты. Имам Хомейни иман мен табандылығының арқасында халықтың кең қолдауына сүйеніп, аз уақыт ішінде күрес толқынын шарықтау шегіне жеткізіп, Мұхаммед Реза шах режимін тізе бүктірді. Имам Хомейни шах режимінің авторитарлық және диктаторлық сипатына тікелей шабуыл жасау арқылы Иранда конституционализм идеалдарына сай демократиялық жүйе құруға шақырды. Ол шах режимінің оппозицияға қарсы зорлық-зомбылық пен репрессия жасағанына реакция білдіріп: "Иранда диктатура орнатқан Пехлеви әулеті бостандыққа шақырған кез келген үндеу мен диктатураға наразылық білдірушілердің үнін найзаның ұшымен өшірді... Адамдар барлық мағынада бостандықтан айырылды. Адамдардың таңдау құқығы ешқашан болған емес. Тілшілер мен жазушылар не өлтірілді, не түрмеге жабылды, не оларға сөйлеуге және жазуға тыйым салынды. Олар баспасөзге шындықты жазуға кедергі жасады. Бір сөзбен айтқанда, олар демократияның барлық іргелі негіздерін жойды. Сондықтан осы сатқындық пен қылмыстардың бәрін тоқтатқымыз келеді",-деді.
Имам Хомейни Реза шахтың Иранда билікке келуін конституционализм идеалдарына және исламның үш қағидасына қайшы деп атап: "Біріншіден, ислам қоғамында билеуші әділетті болуы тиіс; Екіншіден, мұсылмандар билеушіге дауыс беріп, өз тағдырын өзі белгілеуге ерікті; Үшіншіден, ислам елі шетелдіктердің араласуына және мұсылмандардың тағдырын бақылауына жол бермей, тәуелсіз болуы тиіс",-деді.
Имам Хомейни батыл және күтпеген тәсілмен шах режимінің авторитарлық сипатын монархия принципімен байланыстырып, монархияны ыдыратып, Иранда республика құруды талап етті. Ол монархияның негізі бостандық пен әділдікке қайшы екенін алға тартып, империялық жүйенің сақталуын исламға, мұсылмандарға және Құранға жасалған опасыздық деп санап: "Монархия тиранияға, қорқытуға және диктатураға тең. Империялық жүйемен келісу – исламға, Құранға, мұсылмандарға, Иранға опасыздық. Ал мұнымен қалай да келіскен адам қабылданбайды",-деді.
Құрметті достар, бұл подкасттың уақыты аяқталуға жақын. Көріп отырғаныңыздай, Ислам революциясы билеушілердің озбырлығы мен зұлымдылығын тоқтатып, саяси және әлеуметтік бостандықтарды орнатуға шақыруда конституциялық революцияға ұқсас болды. Бірақ имам Хомейни Ислам революциясының дискурсында конституциялық революцияда қабылданған монархия принципін алып тастап, Иранда 2500 жылдық тарихы бар монархиялық жүйенің жойылуын талап етті. Әрине, Ислам революциясы мен конституциялық революцияның басқа өлшемдерінде де ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар. Оны келесі бағдарламада талқылайтын боламыз.