Maм 17, 2016 16:51 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Бүгінгі бағдарламада сіздерді бірнеше жылдар бойы түрлі мәдени салада қызмет атқарып келе жатқан Иранның танымал, әрі ізденімпаз режиссері, сондай-ақ әлеуметтік жанрда фильм түсіретін ең үздік режиссерлердің бірі ретінде аталатын Расул Садр Амелимен таныстырамыз.

 Расул Садр Амели 58 жыл бұрын Исфаһан қаласында дүниеге келген. Сол қалада жоғары білім алған. Оның журналистикаға деген қызығушылығы 17 жасынан бастап баспасөзде журналист ретінде қызмет атқаруына себеп болып, оны репортер мен жазушы болып, басылымдар мен газет-журналдардың редакторларымен бірге серіктестік орнатуға жетеледі. Осы кезеңде Садр Амели әдетте ауыр тақырыптарды мәселе етіп көтеріп, оның отбасы тақырыбындағы сот отырыстары туралы баяндамаларының оқырманы көп болды. 1978 жылы Иран Ислам Революциясы толқынымен ол имам Хоменеидің өмір сүрген Нофль-ле-Шато (Франция) ауылына барып, сол кісімен бірге Иранға оралады. Садр Амели 20 жылдан соң өзінің осы тәжірибесін "Бір журналистің оқиғалары" атты теледидар топтамасында баяндайды. Сюжетке сәйкес ислам революциясының жеңісінен 20 жылдан кейін Париж қаласына бір журналист сапар шегеді. Оның сол кез оқиғаларын әуе компанияның ұшқыштары мен жолсеріктеріне баяндауы көрсетіледі. Расул Садр Амели ислам революциясынан кейін кинематографияға бет бұрады. Х.ш.ж.с.б. 1359 (1980) жылы "Қансырау" фильміне продюсерлік етуі оның кинематографиядағы алғашқы жобасы болды. "Түймедақ гүлдері", "Паизан", "Құрбандық", "Теһран симфониясы", "Кенеп аяқ-киім киген қыз", "Менде 15 жылдық өлең бар", "Аида, кеше әкеңді көрдім", "Түн", "Әрбір түн жалғыздықта" және "Жабық көзбен өмір сүру" туындылары осы кинорежиссердің толық метражды фильмдері болып табылады. Бұдан бөлек аталмыш режиссер бірнеше өзге туындылардың сценарийін жазып, соғыс және әлеуметтік ауытқушылық тақырыбындағы ондаған деректі фильмнің продюсері болды. Өз туындыларында қалалық қоғамның қалыпты жағдайы мен ауытқушылықтарын түсіретін Расул Садр Амели әлеуметтік кинематография туралы: "Әлеуметтік кинематография алдын-ала ескерту кинематографиясы болып табылады. Бірақ кейбір топ мұны қабылдамауы мүмкін. Әлеуметтік жанрда фильм түсіруші режиссер қоғамның кішігірім қара дағын ашып көрсетіп, оған халықтың назарын аударуға және бұл дақ кең етек жайып апатқа айналмас бұрын қоғам мүшелерін (отбасыдан бастап жауапты тұлғаларға дейін) осы мәселенің шешім жолын табу үшін ынталандыруға тырысады" дейді. Садр Амелидің айрықша рухани ерекшелігі ретінде осы әлеуметтік жағдайды жақсарту жолындағы талпынысын айтуға болады. Бұл талпыныс оның баспалар мен кинематографиядағы алғашқы қызметінен бастап жалғасын тауып келеді. Садр Амелидің режиссер ретіндегі алғашқы фильмі "Азаттық" деп аталады. Мұнда ол түрлі тақырыпты бір мезгілде көтереді. Фильмнің желісі бір ирандық жауынгер мен ирактық сарбаз туралы баяндайды. Алайда олар майдан шебінде емес. Олар бір-бірімен дос болуға шешім қабылдайды. Осы туындының ерекшелігі мен батыл үндеуі (соғыс қарқынды жүріп жатқан кезеңде түсірілгендігіне назарға алғанда) көптеген реакцияға тап болды. Бірақ бұл тек режиссердің адами қарым-қатынас пен орнаған жағдайға деген терең көзқарасын көрсетеді. Садр Амели "Түймедақ гүлдері" туындысында әкесі түрмеден босатылатын күні қаза табатын зағип адам жайлы баяндайды. Бұл сол кезеңдегі кинематографияның өзге тақырыбын көтерген туынды болып саналады. Ислам революциясынан кейінгі жылдары ирандық фильмдердің тақырыптары тек шаһ режимімен күрес, ауылдардағы жер иеленушілердің зұлымдығы немесе есірткі контрабандасы сынды шектеулі мазмұнды ғана көтерді. Ал қоғам сол кезеңде Иранға қарсы Саддам Хусейннің таңылған соғысымен қақтығысып жатты. "Түймедақ гүлдері" кинотуындысы коммерциялық табысқа қол жеткізген, әрі Иран кинематографиясының негізін күшейткен сол заманда шыққан алғашқы мелодрама. Бұл фильмнен кейін оның ерекше көзқарасы шынайы оқиғаларға негізделген "Құрбандық" фильмі мен "Өмір сүргім келеді" туындысының сценарийінен байқалады. Екі туындыда да отбасы ішіндегі ауытқушылықтарды құрайтын әлеуметтік қиындықтар мен мәселелерді көтереді. "Кенеп аяқ-киім киген қыз" фильмі режиссерді қызметінің жаңа сатысына көтеріп қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтік-сын фильмдердің бастауы болып, Иран кинематографиясында жылдар бойы еленбеген жастар әлеміне назар аудартты. Аталмыш кинотуынды ауыр әрі эмоционалды жағдайға душар болған, отбасы мен қоғам тарапынан лайықты қарым-қатынас көрмеген жеткіншектер мен жастардың әлемін қарастырды. Бұл фильмнің ескертуі шын мәнісінде қоғамның барлық мүшелері, яғни отбасыдан бастап тәлім-тәрбие берушілер мен мектеп қызметкерлерінің назарын аударып, оларды жеткіншектерді тәрбиелеу әдіс-тәсілдерін қайта қарастыруға шақырды. Осы кинотуындының табысы Садр Амелидің жеткіншек қыздар туралы фильм түсіруіне түрткі болды. Ол х.ш.ж.с.б. 1380 (2001) жылы «Менің он бес жылдық әуенім бар» атты туындысын түсіреді. Көптеген сыншылардың пікірінші аталмыш кино режиссердің қазіргі күнгі ең үздік туындысы болып есептеледі. Жаңа идеялар ойлап табудағы Садр Амелидің қабілеті қарапайым көрермен үшін оның шығармасын тартымды етіп, сыншылар мен мамандардың назарын аударды. Режиссер кейін жеткіншек қыздар мәселесіне арналған трилогиясын "Аида, кеше әкеңді көрдім" туындысымен толықтыра түсірді. Осы ретте де ата-аналардың өз балаларының өмірінде маңызды әрі әсерлі рөл атқаратындықтарына көңіл аудартады. Садр Амели осы туындысымен шынтуайтында аталмыш маңызды әрі негізді мәселені, яғни салауатты және сындарлы отбасылық өмір туралы қоғамның жас ұрпағын сақтандырып, әлеуметтік ауытқушылықтардың алдын-алатындығын еске салады. Расул Садр Амелидің режиссерлік үдерісін қадағалау бізді "бағыттың өзгеруі" деп атауға болатын шекке жеткізеді. Өткен онжылдық барысында Иран кинематографиясында түрлі үдерістер орын алды. Соның біріне "рухани" бағыт жатады. Рухани үдерістерді негізге ала отыра өндірілген бірқатар туынды аталмыш бағыт фильмдерінің қатарынан орын алды. Садр Амели де "Түн" және "Әрбір түн жалғыздықта" фильмдерін осы бағытта түсіргенімен туындыдан жаңашылдық нышандары мен әлеуметтік сын айқын көзге түседі. "Әрбір түн жалғыздықта" фильмін дін, руханият пен адамдардың сабырлығына деген көзқарасына байланысты түрлі дін өкілдері жақсы қабылдап, өзге мемлекет көрермендерінің де назарын өзіне аударды. Аталмыш кинотуындыда жас жұбайлардың Иранның солтүстік-шығысында орналасқан қасиетті Машһад қаласына жасаған сапарлары баяндалады. Әйел рухани және физикалық тұрғыдан сырқат. Сол себепті күйеуі оның тыныштығы мен саулығы үшін осы сапарды ұйымдастырады. Сол қалада мұсылмандар үшін қасиетті мекен және пәк пайғамбар әулетінен шыққан имам Реза (ғ.) кесенесі орналасқан. Әйел адам фильм барысында осы илаһи мекенге зиярат етіп, қасиетті кесененің ішіне кіруге тырысады. Кенеттен ол тәуелділіктен босап, зиярат етуге дайындалып, қасиетті кесененің ішіне кіреді. Фильм күдік пен ұмтылыс, қуаныш пен реніштің көрікті мезеттеріне толы. Әрі Садр Амелидің көзқарасы бойынша, имам Резаның (ғ.) миллиондаған қажылары осы фильмнің көрермендеріне айнала алады. Режиссер Садр Амелидің туындыларын елдің іші мен шетелдерде көрермендер жылы қарсы алып, сыншылар мен мамандар жоғары бағалап, сондай-ақ кинофестивальдерде де үздік орындарға ие болды. "Фаджр" кинофестивалінің ондаған жүлдесін ұту, "Рашт" халықаралық фильмдер кинофестивалінің, Балалар мен жасөсіпірімдер кинофестивалінің, сондай-ақ кинематография сыншыларының мақтауына ие болу Садр Амелидің Иран кинематографиясы саласындағы жетістіктерінің көрсеткіші болып саналады. Әлемдік деңгейде де аталмыш режиссер бірқатар табысқа қол жеткізді. Оның жүлделерінің бір бөлігі төмендегі фестивальдерде берілді: 50-ші Берлин кинофестивалі – қазылар алқасының арнайы жүлдесі; Үндістанның «Алтын піл» фестивалі – «Ең үздік режиссер» номинациясының «Күміс пілй жүлдесі. Онымен қатар Польша, Каир, Греция, Қытай, Швеция, Жапония, Канада және Белгия кинофестивалдерінде алған түрлі жүлделерді айтуға болады. Садр Амелиге «Локарно» кинофестивалінің қазылар алқасының арнайы жүлдесін, Халықаралық кино федерациясының жүлдесін (FIPRESCI), Дүниежүзілік шіркеулердің арнайы жүлдесі берілді. «Чикаго» кинофестивалінің «Үздік фильм» жүлдесі де режиссердің қол жеткізген табыстарының қатарынана орын алады. Ол Ресейдің "Алтын мінбер" халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені ұтып, Ватикан кардиналы мен Рим қаласының Байланыстар ғылымы студенттерінің мақтауына ие болды. Садр Амели: «Менен "Өзіңнің қай туындыңды көбірек жақсы көресің?» деп сұрағанда «Мен түсіргім келетін туындымды» деп жауап беремін. Қазіргі таңда қартаюдың қандай керемет болатынын баяндайтын фильм түсіргім келеді. Себебі ақ шаш, әжім түскен бет-әлпет адамды түсінісушілікке үйретеді. Осындай сюжетті түсіру жайлы ой көптен бері көкейімнен кетпей жүр" – дейді.