Maм 17, 2016 17:39 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Өткен бағдарламада сіздерді ирандық режиссер Киануш Айяримен таныстырып, оның бірқатар туындысының тақырыбы мен мазмұнын зерделеген болатынбыз.

 Бүгінгі бағдарламада өткен тақырыбымызды, яғни Иранның әлеуметтік кинематографиясы туралы сұхбатымызды жалғастырып, режиссерлердің назарында болған осы саланың маңызды мәселелері мен аталмыш жанрдың көптеген кинотуындысына тоқталамыз. Сонымен қатар бүгінгі бағдарламада ирандық режиссерлердің әйелдер мәселесі мен олардың осы саладағы үдерістеріне қатысты алаңдаушылықтары жайында сөз қозғаймыз. Егер әйелдердің бүкіл әлемдегі әлеумет, мәдениет, ғылым және саясат салаларындағы белсенділігін қарастыратын болсақ, қазіргі ирандық әйелдердің түрлі саладағы қатынасы тек бүгінгі әлемнің зұлматы алдында табысқа қол жеткізіп қана қоймай, сондай-ақ олардың мәнді қарым-қатынасы бір үлгіге айналды. Осы табыс азаттық пен тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы мұсылман халықтарына шабыт болған көтерілістің, яғни Ислам революциясының шарықтауы мен құлдырауына борышты екендігі күмәнсіз. Егер біз Ислам революциясына дейінгі және кейінгі әйел қауымының жағдайын бағалағымыз келсе, олардың бүкіл салаларда, атап айтқанда білім беру мен әлеуметтік қатынастан бастап ғылым және өнер саласындағы шығармашылық пен жаңашылдықтары аясындағы үдемелі дамуымен бетпе-бет келеміз. Кино өнері өзге мәдени және әлеуметтік іс-шаралардан алшақ емес. Ирандық әйелдер қазіргі таңда бүкіл салада маңызды рөлге ие. Егер Иран кинематографиясының 112 жылдық тарихына зер салсақ, көптеген кинотуындылардың әйелдер туралы екенін байқаймыз. Дегенмен, соған қарамастан әлеумет саласында дұрыс бейнеленген әйелдер бейнесін көрсететін аз ғана фильмді кездестіруге болады. Иран кинематографиясына әйелдердің қатысуы, шынтуайтында, х.ш.ж.с.б. 1311 (1932) жылы "Хаджи аға киноактер" фильмінен бастау алады. Аталмыш туындының негізгі кейіпкері киноиндустрия саласында қызмет істейтін адаммен тұрмыс құруды қалайтын қыз бала болып табылады. Хаджи аға кино өнеріне қарсы болып, қыз баланың тұрмыс құруына кедергі жасайды. Хаджи ағаның болашақ күйеу баласы қаланың түкпір-түкпірінен әрі жасырын түрде ол туралы фильм түсіріп, Хаджи ағаны кино өнерімен таныстырады. Сол фильмде ойнаған Иран кинематографиясының ең алғашқы әйел актері Асия Ғостантин ханым болып табылады. Ол 1330 жылдары бірқатар кинотуындыда рөлдерді сомдады. Иранның тақтан тайдырылған патшасы Мұхаммад Реза Паһлави билігі кезеңінде мемлекеттің әлеуметтік және мәдени құрылымы кең ауқымды өзгерістерге ұшырады. Әсірешіл жаңашылдық әйелдердің алдамшы еркіндігіне негізделген саясаттарды жүзеге асырумен қатар болды. Дәл осы саясат қоғамдағы әйелдер өмірінің елеулі өзгерістерінің себебіне айналды. Қоғамның дәстүрлі сенімдерімен бетпе-бет келу теледидар және кинематография сынды бұқаралық ақпарат құралдары үкімет тарапынан таратылған ең маңызды өзгерістердің қатарына кірді. Ислам революциясына дейінгі жылдары көптеген ирандық фильм өндірушілер әйелдерді сән тұрғысынан, сырт көзге жаңашыл етіп көрсету арқылы кинотуындылардың коммерциялық тартымдылығын арттыруға талпынатын. Олардың фильмдерінде әйелдердің нақты болмысы жоқ болатын. Актрисаларды таңдауда да олардың актерлік шеберліктеріне айтарлықтай назар аударылмайтын. Сол заманның кинематографиясында әйел не үй шаруасындағы қуыршақ, не отырыс-жиындардың ойыншығы болды. Иран кинематографиясы 60-шы жылдары шетел кинотуындыларымен бәсекелесу үшін дәстүрлі әдіс-тәсілдерден алшақтап, батыс кинематографиясымен ыңғайлас болды. Шетел фильмдерінің негізгі аудиториясын әлеуметтің орта тобы құрады. Иран кинематографиясының көрермендері де сол фильмдерді құптады. Өйткені ирандық кинорежиссерлер аталмыш туындыларды көшіріп қана қоймай, өз кинотуындыларының құрылымын ән, би және жат қарым-қатынастарға сүйеніп түсірді. Сол кезеңнің фильмдерінде әлеуметтік өзгерістермен бірге қоғамның дәстүрлі және дүниеуи қағидаларының өзгерісі дәстүрлі емес, яғни заманауи әйел бейнесін жағымды етіп таныстырып, әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жаңа кейіпкер мен үлгі жасап шығарды. Сол замандағы әйелдер тақырыбын қамтитын ирандық фильмдердің мазмұны ахлаққа жат көріністер мен аянышты да сайқымазақ хикаяларды құрады. Паһлави билігінің соңғы жылдары көптеген кинотеатрлар ашылып, ойын-сауық және фильмдерді тамашалау күнен күнге күшейе түсті. Сол заманның сыншылары өрескелдікке толы әрі құнсыз кинотуындыларға қатысты "Парсы фильмі" деген терминді қолданған. Біртіндеп "Парсы фильмін" түсіру жеңіл әрі табысты кәсіптің түріне айналды. Бірақ сол кезеңде бірнеше бағалы кино туынды да түсірілді. Алайда жарнаманың жоқтығы мен айқын қолдаудың болмауына байланысты аталмыш фильмдердің айтарлықтай көрермендері болмай, киноиндустрияның бір бағыты ретінде де қалыптаса алмады. Х.ш.ж.с.б. 1352 (милади жыл санағы бойынша 1973) жылдан бастап кинематографияның Иранда коммерциялық тоқырауға ұшырауына қарамастан әйелдер мәселесі әлі де маңызды болып қала берді. Әйелдер сол кезеңдегі кинотуындыларда біртіндеп отбасы мәселесінен алыстап, әлеуметтік жағымсыз әрі қылмыскерлердің рөлдерін сомдады. Сол замандағы фильмдердегі әйелдердің кәсібіне зер салсақ, олардың сол кезеңдегі азғын кинематографиясындағы негізгі кәсібі жезөкшелік, әнші және асаба болғанын көреміз. Дегенмен орнаған жағдай сол бұлыңғыр қалпында жалғаса берді. Иранның азат әрі мұсылман халқы азғын көрініске төзе алмай, түрлі себептерге, соның ішінде азғындықтың кең етек жаюына байланысты патшалық жүйенің негізіне қарсы шықты. Саяси, экономикалық тәуелдікке қарсылық, бәрінен бұрын мәдениеттің бөгделердің қолына тапсырылуы х.ш.ж.с.б. 1357 (1978-1979) жылы революция алауы мен өрлеуінің ең маңызды дәлелдері болды. Революция Имам Хоменеидің жетекшілігі мен халықтың бірлігінің арқасында жеңіске жетіп, мемлекет бөгде күштердің тұтқыны болу мен тәуелділіктен азат етілді. Ислам революциясының салтанатты жеңісінен кейін имам Хомейнидің өнер мен мәдениет саласындағы жетекшілігі кинематографияны айқындай түсті. Имам Хомейнидің ағартушылық жетекшілігі ирандық әйелдерді әлемдегі ең сабырлы, жауапты және іскер әйелдер ретінде деңгейлерін жоғарылатты. Әйел және оның әсерлі рөлі имам Хоменеи мен оның ізбасары аятолла Хаменеидің көзқарасы тұрғысынан ерекше орынға ие. Бұл исламда әйел адамдарға берілген жоғары беделге байланысты. Сол себепті Ислам революциясының жетекшісі хазірет имам Хоменеи әрдайым әйел қауымының ерекше басымдылыққа ие болғанын және барын мойындап, әйелдердің көркемдігі мен құндылығын баяндай келе олардың отбасы мен қоғамдағы құрылымды рөлін қуаттады. Тіпті имам Хоменеи ислам революциясында қозғалысты ұйымдастыру және оны ілгерілету жолында ер адамдардан бұрын әйелдер қауымына үндеу жолдайтын болған. Сол себепті ғылымның дамуы, білім беру, қоғамдық қызмет көрсету, сайлауларға қатысу, сондай-ақ мәдениет және өзге де салаларға атсалысу мүмкіндіктерінің болуы ислам революциясы жеңісінен кейін ирандық әйелдің өз қоғамындағы белсенді әрі әсерлі роліне айрықша назар аударылғанын көрсетеді. Ханымдардың қоғамға дәл осындай белсенді қатысуы кинематографияда олардың шынайы бейнелерін көрсетумен ұласты. Әйелдердің адами абыройы мен қасиеті жанұяның тірегі ретінде назарға алынды. Ислам революциясынан кейінгі жылдары өзге де кинорежиссерлер өз туындыларының сатылым көрсеткішін арттыру үшін әйел бейнесін асыра пайдаланбай, үдерістің орнын өтеу үшін оларды жақсы қырынан көрсетуге талпынды. Фильм түсіру туралы заң шыққаннан кейін кинематография экранында әйел бейнесі қайтадан жаңғыртылып, халық арасында мәдениет пен ислами ой-пікірдің дамуымен әйел қауымы осы мамандықта көбейе түсіп, "әйел" бейнесі көптеген кинотуындылардың негізгі тақырыбына айналды. Расул Садр Амали түсірген "Түймедақ гүлдері" секілді мелодрама жанрындағы фильмдермен бірге әйел бейнесі біртіндеп, толық метражды фильмдерден көріне бастады. Дегенмен олар фильмдерге аз қатысып, тек қосалқы рөлдерді сомдады. Алайда бірнеше жыл өткен соң Иран кинематографиясында әйелдердің рөлі мен қызметі өзгеріп, шамамен осы кезеңнін басында олардың нысаны да өзгеріске ұшырады. Соның барысында кинематографиядағы әйелдер бейнесі олардың қоғамдағы ақиқатына жақындай түсті. Кино өнерінің "әйел бейнесі" ретінде ұсынған тұлғасы мәдениет пен ой-пікірге ие қоғам мен халықтың қалауы болды. Дәл осы жағдай қоғам назарының артуына себеп болып, мемлекеттік және халықаралық деңгейде де қазіргі заман Иран өнерінің лайықты үлгісіне айналды.