Maм 17, 2016 17:57 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Бүгінгі бағдарламада Иранның мистикалық кинематография тақырыбына шолу жасап, кинематографияның осы түрінің Иранда қалай қалыптасқанын қарастырамыз.ز

 Егер, естеріңізде болса, әлемнің басқа жерлерімен бір мезгілде шамамен отыз жыл бұрын Иранның кейбір режиссерлері өз туындыларында мистикалық ағымдар мен наным-сенімдерді көрсетуге қызығушылық танытты. Бұл туындылар сол жылдары ресми тұлғалар мен БАҚ өкілдері тарапынан жақсы мадақталып, сонымен бір мезгілде халықаралық қауымдастыққа жол тартты. Осы оңтайлы кеңістік бірнеше жыл бойы осындай фильмдерді түсіріп, өндіріске жіберу қыза түсіп, ирандық режиссерлер үшін жаңа бағыттың ашылуына себеп болды.

Дариуш Мехрджуи 1990 жылы «Хамун» фильмін түсірді. Бұл фильм Иран кинематографиясына серпінді сілкініс ала келді. «Хамун» – жалпы жұрт пен сыншылардың қолдауына ие болған Иран кинематографиясындағы санаулы туындылардың бірі. Бұл фильмде философиялық тақырып кейбір мистикалық наным-сенімдермен араластырыла беріліп, хикаяны баяндауда тартымды қалып қолданылған.

Фильмде докторлық диссертациясына қатысты зерттеулер жүргізіп жатқан Хамид Хамун деген адамның өмірінің 24 сағатына шолу жасалған. Бұл тақырып хазірет Ибрахим (ғ.с.) мен оның ұлы Исмаилдің (ғ.) оқиғасына, өз жақындарынан бас тартып, Аллаға жақындауға арналған. Әлгі адам аз уақыттың ішінде өзінің өткеніне шолу жасап, өз жұбайымен танысуы мен үйленуіне, содан соң қақтығыстар пен түсініспеушіліктерге талдау жасап, олардың себебін анықтауға тырысады. Хамунның үнемі таба алмай жүретін үлгісі мен ұстазы болады, бірақ ол тек Хамун өмірдің дағдарыстарынан өткеннен кейін ғана көмекке келіп, оны құтқарады.

 «Хамун» фильмінің сценарийі даниялық философ Серен Кьеркегордың өмірі негізінде жазылған, бірақ онда философиялық және мистикалық тақырыптардың соңындағы бір ирандық жазушы мен режиссердің ой-толғанысы баяндалған. Мехрджуидің өзі осы жөнінде: ««Хамун» фильмінің сценарийін жазып жатқанда психоаналитика, Шығыс мистикасы мен Ислам философиясы мәселелеріне терең бойладым. Философиялық және мистикалық туындылар мен жазбаларға терең үңіліп, дәруіш қалыпты, мистик сипатты бір ерекше адамға қарай бет алдым»,-дейді.

Бұл фильмдегі Хамид Хамунның тұлғасы Иран кинематографиясы тарихындағы ең есте қаларлық тұлғалардың бірі ретінде танылғанымен «Хамун» фильмінің өзі әртүрлі пікірлер мен сындарға ұшырады. Бұл екі маңызды дәлелге байланысты болды: біріншіден, бұл туындыдағы кейіпкер қаһарманға қарсы тұлғаны бейнелейді. Ол дәстүр мен жаңашылдықты табыстыруға тырысуда. Бұл кейіпкер жалған мистикаға сенуші интеллигенттің қарама-қайшылығы мен дағдарысын айна-қатесіз бейнелеп, көрерменді оның әлемімен таныстырады. Екінші жағынан, Хамид Хамунды сомдаған актер өзінің ең есте қаларлық рөлін осы фильмде ойнады. Марқұм Хосроу Шакибаи осы фильмде Хамид Хамунның тұлғасын асқан шеберлікпен сомдап шықты. Көрермендердің көбі бұл кейіпкерді Хосроу Шакибаидің актерлігімен танып, ұзақ жылдар бойы бұл әртістің өзі осы фильммен танымал болды.

Мехрджуидің «Хамун» фильмін түсіру тәсілі «тейе тариқ» (тариқат жолы) негізінде қалыптасқан. Мистикалық даму жолының сатыларында адам бір үдеріс барысында бірнеше сатыдан өтіп, материалдық дүниеге деген байланыстарынан ақырындап арыла бастайды. Содан соң рухани, материалдық емес ғашықтыққа қол жеткізеді. Көптеген шегіністер жасау (flash back) мен фильм кейіпкерінің өзінің қарапайым өмірінде ішкі сапарға аттануының көрінісі – Мехрджуидің осы фильмдегі тәсілдерінің бірі. Фильмнің басты кейіпкері өзінің қарапайым өмірінде алға ілгерілеген сайын жағдайы ауырлай түседі. Ол осы қиындықтарды шешу, дағдарыстың себептерін табу үшін өткен заманға бет бұрады.

Осы ретте бір маңызды мәселеге назар аударуымыз қажет: Мехрджуидің осы фильм мен басқа да туындыларда көтерген мистикасы Ислам мистикасынан, адамның илаһи жаршыны қажетсінуінен бастау алған. Тұлғалар қол жеткізетін ішкі түйсік көбінесе діни мистиканың қисынымен үйлеспейді. Ол тек бір мәселе – адам рухының асқақ илаһи сипатты екендігін, рухани дүниенің қайнарларына қол жеткізе алатындығын дәлелдеуді көздейді.

Бұл мағына илаһи діндер қабылдайтын мистиканың бір бөлігі болса да, дзен, буддизм мистикасы, кришнамарти, конфуцизм сияқты мектептермен де байланыста. Оның әлемдегі кейбір қазіргі заман киногерлері мен өнер иелері арасында көптеген жақтастары бар. Мистиканың мұндай түрі тек «Хамун» фильмінде ғана байқалған жоқ, Мехрджуидің басқа да фильмдерінде, атап айтқанда «Бану», «Ләйлі», «Перизат» және жақында түсірілген «Қызғылт сары киім киген адам» деген фильмдерден байқалады.

Осы сипаттамамен «Хамун» фильмі VIII «Фаджр» кинофестиваліне қатысып, киносыншылар тарапынан жақсы қарсы алынып, көптеген жүлделерге ие болды. Бұл фильм 5 «Хрусталь самұрық» пен қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленді, сол жылғы Иран кинематографиясының шоқ жұлдызы атанды. Бірақ бұл фильмнің оқиғасы осымен біткен жоқ. «Хамун» фильмін қорғаушылардың алдында осы фильмге қарсы шығып, оның мазмұнына сын айтқандар да болды. Мысалы, сол замандағы атақты ирандық өнер иесі шаһид сейіт Мұртаза Авини өз сынында бұл фильмді нигилимзнің тығырыққа тірелуінің белгісі деп атап, Хамид Хамунның өміріндегі торығу сезімін фильмнің өне бойында таралған теріс сезім деп сипаттады. Жылдар бойы журналистика саласында қызмет етіп, деректі фильмдер түсірумен айналысқан Авини өзінің сыни мақаласында: ««Хамун» фильмін дінді қисық түсінудің түрін бейнелеген фильм деп пайымдағанмын. Бірақ кейін онда діни емес сипаттағы, зиянсыз мистиканың бір түрі, Батысқа табынушылық пен технологияның үстемдігіне қарсы ностальгиялық реакцияның бір түрі бар екенін байқадым»,-деп жазды.

Иран кинематографиясының тәжірибелі режиссерлерінің бірі әрі «Хамун» фильмінің режиссері Дариуш Мехрджуи Иранның кинематография саласында 40 жыл еңбек етті. Ол х.ш.ж.с.б. 1318 жылы (1939) жылы Теһранда дүниеге келген. Жеткіншек шағында музыкаға ден қойып, Иранның музыкасы мен Батыстың классикалық музыкасын меңгерді. Содан соң кинематографияға бет бұрды. Теһранда бастапқы білім алғаннан кейін АҚШ-қа аттанып, сонда кинематография саласында білім алды. Мехрджуи бұл іске ұзақ уақытын арнамады. Ол философия мамандығын таңдап, соны меңгеруге ден қойды.

Х.ш.ж.с.б. 1346 жылы (1967 жылы) Иранға қайтып оралғаннан кейін өзінің алғашқы «Алмас 33» атты фильмін түсірді. Бұл фильм аса сәтті болмады. Бірақ екі жылдан кейін Мехрджуидің есімі «Сиыр» атты фильммен ел аузына іліне бастады. Бұл фильм Мехрджуи мен Иран кинематографиясына халықаралық кинофестивальдерде көптеген жүлделер әкеліп, сауда-саттық және көркемдік тұрғыдан сәтті фильм болып, Иранның кинематографиясында жаңа маусымды бастады. «Сиыр» фильмі Канн, Берлин, Мәскеу, Лондон мен Лос-Анжелесте көрсетіліп, көбінде сәттілікке қол жеткізді.

 «Сиыр» фильмі – сиыры өлген бір ауыл адамы жайлы. Ол сиыры өлген соң есінен айырылып, өзін сиыр болып кеткендей елестетеді. Басқалар оны шынайы әлемге әкелуге тырысады, бірақ еш нәтиже бермей, ақырында қалаға емделуге апара жатқан жолда ол қайтыс болады. Көп адамдар «Сиыр» фильмі көрсетіліп жатқан кезде оны пісіп жетілген, саналы түрде түсірілген және әдемілікке толы деп сипаттады. Бұл үлкен адами махаббаттан туындаса керек. Фильмді түсіруде жарықтандыру, мадақтауға тұрарлық актерлік шеберлік пен сезімге толы философиялық ой-толғам оны әлемдік тілге ие мәңгілік туындыға айналған фильмдердің қатарына қосты. Басқа жағынан «Сиыр» фильмі саяси сипатқа ие фильм деп те бағаланып, Пехлеви тәртібінің бояма саясаттарына қарсы әшкерелеуші сипаттағы болмысқа ие деп саналды. «Сиыр» фильмін экрандау кезі Пехлеви тәртібінің жалған жарнама арқылы ауыл тұрғындарын қолдау және Иранның ауылдарын абадтандыру саясатын көтерген уақытқа дөп келеді. Бірақ «Сиыр» фильмінде ауылдардың мүшкіл жағдайы азды-көпті баяндалып, өткен тәртіптің уәждерінің жалған екендігі көрсетілді.