Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Анимация – сурет, қозғалыс пен дыбыстың тілі. Онда адамның түсі, нәсілі мен тіліне көңіл бөлінбейді. Көбінесе ол барлық жерге жол тауып, барша жұртқа әсер етеді.
Аниматор өзінің әртістерін өз ойындағы үлгілер негізінде жасап, ойынға кіргізе алады. Ал фильм түсіруші адамда мұндай мүмкіндік жоқ. Анимация қозғалатын жобалар емес, жобаланған қозғалыстар өнері.
Анимация – мықты әрі ықпалды ақпараттық құрал. Онда адамзаттың мәселелері метафора түрінде жобаланып, баяндала алады. Басқа жағынан бұл өнер өзінен тыс шындықты жандандыруға бағытталған адамның ежелгі арманын орындады. Ең қарапайым пікір мен құрал анимация әлемінде көрерменді ойға салып, олармен терең байланыс орнататын туынды жасайды.
5 мың жыл бұрын ирандық өнер иелерінің Иранның оңтүстік-шығысындағы "Жанған қаладан" табылған қыш бұйымдарының бетіне салған суреттері әлемнің ең бірінші қозғалмалы суреттерін тудыра алды. Бұл суреттерде тауешкі мен пальма ағашының поэтикалық көрінісі бейнеленген. Ол тура осы атаумен Иранның ежелгі мәтіндерінде келген. Оның балалар мен жасөспірімдер үшін тағылымдық мәні бар. Осы суреттердегі тауешкі – өмір, жер мен шаттықтың нышаны. Ол мәңгілік, төзімділік пен аспанның нышаны болып табылатын пальма ағашына бірнеше қадам жақындап қалған жағдайда бейнеленген. Тауешкі құрма ағашының жемісі және жапырақтарымен қоректенеді.
Ирандық өнер иелері 5 мың жыл бұрын қышты сурет салуға болатын материал ретінде пайдаланған. Бетіне тауешкі салынған дөңгелек қыш ыдысты айналдыра қозғалтатын болған. Осы ежелгі анимация уақытының ұзақтығы бірнеше секундтан аспайды, бірақ әлемдік археологтардың назарын өзіне аударып, оның әлемде пайда болған ең ежелгі анимация деп танылуына себеп болды.
Ал қазіргі формадағы анимация өнерін 20 ғасырдың басында Францияда Эмиль Коль (Emil Cohl) енгізіп, 50 жылда кемеліне жетіп, тез арада әлемдік сипатқа ие болды. Ол бірнеше онжылдыққа кешігіп Иранға жетті.
Х.ш.ж.с.б. 1330 жылдары (1950 жылдары) Теһранның көшелері неон шырақтарымен танысты. Теһранның түндері қозғалысты бейнелейтін түрлі түсті шырақтармен безендірілді. Теһранның Лалезар көшесі осындай шырақ ойындарының орталығына айналды. Жарнама мен қозғалмалы суреттердің бастамашысы марқұм Мортаза Момайездің жобалары Теһранның орталығындағы Фердоуси алаңы мен Лалезар көшесіндегі ғимараттардың төбесінде жарқырады.
Х.ш.ж.с.б. 1335-1340 жылдар аралығында (1956-1961) кейіннен Мәдениет және исламдық бағдар министрлігіне айналған Мәдениет және эстетикалық өнерлер департаментінде анимациялық туындылар өндіруге арналған бөлім құрылып, онда осы саланың ұстаздары жұмыс істей бастады. Есфандияр Ахмадие, Асадулла Каффафи сияқты адамдар Ирандағы анимацияның бірінші буынын тудырып, алғашқы ирандық мультфильмдерді түсіре алды.
1336 жылы (1957 жылы) Есфандиар Ахмадие түсірген "Молла Насреддин" атты Иранның бірінші дыбыссыз анимациялық фильмі 16 мм-лік кадрдан тұрады. Оның ұзақтығы 13 секунд. Ахмадие: "Мен бұл салада маманданбаған едім. Тек ой мен қызығушылығымды, оқып-тоқығанымды пайдаланып, Иранның бірінші анимациялық фильмін түсіре алдым. Бейнекамераның тіреуішін құрылыс жұмысшыларынан алып, бейнекамераны жіп және шегемен тіреуішке орнықтырғаным есімде. Әр секундта 24 сурет болды. Мен барлығын бейнекамераға түсіріп алдым. Сөйтіп "Молла Насреддин" мультфильмі түсірілді",-дейді.
Содан кейін мультфильм түсіру қызу дамып, қозғалмалы суреттер саласындағы әрекет пен анимация жасау х.ш.ж.с.б. 1344 жылы (1965 жылы) балалар мен жасөспірімдерге арналған алғашқы халықаралық фестивальдің өткізілуіне себеп болды.
Иран анимациясының екінші буыны Ислам революциясы жеңісінен бірнеше жыл өткеннен кейін осы салаға еніп, анимациялық фильмдерді түсіруге қайтадан қолайлы жағдай жасалды. Ирандық аниматорлар анимациялық фильмдерді түсіруге талпыныстар жасады. Сөйтіп, ел іші мен халықаралық сахна ирандық өнер иелерінің жарқын туындыларына куә болды. Ислам революциясынан кейінгі анимация өнеріндегі көрнекті тұлғалардың бірі ретінде марқұм Ваджидулла Фард Мұқаддамды, Махин Джавахерианды, Абдулла Әлимұрад пен Ахмад Арабаниді атауға болады. Махин Джавахериан Ислам революциясынан кейінгі алғашқы жылдары анимациялық туындылар өндірудегі кешеуіл жайлы: "Анимациялық туындыларды өндірудегі тоқыраудың маңызды себептерінің бірі – Саддамның Иранға таңған соғысы. Бірақ соғыс бітіп, компьютер әрбір үйде пайда болып, Теһранда Мультипликаторлар фестивалі өткізілгеннен бері бұл өнер өзгеріс кезеңін бастады",-дейді. Мұнымен қоса, бүгінде анимация саласының көптеген қызығушыларына дәріс беретін университеттер де айтарлықтар дамытылды. Өнер университеті, театр және кинотеатр факультеті, Педагогикалық университет, ИИР Телерадио бірлестігінің факультеті және тағы да басқа мемлекеттік, мемлекеттік емес оқу орындары анимация саласында бітіретін түлектердің санының артуына септігін тигізді.
Әрине, кейбір мемлекеттік немесе жартылай мемлекеттік органдардың, атап айтқанда полиция, Жол және көлік қозғалысы басқармасының, қала әкімшілігі, су, электр қуаты мен газ басқармаларының анимациялық фильмдердің қоғамды тәрбиелеудегі әсерлі роліне көңіл бөлуі аниматорлардың ынтасын арттыратын және осы өнердің соңғы жылдары да сақталуына себеп болған түрткілердің бірі болды. Мұндай анимациялық роликтердің түсірілуі ойын-сауық және оқу-ағарту саласында телехикаялардың түсірілуімен бір мезгілде Иранда анимацияның дамуының тағы бір факторы болды.
Иранда анимацияны өндіруші мен тұтынушының ең маңызды ролін теледидардың атқарғаны және атқара беретіндігінде күмән жоқ. Эфирге беру уақытының ұзақтығы және көптеген отандық және шетелдік арналардың болуы ұйымның анимациялық фильмдерді өндірумен айналысатын тәуелсіз орталық құруды ойға алуына себеп болды. Осылайша, бұл орталық х.ш.ж.с.б. 1374 жылы (1995) құрылды. Бұл мекеме Иранның анимациясында жаңа толқынды бастап, оны қайта жандандырды.
Бұл орталықты құрудағы ең маңызды мақсаттардың қатарын мәдениет, өнер, әлеумет және қоғамды, әсіресе балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу салаларының қажеттіліктерін өтеу, жарнамалық қызмет ұсыну және сату, ақпараттық мәдени өнімдер ұсыну, таңдаулы өндіруші топтарға анимациялық фильмдер түсіруге тапсырыс беру, жеке және құқықтық тұлғалар, отандық және шетелдік компаниялармен өнім алмасу құрайды.
"Саба" мультипликаторлық орталығы құрылған мезеттен бастап қуыршақтар жасайтын шеберханалар, телестудиялар, дамыған компьютерлермен жабдықталған бөлімдерді дайындауға кірісті. Техникалық құрал-жабдықтарды сатып алып, кадр дайындауға кірісті; біртіндеп өндіріс бөлімдерін іске қосты. Бұл орталықтың анимациялық туындылары жылдан жылға дами түсті. Ал қазір әртүрлі топтар мен компаниялар осы орталықтың құрамында анимациялық фильмдер түсірумен айналысып жатыр.
"Саба" мультипликаторлық орталығының туындыларының қатарына "Әму Наурыз" (Наурыз аға), "Мырзаның басынан өткендері", "Қу қарға", "Қалы кілемнің гүлдері", "Күнді күту", "Гүлдену әпсанасы", "Қызыққұмар қуыршақ", "Ораш туралы аңыз" сияқты еңбектер жатады .
"Саба" мультипликаторлық орталығының мақтаныштары ретінде оның отандық және халықаралық көптеген фестивальдерде жүлделер алуын айтуға болады. Сонымен қатар елдің түкпір-түкпірінде анимация өнерінің дамуы, анимациялық бағдарлама жасаудың сапасының артуы, анимациялық туындылар санының артуы – "Саба" мультипликаторлық орталығының осы жылдардағы тағы бір мақтанышы мен атқарған істеріне жатады. Иранның телеарналарында таратылатын мыңдаған минуттық бағдарлама – осы орталықтың өнер иелері мен мамандарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі. "Саба" мультипликаторлық орталығы бүгінде Иранның анимация туындылары өндірісінің полюсіне айналды.