Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Әлемнің барлық жерінде кинофестивальдер белгілі бір жанрдағы кинематографиялық туындыларға шолу жасауға берілген мүмкіндік болып табылады. Егер бұл кинофестивальдер сайыс-жарыс түрінде өткізілсе, әртүрлі елдердің кинематографтарының қарым-қабілеті де азды-көпті байқалады.
Халықаралық кинофестивальдер – киногерлер мен көрермендер үшін ең тартымды оқиғалардың бірі. Онда жаңа туындылармен жақыннан танысып, тіпті оларды бір-бірімен салыстыруға болады.
Венеция кинофестивалі – әлемнің ең ескі кинофестивальдерінің бірі. Ол алғаш рет 1932 жылы Италияның Венеция қаласында өткізілген. Бұл кинофестиваль Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары өткізілмеді және кей жылдары оның сайыс бөлімі жұмыс істемеді, бірақ ол 70 кезең өткізгеннен кейін бүгінде кинематография саласындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып саналады.
Иран кинематографиясы ұзақ тарихқа ие. Иранда кинофестивальдер өткізудің де ұзақ тарихы бар. "Иран кинематографиясының тарихы" атты еңбекте былай деп жазылған: «Кинофестивальге ұқсас алғашқы оқиға х.ш.ж.с.б. 1329 жылы (1950 жылы) Теһранда өткізілді. Онда ағылшын фильмдері экрандалып, оларға шолу жасалды. 13 жыл өткеннен кейін үлкенді-кішілі кинофестивальдер өткізілді. Сондай-ақ әлем кинематографиясының таңдаулы туындылары жұрт назарына ұсынылып, ирандық көрермендер сол замандағы әлемдік кинематографиямен танысты.
Ақырында х.ш.ж.с.б. 1342 жылы (1963 жылы) Теһранда бірінші халықаралық кинофестиваль өнер, білім беру және тәрбиелеу өзегіндегі фильмдер негізінде өткізілді. Бұл фестивальдер алғашқы жылдары киногерлер қоғамының ерекше қолдауына ие болды. 26 елдің киногерлері осы кинофестивальге өз туындыларын жіберіп отырды. Фестивальдар сайыс түрінде өтіп, қазылар алқасы әртүрлі салалар бойынша үздіктерді анықтап отырды.
Аталмыш фестивальмен қоса, балалар мен жасөспірімдер кинофестивальдері, Теһран халықаралық кинофестивалі, Азия аймағы және оның Телерадио одағы жастарының кинофестивалі, Жастар кинофестивалі Иран кинематографиясы саласындағы ең маңызды оқиғалардың қатарына жатады. Осы шараларды өткізушілердің тенденциялары да кинематографиялық туындылардың қатысуы мен экрандалуына айтарлықтай әсер етті. Оларда кейбір айтулы туындылар көрсетілгенімен Иран кинематографиясына көңіл аударылмау және ирандық туындылардың әлсіздігі журналистер мен киносыншылардың осы фестивальдерге қарсы қатты сын айтуына әкеліп соқтырды. Олар кинофестиваль өткізу идеясын қолдағандарымен, кейбір ирандық және шетелдік лайық емес фильмдердің таңдалуына, жалпы сол жылдардағы Иран кинематографиясының төмен сапасына наразылық білдірген.
Х.ш.ж.с.б. 1357 жыл (1979 жыл) Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін қоғамда мәдениет және өнер салаларында өзгерістер орын алды. Кинематография Ислам революциясынан кейінгі жылдары өзгеріс пен дамудың жаршысы болды деп сенімді түрде айтуға болады. Ислам революциясынан кейін кинофестивальдер өткізу Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі мен ирандық киногерлердің жіті бақылауында болып келеді. Бұл үкіметтің осы салада ұзақ мерзімді ортақ бағдарлама дайындауына себеп болды.
Ислам революциясы жеңіске жеткен күнін тойлау қарсаңында ақпан айының бірінші жартысында "Фаджр" онкүндігі өтеді. Сол кезде ирандық киногерлердің ең маңызды басқосуы "Фаджр" халықаралық кинофестивалі өткізіледі. "Фаджр" халықаралық кинофестивалінің бірінші кезеңі х.ш.ж.с.б. 1361 жылы (1982 жылы) Теһранда өткен. Содан бері бұл кинофестивальдің 31 кезеңі өткізілді.
Фараби кинематография орталығы мен Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің бастамасымен бұл кинофестиваль х.ш.ж.с.б. 1374 жылға дейін (1995 жыл) тек Иран кинематографиясында бір жыл ішінде түсірілген фильмдерді көрсетумен шектелді. Бірақ осы жылдан бастап халықаралық сипатқа ие болып, Иран кинематографиясының туындыларымен қоса, халықаралық бөлімде әлем кинематографиясының фильмдерін де талқыға салатын болды.
Бұл кинофестивальдің сайыс бөлімінде қатысушылар "Хрусталь самұрық" деп аталатын ерекше жүлдеге ие болу үшін өнер сынасады. Самұрық – парсы әдебиетінде аңызға айналған құстың аты. Ол сәттілікке жету және жоғары сатылардан өтудің нышаны болып табылады. Құрмет дипломы мен алтын тақта – осы кинофестивальде берілетін келесі жүлделер. Олар режиссура, сценарий жазу, гримдеу, музыка дайындау, дыбыстау, актерлік және дайындау салаларына беріледі.
"Фаджр" халықаралық кинофестивалі әлем кинематографиясына ерекше ықыласпен қарайды. Сол себепті басқа елдердің режиссерлерінің туындылары осы фестивальге қатысып, ирандық туындылармен қатар сайыс бөлімінде бағалаудан өтеді. Шетелдік туындыларды таңдаушылардың жіті қадағалауының арқасында әлем кинематографиясының жаңа туындылары таңдалынып алынып, олардың үздігі осы жылдық басқосуда көрсетіледі. Азия елдері мен Қосылмау қозғалысына мүше елдердің кинематографиясы мен жаңашыл режиссерлеріне көңіл бөлу, сонымен қатар үміт, иман, әділет, руханият және зұлымдықпен күрестің "Фаджр" халықаралық кинофестивалінің халықаралық бөлімінің басы өзегі болуы бұл фестивальдің адамгершілік тақырыптары мен осы саладағы кинематографияның құндылығы мен маңыздылығына назар аударатындығын көрсетеді.
Х.ш.ж.с.б. 1342 жылдан бері өткізіліп келе жатқан тағы бір маңызды кинофестиваль – "Даму" халықаралық кинофестивалі. Бұл фестиваль жыл сайын Иранның Білім және тәрбие министрлігі тарапынан өткізіледі. Оның негізгі өзегі – ғылым және білім саласындағы туындыларды талқылау. Ислам революциясынан кейінгі бұл фестивальдің алғашқы кезеңі х.ш.ж.с.б. 1364 жылы (1985 жылы) өткен. Содан бері «Даму» фестивальі жыл сайын Теһран мен елдің басқа да ондаған қаласында оқу орталықтары, кинотеатрлары мен қойылым залдарында өтеді. "Даму" халықаралық кинофестивалінің көрермендерін ата-аналар, тәрбиешілер мен оқушылар, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер құрайды. Оған деректі фильм, мультфильм және хикая түріндегі туындылар қатысады.
43 кезеңін өткізген өнер және ғылым саласындағы осы оқиғаның ең маңызды ерекшелігі әлемнің түкпір-түкпіріндегі фильм түсірушілердің білім мен тәрбиеге қатысты ең жаңа туындыларын жұрт назарына ұсынуы болып табылады. Мұның өзі аталмыш фестивальдің маңыздылығын арттырады.
Әрбір ел мен ұлттың болашағы балалар мен жасөспірімдер болып табылады. Оларға көңіл бөлу барша халықтың игі болашағына кепіл болады. Ислам революциясынан кейінгі Иран кинематографиясы балалар мен жасөспірімдерге ерекше ықыласпен қарайды. Сондықтан әлем бойынша осы салада көрнекті туындылар түсіру жөнінен өте танымал. Кинематография саласындағы қайраткерлер х.ш.ж.с.б. 1361 жылы (1982 жылы) балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің арнайы фестивалін өткізіп, Иран және әлемнің көрнекті туындыларын экрандау туралы шешім қабылдады.
Бұл кинофестивальдің алғашқы кезеңі "Фаджр" халықаралық кинофестивалімен бір мезгілде өтті. Бірақ біртіндеп тәуелсіз түрде бөлініп шығып, "Исфахан халықаралық балалар мен жасөспірімдер кинофестивалі" деген атпен танылды. Өйткені 27 жылдық тарихы бар бұл фестивальдің кезеңдерінің көбі Исфахан қаласында өткізілген. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген режиссерлердің балалар мен жасөспірімдерге арналған туындылары жұрт назарына ұсынылады. Ол сайыс түрінде өтіп, жеңімпаздарға "Алтын көбелек" жүлдесі беріледі.
Үнемі өткізіліп тұратын осы бірнеше халықаралық фестивальмен қоса Иран кинематографиясы саласында басқа да халықаралық шаралар өткізіледі. Көркем фильмдер, қысқа метражды фильмдер, тәжірибелік фильмдер, фильм түсіруші жастар, әйел режиссерлер, қарсыласу кинематографиясы тақырыптарында да халықаралық фестивальдер өткізіледі.
Бұл фестивальдердің әрқайсысына Иран мен шетелдерден келген киногерлер қатысады. Өзіндік көрермені бар бұл фестивальдер кинематография мен көрермен арасындағы қарым-қатынаста жаңа кезеңді ашты.
Бірақ шындық бұл әңгіменің осымен бітпейтіндігінде. Үкіметтің көптеген кинофестивальдердің өткізілуіне көмектесуі, жаңа туындыларды экрандау үшін алғышарт жасауы, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің режиссерлер арасындағы сайыстың өткізілуін қолдауы жеке сектордың осы саладан тыс қалуына себеп болған жоқ. Ирандағы кинематография өнеріндегі қайраткерлер тек осы өнер саласында ғана белсенділік танытумен шектелмеді. Олардың арнайы шара ұйымдастырып, өз әріптестерінің туындыларын кәсіби деңгейде сынап жатқандарына да бірнеше жыл болды. Әртүрлі кинематографиялық кәсіподақтар тарапынан әралуан сала бойынша үздік туындыларды таңдау, оларды халыққа таныстыру, сондай-ақ, оларды марапаттау үшін рәсімдер өткізу тәуелсіз түрде өткізілетін ең маңызды белсенділіктердің қатарын құрайды. Сонымен қатар тілшілер мен киносыншылар да тәуелсіз фестивальдер өткізіп, жыл сайын Иран кинематографиясының үздіктерін анықтайды.
Жалпы алғанда Иран кинематографиясында әртүрлі жанрлардың болуына байланысты көптеген оқиғалар мен фестивальдер өткізіліп, ирандық киногерлер тақырыпқа байланысты өздерінің әлемдік әріптестерімен бірдей жағдайда көрермендердің назары мен сынына түседі деп айтуға болады. Бұл жайт Иран кинематографиясының әлемде қазіргі сәтті орнында тұрақтап, өз елінің мәдениеті мен өнерін таныстыру үшін жақсы өкіл болуына септігін тигізді.