Иранға сапар (183)
Х.ш.ж.с.б. 1357 жылы (1979 жылы) Теһран қаласы Иранның басқа қалалары мен ауылдары сияқты үлкен бір революциялық қозғалыстың ошағына айналды.
Қаланың көшелері мен алаңдарында Теһранның мыңдаған тұрғыны ереуілге шығып, шеру өткізді. Олар өздерінің үздіксіз шерулерінде Пехлевидің залым режимінің құлатылуын және тәуелсіздік пен азаттық ұрандарының орындалып, осы байтақ елде исламдық республика жүйесінің құрылуын талап етті. Шах режимінің Қарулы күштері халықтың шеруін басып-жаншыды. Бұл жылы Теһран университеті, мешіттері, көшелері мен қоғамдық орындары, әсіресе «Еңғелаб»-«Революция» алаңы мен «Шохада»-«Шәһидтер» алаңы революцияның ең үлкен ошақтары саналды. Х.ш.ж.с.б. 1357 жылы 17 шахриварда (1978 жылы 8 қыркүйекте) шах режимі «Шохада» алаңында шеруге шыққан халыққа оқ атып, әйелдер мен балаларды, ер адамдарды шәһид етті.
Сол жылы 13 абанда (1978 жылы 4 қарашада) Теһран университеті мен оның айналасындағы көшелер шах режимі жалдамалыларының оқушылар мен студенттерге мен халыққа жасаған шабуылдарының куәсі болды. Х.ш.ж.с.б. 1357 жылы 12 бахманда (1979 жылы 1 ақпанда) Теһран өз тарихындағы теңдессіз қарсы алу рәсімінің куәсі болды. 30 км қашықтыққа созылған миллиондаған адам революцияның жетекшісі имам Хомейниді (р.) қарсы алды. Он күннен кейін х.ш.ж.с.б. 1357 жылы 22 бахманда (1979 жылы 11 ақпанда) Пехлеви режимі құлатылып, шетелдіктер Ираннан шығарылып, имам Хомейни бастаған ислам революциясы жеңіске жетті. Содан кейін Теһран ұдайы халықтың әртүрлі саяси және әлеуметтік сахналарға қатысуының куәсі болып келеді.
Х.ш.ж.с.б. 1357 жылы 13 абанда (1979 жылы 4 қарашада) Иран халқына қарсы тыңшылық жұмыстар жасайтын АҚШ үкіметінің Теһрандағы елшілігі мұсылман революцияшыл студенттер тарапынан жаулап алынды. Имам Хомейнидің (р) өзі мұны екінші революция деп атаған. Бұл хабар жылдам әлемнің шартарабына таралды. Әлем халықтары Теһранда бір алпауыт елдің елшілігінің басып алынғандығына таң-тамаша болды.
Ислам революциясына дейінгі айлардан-ақ Теһранның үлкен көшелері мен алаңдары миллиондаған революцияшыл адамның шеруінің куәсі болды. Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін де бұл үдеріс белгілі бір жағдайларда революция мен оның армандарын қуаттау үшін халық тарапынан жалғасын тапты.
Революция жеңіске жеткеннен кейін әр аптаның жұма намазы Теһран университетінде намазхандардың қалың тобының қатысуымен ерекше салтанатпен өткізіледі.
Жұма намазын өткізу жұма күні түсте астананың кеңістігін табиғи түрде өзгертеді. Халықтың арасында достық рух тудырып, оған рухани және мистикалық кеңістік сыйлайды. Мұнымен қоса, жұма намазы үкіметтің жауапты тұлғалары үшін Иран мен әлемдегі ең маңызды мәселелерді халыққа түсіндіріп, талдау үшін жақсы мұрсат болып табылады.
Х.ш.ж.с.б. 1359 жылы 31 шахриварда (1980 жылы 22 қыркүйекте) кенеттен Теһранның аспанында ұшақтардың дауысы естілді. Теһранның Мехрабад әуежайы Ирактың Баас режимінің ұшақтары тарапынан шабуылға ұшырады. Мұнымен бір мезгілде Саддам режимінің мықты қаруланған армиясы Иранның батысы мен оңтүстігіндегі қалаларына айуандықпен шабуыл жасады. Теһран соғыс майданынан өте алыс болса да, оның соғыс жылдарындағы келбеті (х.ш.ж.с.б. 1359-1367 жылдар, 1980-1988 жылдар) Саддам режимінің Иранға таңған соғысы салдарынан өзгеріске ұшырады. Бір жағынан Иранның батысы мен оңтүстігіндегі аймақтардан соғыс босқындары Теһранға ағылса, екінші жағынан бұл қала Саддам режиміне қарсы ирактық босқындарды қабылдады. Бұлар Теһрандағы тұрғындар санын одан ары арттырды. Соғыстың көптеген зиянды әсерлері болды, өйткені Теһран талай рет дұшпанның ұшақтары тарапынан бомбаланып, оған ұзақ қашықтыққа ұшатын жүздеген зымыран түсті. Соғыс аяқталғаннан кейін жаңа дәуір басталды. Бұл кезең қирандыларды жөндеп, қаланы реттеп, абадтандыруға бағытталған талпыныстарға негізделген дәуір болды.
Иранның кейбір қалалары мен ауылдарының халқы Пехлеви режимінің саясаттарынан туындаған мүмкіндіктер тапшылығынан зардап шегіп отырғандықтан революциядан кейінгі алғашқы жылдары босқындар Теһран мен басқа да үлкен қалаларға қарай ағыла бастады. Таңылған соғыстың зиянды әсерлерімен қоса, ретсіз босқындық құбылысы да Теһран үшін көптеген қиындықтар мен мәселелер тудырды. Бірақ соңғы отыз жылда Теһран қаласында туындаған барлық мәселелер мен қиындықтарға қарамастан, басшылар қаланың болмыс-бітімін сақтай отырып, әлемнің осы жағындағы ең әдемі қалалардың біріне айналдыруға күш салды. Қалалық кеңістіктерді дамыту кедей әрі табысы аз әлеуметтік топтар өмір сүретін жер саналған шұңқырлар мен орларды жою және оларды әдемі бақтарға айналдыру, қаланың оңтүстігі мен солтүстігіндегі аймақтарда қалалық мүмкіндіктерді әділ бөлу, күре жолдар, метро, жаяу жүргінші көпірлері, ғимараттар мен үлкен мұнаралар салу, білім беру және мәдени орталықтарды көбірек ашу, қаланың ішкі және сыртқы жасыл кеңістігін арттыру, жер бетіндегі суларды жинау жобасы мен басқа да жұмыстар соңғы отыз жылда осы қалада атқарылған жұмыстардың қатарын құрады.
Қазіргі таңда Теһран қаласында 10 млн-нан астам адам тұрады. Теһранда осыншама адамның қозғалысының кептеліс тудырып, ауаны ластайтыны анық. Алайда Теһранның Альборз тауының етегінде орналасуы және қаланың атырабында көптеген жайлаулардың болуы бұл қаланы тұрғыны көп басқа мегаполистерден ерекшелендіреді. Теһранның жайлаулары – осы адамы көп шулы қаланың ең әдемі әрі жанға жайлы тартымдылықтарының бірі. Сол себептен болар бағзы замандардан-ақ Теһранға сапар шеккен саяхатшылар өз сапарнамаларының бір бөлігін Теһранның жайлы жайлауларын сипаттауға арнаған. Теһран қаласының тұрғындары арасында кез-келген мүмкіндікті пайдаланып, әсіресе аптаның соңындағы демалыстарда қаланың атырабындағы жайлауларға тынығуға баратын әдет қалыптасқан. Аз ғана жүріп, қаланың атырабындағы биіктіктерге жетуге болады немесе Теһранның атырабындағы жайлауларға сапар шегіп, жанға жайлы ауада бір апталық еңбектен тынығуға болады.
Бүгінгі бағдарламаның соңғы бөлігін Теһранға қатысты еңбектердің бірі «Теһранға шолу» атты кітапты таныстыруға арнаймыз. Бұл кітап бір топ жазушы тарапынан дайындалып, Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің баспа ұйымы х.ш.ж.с.б. 1371 жылы (1992 жылы) күзде Теһранда жарыққа шығарды. Бұл құнды кітапта Теһранға қатысты ондаған тартымды суреттер бар. Теһранның тарихи, табиғи, мәдени, дәстүрлі және тұрмыстық көріністері берілген осы әдемі топтамадан қаланың өткені және бүгінімен таныса аласыздар. Осы өте құнды топтамада берілген Теһранның өткеніне қатысты ақ-қара, бүгініне қатысты түрлі түсті суреттер кез-келген жолаушыға Теһранда жылдам әрі оңай саяхат жасауға мұрсат береді. Ағылшын және парсы тілінде мәліметтер жазылған аталмыш кітап Иранның ұлы ақындарының өлеңдерімен әрленген. «Теһранға шолу» атты кітап, әсіресе осы қаланы көруге келген туристер үшін өте пайдалы.