Иранға сапар (184)
Cтратегиялық жағдайына байланысты Иранның астанасы Теһранда өнеркәсіп пен экономикалық және әлеуметтік белсенділіктердің дамуымен қоса, жалпы алғанда қызмет көрсету саласы мен сауда саттық та қарқындап дамып, қаланың базарын Ирандағы ең белсенді базарлардың біріне айналдырды.
Әдетте базар әлеуметтік экономикалық тұрғыдан да, мәдени тұрғыдан да өзінің ерекше архитектуралық құрылысына байланысты Иранның әртүрлі қалаларының негізгі тартымдылықтарының бірі саналады. Әрбір қаланың көрнекті жерлерінің қатарында базардың алар орны ерекше. Теһран базары Иранның ең маңызды көрнекті базараларының бірі болғандықтан бүгінгі бағдарламаны осы базармен таныстыруға арнауды жөн көріп отырмыз.
Теһран базарын көрген саяхатшылардың көбі оның әртүрлі жерлерін сипаттап, оның тартымдылығы мен сұлулығын мадақтаған.
Мысалы, француз саяхатшысы Эрнест Урсель өзінің сапарнамасында х.ш.ж.с.б. 1261 жылы (1882 жылы) Теһран базарын былай сипаттаған: «Теһран базарының өзі – бір қала. Базарға күніне 20-25 мың адам келіп кетеді. Онда көшелер, дәліздер, қиылыстар, қонақ үйлермен мешіттер бар. Төбесі жабық, ирелеңдеген кең дәліздер саңылаулары бар күмбездердің астында орналасқан. Саңылаулар жарық түсіп, ауа айналып тұратындай жасалған. Сондықтан базарлар мен онда жұмыс істейтін немесе келіп кететін адамдар Теһранның аптап ыстығында қиналмайды. Базар ирандықтардың ең көп сауда саттық жасайтын жері болумен қоса, адамдардың демалып, әртүрлі кездесулер өткізуге арналған жері болған. Олар сонда бір бірімен кездесіп, жұмыстарды бағалап, күнделікті жаңалықтардан хабардар болады».
Әрине, Урсель Теһран базары дегенде сол заманда базарды айнала орналасқан махаллені айтқанға ұқсайды.
Лорд Керзен де х.қ.ж.с.б. 1268 жылы (1889 жылы) Теһран базарын былайша сипаттаған: «Теһран базары Шығыстағы базарлардың көбінен әдемірек және Шираз, Исфахан мен Табриз базарларынан әлдеқайда үлкенірек».
Иран қалаларының әрқайсысында ерекше базарлар бар. Иран қалаларындағы базарлар әрқилы қолданыс аясына ие ғимараттардың азды көпті күрделі кешенінен тұрады. Оларды тану базарды, тіпті қаланың өзін тануда ерекше маңызды. Фатхалишах Қаджардың кезінде қалыптасқан Теһранның базарлары бүгінде бірінің ішіне бірі кіріп жақтан көшелер мен таусылмас дүкендерден тұратын кешен болып табылады. Соңғы бірнеше онжылдықта Теһранның әртүрлі жерлерінде жаңа сауда орталықтары ашылғанына қарамастан, Теһран базары көне болса да, бұрынғыдай қаланың, тіпті Иранның ең маңызды сауда саттық орталықтарының бірі болып табылады. Теһран базарының негізгі архитектурасы Иранның дәстүрлі базарларының көбісі сияқты Теһранның құрғақ та салыстырмалы түрдегі ыстық ауа райының болуына байланысты әдетте күмбезді төбемен жабылған. Оның құрылысында бәрінен көбірек кірпіш пайдаланылған. Теһран базарының негізгі кіреберіс қақпасының алдында «Сабзе мейдан» деп аталатын үлкен кеңістік бар. Оның айналасында дүкендер орналасқан. Бұл алаң ертеде әртүрлі тауарларды таратын жер болған.
Теһран базарына кіре берісте имам Хомейнидің мешіті орналасқан. Имам Хомейни мешіті – Фатхалишах Қаджардың кезінен қалған Теһранның ең үлкен әрі танымал мешіттерінің бірі. Мешіт х.қ.ж.с.б. 1240 жылы (1824 жылы) салынып біткен. Фатхалишахтың есімі мешіттің үлкен террасасының үстіңгі жағына насталиқ жазуымен жазылған. Мешіттің негізгі күмбезінің жобасы жөндеулер кезінде бір қалыпқа ие болған. Бұл мешіт кең аула, әдемі намаз оқитын залдар, сырлы кірпіштермен көмкерілген күмбез, аркалар, маңдайшалардың болуы тұрғысынан салтанатты, тартымды әрі қызықты. Мешіттен Қаджар дәуірінен қалған ерекше керамикалық тақташа үлгілерін көруге болады.
Имам Хомейни мешіті ауданының кеңдігіне байланысты базаршылар арасында діни рәсімдер мен жұма намаздарын өткізетін жер болумен қатар, базардың әртүрлі бөліктерін бір бірімен жалғастыратын жер де болып табылады. Адамдар мешіттің ішінен өту арқылы оңайлықпен базардың келесі бетіне жете алады.
Теһран базарында баяғы замандардан бері бірнеше көше мен негізгі қиылыстар болған. Оларды «расте» қатар деп атаған. Базарда қосымша көшелер де бар. Оларды «далан» дәліз деп атаған. Бұл жолдар кәсіп түрлері мен тауарларға байланысты бөлінген. Олардың әрқайсысында белгілі бірі тауар түрі ұсынылатын болған. Бүгінде Теһранның көне әрі танымал базарларының көбінің орны, соның ішінде ұсталар базары, бас киім сатушылар мен темекі сатушылар базары люкс тауарлар сататын дүкендерге айналған.
Бұған қарамастан, зергерлер мен қымбат әшекейлер сатушылар базары, мата мен кілем сатушылар, хрусталь бұйымдар мен үйге арналған заттарды сатушылардың базарлары бұрынғыдай Теһранның ең маңызды әрі танымал базарлардың бірі саналады. Отбасын құруға шешім қабылдаған жастар өздерінің жанұя мүшелерімен базарға келіп, өздеріне қажетті заттарды базардың әртүрлі бөліктерінен сатып алады.
Теһран базарында ертеде әртүрлі базаршықтар болған. Олардың кейбіреулері әлі күнге дейін сақталып қалған. Базаршықтарда экономикалық және сауда саттық жұмыстары жүргізілумен бірге басқа да белсенділіктер жасалған. Олар базаршықтардың базардағы маңыздылығын одан ары арттырады. Осындай базаршықтардың бірі имам Хомейнидің мешіті мен орталық мешіттің арасында орналасқандықтан «Бейн ул Харамейн» деп аталатын. Біраз уақыт бойы бұл базаршық «Дар ул Елм» деп те аталған. Өйткені Теһранның көне кітап сатушыларының басым бөлігі осы базаршықта орналасқан. Бүгінде бұл базарда кеңсе заттары сатылады. Ардақты ағайын, базардың негізгі екі көшесі қиылысатын жерін «чаһарсу немесе чаһар соуқ» (төрт жақ) деп атайтынын біліп жүргендеріңіз жақсы. Бұрын «чаһарсоуқ» әлеуметтік және саяси тұрғыдан ерекше мекендік құндылыққа ие болған. Осы тұрғыдан «чаһарсоуқтың» архитектуралық құрылысы басқа бөліктерден ерекше. Олардың төбелері күмбез пішіндес жасалған. Базаршықтардың қиылысында төбесі жабылған «чаһарсоуқтар» орналасқан. Олардың күмбездерінің қабырғасы әдемі сырлы кірпіштермен өте тартымды түрде безендірілген.
«Тимче» де базардағы сауда белсенділіктерінің маңызды орталықтарының бірі саналады. «Тимче» төбесі жабық бір ауланың айналасындағы бөлмелерден тұрады. Оның ортасында бір хауыз, ал төбесінде нұртүсіргіштер орналасқан.
Әрбір «тимчеде» екі немесе үш қабатты бірнеше құжыралар (дүкендер) орналасқан. Әдетте әрбір құжыра бір саудагерге тиесілі. «Хаджеб уд Доуле» «тимчесі» өзінің жабылған төбесімен Теһран базарының ең әдемі бөліктерінің бірі саналады. Бұл «тимчеде» фарфор, хрусталь ыдыстар, үй заттары сатылады және дүкендердің витриналары қойылған. 20 кіреберіс есігі бар «Хаджеб уд Доуле» «тимчесі» хрусталь заттар пассажы, көптеген дәліздер мен үлкен хауыздан тұрады. Ирандық жанұялардың көбі ұзатылатын қыздарының жасауын осы жерден алатын болғандықтан ол жер ерекше шулы.
Сарай да бірнеше құжырадан тұрады. Әдетте сарайларда тауарларды сақтауға арналған қоймалар бар. Теһран базарының ең маңызды сарайларының бірі – Мырза Тақихан Әмір Атабек сарайы. Оны «Атабакие» деп атайды. Теһран базарында ертеде көптеген керуен сарайлар болған. Француз саяхатшысы Урсель өз сапарнамасының келесі бір бөлігінде керуенсарайдың ішкі кеңістігін былайша сипаттаған: «Керуен сарайлардың көбі вакфқа берілген. Онда қызмет түрі тегін. Керуенсарайдың қызметшілері әдетте өте жақсы адамдар. Бұл сақтаушылар немесе «чарвадарлар» Ирандағы ең адал, ең сенімді адамдар ретінде танылған».
Құжыралар, тимчелер, сарайлар, керуенсарайлар жиынтығы Теһран базарында ерекше архитектуралық құрылымды тудырған. Мұнымен қоса, бұл кешендердің жанында қоғамдық орындар, соның ішінде монша, медресе, мешіт, имамзада, «сақахана» (су ішетін жер), кофехана, асхана мен басқа да орындар орналасқан. Олардың барлығы біртұтас архитектуралық құрылымды тудырады. Бұл кешен өмірдің әртүрлі салалары, экономикалық, әлеуметтік, саяси және діни белсенділіктердің қатынасы тұрғысынан баяғы замандардан бері халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ететін болған.
Осы кеңістіктердің көбісі, әсіресе сарай, құжыра, тимче мен алаң өздерінің экономикалық қолданыс аясын сақтап қалған. Бірақ базардағы бұл жерлердің бұрынғы заманның экономикалық және әлеуметтік жағдайына сәйкес болғанын мойындауымыз керек. Бұл жерлердің жұмысының қазір өзгеріске ұшырағаны анық. Сондықтан бүгінде базар бұрынғы бөліктерді сақтай отырып, қатты өзгерістерге ұшырады. Сауда саттықтың басым бөлігі базардан тыс жерлердегі сауда орталықтарына ауыстырылды. Қаланың негізгі көшелерінде базаршықтар, сауда үйлері, көптеген дүкендер тізбегі адамдардың қажетіліктерін қамтамасыз етеді.