Иранға сапар (185)
Өткен бағдарламаларда Теһран базарының сарай, керуен сарай, тимче мен құжыра сияқты әртүрлі бөліктері мен олардың архитектуралық ерекшеліктерімен таныстырдық. Өткен бағдарламада айтқанымыздай, кілем, зергерлік бұйымдар, маталар, аяқ киім, хрусталь бұйымдар мен тұрмыс заттарының базарлары Теһранның ең маңызды әрі танымал базарлары саналады. Бүгінгі бағдарламаны осы базарлар және басқа да бөліктермен көбірек таныстыруға арнаймыз.
Қалалық жерлердегі базар бағзы заманнан бүгінге дейін бірнеше рөл мен маңыздылыққа ие болып келеді. Базардың ең маңызды рөлі – оның экономикалық рөлі. Ол алыс-беріс ошағы ретінде сауда-саттықты қамтамасыз етіп, әртүрлі тауарлардың ұсынысы мен тапсырысының тепе-теңдігін орнатып, соңында тауардың бағасын белгілейді. Жергілікті базар отандық жаңа тауарларды ұсыну және оларды басқа елдерге экспорттауға арналған. Базардағы тауардың алыс-берісі үкіметтің экономикалық саясатына әсер етеді және соның ықпалына түседі. Базар – экономиканың тоқырауға ұшырауы немесе қарқындап дамуы айқын байқалатын жер. Иран кілемінің маңыздылығы мен оның әлемдік базарлардағы орнын ескере отырып, Теһран базарының ең маңызды әрі тартымды бөлігін кілем сатушылар базары деп айтуға болады. Базардың негізгі қақпасынан кіріп, әртүрлі аяқ киімдерге толы базардан өткеннен кейін кілем сатушылар базары немесе «Аббасабадқа» жетесіз. Әрине, бірнеше онжылдық барысында кілем сатушылар базары айтарлықтай кеңейтілгендіктен, тек Аббасабадпен шектеліп қалмайды. Кілем сатушылар базарындағы жанға жайлы тыныштықты базардың басқа ешбір жерінен таба алмайсыз деп айтуға болады. Кілем сатушылар базарының негізгі көшесінің екі жағындағы дәліздер үлкенді-кішілі көптеген тимчелер мен сарайларға барып тіреледі. Осы сарайлардың төбесі жабылған аулаларының арасы мен құжыралардың алдында Иранның қолдан тоқылған өте әдемі кілемдері жайылған. Бірінің үстіне бірі жиналған кілемдердің көптігі кашемир мен жібектен тоқылған дәптерді еске түсіреді. Бұл дәптердің әрбір парағы өте әдемі түрлі түсті нақыштармен безендірілген. Қызығушылар оның беттерін парақтайды.
Кейбір құжыралар тек қолдан тоқылған әдемі картиналармен безендірілген. Басқа біреулерінен Иранның әртүрлі аймақтарында өмір сүретін көшпенді тайпалардың қолымен тоқылған ең әдемі кілемдердің топтамасын көруге болады. Келесі бір сарай ескі кілемдерге толы. Шеберлер кілемдерді жөндеумен айналысып жатады. Француз саяхатшысы Урсельдің де осы базардың әдемі кілемдеріне ғашық болғаны сөзсіз. Ол өз сапарнамасында былай деп жазған: «Әлемнің ең көрнекті әрі қызықты базары – Теһранның кілем сатушылар базары. Онда кез-келген талғам мен кез-келген сатып алу қабілетіне сай түрлі нақыштар мен көлемдегі кілемдер сатылады».
Кілем сатушылар базарынан өткеннен кейін мата сатушылар базарына жетесіз. Бұл базар бұрынғы заманнан бүгінге дейін Теһран базарының ең үлкен бөлігі саналады. Мыңдаған сатып алушының шуының арасында мата сатушылар құжыралардың ішінде немесе оның алдында алуан түсті әртүрлі мата сатады. Кейбір құжыралар тек костюм тігуге арналған маталарды сатады. Бірақ құжыралардың көбінде киім мен төсек жамылғасын тігуге арналған түрлі түсті маталар сатылады. Адамдардың абыр-сабыр қозғалысымен қатар жұмысшылар қоларбамен сатып алынған тауарларды тасымалдайды. Мата сатушылар базарынан өткеннен кейін базардың бір негізгі көшесінің жалғасында имамзада Зейдтің кесенесіне жетесіз. Бұл кесенеде Ислам пайғамбарының (с.ғ.с) ұрпақтарының бірі сейіт бен Әли жерленген. Имамзадада аула, терраса, айна сынықтарымен безендірілген галерея мен керамикалық тақташалармен безендірілген күмбез бен басқа да құрылыстар бар. Кесененің негізгі құрылысы х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың басындағы Сафавилер дәуіріне тиесілі. Бірақ аула, терраса, күмбез бен басқа бөліктер х.қ.ж.с.б. 13 ғасырдың ортасында салынған. Осы имамзаданың ауласы мен галереясының аумағында мәрмәр тастан жасалған бір қабір бар, оның бетінде Ирандағы Зендтер әулетінің соңғы патшасы Лотфали хан Зендтің аты ойылып жазылған. Ол өте ержүрек адам болған. Кесенеге жақын жерде айна сынықтарымен безендірілген басқа бір бөлме бар, онда бірнеше танымал тұлға жерленген. Ертеде бұл имамзада аула, жасыл кеңістік, құжыралар, айналадағы аркалар және көп ағаштарымен 30 мыңнан астам шаршы метр ауданды алып жатқан. Алайда қазір оның ауласына медресе салынған.
Зергерлер базары да Теһран базарында өзгеше ерекшеліктерге ие. Әрине бұл базар да француз саяхатшысы Урсель көрген кезден әлдеқайда өзгерді. Урсель өз сапарнамасында бұл базарды былай сипаттайды: «Зергерлер базарында сатып алушының көз алдына көп тауар қойылмаған, бірақ қарапайым сатып алушылардың көзінен таса жерде, қараңғы дүкендердің ішінде қазына сақталынған».
Бүгінде шырақтардың нұрының астында әр дүкеннің витринасында алтын мен әртүрлі қымбат әшекейлер қойылған. Адамдар осы әшекейлерді таңдап алып жатады. Базардың бұл бөлігінің маңыздылығы оның айналасында көптеген банк бөлімшелерінің болуына байланысты ерекше сезіледі.
Базардың осы бөлігінде де жастар туған-туысқандарымен бірге неке сақинасын сатып алып жатады.
Теһран базарының ерекшеліктерімен танысқаннан кейін мына жайтты айта кету қажет: базар экономикалық рөл атқарумен бірге халықтың әлеуметтік, мәдени, саяси және діни өмірінде шешуші рөл атқарады. Базардың мешіттерінде маңызды діни рәсімдерді өткізу, діни рәсімдерге қатысу және саяси наразылықтарды білдіру арғы замандардан басталады.
Иранның қазіргі заман тарихына шолу жасау әртүрлі кезеңдерде базарлардың белсенді рөл атқарғанын көрсетеді. Тарихи құжаттар бойынша Иранның қазіргі заман тарихындағы қозғалыстарда, соның ішінде «Темекі» қозғалысы, Конституциялық көтеріліс пен Ислам революциясында саудагерлер діни қызметкерлермен бірге ішкі деспотизм мен сыртқы орташылдыққа қарсы біртұтас майдан құрған. Соның ішінде 15-хордад көтерілісі мен Ислам революциясымен аяқталған жылдары саудагерлер Иранның басқа халқымен бірге Пехлеви режиміне қарсы күреске шықты. Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін саудагерлер әртүрлі формада өздерінің Ислам революциясын қолдайтындықтарын білдірді. Таңылған соғыс жылдарында майданға қаржылай және материалдық көмек жолдау және ерікті күштерді жіберу олардың белсенділіктерінің бірі саналады.
Саяси мәселелерден бөлек өткен 50 жылдың ішінде Теһран базарын қалалық-коммуналдық қызмет ұйымдарының назарына іліндірген нәрсе базардың күрделі де ескірген құрылысы болып табылады. Теһранда орын алған әртүрлі өзгерістерге қарамастан бұл ескі құрылыстар бұрынғыдай қол тимей қала берген. Бұл жағдай коммуналдық қызметтер, соның ішінде су, канализация, электр қуаты, газ бен телефон желілерін осы кешен ішіне енгізуді қиындатып отыр. Сондай-ақ, өрт немесе жер сілкінісі сияқты оқиға орын алған жағдайда ескі базар кешенінің ішіне кіретін жол болмағандықтан өте қауіпті.
Айта кету қажет, Мәдени мұра ұйымы мен Теһранның әкімшілігі қаланың тарихи келбетін сақтап қалып, оны көріктендіріп, нығайту жолында табиғи апаттар кезінде базардың қауіпсіздігін арттыру үшін шаралар атқарды. Солардың ішінде қаңқаны беріктендіруді, галерея жасауды, күмбез салуды, төбені жабуды айтуға болады.
Теһранның жылдам кеңеюі мен дамуы кей жағдайда базардың дәстүрлі архитектурасын өзгертіп, оның көп бөлігі жаңартылды немесе қайта жөнделді. Кей жағдайда оның әртүрлі бөліктерінің арасындағы үйлесімділік жойылған. Соңғы жылдары базарға қосылған жаңа пассаждардың сатып алушылары көп, өйткені оларда жаңарақ тауарлар ұсынылады. Мұнымен қоса, баға тұрғысынан да Үлкен базардан аса айырмашылығы жоқ. «Реза» пассажы, «Мариям» пассажы немесе Марви көшесіндегі жаңа сауда орталығы – осындай жерлердің бірі.