Maм 30, 2016 20:40 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада Теһран базарымен таныстырдық. Теһранның мәдени-тарихи орындарының осы базармен жапсарлас орналасуы бұл ауданды Теһран қаласының тарихи-мәдени орталығына айналдырғанын біліп жүргендеріңіз жақсы. Бұл ауданның кейбір орындары Иран тарихының маңызды кезеңдерін еске түсіреді. «Машқ» алаңы кешені, Ұлттық бақтың кіреберіс маңдайшасы, Шамс ул-Эмаре ғимараты, имам Хомейни (р) алаңы, мұражайға айналған әртүрі тарихи ғимараттар сияқты кеңістіктер осындай тарихи орындардың қатарына жатады

Теһранның «Машқ» алаңы Фатхали шах Қаджардың дәуірінде салынған. Теһранның ең көне әрі тарихи ауданында, яғни бұрынғы Тупханада, имам Хомейни (р.) мен «Си-е тир» көшелері арасындағы аумақта орналасқан бұл алаң х.ш.ж.с.б. 1377 жылы 12 мехрде №2130 санымен Иранның ұлттық ескерткіштерінің тізіміне тіркелген. Бұл алаңды Насыреддин шахтың заманында Мұхаммадхан Сепахсалар кеңейтіп, оның айналасына кірпіштен арка салды. Сол заманда шамамен 16 га ауданды алып жатқан алаңда күн сайын әскери жаттығулар өткізілетін. Әскери күштер кеңейтілгеннен кейін бұл алаң казактарды жасақтаудың орталығына айналып, оның ауласында көптеген үлкен ғимараттар салынды. Алайда 1301 жылы бұл алаң бір үлкен бақ пен паркке айналдырылды. Содан бастап «Машқ» алаңы «Ұлттық бақ» деп аталатын болды. Бүгінде алаңның айналасындағы ғимараттарда Сыртқы істер министрлігінің бөлімдері орналасқанымен әлі күнге дейін «Машқ» алаңы немесе «Ұлттық бақ» деп аталады. Бұл алаңның ғимараттары мен құрылыстары өз заманындағы ғимараттардың көбі сияқты ерекше стильде салынған. Иранның сәулет өнеріндегі бұл стиль осы елдің әртүрлі тарихи дәуірлері мен еуропалық стильдердің қосындысынан тұрады. Олар әрбір ғимаратта ерекше тәсілмен қолданылған.

Насыреддин шахтың заманында қала кеңейтілгеннен кейін осы тарихи алаң қаланың ортасында қалып, оның бөліктері Ұлыбританияның елшілігіне берілді. Бұл кешеннің ең көне ғимараты – Фатхали шах Қаджардың дәуірінде осы алаңның солтүстігінде орналасқан казактар казармасы. Ал ең жаңа ғимарат – «Мүлк» кітапханасы мен ұлттық мұражайы. Бұл ғимарат х.ш.ж.с.б. 1376 жылы (1997 жылы)  Иранның дәстүрлі сәулет стилінде салынған.

Бұл алаң Насыреддин шахтың заманында «Насери» деген атпен танымал маңдайша болған. Насыреддин шах сол маңдайшаның үстінен кейде әскерилердің жаттығуын тамашалайтын болған. Пехлеви І-нің билігі заманында «Ұлттық бақ» деп аталатын қалалық қоғамдық бақ салынғаннан кейін «Насери» маңдайшасы өз орнын «Ұлттық бақ» атты жаңа маңдайшаға берді. «Ұлттық бақ» ауласы немесе «Машқ» алаңы тарих бойында көптеген оқиғаларды бастан өткерді. Насыреддин шахты өлтірген Мырза Реза Кермани осы алаңда дарға асылған. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде алғашқы ұшақ Ирандағы «Машқ» алаңына қонған. Бұл ұшақ біраз уақытқа дейін «Машқ» алаңында сақталынып, халық оны көру үшін алаңға келетін болған. «Машқ» алаңындағы «Морварид» зеңбірегі жаңа жылдың басталар сәтінен халыққа хабар беретін болған. Қаладағы алғашқы әуе шары осы алаңнан ұшқан. Шиіттік күрескерлердің бірі және Теһрандағы «Темекі» көтерілісі жетекшілерінің бірі  шейх Фазлолла Нури осы алаңда дарға асылған.

«Ұлттық бақ» маңдайшасының құрылысы ирандық және еуропалық стильдердің қосындысынан тұрады. Әсіресе керамикалық тақташалар мен өсімдіктен жасалған күркелер өз заманындағы  сәулет стилінен үлгі алған. «Ұлттық бақ» маңдайшасы х.ш.ж.с.б. 1301-1304 жылдарда «Машқ» алаңына кіреберіс қақпа ретінде салынған. Ол кезде алаң армияның қарамағына қарайтын болған. Қақпа салынғаннан біраз өткеннен кейін «Машқ» алаңында «Ұлттық бақ» деп аталатын Теһран қаласының алғашқы қоғамдық бағын құру идеясы туындап, оның жобасы жасалып, орындалды. «Машқ» алаңындағы қақпаның атауы «Ұлттық бақ» маңдайшасы деп өзгертілді. «Ұлттық бақ» бірнеше жыл ғана сақталып қалды. Оның ауласында Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық кітапхана, Ежелгі Иранның мұражайы салынған. Бірақ бұл бақтың атауы «Машқ» алаңының маңдайшасында қалып қойды. Халық «Ұлттық бақ» маңдайшасын Теһранның қазіргі заман тарихының белгісі мен көне Теһранның өзіндік сәулет стилі деп таниды. Бұл құрылыс сыртқы және ішкі жағынан екі келбетке ие. Сыртқы келбеті (имам Хомейнидің (р.) көшесіне қараған жағы) жұпқа бөлінген сегіз кірпіш бағаннан тұрады. Бағандар үш есікшелі кіреберістердің айналасында басқасымен салыстырғанда бір бағанның диаметрі көлемінде артқа салынған. Яғни, әр есіктің айналасында әрбір төрт бағанның екеуі сәл артқа салынған. Көлеңке мен күннің түсуі кезектесетін болғандықтан бұл бағандар құрылысқа ерекше көрініс сыйлады. «Ұлттық бақ» қақпасының ені шығыстан батысқа қарай 27 метрге жуық.

Қақпаның ені бұрынғы кездері құрылыстың шығыс және батыс жағында орналасқан бақылауға немесе күзетуге арналған екі бөлмені қосқанда шамамен 45 метр болған. Ішкі келбеттің бағандардан басқа сыртқы келбетінен аса айырмашылығы жоқ.

Бұл құрылыстың архитектуралық жобасын кашандық сәулетші ұстаз Джафархан жасаған. Оны нығайту жұмысын ұстаз Исмаили атқарған. Бағандарды ұстаз Карим Маниже, ал керамикалық тақташалар марқұм ұстаз Хақнегар Мұқаддам тұрғызған.

Сыртқы келбетіндегі маңдайшаның жазба тақташасында Надим үл-Мүлктің өлеңдері жазылған. Маңдайша керамикалық тақташалар салынған суреттермен көмкерілген. Маңдайшаның екі жағында бір көлік жүретін және екі жаяу жүргінші жолы бар. Олардың әрқайсысында шойын қақпалар бар. Құрылыстың шойын қақпаларын  Теһранның ұстаханасында атақты ұсталардың бірі ұстаз Мұхаммад Әли Кермани қойған.

Жалпы алғанда «Ұлттық бақ» маңдайшасындағы жазба тақташалар 45 қыш тақташа мен 2 металл тақташадан тұрады. Олар жарты шеңбер мен сопақ пішіндегі негізгі маңдайшаның үстіне жапсырылған. Бұл жазба тақташалар кешеннің өне бойында горизонталды түрде созылып жатқан болатын, бірақ көршілес  құрылыстар оны  бұзды. «Ұлттық бақ» маңдайшасының құрылысы 1376 жылы Мәдени мұра ұйымы тарапынан  №1968 санымен Иранның Ұлттық ескерткіштерінің тізіміне  тіркелген.

«Ұлттық бақтың» ауласында Теһранның имам Хомейни алаңына жақын жерде 10 мың шаршы метр ауданды алып жатқан «Мүлк кітапханасы мен ұлттық мұражайы» атты өте әдемі және тартымды ғимарат орналасқан.  Мүлк кітапханасы марқұм хадж Хұсейн Мүлктің вакфқа берілген жері болып табылады. Жастық шағынан кітап оқып, жинауға қызыққан ол осы кітапхана мен мұражайды құрған. Марқұм Мүлк осы кешенді вакфқа беру арқылы көптеген дүние-мүлікті х.ш.ж.с.б. 1316 жылы (1938 жылы) Құдс-е Разави облысына тапсырды. Осылайша әкімшілік қаражаттың қамтамасыз етіліп, кітапхана мен мұражайдың дамуын қарастырған. Бұл кітапхананың бұрынғы орны  марқұм хадж Хұсейн аға Мүлктің тұрғын үйінде Теһранның Бейн-ул-Харамейн базарында орналасқан болатын. Содан кейін жаңа ғимаратқа ауыстырылды. Мүлк кітапханасы мен мұражайының қазіргі ғимараты х.ш.ж.с.б. 1376 жылы (1997 жылы) ашылып, оның құрылысы 12 жылға созылды. Мүлк ұлттық кітапханасы 19 мың сирек кездесетін қолжазбаға ие болғандықтан, Иран қолжазбаларының ұлы қазынасының бірі саналады. Мысалы, Иранның атақты ғалымы Абу Әли Синаның 104  кітабы мен қолжазба трактаты осы кітапхананың қолжазба кітаптары бөлімінде сақталынған. Птолемейдің араб тіліндегі кітаптары, Евклидтің «әл‑Усул белестеқсат» еңбегі, Насыреддин шах Қаджардың қолжазбалары да Мүлк кітапханасында сақталған. Сондай‑ақ, бұл кітапханада 70 мыңға жуық баспадан шыққан кітап, 3400 тасқа басылған кітап, 4000 том 548 мерзімді басылым түрі сақталынған. Басылып шыққан кітаптардың айтарлықтай бөлігі х.ш.ж.с.б. 1320 жылға дейінгі заманға тиесілі. Олар Иранда басылып шыққан ең алғашқы кітаптардың қатарына жатады. Мүлк кітапханасы әртүрлі жерлерден қолжазба мен баспадан шыққан кітаптарды сатып алу арқылы баи түседі.

Кітап сақтайтын бөлмелер мен оқу залдарынан басқа техникалық жұмыстар, соның ішінде қолжазба нұсқаларын жөндеу, суретке түсіру, микрофильм дайындау, түптеу және кітап жасауға жарақталған бөлімдер де бар. Бұл бөлімдердің жанында мекеменің баспаханасы х.ш.ж.с.б. 1348  жылдан бері кітапханадағы қолжазба нұсқалары мен соларға қатысты зерттеу жұмыстарын басып шығару мақсатында құрылды. Кітапхана әлемнің ғылыми орталықтарымен хат алмасып, күніне жүздеген зерттеушіні қабылдайды.

Мұражай бөлімінде де әлем мен Иранның танымал өнер иелерінің ең үздік туындылары сақталынған. Соның ішінде суретші Камал ул‑Мүлк Ғафари, Лотфали Суратгяр, Хадихан Таджвиди және Еуропаның кейбір суретшілерінің туындылары бар. Мұражайдың каллиграфиялық туындыларының жиынтығы Яқут Мустасами, Әлиреза Аббаси, Мир Эмад, Ахмад Нейризи, Дарвиш Абдулмаджид Талеғани, Мирза Ғоламреза Исфахани сияқты Иран мен исламның ең үлкен танымал каллиграфтарының туындылары қойылған. Мұражайдың кілем бөлімінде де соңғы екі ғасырда Иранның әртүрлі жерлеріндегі шеберлердің қолымен тоқылған  34 қалы кілем мен кілемше қойылған. Мұражайдың тиындар жиынтығында б.з.д.   ғасырдан Пехлеви заманына дейінгі Иранның 3 мың тиыны мен медалі, гректер, Александр Макендонскийдің ізбасарлары, Византия императорлары, ислам халифтері мен Осман империясына тиесілі тиындар сақталынған. Мұражайдың маркалар бөлімін Иран мен әлемде басылып шыққан алғашқы сирек кездесетін маркалардан қазіргі кезде басылып шыққан  маркалар құрайды.

Иран мен басқа елдердің қолөнер бұйымдарының болуы да Мүлк мұражайының кез‑келген тамашалаушыны өзіне тартатын келесі бір көрнекті жері болып табылады.