Иранға сапар (187)
Бүгінгі бағдарламаны Иранның көркемдік және мәдени тұрғыдан өте құнды мұрасы әрі ғибратқа толы тарихи ескерткіші «Гүлстан» сарайы-мұражайымен таныстыруға арнаймыз.
Бұл сарай Иран тарихындағы екі ғасырдың айтылмаған құпиялары мен көптеген оқиғаларының үнсіз куәсі болған. «Гүлстан» сарайы х.қ.ж.с.б. 1392 жылы тир айының 2-ші жұлдызында, сәйкесінше 2013 жылы 23 маусымда Кембридждегі ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра комитетінің 37-ші жылдық саммитында Әлемдік мұралар тізіміне тіркелді. «Гүлстан сарайы» кешені қазір мұражайға айналған. Бұл кешен Иран тарихының ең маңызды бөлігінің тірі құжаты ретінде жылына көптеген отандық және шетелдік туристерді қабылдайды.
«Гүлстан сарайы» теңдессіз мұражай-кешені – Ираның маңызды тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі. Оның ауданы шамамен 5,5 га. Ол Теһранның ортасындағы «15-хордад» алаңында орналасқан. Бұл кешен 4 ғасырға жуық тарихымен бірнеше билік әулетін бастан өткерген. Сарайдан Иран тарихының маңызды бөлігін зерттеуге болады. Шын мәнінде «Гүлстан сарайы» кешені – Теһранның тарихи аркасынан қалған естелік. Бір замандарда ол аркалардың арасында жүзіктің көзіндей жарқырап тұрған еді.
Теһранның тарихи аркасы Сефевилер дәуіріндегі шах Тахмасп I-нің кезінде салынған. Бұл арка Кәрімхан Зенд дәуірінде қайта жөндеуден өткізіліп, Қаджарлар дәуірінде осы әулет сұлтандарының өмір сүретін сарайы болған. Айта кету қажет, Насыреддин шах өзінің өмір сүрген уақытында «Гүлстан сарайы» кешеніне көптеген өзгерістер енгізген. Пехлеви үкіметі заманында Гүлстан сарайы ресми рәсімдер өткізу және Президенттер мен арнайы шетелдік қонақтарды қабылдау үшін пайдаланылатын болған. Бұған қарамастан, өкінішке орай, сарайдың бір бөліктері түсініксіз себептермен сол заманда қиратылды. Сарайдың ғимараттары әртүрлі замандарда салынған, ал оның атауы сыртқы ғимаратта орналасқан «Гүлстан» залынан алынған.
Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін «Гүлстан сарайы» кешені басқа да салтанаттық ғимараттардың көбі сияқты барша жұрт көруі үшін, ирандық өнер иелері мен кәсіпшілердің ойы мен қолынан туындаған сұлулықтарды тамашалау үшін мұражайға айналдырылды.
«Гүлстан сарайы» үлкен тарихи және мәдени кешенінде жинақталған сирек кездесетін тарихи және мәдени ескерткіштер теңдессіз. «Гүлстан» сарай-мұражайында сақталынған көрнекті ескерткіштер ғибратқа толы. «Гүлстан» мұражай-сарайы кешенінде 80 мыңнан астам зат пен тарихи ескерткіш, 500 мың парақ тарихи құжат пен Қаджарлар дәуіріне тиесілі 50 мың сурет сақталынған. Бұл кешенде құжаттар, суреттер мен сирек кездесетін заттар сақталынып, сәулет өнері тұрғысынан теңдессіз басқа да тарихи ғимараттар бар.
Мәрмәр тақ орналасқан терраса, «Айна» залы, «Сәлем» залы, «Бриллиант» ғимараты, «Желтартқыш» ғимараты, «Хауызхана» ғимараты, «Абиаз» сарайы мен «Шамс ул-Эмаре» ғимараты солардың қатарына жатады. Мәрмәр тақ орналасқан террасада сәлемдесу және ресми мерекелер өткізілетін болған.
Сәулет өнері, сурет салу, тас қашау, керамикалық тақташа жасау, алебастр жапсырмаларын жасау, айна сынықтарымен көмкеру, инкрустация, ағашқа ойып өрнек салу және ағаштан тор шарбақ жасау көмегіне сүйенген ирандық өнер иелерінің нәзік рухы салтанаттық сарайлардың ішінде әдемі көрініс тудырды. Мұндайды басқа жерден сирек кездестіруге болады.
Кешендегі терраса – х.қ.ж.с.б. 1173 жылы жазда (1760 жылы) Зендтер дәуірінде Кәрімхан Зенд тарапынан салынған ғимараттардың бірі. «Гүлстан сарайы» кешеніндегі ең көне ғимараттар Мәрмәр тақ орналасқан терраса мен Кәрімхан Зенд дәуіріне тиесілі Кәрімханның демалатын жері болғанын біліп жүргендеріңіз жақсы.
«Айна» залы – ирандық өнер иелерінің жылдар бойғы жұмыстары мен талпыныстарының нәтижесі. Шеберлер кішкентай геометриялық айналардың сынықтарын залдың төбесі мен қабырғаларына жабыстырған. Бұл бөлменің қабырғалары шахтардың дәуірінде Иранның жапа шеккен халқының жылдар бойғы тауқыметін бейнелейді. «Айна» залының жалпы танымалдығы оның безендірілулерінен бұрын х.қ.ж.с.б. 1309 жылы мырза Мұхаммадхан Камал ул-Мүлк Ғаффари салған суреттерімен танымал. «Айна» залының қабырғаларына жапсарлас «Сәлем» залы орналасқан. Бұл залға кіре берісте көзге түсетін нәрсе – люстралар мен безендірілген аркалар.
«Сәлем» залының аркалары мен ойшықтары алебастрдан жасалған өте әдемі гүлдерге толы. Мұны ұстаз Асадулла Қазвини өте шеберлікпен айнаның бетіне салған. Залдың айналасынан шетелдік басшылардың Қаджар шахтарына берген сыйлықтарын көруге болады. Бұл сыйлықтар Қаджар басшыларының Иранның байлығын талан-тараж жасауға рұқсат беретін қиянатқа толы келісімдерге қол қойғаны үшін берілген.
Мұражай болу үшін салынған «Сәлем» залы ресми сәлемдесу мен арнайы рәсімдерді өткізуге арналған. «Сәлем» залының төменгі бөлігінде хауызхана орналасқан. Бүгінде кең хауызхана екіге бөлінген. Шығыс жағы Қаджарлар дәуіріндегі нәзік өнерлерді көрсету үшін, ал батыс жағы сурет галереясы ретінде осы дәуірдегі ирандық суретшілердің туындыларын көрсетуге арналған.
«Гүлстан сарайы» кешені бірінен бірі өткен əдемі залдар мен бөлмелерімен шынымен-ақ көруге тұрарлық. Бірақ "Гүлстан" сарайының ең көрнекті жері – «Шəмс ул-Эмаре» ғимараты. Бұл ғимарат Теһранда салынған ең алғашқы биік ғимараттардың бірі. Ол қаланы тамашалауға арналған жер ретінде қолданылған. Оның көрнектілігінің дəлелі – оның биік болуы, əдемі көмкерілуі мен ерекше жобалануы. Бұл ғимараттың ерекшеліктерінің бірі – «Колаһе фаранги» (еуропалық қалпақ) құрылысы мен ең жоғары жерде салынған «Сағат» мұнарасы. Бүгінде «Шəмс ул-Эмаре» ғимаратының бірінші қабатындағы негізгі залы сирек кездесетін қолжазбалар мен көркем кітаптардың тұрақты көрмесіне айналған.
«Гүлстан» сарайының кітаптар мен қолжазбалар қоры – əлемге танымал қолжазба кітаптар мен көркем туындыларды сақтайтын ең беделді орталықтардың бірі. Бұл кешеннің Иран мəдениетінің қағаз бетіне түсірілген мұрасының бір бөлігін оның кейбіреулері ең үздік көркем жəне əдеби туындылардың қатарына жататын сирек кездесетін əдемі нұсқалары құрайды.
Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін қолжазба кітаптардан микрофильм дайындауға қатысты өте маңызды да құнды жұмыс басталып, х.ш.ж.с.б. 1377 жылы (1998 жылы) аяқталды. Осы уақытқа дейін кітапханада сақталған қолжазба нұсқаларының бірқатары жарық көрді. Солардың ішінде Абдулджабардың қолымен жазылған хазірет Әлидің (ғ.) «Жүз сөз», «Мінәжаттар», «Тоһфат ул-Мулук» (Зейнат ул-Мулук) кітаптары мен ұлы каллиграф Мир Эмад Сейфи Қазвинидің «Жазбалар альбомы» мен «Қарапайым сөздерді жазу» атты еңбектерін атауға болады.
«Абиаз» сарайы – "Гүлстан сарайы" кешенінде орналасқан әдемі сарайлардың бірі. Бүгінде ол этнографиялық мұражай ретінде жұрт назарына ұсынылған. Бұл мұражайда әртүрлі қалалар мен ауылдардың халқы және тайпалардың тұрмыс заттары қойылған. Иранның Этнографиялық мұражайы х.ш.ж.с.б. 1314 жылы (1935 жылы) ашылып, Қаджар әулеті мен қазіргі замандағы Иранның әртүрлі аудандарындағы халыққа қатысты ескерткіштерден тұрады. Х.ш.ж.с.б. 1347 жылы (1968 жылы) Этнографиялық мұражай бұрынғы жерінен "Гүлстан сарайы" кешенінде орналасқан «Абиаз» сарайына ауыстырылды. Бұл мұражай Ирандағы ең көне әрі ең бай Этнографиялық мұражайлардың бірі саналады. Бұл мұражайдың ең төменгі қабатында әкімшілік бөлімі мен экспонаттар залдары орналасқан, ал бірінші қабатта Иранның әртүрлі аймағының киім-кешектерімен қоса, Қаджарлар заманындағы ер адамдар мен әйел адамдардың киімдері жұрт назарына ұсынылған.
Насыреддин шах билігінің аяғында Осман сұлтаны Абдулхамид Иранның шахына бірқатар бағалы зат жіберген. Сол заманда салтанат сарайлары мен залдардың барлығы дерлік көптеген бағалы заттармен толтырылып, картиналармен көмкерілген болатын. Сол себепті Насыреддин шах Гүлстан сарайы ауласының оңтүстік-батыс жағында «Колаһ-е фаранги» ғимараты немесе «Аға Мұхаммадхани» мұнарасы болған жерге жаңа сарай салып, сол жерге сұлтандардың сыйлықтарын қойған. Бұл құрылыс Еуропаның 18 ғасырдағы ғимараттарының үлгісімен алебастр жапсырмаларымен көмкеріліп, сыртының ақ болуына байланысты және сарайдың мәрмәрдан жасалған барлық баспалдақтарының ақ жолағы болғандықтан «Абиаз» сарайы деп аталған. Бұл сарай салынған кезінен бастап үкімет мүшелерінің жиналыстарын өткізуге арналған. Х.ш.ж.с.б. 1347 жылдан (1968 жылдан) осы күнге дейін Этнографиялық мұражайға айналды.
Еуропалық сәулет өнерінің әсерімен осы ғимараттың терезелерінде қарапайым нақыштар салынып, тек қисық сызықтар қолданылған. Ол «күн түйіні» деп аталады. Бірақ сарайдың кіреберіс есігі толығымен Қаджар дәуіріндегі сәулет өнерінің геометриялық нақыштары негізінде салынған. Онда жарты шеңбер бетіндегі торлы сегіз түйін қолданылған.