Ресейдің сыртқы саясатының жаңа доктринасы жарияланды(1)
(last modified Sun, 08 Jan 2017 10:26:15 GMT )
Қаң 08, 2017 16:26 Asia/Almaty
  • Ресейдің сыртқы саясатының жаңа доктринасы жарияланды(1)

Ресей үкіметі әртүрлі салалардағы өзінің саясаттарының әртүрлі қырларын түсіндіру үшін ұдайы доктриналар мен стратегиялар дайындайды. Солардың ішінде Ресейдің барлау қауіпсіздігі доктринасы мен ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, әскери доктрина мен теңіз доктринасын атауға болады.

Ұзақ күттіріп барып жарияланған Ресейдің ең жаңа ұлттық құжаты – сыртқы саясат доктринасы.  Бұл құжат шын мәнінде Ресейдің аймақтық және халықаралық сахнадағы өзгерістерге көзқарасы мен осы елдің жаңа саясаттарының перспективасын жариялауға арналған. РФ Президенті Владимир Путин 2016 жылдың қараша айының отызында осы елдің сыртқы саясатының жаңа доктринасына қол қойды.  Бұл құжат  2013 жылы бекітілген Ресейдің сыртқы саясат доктринасынан 3 жыл өткен соң Ресейдің сыртқы ортадағы жаңа қажеттіліктері мен ағымдағы оқиғалар мен жағдайдың өзгеруіне байланысты бекітілді. Ресей сыртқы саясатының жаңа доктринасы басқа кезеңдерге керісінше жыл аяқталғанға бір ай қалғанда бекітіліп, жарияланып, өзінің алдындағы құжаттың орнын басты.

Кейбір тақырыптар бұрынғы құжаттағыдай өзінің күшін сақтап қалса да,  онда жуырдағы кейбір мәселелерге, соның ішінде ДАИШ лаңкестік тобына назар аударылған. Мұнымен бір мезгілде бұл құжатта тақырыптардың кең спектры, соның ішінде АҚШ және НАТО-мен қарым-қатынас, лаңкестікпен күрес, Сирия жағдайы, қару-жарақтарды азайту, Ресейдің басқа елдермен қарым-қатынасын кеңейту, Ресейдің өз азаматтарын қолдауы және әлемдегі орыс тілінің орнын нығайту мәселелері талқыланған. Жаңа құжат 5 тарау мен 108 баптан тұрады. Бұл құжаттың тараулары тәртіп бойынша төмендегідей:

бірінші тарау: Жалпы жағдайлар; екінші тарау: Қазіргі әлем  мен РФ-ның сыртқы саясаты;  үшінші тарау: РФ-ның әлемдік мәселелерді шешудегі басымдықтары. Оған тұрақты әрі әділетті халықаралық жүйе құру, халықаралық қатынастарда заңның үстем болуы, халықаралық қауіпсіздікті нығайту, РФ-ның экономика және қоршаған орта салаларындағы әріптестігі, халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық және адам құқығы, РФ-ның сыртқы саясат саласындағы шараларына барлау бойынша қолдау көрсету; төртінші тарау: РФ сыртқы саясатындағы аймақтық басымдықтар; соңғы тарау: РФ-ның сыртқы саясатын қалыптастыру және орындау. 

Ресей сыртқы саясатының екіжақты қарым-қатынастағы басымдықтары тұрғысынан жаңа доктринада бұрынғы құжатта аты аталмаған елдер келтірілген. Мысалы, Еуропа елдерімен екіжақты әріптестікке тоқталған бөлімде Германия, Франция мен Италия сияқты елдердің қатарында Испаниямен екіжақты қатынас жөнінде сөз болған. Мұнымен бір мезгілде бұрынғы құжатта Ресей сыртқы саясатының басымдықтарының бірі ретінде аталған Ұлыбритания сияқты кейбір елдер жайлы осы құжатта мүлдем айтылмаған. Жаңа құжат бойынша НАТО мен Еуроодақтың соңғы онжылдықтардағы геосаяси экспансиясы «Ресейдің Батыс елдерімен қарым-қатынасында ауыр дағдарыс тудырды». Осы құжатта: «АҚШ пен оның одақтастарының Ресейді тежеу үшін қолданған саясаты және саяси‑экономикалық және ақпараттық қысым жасауы мен басқа да қысымдар жасауы аймақтық және әлемдік тұрақтылықты бұзды»,-деп жазылған.  Бұрынғы құжатта Батыс әлеміне қатысты айтылған тақырыптар Ресейдің сыртқы саясатының қазіргі нұсқасынан әлдеқайда жұмсағырақ еді. Осы құжаттың 5-бабының соңғы тармағында: «Батыс елдерінің өз позициясын сақтап қалуға талпынысы, соның ішінде өзінің көқарастарын әлемдегі үдерістерге таңуы, басқа күштерді ауыздықтауға күш салуы халықаралық қатынастарда тұрақсыздықтардың артып, аймақтық және әлемдік деңгейде текетірестердің күшеюіне әкеліп соқтырды»,-деп жазылған.

Бұл доктринада НАТО және АҚШ-пен екіжақты қарым-қатынасқа ерекше назар аударылған. Бұл жөнінде былай деп қуатталған: «Ресей екі елдің халықаралық қауіпсіздікті сақтаудағы ерекше жауапкершілігін ескере отырып, АҚШ-пен екіжақты қарым-қатынасты орнатуға ынталы». Сонымен қатар құжаттың мәтінінде НАТО-ның Ресейдің шекарасына жақындап қойғанымен қатар бұл ұйымның әскери белсенділігінің артқаны да айтылған. Сондықтан Ресейдің НАТО-ның таралуы, оның инфрақұрылымының Ресейдің шекараларына жақындауы және осы ұйымның әскери амалдарының кеңеюіне қатысты көзқарасы теріс. Мұнымен қоса, Ресей АҚШ-тың әлем бойынша зымыранға қарсы кешендер жүйесін құруын қоқан-лоққы деп бағалап, өзін соған сәйкес шараларды қабылдауға құқылы санайды. Мұнымен бір мезгілде Мәскеу Вашингтонмен ядролық қаруларды азайту туралы хаттаманың орындалуын аса маңызд санап, АҚШ-тан әлемдік сахнадағы өзінің шараларында халықаралық құқықтардың критерийлеріне нақты берік болуды  күтеді. Сонымен қатар, осы құжат аясында «Ресей халықаралық заңдарды нығайту және қолдауды өз басымдықтарының бірі санайды».  Сондай-ақ, халықаралық қауіпсіздікті нығайту тақырыбының астында Ресейдің ядролық қаруларды азайтуға дайын екендігі жазылған. Осы аяда қару-жарақтарды бақылау хаттамалары нақты орындау және сақтау, Ресей мен АҚШ арасында стратегиялық шабуылдаушы ядролық қаруларды одан ары азайту және жасауды шектеу туралы 2010 жылы сәуір айының сегізінде қол қойылған келісімді (Старт-2 келісімін) орындауға маңыздылық беру қажеттігі айтылған. Бұл құжатта Ресейдің ядролық арсеналын кезең-кезеңмен азайтуға дайындығы және ядролық қарулардың таралуына тыйым салу туралы келісімді нығайтуға талпыныс жасап жатқаны сөз болған.  Сондай-ақ, Мәскеу ғарышта қару бәсекелестігінің алдын алу хаттамасымен келіседі. Бұл құжатта ірі державалар арасында үлкен соғыстар, соның ішінде ядролық соғыстың туындау қатері аса үлкен болмаса да, бұл державалардың аймақтық қайшылықтарға араласып, дағдарыстарды күшейту қатері артып отырғаны айтылған.

Ресей осы құжат аясында халықаралық лаңкестікпен күресті Ресей үкіметінің маңызды міндеті әрі халықаралық қауіпсіздік саласындағы маңызды басымдық деп қарастырып отыр. Осы аяда Ресей кез-келген пішін мен көріністегі лаңкестікті айыптап, лаңкестік ұйымдарды саяси, идеологиялық және басқа мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдалануға қарсы. Мұнымен бір мезгілде Сириядағы лаңкестікпен күрес (ДАИШ-пен күрес) шеңберінде халықаралық деңгейдегі бір коалицияның қалыптасу қажеттігін қуаттайды. Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерлерге қатысты АҚШ-тың зымыранға қарсы кешенімен қоса, 97-бапта Ауғанстан мәселесіне тоқталып, былай деп жазылған: «Халықаралық әскери күштердің басым бөлігі Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін де бұл елде тұрақсыздықтың сақталуы Ресей мен ТМД елдерінің қауіпсіздігіне үлкен қатер тудырып отыр». Бұл құжатта Мәскеудің билікті заңсыз жолмен өзгерту үшін елдердің ішкі ісіне араласуға қарсылық білдіретіні қуатталған. Сонымен қатар, Мәскеу елден тыс жерде Ресейдің ақпараттық позициясын нығайту және ақпараттық қауіпсіздігін қорғау үшін жаңа технологияларды қолданады.

Бұл құжатта Ресейдің өзінің солтүстік полюс аймағында құзырын арттыратындығы және сол аймақта бейбітшілік, тұрақтылық пен сындарлы халықаралық әріптестікті сақтау мақсатындағы стратегияны көздейтіндігі жайында айтылған. Осы құжаттың 63-бабына сәйкес, Еуроодақ Ресей үшін  бұрынғыдай экономика, сауда және сыртқы саясат тұрғысынан маңызды серіктес болып қарастырылады. Бұл ел теңдік, бір-бірінің мүдделеріне құрметпен қарау принциптері негізінде Еуроодақ елдерімен сындарлы, тұрақты әрі болжауға болатын әріптестік жасауға ынталы. ТМД елдерімен жан-жақты әрі достық ынтымақтастықтарды дамыту Ресейдің аймақтық басымдықтары арасында басты бағдар ретінде аталған. Беларусьпен стратегиялық қарым-қатынасты кеңейту қажеттігі баса айтылған. Осы құжатқа сәйкес, Еуразия экономикалық одағын тереңдетіп, кеңейтудегі мақсат – тұрақты даму, жаңа технологияларды дамыту, осы аймақтық одаққа мүше елдердің әріптестігі, кооперациясы мен бәсекеге қабілеттігін арттыру. Осы құжат бойынша, Абхазия мен Оңтүстік Осетия республикаларының нығаюына көмектесу де Ресейдің басымдықтарының бірі. Бұл құжатта Ресейдің өзара құрмет пен ұлттық мүддені сақтау принципі негізінде Украинамен саяси‑экономикалық және мәдени қарым-қатынасты дамытуға ынталы екендігі қуатталған. Сонымен қатар, Кавказ аймағындағы күрделі саяси шындықтарды назарға ала отырып, Грузия үкіметі дайын болған салаларда Мәскеудің осы елмен  қарым-қатынасты реттеуге мүдделік танытатындығы айтылған. Бұл құжаттың 60-бабында Қара теңіз бен Каспий теңізіне қатысты былай деп жазылған: «Ресейдің Қара теңіз бен Каспий теңізіндегі өзінің серіктестерімен әріптестігіне қатынасы Қара теңіздегі экономикалық  ынтымақтастық ұйымының жарғысындағы принциптерге беріктікті сақтау және ұжымдасқан түрде шешім қабылдау негізінде Каспий теңізі маңындағы 5 елдің әріптестік құрылымын нығайтуды назарға алуды көздейді». Бұл құжаттың Ресейдің басқа елдермен қарым-қатынас  саласындағы келесі тақырыбы: Ресей бір-бірінің мүддесіне өзара құрмет пен екі ел арасындағы ынтымақтастық, соның ішінде солтүстік полюс аймағындағы әріптестіктің тәжірибесі негізінде Канадамен қарым-қатынасты қалыптастыруға дайын. Канада Украинада дағдарыс басталып, Қырым Ресейге қосылғаннан кейін Ресейге қарсы санкциялар қабылдаған елдердің қатарына жатады.  

Ресейдің сыртқы саясат доктринасының жаңа құжатында Ресейдің сионистік режиммен қарым-қатынасы жайында сөз қозғалмаған, тек Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка мәселелері шеңберінде Ресейдің араб-израиль қайшылығын барлық жағынан тұрақты түрде шешу жолындағы талпынысын жалғастыратыны айтылған. Мәскеу Сирияның бірлігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын жариялап, осы құжаттың 93-бабында Сирия дағдарысы туралы: «Ресей Сириядағы жағдайдың саяси жолмен шешілуін және 2012 жылғы қаңтар айының отызындағы Женева келісімінің баптары мен Сирияны қолдауға арналған халықаралық топтың мәлімдемелерінің, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті қарарларына сәйкес осы ел болашағының халық тарапынан анықталуын қалайды»,-деп мәлімдеді. Бұл құжатта алғаш рет Иран жайлы сөз қозғалған.  94-бапта былай деп мәлімдеген: «Ресей ИИР-мен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту стратегиясын ұстанады. Сонымен қатар АҚХА-ның басқарма кеңесінің шешімдеріне сәйкес 2015 жылғы жиырмасыншы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған №2231 қарар негізіндегі Ортақ қадам жан-жақты бағдарламасының ұдайы орындалуына күш салып, осы үдеріске жан-жақты көмектеседі». Мұнымен қоса, Ресей ислам елдерімен әріптестікті кеңейту және әртүрлі мәселелерге қатысты олармен серіктестікті дамыту мақсатында өзінің Ислам ынтымақтастық ұйымына бақылаушы мүше ретінде қатысу мүмкіндігін пайдаланады. Осы құжаттың 85-бабында Ресейдің Үндістанмен стратегиялық әріптестікті одан ары тереңдету үшін ерекше артықшылықтарға ие болуға ынталы екендігі қуатталған.  Мұнымен қоса, бұл құжатта  Ресейдің Моңғолиямен достық қатынаста болуға ықылас танытатыны айтылған. Сондай-ақ,  Ресейдің Азия мен Тынық мұхиты аймағында позициясын нығайту стратегиясы бұл елдің сыртқы саясатындағы маңызды бағыт деп аталған. Ресейдің аймақтық елдермен қарым-қатынасының артқаны және оның бұл аймақтағы интеграциялық үдерістерге белсенді түрде қатысуға қызығатыны айтылған. Бұл құжат Ресейдің Оңтүстік Кореямен дәстүрлі достық қарым-қатынасты қолдауға ынталы екенін білдірумен қоса, бұл елдің Корея түбегінде қайшылықтар мен текетірестер деңгейін төмендетіп, саяси диалог арқылы екі корей елі арасында бітім орнатып, әріптестікті дамытуға талпыныс жасайтыны айтылған. Сондай-ақ, бұл құжаттың 84 және 88-баптары бойынша Қытаймен стратегиялық әріптестік және бұл елмен барлық салалар бойынша ынтымақтастықты белсенді түрде дамыту, сонымен қатар Жапониямен тату көршілестік қатынас жасау жалғасатын болады. Азия мен Тынық мұхиты елдері арасында  Вьетнаммен стратегиялық серіктестікті сақтау қажеттігі қуатталған.