Кәрі отарлаушы Парсы шығанағына қайтып оралды (2)
Ұлыбританияның Премьер-министрі Тереза Мэй мен осы елдің Сыртқы істер министрі Борис Джонсон 2016 жылдың желтоқсан айында Манамада өткен Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің конференциясында сөйлеген сөзінде: «Ұлыбритания өзінің әскери және қауіпсіздік рөлін нығайту үшін аймаққа қайтып оралды»,-деп ашық жариялады.
Алайда Ұлыбританияның Парсы шығанағы аймағына қайтып оралуындағы мақсаты не? Ұлыбритания 21 ғасырда 18-19 ғасырлардағы Ұлыбритания сияқты үстем күш ретінде әрекет ете ала ма?
Иранның айналасындағы елдердің саяси географиясы әрдайым Иранның ұлттық қауіпсіздігіне қатты әсер етіп келген. Көптеген әскери коалициялар мен ұйымдар, соның ішінде Саадабад пен Бағдад, Санто пакттері, Араб лигасы мен Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі екі полюсті жүйе жағдайында қалыптасып, аймақтағы елдердің қауіпсіздік қажеттіліктерін қамтамасыз етуден бұрын қарсы полюстің ықпалына тосқауыл қою немесе аймақтық деңгейде билікке қол жеткізу үшін қауіпсіздік тізбегі қызметін атқарған. Аймақтың қазіргі жағдайы да бұл тәсілдерден тысқары емес. Шын мәнінде аймақтық араб елдері мен трансаймақтық алпауыттар арасындағы жаңа қауіпсіздік ұйымдары олардың мақсаттарын қамтамасыз ету жолында құрылған. Басқаша айтқанда, Парсы шығанағы бүгінде жаңа қауіпсіздік жүйесін қалыптастырудың ортасы болып отыр. Мұнда аймақтық араб елдері мен бөгде елдер арасындағы әскери келісімдер осы жаңа жүйенің негізгі бөлігін құрайды. Бұл келісімдер қандай мақсаттарды көздейді? Әскери келісімдердегі Парсы шығанағы аймағындағы араб елдерінің орны қандай?
Аймақтағы араб елдерінің көзқарасынша, Парсы шығанағының қауіпсіздік саласындағы әскери келісімдері әдетте қару-жарақ сатып алу келісімдеріне негізделген классикалық үлгілер түрінде аймақта қауіпсіздік орнату сипаттамасымен құрылып жатыр. Шын мәнінде көбінесе Сауд Арабиясы тарапынан нығайтылатын бұл көзқарас қару-жарақ сатудың аймақтық елдердің әдеттегі қажеттіліктерінен жоғары деңгейде қалыптасуына себеп болды. Басқаша айтқанда, осы үдерісті басқаратын ағым Парсы шығанағы маңындағы араб елдері емес, Ұлыбритания мен АҚШ-тың үлкен саясаттары аясында жұмыс істейтін қару-жарақ жасайтын үлкен картель болып табылады. Мысалы, Ұлыбританияның Сауд Арабиясына қару-жарақ экспортының көлемі соңғы жылдарда 3 млрд долларға жетті. Ұлыбритания басшылары үшін экономикалық мақсаттармен қару-жарақ сату басты басымдыққа ие. Сауд Арабиясының Йемендегі ауқымды қылмыстары мен адам құқығы тақырыптары бұрынғыдай назардан тыс қалып отыр. Кассеталық бомбаларды сату Ұлыбританияның Сауд Арабиясына сатқан қару-жарақтарының тек бір бөлігі саналады.
Ұлыбританияның «Guardian» газеті осыған қатысты: «Ұлыбритания өткен онжылдық ішінде әлемде қорғаныс құрал-жабдықтарын экспорттаған екінші ірі ел болды. Шамамен 122 млрд долларға (98 млрд фунт стерлинг) қару-жарақ сатты»,-деп жазды. «Guardian» газетінің хабарлауы бойынша, өткен жылы Ұлыбританияның әскери құрал-жабдықтары экспортының 63 пайызын Таяу Шығыс аймағы құраған. Ұлыбританияның «Independent» газеті осыдан бұрын осы жөнінде: «Әскери өнеркәсіп Ұлыбританияның экономикасында маңызды рөлге ие. Жыл сайын шамамен 7 млрд 700 млн фунт стерлинг табыс әкеледі»,-деп жазды. Пентагонның қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтар агенттігінің мәліметтері бойынша, АҚШ та 2009 жылдан бері бұрын-соңды болмаған көлемде құны 115 млрд долларды құрайтын қару-жарақ түрлерін Сауд Арабиясына, ал жалпы құны 198 млрд долларды құрайтын қару-жарақ түрлерін Парсы шығанағы маңындағы араб елдеріне сатқан. Қару-жараққа қатысты келісімдердің көбі алдағы жылдар да жалғасын табады. Бұл АҚШ-тың қару-жарағын Сауд Арабиясына тасымалдау үдерісі 2020 жылға дейін созылады деген мағынаны білдіреді.
Қазіргі таңда аймақтағы әскери-қауіпсіздік келісімдердің құрылымын үш топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа НАТО сияқты трансаймақтық әскери ұйымдар жатады. Кейбір аймақтық елдер осы ұйымға мүше немесе бақылаушы мүше болып табылады. Екінші топқа Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі мен Араб лигасы сияқты аймақтық ұйымдар жатады. Мұндай ұйымдар аймақтық елдердің арасында шетелдік алпауыт елдердің тікелей қатысуынсыз құрылған. Үшінші топқа АҚШ, Ұлыбритания мен Франция сияқты елдердің аймақтық араб елдерімен екіжақты келісімдері жатады. Мұндай келісімдер өте көп. Осы байланыстардың ортақ нүктесі – Иранды аймақтың қауіпсіздігіне қатер деп көрсету.
АҚШ қазіргі таңда аймақтағы ең маңызды әрі ең ірі ойыншы болып табылады. Бұл ел өзінің 14-тен астам әскери базамен аймақтың қауіпсіздігі саласында ауқымды рөл атқарады. Кейбіреулердің пайымдауынша, АҚШ-тың Парсы шығанағындағы рөлі аймақтағы ойыншыдан ойынды басқарушыға ауысып бара жатыр. Сол себепті АҚШ аймақтың тынышсыз жағдайында тікелей ойыншы болудың орнына ойынның ережесін белгілеуге күш салуда. Осыған қатысты қазіргі жағдай мен аймақтық шындықтарға жақынырақ келетін басқа бір теория бар: АҚШ Парсы шығанағындағы өзінің жаңа стратегиясын халықаралық тұрғыдан қарастырып, өзінің саясаттарын осы негізге жүзеге асыруы тиіс. Бұл көзқарас Ұлыбританияның жаңа доктринасы мен осы елдің Премьер-министрі Тереза Мэй тарапынан айтылған теориялық ұғымдарға сәйкес келеді. Осыған орай АҚШ пен Ұлыбританияның ортақ стратегиясы Ираннан үркіту тәсілі мен Иранның әскери құдіретін қауіп деп көрсету арқылы Иранның аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы рөлін солғындатып көрсету болып отыр.
Осы теория бойынша, Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі Иранның аймақтағы күшін ауыздықтау мақсатында қалыптасты. Бұл кеңес 1984 жылы «Аралдың қорғаны» атты бірлескен қорғаныс күшін құрды. Қару-жарақ сатып алуды күшейту арқылы бұл кеңес іс жүзінде Иранның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіруді мақсат тұтты.
АҚШ пен Ұлыбританияның базалары аймақта қайта жандана бастаған шақта Иранды ортақ қауіп ретінде көрсету және Парсы шығанағындағы «Араб лигасы» атты бұлыңғыр ұғым аясында ортақ мәдени болмыс-бітімді қалыптастыруға талпыныс жасау осы үдерістің белгілері болып табылады. Парсы шығанағы аймағы өткен онжылдықтарда өзгеше қауіпсіздік құрылымдарды бастан өткерген. Алайда Парсы шығанағы аймағы осы онжылдықтарда басынан өткерген жүйелер мен құрылымдар екі полюсті болды. Сауд Арабиясы мен Иранның екеуі де Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейінгі онжылдықтарда Батыстың Таяу Шығыстағы негізгі одақтастары болған және «Никсонның екі бағанды» доктринасы негізінде АҚШ-тың аймақтағы мүддесін қамтамасыз ету міндетін атқарған. Алайда Иранда Ислам революциясының жеңіске жетуі аймақтық және әлемдік теңгерімге өзгеріс енгізді.
Осы тақырыпты ескере отырып, саудиялықтардың аймақтағы маңызды мақсаты мен басты бағдары аймақтағы күш-құдірет таразысының Иранның мүддесіне қарай өзгеруіне жол бермеуге күш салу болып отыр. Осы негізде Сауд Арабиясы қазіргі таңда өзінің ықпал аймағын ұлғайтуға талпынып жатыр. Сол себепті ол Ұлыбритания бере аралатын мүмкіндікті пайдаланып, бұл елді аймақта көбірек құзырға ие болуға ынталандыруда. Мұнымен қоса, Сауд Арабиясы саясатының басым бөлігі Ұлыбританияның аймақтағы ұзақ мерзімдік мақсаттарына негізделген. Эр-Рияд қазір АҚШ-қа иек артуға күмәнданады. Сол себепті Ұлыбританияның жаңа рөлі және осы екі араласушы мемлекеттің Парсы шығанағы аймағындағы бәсекелестігін пайдалану арқылы өзінің үстем жағдайын сақтап қалуды мақсат тұтады. Бұған қарамастан, Сауд Арабиясы Обамадан кейінгі кезеңдерде бұл президенттің Сауд әулетінің қартайған патшаларына қалдырған түйткілдері мен қайшылықтары мол тығырыққа тірелген саясаттарды қалай жалғастыра алады? Әрине, Трамптың сыртқы саясаты мен қауіпсіздікке қатысты саясатының көптеген қырлары әлі анық емес, бірақ Трамп қауіпсіздік қатынасын саудаға айналдыруға бейім болғандықтан ол да бұрынғыдай Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесін қару-жарақ сатуға болатын табысы мол ұйым ретінде және сонымен бір мезгілде Иранды тежейтін күш ретінде қолдануы мүмкін. Қазіргі таңда қару-жарақ саудасы әлем экономикасының ең ірі тармағын құрайды. Әлемдік сауданың жылдық көлемінің кемінде 16 пайызын қару-жарақ саудасы құрайды, яғни күніне 2 млрд-тан астам доллар қару-жараққа жұмсалады.
Таяу Шығыс аймағындағы Сауд Арабиясының орны қару-жарақ сатып алу тұрғысынан әлемде жетінші орыннан төртіншіге жетті. Саудиялықтар өткен жылы 80 млрд-тан астам долларды қару-жарақ сатып алуға жұмсады. Сауд Арабиясы миллиардтаған долларлық қару-жарақ сатып алғанына қарамастан, жалғыз өзі тіпті Йемендегі хусилерге қарсы тұра алмады. Сондықтан Йеменге соққы беру үшін коалиция құрды. Осындай жағдайда Сауд Арабиясы гегемониясының маңызды бөлігі трансаймақтық ұйымдардың құрылымы арқылы ірірек елдерге арқа сүйеудің нәтижесінде туындаған. Осындай жағдайда неліктен кәрі отаршыл мемлекеттің экономикалық түйткілдерге тап болып отырғанына қарамастан аймаққа қайтып оралуды және Парсы шығанағы аймағындағы араб елдеріне қару-жарақ сату нарығында өзінің мүддесін күйттеуді ойға алғаны аса таңданыс тудырмайды.