Иранда «Фаджр» ән-күй фестивалі өтті
Қаңтардың 11-20 күндері Теһранда Хамидреза Нұрбахштың басқаруымен XXII Халықаралық «Фаджр» ән-күй фестивалі өтті.
«Фаджр» ән-күй фестивалі өзінің отыз екінші кезеңінде Ислам революциясының биік мақсаттарын жеткізумен қатар, музыка өнерінің кең мүмкіндіктерін Иранның мәдени тақырыптарымен таныстыру, ұлттар, ішкі топтар мен басқа елдердің музыканттарының арасында тілеулестік тудыру жолындағы қызметке бағыттауға күш салды. XXII Халықаралық «Фаджр» ән-күй фестивалі бұрынғы кезеңдерінде әсерлі әрі сүйсінерлік жетістіктерді құрметпен еске алумен қоса, тың да әсерлі туындыларды әуезді де ауқымды музыка саласындағы ардақты ардагерлердің тәжірибесі мен талантты да жаңашыл жастардың қарым-қабілетінің талқысына салды.
Биылғы фестивальдің ирандық музыка бөлімінде соңғы үш-төрт онжылдықтағы маңызды ән-күйлерді қайта орындау тақырыбы таңдалып алынды. «Човуш» тобының туындыларында көрініс тапқан революциялық ән-күйлер авторлардың құқығын сақтай отырып қайта орындалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, Феридун Шахбазианның жетекшілігіндегі Иранның ұлттық музыкалық оркестрі және Теһранның симфониялық оркестрі Ахмад Пежманның туындылары мен Италияның симфониялық оркестрімен бірге тағы бір туындыны орындау үшін сахнаға шықты.
Биылғы «Фаджр» ән-күй фестивалінде 12 халықаралық топ, 10 аудандық топ, 10 аспапты топ, 4 әйелдер тобы, 13 батыстық классикалық және оркестрлік тобы, 15 поп және рок тобы, 8 құрама топ, 10 ирандық дәстүрлі топ бағдарлама орындады.
XXII Халықаралық «Фаджр» ән-күй фестивалінің өңірлік музыка бөліміне қатысқан топтар мен көркемөнерпаздар 13 әртүрлі топ, соның ішінде 3 әйелдер тобы мен 10 аудандық ән-күй тобы қалыбында өз туындыларын фестивальдің осы кезеңінде орындады. Керманшах, Күрдістан, Бушер, Хорасан, Луристан, Мазандеран, Гилан, Чахармахал мен Бахтияри облыстарынан келген бұл топтар өз аудандарындағы маңызды жергілікті музыкалық туындыларды Теһранның «Ниаваран» мәдениет үйі мен «Азади» кешенінде орындады. «Рудаки» залында да әрбір аймақтың музыка саласындағы ардагерлерін таныстырумен қоса, түркімен, Белучистан және Солтүстік Хорасанның музыкалық туындыларына арналған өңірлік музыканың кеші өтті.

Фестивальдің бағдарламалары 22-30 дей күндері Вахдат пен Рудаки залдары, Арасбаран мен Ниаваран мәдениет үйлері, «Азади мұнарасы» кешені, Теһран халықаралық көрмелер орталығының «Милад» залында өткізілді. Фестивальдің жабылу салтанаты 1 бахманда өтті.
Қазір біз бүкіл ірілі-ұсақты мәдени оқиғалардың баршаға бірден қолжетімді болатын шекарасы жоқ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. «Фаджр» фестивальдерінің көрермендері көп. Залдардың шектеулілігіне байланысты бұрынғы кезеңдерде халықтың көбі зал есіктерінің ар жағында қалып, бағдарламаларды көруге мүмкіндік ала алмады. Алғаш рет «Фаджр» ән-күй фестивалінде көп адамға көрсетуге болатындай ауқымды аяны қамту үшін оның бағдарламалары онлайн режимде көрсетілетін болады.
Осы фестивальдің жаңа тәсілдерінің нәтижесінде туындаған мүмкіндіктердің бірі «Барбад» жүлдесінің көрнекті символ және ел бойынша барлық стильдегі музыкалық туындыларды бағалауға арналған беделді критерийге айналуы болды. Фестивальдің осы кезеңін ұйымдастырушылардың талпынысы «Барбад» жүлдесінің «Фаджр» ән-күй фестивалінің ең тартымды бөлігіне айналып, жыл бойында өнерпаздардың музыкалық туындылар шығаруына ықпал етуге бағытталған. Бұл жүлдемен марапаттау үдерісі мынадай тәртіппен беріледі: әр жылдың мехр айынан келесі мехр айына (қазан) дейін барлық жанрларда шығарылған бүкіл альбомдар «Фаджр» ән-күй фестивалінде сын-талқылауға түсіп, таңдаулы туындыларға «Барбад» жүлдесі табыс етіледі.
Биылғы фестивальдің зерттеу бөліміндегі жобалар үшін 5 тақырып таңдалынды. Осы тақырыптарға қатысты басқосулар өткізілді. Зерттеулердің тақырыптары мынадай: университеттерде музыкалық білім беру және академиялық музыканы талқылау, модернизацияның қазіргі заман музыкасына әсері, Иранның музыкасындағы жаңашылдық, музыкалық зерттеулер және оның түрлерін классификациялау, Иран әдебиетінен музыкалық үзінділер.
Фархад Харатидің жетекшілігіндегі «Намира» хоры мен Әлиреза Шафақинежадтың жетекшілігіндегі Иранның филармониялық хоры фестивальдің бағдарламаларының бірін орындады. Бұл өнерпаздар өздерінің алғашқы бірлескен концертінде музыка тілімен адамның жердегі жағдайға қарсы ашу-ызасын баяндап, осы фестивальдегі ең әсерлі туындылардың бірін орындады.
«Қасиетті жер» тақырыбымен және «Намира» хорының 150 әншісінің қатысуымен қойылған бұл концертте атқарушы топ көрермендердің ыстық ықыласына бөленген өзінің бұрынғы концертіндегідей қоршаған орта мен жер бетіндегі адамдардың өмірі тақырыптары төңірегінде туындылар орындады. Әншілер қозғаған ащы шындықтар көрермендерге қатты әсер етті.
Өмір, бастау, дерт, аңшылық, нәпсі, адам, соғыс, миграция, панасыздық, мұзтау, бағынбаушылық, ашу-ыза, өлім, жерді жоқтау, қасиетті жер – осының барлығы концертте қойылған музыкалық туындылардың мән-мазмұнын құрайды. Қоршаған ортаны жою, адамның оны жоюдағы рөлі, хайуанаттарды жөнсіз аулау және өлтіру, парниктік газдардың рөлі мен олардың қоршаған ортаға зияндары, хайуанаттардың топтық түрде өз-өздерін өлтіруі, СПИД-тің құрбандары, соғыс атты сұрқия құбылыстың салдарынан туындайтын гуманитарлық апаттар музыкамен бірге экранда көрсетілген суреттердің мазмұнын құрайды. Осы топтың өткен жылғы концертінде де әртүрлі соғыс құрбандарының ұжымдық көрлері, крематорийлер, Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастау, сионистік тәртіптің Газадағы қылмысына қатысты жантүршіктірерлік суреттерге толы слайд дайындалған болатын. Алайда осы суреттердегі өте қорқынышты кеңістікке байланысты оларды фестиваль концертінде көрсетуге рұқсат етілмеді.
«Қасиетті жер» – көтерген тақырыбына байланысты бүкіл әлемде орындала алатын үздік туындылардың бірі.
Биылғы фестивальдің халықаралық бөліміне де мәдени Иран өзегімен әлемнің түкпір-түкпірінен музыка саласындағы көрнекті тұлғалар шақырылды. Солардың ішінде Тәжікстаннан Давлатманд Холов пен Испаниядан фламенго гитарасын тартушы Дель Мореоны атауға болады. Давлатманд Холов немесе Давлатманд Әлизода – Тәжікстанның оңтүстігінің музыканты, күйшісі, әншісі әрі музыка пәнінің ұстазы. Оның күйлері мен әндері сопылық сипатқа ие және көбінесе Моулави өлеңдері негізінде құрылған. Алайда өкінішке орай, ұстаз Давлатманд Холов Иранға келуге дайындалып жатқан кезде бауыры қайтыс болды. Бұл оқиға ол кісіні қайғыға батырып, салдарынан денсаулығы сыр беріп, ауруханаға жатқызылды. Сол себепті Давлатманд Холов «Фаджр» ән-күй фестиваліне қатыса алмады.
Үндістанның ситар аспабын тартатын атақты күйшісі Шаһид Парвизхан мен табла аспабының музыканты Акрамхан – «Фаджр» ән-күй фестиваліне шақырылған келесі қонақтар. Олар көрермендерге өте әдемі күйлерін тарту етті. ШәҺид Парвизхан Иранда күй тартуды өзіне мақтаныш санап, оны Үндістанның музыкасын таныстыруға берілген мүмкіндік деп атады.
Армениядан келген Дживан Гаспарян «Фаджр» ән-күй фестивалінің келесі қонағы болды. Бірінші күні ол өз тобымен бірге есте қаларлық кеш сыйлады. Арменияның атақты дудук тартушысы Гаспарян өз бағдарламасын екі бөлімде орындап шықты. Ондаған жылдық тәжірибе негізінде меңгерген шеберліктің арқасында ол көрермендердің шаттығы мен ықыласына бөленген терең сезімге толы туындыны орындады.
Систан мен Белучистан облысы Иранның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Музыка белуч халқының өмірінің ажырағысыз бөлігі болып табылады. Ұзақ жылдар барысында Иранның Белучистаны мен Үндістан мен Пәкістанның аймақтары бір-бірімен мәдени ықпалдастықта болған. Музыканы осындай мәдени байланыстың ең маңызды нәтижесі деп атауға болады. Белуч музыкасы белуч халқының тұрмыс-тіршілігіндегі әртүрлі оқиғаларға орайлас туындаған. Бұл музыка нәрестенің дүниеге келуі, үйлену тойы, батырлық және ғашықтық, тарихи және әлеуметтік дастандарды жырлау, қам-қайғыны білдіру және тіпті емдеу сияқты өмірлік жайттарға қатысты шығарылып отырған. Мұндай туындылар әлі де осы аймақтың жер-жерінде орындалады.
«Фаджр» ән-күй фестивалінің жабылу рәсімінде Белучистанның шебер күйшісі әрі әншісі Пахлаван Расулбахш Зангшахиге құрмет көрсетілді. Белучистан облысының Қичак елді мекенінің шебер күйшісі әрі әншісі Пахлаван Расулбахш Зангшахи – Иранда өмір сүретін ұлттардың музыканттарының бірі. Өткен жылдар ішінде ол халықаралық фестивальдерде Иранның ең үздік әрі атақты өңірлік музыканттарының бірі ретінде таныстырылды.
Ол осы уақытқа дейін Камалхан Хут, Ғұламжаһани, шейх Мұхаммад Еспандармен әріптестік жасаған өнерпаздардың бірі болып табылады. Белучистан облысының зерттеушілерінің айтуынша, ол халықтың өте құнды музыкалық қазыналарының бірі саналады.
Пахлаван Расулбахш Зангшахи х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда өмір сүрген белуч музыканты әрі күйшісі Чангани Саидтың ұрпағынан қалған соңғы тұяқ болып отыр. Ол жылдар бойы Белучистанның мәдени саласында қызмет етіп, белуч музыкасын зерттеуге арналған отырыстар мен мәжілістердің беделіне айналған. Париж университетінің құрметті докторы атағын алуы оның белуч музыкасында ерекше шеберлікке қол жеткізгенін көрсетеді. Оның әртүрлі ұлттардан тұратын бірнеше шәкіртті тәрбиелеуі белучтың көне музыкасын сақтау және таратудағы талпыныстарын көрсетеді. Ең жақсы еуропалық елдерде тұру деген қызықтыратын ұсыныс түскенде Пахлаван Расулбахш Зангшахидің «Уа, отан, хешкин дар» деп жауап беруі оның отансүйгіштігіне дәлел бола алады.