Мосул – ДАИШ тарапынан адамның қадір-қасиеті жойылған жер (4)
(last modified Sun, 29 Jan 2017 11:45:27 GMT )
Қаң 29, 2017 17:45 Asia/Almaty

Өткен үш бағдарламада ДАИШ лаңкестерінің Ирактың солтүстік-батысындағы Нейнава облысының орталығы Мосул қаласының мәдени, діни және тарихи болмыс-бітімге қатысты туындыларды, қоршаған ортаны жоюдағы қылмыстары мен Мосул қаласындағы адамгершілік пен адамдардың қадір-қасиетіне қарсы әртүрлі ұлттар мен этностардың тату тіршілігін бұзудағы қылмыстарына тоқталдық. Соңғы бағдарламада ДАИШ-тың Мосулдың тұрғындарына қарсы тікелей жасаған қылмыстарын талдаймыз.

ДАИШ-тың Мосул қаласының тұрғындарына қарсы тікелей қылмыстарын изадилік азшылықтармен шектеуге болмайды, керісінше осы қаланың басқа барлық тұрғындары да ДАИШ-тың әртүрлі қылмыстарына куә болды. 2014 жылы маусым айында ДАИШ тарапынан жаулап алынғанға дейін Мосулдың  2 млн-ға жуық тұрғыны болған, бірақ Мосул басқыншылығы басталған алғашқы екі күнде жарты млн. адам қаладан қашып кетті. Ирактың Премьер-министрі Хайдер әл-Абадидың бұйрығымен 2016 жылдың қазан айында Мосулды ДАИШ лаңкестерінен азат ету амалдары басталған кезде Мосулдың  2 млн-ға жуық тұрғынынан 1 млн-нан астам адам, яғни 51 пайызы қалада болған. Жарты млн тұрғынның көшуге мәжбүр болуының себебі ДАИШ лаңкестерінің айуандық қылмыстары мен қорқыныш қалыптастырған кеңістігі болды. ДАИШ-тың қала тұрғындары мен туған-туысты бөлшектеген қылмыстарын өз көзімен көрмек тұрмақ, суреттерді ақпарат құралдарынан қарағанның өзі қорқыныш тудырады.  

ДАИШ басып алғаннан кейін Мосул тұрғындарының қашуы

ДАИШ-тың Мосулда жасаған қылмыстарынан қаза болғандар мен жараланғандардың саны нақты анық емес, алайда бұл статистикалық  мәліметтің маңыздылығынан бұрын ДАИШ лаңкестерінің қылмыс жасау тәсілдері маңызды. ДАИШ лаңкестері өздерінің қылмыстарын тарату үшін жаңа байланыс құралдарын қолданса да, Мосул тұрғындарын коммуникациялық құралдардан мақұрым етті. ДАИШ лаңкестері Мосулға кірген алғашқы айларда телефон желілерін үзіп, ұялы телефон мен интернет бағандарын құлатты. Бұл Мосулдағы жанұялар үшін көптеген алаңдаушылықтардың туындауына себеп болды. Олар өз балалары мен туған-туысқандарынан хабарсыз қалды. Сондай-ақ, Мосулдың тұрғындары қаладан шығу үшін ДАИШ басшыларына жанұяның бір мүшесі немесе байлық пен мал-мүлік сияқты құны жоғары кепіл қалдыруы тиіс болды. ДАИШ лаңкестері Мосулдың тұрғындарын да Ирактың басқа қалаларындағы сияқты Ирак армиясы мен халықтық күштеріне қарсы «тірі қалқан» ретінде  пайдаланады. Бұл Ирак армиясы мен халықтық күштері үшін лаңкестерге қарсы ауқымды шабуылдар жасаудағы кедергілердің бірі болды. Осы себептерге байланысты ақпарат көздері Мосул тұрғындарының да іс жүзінде осы қалада қамауға алынғанын хабарлады. Мұнымен қоса, ДАИШ лаңкестері халықты Мосулда даиштықтардың сенімдеріне сәйкес әрекет жасауға мәжбүрледі.  Мысалы, әйелдер басынан аяғына дейін түгел жабылып жүруге, ал ер адамдар шаштары мен сақал-мұрттарын өсіріп жіберуге мәжбүр болды. ДАИШ тарапынан таңылған  киімді кимеген әйелдер мен қыздардың өздері де, ата-аналары мен күйеулері де азапталды.

Ақпарат көздерінің мәліметі бойынша, ДАИШ Мосулды басып алғаннан бері 837 әйелді өлтірген

Мосулдың әйелдері ер адамдар мен балалардан да көбірек ДАИШ лаңкестерінің қылмыстарынан зардап шекті. Әйелдер ана ретінде балаларының ұрланғанының, олар мен басқа туысқандарының бауыздалғанының, қыздарының ұрланып, оларға жыныстық қорлық жасалғанының немесе оларды мәжбүрлі түрде лаңкестерге күйеуге шығарудың куәсі болды.  Кейбір ақпарат көздері, соның ішінде Ресейдің «Спутник» ақпарат агенттігі өзінің мәліметтерінде даиштықтардың ақша алу үшін кәмелетке толмаған қыздарға үйленіп, балалы болғанын, өйткені осындай үйленудің әрбіреуі үшін ДАИШ-тың қаржы басқармасынан 45 мың ирактық динар (37 доллар), ал әрбір нәресте үшін 15 мың динар (12 доллар) сыйақы алатынын хабарлады. Мұнымен қоса, даиштықтар Мосулдың әйелдері мен қыздарын адам саудагерлеріне жезөкшелікке сатып отырған. Бұл да лаңкестердің табыс көздерінің бірі болған. Жасалған қатігездікпен бірге бұл әйелдер қорлық көргендері үшін өмір бойы жан азабын шегетін болады. Сол себепті қорлық көргендер жайлы сирек айтылады, бірақ олардың барлығы басқа әйелдерге қорлық жасалғанын көргенін айтады. Мосул әйелдеріне қарсы барлық қылмыстар осы күнге дейін айтылғандармен шектелмейді. Мосулды азат етудің алдында қалада 8 мың жүкті әйел болған. Олардың денсаулығына әртүрлі себептер, соның ішінде үрей кеңістігі қауіп-қатер төндіреді.

Мосулдың панасыз әйелдері

Қала тұрғындарын тұтқынға алып қамау да ДАИШ-тың Мосулда жасаған қылмыстарының бірі. ДАИШ-тың бұйрықтары мен наным-сенімдеріне бағынудан бас тартқан кез-келген адам лаңкестер тарапынан қамауға алынып, азапталады. ДАИШ-тың түрмелерінде қамаудағылар әртүрлі тәсілдермен азапталады.  Кейбір ақпарат көздерінің ДАИШ-тан бөлініп шыққан немесе қашып шыққан мүшелерінің сөздеріне сілтеме жасап келтіргендей, қамаудағылар күн сайын жөн-жосықсыз сабалады. Оларды азаптау «түрмедегі джиһад» деп аталады.

ДАИШ-тың көзқарасы бойынша ереже бұзды деп саналған қала тұрғындары тек  түрмеге қамалып азапталмаған, олар басқалардың бағынбауына жол бермеу үшін және үрей тудыру үшін көпшіліктің көзінше азапталған. Тіпті Мосул тұрғындарын азаптау үшін электрошокерды қолданған. ДАИШ лаңкестері кейбір тұрғындарды сорақы тәсілмен крестке керіп тастаған.

ДАИШ-тың Мосулдағы жаппай қырғыны

Атып өлтіру немесе таспен атып өлтіру де ДАИШ-тың Мосул тұрғындарына қарсы тікелей қылмыстарының бірі. Басқа тұрғындарға сабақ болуы үшін атып өлтіру көбінесе көпшілік алдында жүзеге асырылады. Осылайша тұрғындар ДАИШ-тың бұйрықтарына көнбеудің қандай салдары барынан хабардар болады. ДАИШ-тың лаңкестері әртүрлі тәсілдермен өздерінің көзқарасынша «ережені бұзатын» адамдарды өлтіріп отырған. Бауыздау, дене мүшелерін бөлшектеу, жүрегін кесіп алу, дене мүшелерін пісіру, тірідей жағу, тірідей көму, таспен атып өлтіру, адамның аяқ-қолын байлап басынан ату, адамдарды торға қамап, артынан тірідей жағу – ДАИШ-тың Мосул тұрғындарын өлтіру тәсілдері. Бұл қылмыстардың айуандық сипатының зорлығы соншалықты, олардың суреті мен бейнетаспасын интернет пен ақпарат құралдарынан көргеннің өзі адамның жанына ауыр жарақат салады. Адамдардың көбі мұндай суреттер мен бейнетаспаларды көру алмайды.

ДАИШ лаңкестерінің  тағы бір қылмысы – адамдарды жаппай қыру. Ирактың әртүрлі аймақтарынан ондаған ұжымдық көр табылды. Осыған қатысты айқын мысалдардан «Спайкер» әуе базасындағы қылмысты атауға болады. ДАИШ лаңкестік тобы 2014 жылдың маусым айының ортасында Салахеддин облысындағы Тикрит қаласын басып алған соң осы қаланың солтүстігіндегі «Спайкер» әуе базасына шабуыл жасап, ондағы 1700 сарбазды қырды.

 

ДАИШ-тың Ирактағы «Спайкер» әуе базасының сарбаздарын жаппай қыруы

Мосулдың балалары да ДАИШ-тың лаңкестерінің Ирактағы, әсіресе Мосулдағы қылмыстарының басты құрбандарының бірі. Ұлыбританияның Guardian газеті БҰҰ-ның Балалар қоры ЮНИСЕФ-тің ДАИШ тарапынан Ирактың басып алынғанына екі жыл толуына орай 2016 жылдың маусым айында берген есебіне сілтеме жасап хабарлауынша, 3,6 млн ирактық бала өлім немесе жыныстық қатігездік сияқты қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Басқа сөзбен айтқанда, Ирактың әрбір 5 баласының біреуі өлім, жарақат алу, жыныстық қатігездік және қарулы топтарға жалдану қатерлеріне ұшырап отыр. ЮНИСЕФ-тің 2016 жылдың шілде айында берген есебінде көрсетілгендей, 2014 жылдың басынан бастап 838 бала өлтіріліп, 794 бала жараланған. Алайда шынайы сандар бұдан әлдеқайда жоғары. Сонымен қатар Ирактың кейбір бөліктері лаңкестік топтардың қолына өткен 2014 жылдан бері 1496 ирактық бала даладан немесе үйлерінен ұрланған. Мұндай жағдайға ұшыраған Мосул балаларының саны көп. Орташа есептегенде 2014 жылдың әрбір айында 50 бала ұрланған. Олардың көбі қарулы топтарға жалданған. БҰҰ-ның адам құқығы  жөніндегі жоғары комиссарлары да Ирактың ДАИШ-тың лаңкестері тарапынан басып алынғанынан 1 жыл өткен соң бұл топтың Мосулда балаларды жаттықтыруға арналған кемінде 4 әскери базасының болғанын айтты.

Балалардың ДАИШ лаңкестері тарапынан ұрланып, жаттықтырылуы

2016 жылдың қазан айында Мосулды азат ету амалдары басталғаннан бері де ДАИШ лаңкестері басқа қылмыстар жасады. Мосул тұрғындарын судан айыру – осы қылмыстардың ең сорақысы. ДАИШ Ирак армиясы мен халықтық күштерінің амалдарына тосқауыл қою үшін халықты судан айырды. Бұл қылмыстың апатты болғаны соншалықты, тіпті БҰҰ тұщы судың тапшылығынан Мосулда гуманитарлық апаттың орын алуы туралы ескерту жасады.

Бағдарламамызды қорытындылай келе айтарымыз төмендегідей: Батыстың ақпарат құралдары  ДАИШ-тың Ирактың әртүрлі аймақтарындағы, соның ішінде Мосулдағы адамзатқа қарсы сұрқия қылмыстарын ислам мен оның тәлімдерінің атына тіркеу үшін бар  күшін салды, алайда бұл – мейірбандық, адамсүйгіштік пен адамның қадір-қасиеті мен абырой-беделін құрметтеуді басты принцип етіп ұстанатын ислам дініне қарсы үлкен зұлымдық. ДАИШ тарапынан жасалған ешбір қылмыстың ислам дінінде негізі жоқ. Бұлар сионистердің қылмыстарына ұқсайды.