Иран Ислам революциясы – теңдессіз революция (2)
(last modified Thu, 02 Feb 2017 12:10:10 GMT )
Ақп 02, 2017 18:10 Asia/Almaty

Бұл бағдарламада Пехлеви режимнің түрмелеріндегі жағдайды қамауда болғандардың тілімен баяндаймыз.

Ислам революциясы – теңдессіз революция

Иран Ислам революциясы Шығыс пен Батысқа бағынбай 1357 жылы 22 бахманда (1979 жылы 11 ақпанда) жеңіске жетіп, әлемнің екі полюсті жүйесіндегі саяси теңгерімді бұзды. Жаңа революция әлем халықтары мен саясаткерлерінің назарына алынды. Ислам революциясының шарықтаулар мен құлдырауларға толы ғұмырынан 38 жыл өтсе де, Ислам революциясының қалай жеңіске жеткені және революцияға дейін Иранда билік құрған жүйе жайлы айтылмаған жайттар көп. Ислам революциясының маңызды әрі айшықты ерекшеліктерінің бірі оның барлық сатыда діни сипатта болуында. Революцияның жетекшісі ұлы діни тұлға болды. Революцияның ұрандары тәуелсіздік, азаттық және исламдық құндылықтарды қайта жаңғырту болды. Имам Хомейнидің(р.) төңірегіне жиналғандар діни медреседе оқығандар немесе дінге ынтасы мен қызығушылығы бар адамдар еді. Бұл мәселе діни емес себептермен революцияға қосылған адамдардың Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін өз тобын діни-революциялық күштерден жылдам бөліп алып, Ислам республикасының жаңа жүйесіне қарсы тұруына себеп болды. Алайда мұндай сап түзеу Ислам революциясының жеңісіне дейін де болған. Шахтың озбыр жүйесінің  түрмелерінде діни емес күштер өздерін діни күштерден бөлек ұстаған. Олар бір-бірімен ой бөлісіп, пікірталасып отырған. Алайда шахтың озбыр режиміне қарсы күрес деген ортақ стимул пікір қайшылығы болса да, олардың түрмеде бір-біріне шыдамдылық танытуына себеп болған. Иранда үстемдік еткен саяси режим мен Ислам революциясына дейінгі түрмелердің жағдайы жайлы сол кезеңде қамауда болғандардың айтары көп.  Мұхаммад Реза Пехлеви режиміне қарсы күреске қатысқан имам Хомейнидің (р.) достары қудалауға ұшыраған, біраз уақыт түрмеде отырған немесе жер аударылғандар болған. Сол кездегі ішкі қауіпсіздік және барлау ұйымы САВАК алдымен имам Хомейнидің (р.) өзін қамауға алып, бір жыл өткен соң ол кісіні Түркияға, содан соң Иракқа жер аударды. Содан соң имамның достары мен серіктерін қудалады.

Шах заманында САВАК-тың азаптауына ұшыраған кейбір саяси тұтқындардың суреттері

Мұхаммад Реза Пехлеви режимінің түрмелерінде болғандар әлемнің ең жиіркенішті тыңшылық ұйымдарының бірі САВАК қызметкерлерінің ауыр азаптаулары жайында ащы естеліктер айтады. Бұл ұйымның қызметкерлерінің көбі Израильдің Моссад тыңшылық ұйымы мен АҚШ-тың Барлау ұйымында дайындықтан өткен. Шах САВАК-ты 1953 жылы доктор Моссадықтың ұлттық үкіметіне қарсы америкалық-ағылшын төңкерісі жасалған соң шах жүйесіне қарсыларды анықтау және құрықтау мақсатында құрды. Шах режимінің адам құқығын қорғаушысымақ ұйымдарының алдында Иранда саяси тұтқындардың жоқтығы жайлы айтқан уәждеріне қарамастан оның түрмелері саяси тұтқындарға толы болды.

Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи шахқа қарсы күрескен исламдық қозғалыста имам Хомейнидің (р.) серіктері мен күрескерлерінің бірі болды. Аятолла Хаменеидің саяси күрестері 1962 жылы Құмда басталған. Оның күресі барлық шарықтаулар мен құлдыраулар, қудалау мен қашулар, түрмелер, азаптаулар мен айдауларға қарамастан Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейін жалғасын тапты. Аятолла Хаменеи озбыр режиммен күрес барысында алты рет құрықталып, түрмеге қамалған. Алты рет оның құрықталуының себебі ұлттық қауіпсіздікті бұзу, бүлік шығару, халықты шах билігіне қарсы күреске арандату деп жарияланды. Оның құрықталулары мен шах түрмелеріндегі күрестері жайлы рауаяттар ащы болса да, оның өмірінің оқуға тұрарлық ғибратқа толы парақтары болып табылады. Аятолла Хаменеи бесінші ретте шахтың 2500 жылдық билігін тойлауға қарсы шыққаны үшін қамауға алынып, көп азапталды. САВАК шахтың мерейтойларын өткізуге кедергі болады деп тапқан адамдардың барлығын жоюды мақсат тұтты.

Аятолла Хаменеи САВАК-тың түрмесінде

Аятолла Хаменеи сол ащы күндер жайлы өз естелігінде: «Аяғымды кереуетке байлап қойды. Қарама-қарсы жақтағы қабырғада қамшылар ілініп тұрды. Әлгілердің біреуі қамшыны алып, менің табанымды көздеп ұра бастады... Басқа біреу одан қамшыны алып, демі таусылғанша ұрды. Үшінші адам қамшыны қолына алды. Ол да ұрудан шаршады. Содан соң төртінші адам кірісті. Сол бөлмеде болған адамдардың барлығында демалып, қайта күш жинап алуға уақыт болды. Олардың кейбіреулері қамшыны сулап алып, жалаңаш денені осып-осып ұратын»,-дейді. Аятолла Хаменеи өз естелігінде осы қамауға алу жайлы: «Азаптау барысында олардың бірі бас жағыма келіп, пәлен адамнан немесе исламдық қозғалыстан бас тартуды талап етті. Мен қабылдамадым. Олар мені есімнен танғанша ұрып-соғатын»,-деп жазады. Ол өзінің естеліктерінде САВАК қызметкерлері тарапынан алтыншы рет қамауға алынғанын былай деп сипаттайды: «Жеке камерада ауыр күндерді бастан өткердім. Мұндай жердің ауырлығын өз басынан өткерген адам ғана түсінеді. Психикалық және физикалық азаптау біздің тәулік бойғы азығымыз болды. Азапталып жатқан тұтқындардың айқайы құлақты тұндыратын. Кейбір түндері таңға дейін созылатын. Азаптаушылардың тәсілі де есептелген шеберлікпен атқарылды. Бұл түрмедегі барлық зат тұтқынның ерік-жігерін мұқалтып, тұлғасын төмендету мақсатында жасалған».  

Аятолла Хаменеи

САВАК-тың ең қатігез тергеушілерінің бірі Манучехридің сипаттамасы шахтың озбыр жүйесі заманында аятолла Хаменеидің саяси және үгіт-насихаттық белсенділіктері туралы ойландыратын сипаттама болып табылады. Ол өзінің аятолла Хаменеиді қатаң тергегені жайында былай дейді: «Мен сені жақсы танимын. Сен тергеушінің қолынан балық сияқты сусып шығып кететін адамсың. Сенің жұмысың бөлек-бөлек қаралғанда ештеңе емес, ал бәрін қосқанда не екенін бір Құдайдың өзі біледі!». 1979 жылы Ислам революциясының жеңіске жетуден  екі жыл бұрын Аятолла Хаменеиге барлық әлеуметтік белсенділіктерге тыйым салынды. Шын мәнінде ол көпшілік алдында сөз сөйлей де, сабақ та бере алмаған, тіпті үйге кісі шақырып, жиын де өткізе алмаған. САВАК оның халықпен байланысының барлығын үзуге тырысты. Сонымен қатар өзінің тыңшылары арқылы оның жеке қатынастарын бақылап отырған. САВАК оны толық түрде  қоршауға алды деп айтуға болады. Мұхаммад Реза Пехлеви режимінің жиренішті түрмелерінде ауыр азапталған Ислам революциясының келесі көрнекті тұлғаларының бірі – Иран Ислам республикасының екінші Президенті шәһид Мұхамадәли Реджаи. Шәһид Реджаи озбырлық пен отаршылдыққа қарсы күрес кезеңінде қажымас күрескерлердің бірі болды. Ол 1950-1970 жылдары барысындағы күресте ерекше танымал болған. Оның төзімділігі, беріктігі, мызғымастығы, өзін-өзі сыйлауы, шыдамдылығы мен шыншылдығы басқаларға үлгі болған. Әсіресе ол мұғалім ретінде ой мен амал саласында жарқырай көрінді. Шәһид Реджаи өзінің қамауға алынған алғашқы күндері жайлы былай деп жазды: «Мен комитетте болған жылы шынымен-ақ тамұқты бастан өткердім. Тамұқты сипаттаған «Сом лаямут фиһа уа лаяхиа» аяты комитет жайлы шындыққа сай келеді. Сол жерде қамалған адамдар бір қарағанда не тірі, не өлі емес еді, өйткені оларды шалажансар халге жеткенше ұратын. Содан сәл саябырсып, оның халін жақсарту үшін қарайлайтын. Кейін қайтадан әлгі бағдарламаны орындайтын».

Шәһид Реджаи мен шәхид Баһонар САВАК-тың түрмесінде

Шәһид Реджаи өз естелігінде түрмеде болған кезі туралы былай деп жазған: «Маған жасаған азаптаулардың бірі САВАК-тың өзі «джиреи» (мөлшерлеп берілетін) деп атайтын азаптаулар еді. Менің мөлшерім 20 күндік болды, яғни бір рет мені 20 күн бойы ұрып, «Сөйле!» дейтін немесе күнде бүгілген қалпымда қолымды желкеме қойғызып, бірнеше сағат ұстап, «Қозғал!» дейтін. Мені крестке керіп, іліп, «Мойында!» дейтін». Шәһид Реджаи Ислам революциясы жеңіске жеткен соң алдымен Білім және тәрбие министрі, содан соң Премьер-министр болып тағайындалды. Ол ИИР-ның Президенті ретінде БҰҰ Бас ассамблеясының саммитына қатысу үшін Нью-Йоркқа барған. Бұл сапар Иран тарихының сезімтал кезеңінде, яғни Ирактың Иранға таңған соғысы басталған шақта және имам Хомейниді (р.) жақтаушы студенттердің АҚШ-тың елшілігін басып алу дағдарысы жалғасып жатқан уақытта жүзеге асырылды. Әлем бейтаныс жүйе өкілінің сөзін тыңдауға ынталы еді. Шәһид Реджаи БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің отырысында кең түрде баяндама жасап, Ирактың Баас режимі мен оның демеушілерінің әрекетін айыптаумен қоса, ИИР-ның заңдылығын баса айтты. Алайда осы сапарды ұмтылмастай еткен нәрсе ИИР Премьер-министрінің осы саммит аясында өткізген екінші баспасөз конференциясы болды. Шәһид Реджаи ИИР-ның сыртқы саясаты және америкалықтарды кепілге алу туралы ұстанымдарын түсіндіріп жатып, өзінің жалаң аяғын үстелдің үстіне қойып: «Мен екі жыл бойы құлатылған шах режимінің түрмелерінде Картер мен АҚШ-тың тұтқыны болдым. Түрмеде маған жасалған азаптаулардың іздері арада төрт жыл өткенімен  денемнен әлі байқалады. Мен екі жыл бойы Картер қамшыларының аяғыма тиген соққысын сезіндім. Ал біз тыңшылық үйінде кепілге алынғандарға толығымен гуманитарлық қатынас көрсетеміз»,-деді.

Шәһил Мұхаммадәли Реджаи БҰҰ саммитының аясында САВАК-тың азаптауларының іздерін тілшілерге көрсетті

 

Тегтер