Мосул – ДАИШ тарапынан адамның қадір-қасиеті жойылған жер (3)
(last modified Thu, 02 Feb 2017 12:17:05 GMT )
Ақп 02, 2017 18:17 Asia/Almaty

Бірінші бағдарламада ДАИШ лаңкестерінің Ирактың солтүстік-батысындағы Нейнава облысының орталығы Мосул қаласының мәдени, діни және тарихи болмысына қатысты ескерткіштерді жоюдағы қылмыстарына, екінші бағдарламада осы қаланың қоршаған ортаны жоюдағы қылмыстарына тоқталдық. Бүгінгі бағдарламада ДАИШ-тың Мосул қаласындағы әртүрлі ұлттар мен этностардың, соның ішінде изадилердің тату тіршілігін бұзудағы қылмыстарын қарастырамыз.

Мосул әртүрлі ұлттар мен этностардың тату өмір сүрген жері болған. Мосул тұрғындарының көп бөлігін құрайтын сүнниттермен қоса, шиіттер, ашуриліктер, күрдтер, изадилер, түркімендер, саебилер, мандабилер, шабактар мен сығандар да Мосул қаласында өмір сүретін ұлттар мен этностар болып табылады. 2014 жылы маусым айында Мосул ДАИШ лаңкестері тарапынан жаулап алынғанға дейін Мосул Ирактың христиандары тұратын ең үлкен орталық болған.  Осы ұлттық және этностық ерекшелікке байланысты Мосулды «көпұлтты болмыс» деп те атаған.

Ирактың христиандары

ДАИШ лаңкестерінің Мосул қаласында жасаған ең ауыр қылмыстарының бірі осы қалада тұратын әртүрлі ұлттар мен этностардың тату тіршілігін бұзуы болды. Мосулды Ирактағы өздері жариялаған халифаттың орталығына айналдырған ДАИШ лаңкестері осы қаланың тұрғындарын біртекті етіп, одан басқа азшылықтарды көшуге мәжбүрлеуге тырысты. Бұл топ қырып-жою,  азаптау және қорқыныш тудыру арқылы осы мақсатын орындауда біршама сәтті болды.  ДАИШ лаңкестерінің бұл қатынасы Саддамның Баас режимінің «арабтандыру» саясатына ұқсас болды. Онда да кейбір қалалардың азшылықтары мәжбүрлі түрде көшірілген болатын. Сөйтіп, әлгі қалалардың тұрғындарының құрамын өзгертіп, біртекті араб ету көзделген. ДАИШ лаңкестерінің Иракта ұлттық және діни азшылықтарға қарсы қылмыстары «ұлттық және діни тазартудың» айқын үлгісі болып табылады. Бұл адамзатқа қарсы қылмыстардың ауыр екі түрінің бірі саналады. ДАИШ лаңкестерінің қылмыстары арқылы Ирактың, әсіресе Мосул қаласының азшылықтары тарих үшін қайталанып отыр.

БҰҰ 2015 жылдың аяғында жариялаған есебінде осы тақырыпқа тоқталып: «ДАИШ Ирактағы ұлттық және діни азшылықтарға қарсы көптеген қылмыстық әрекет жасады. Соның қатарына  өлтіру, физикалық және жыныстық азаптау, талан-тараж, мүлікті, діни немесе мәдени маңыздылыққа ие ғимараттарды қирату, мәжбүрлі түрде дінді өзгерту, адамның бастапқы қажеттіліктеріне қолжетімділікті жою жатады» деп мәлімдеді. Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша,  ДАИШ лаңкестері Мосулға кірген алғашқы айларда осы қаланың христиандарының үйлеріне «н» әрпімен белгі салып, оларды ДАИШ мүлкі деп жариялаған. «Н» әрпі «насери» немесе «христиан» деген мағынаны білдірген. Үйлерге белгі қоймас бұрын ДАИШ мәлімдеме таратып, христиандар не өтемақы төлеуі тиіс, не қаладан кетуі қажет, болмаса дарға асылады деген. Шиіттердің үйлері де «р» әрпімен белгіленген еді. Бұл «рафези»-«еретик»  деген мағынаны білдіреді.

Мосулдың басқа азшылықтарынан көбірек ДАИШ лаңкестері қылмыстарына душар болған топтардың бірі – осы қала мен оның атырабында тұратын изадилер. Мосулға жақын жерде және Санжар, Махмур мен Талафар аудандарында тұратын изадилер Мосул мен жалпы Иракта басқа азшылықтар азырақ куә болған қылмысты бастан өткерді. ДАИШ-тың изадилерге шүйлігуінің басты себебі мынада: ДАИШ лаңкестері изадилік күрд азшылығын шайтанға табынушы деп санайды.  Мұндай жағдайда  изадилер сенім тұрғысынан христиандарға жақынырақ, тіпті өздерінің изадилік жетекшілерін «дуасин» деп атайды. «Дуасин» «диосис» деген сөзден шыққан. Бұл сөз шығыс христиан шіркеуінің көне сенімдерінен туындаған. Сондықтан осы топтың көптеген сенімдері христиандыққа жақын.

Мосулда ДАИШ-тың изадилерді қырып-жоюы

ДАИШ лаңкестері Мосул қаласы мен оның атырабын жаулап алғаннан кейін  мыңдаған изадиді өлтірді немесе ұрлады. БҰҰ ДАИШ-тың бұл әрекетін «геноцид» деп атады.  Санжар мен Мосулды азат ету амалдары барысында көптеген ұжымдық көрлер табылды.  29 ұжымдық көр табылғанымен, олардың саны 40-қа жетеді деп болжанады. ДАИШ лаңкестері изадилерді өлтірген соң бульдозермен мәйіттердің үстіне топырақ немесе қиыршық тас төгіп, көрлерді жасырған.

ДАИШ лаңкестерінің изадилерге  қарсы жасаған қылмыстары салдарынан Нейнава облысындағы осы азшылықтың ондаған мың адамы босып кетіп, Санжар қаласының маңындағы тауларды паналаған. Бұл тауларда қиын өткелдер болумен қатар, ауыз су мен азық-түлік табылмайды. Күннің ыстықтығы да изадилердің ауыр жағдайын одан ары қиындата түсті.  Қаза болған изадилер жайлы нақты дерек болмаса да, олардың көбінің шөл мен аптап ыстық және аштықтан апатты жағдайда жан тәсілім еткені анық.

Санжарда ұжымдық көр табылды

ДАИШ лаңкестері изадилік әйелдер мен қыздардың көбін құлдыққа алып, олардың көбін жасырын түрмелерде қамауда ұстаған.  Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауы бойынша, ДАИШ-тың түрмелерінде қамалғандар өте ауыр жағдайда жатыр. Оларды өте қиын тағдыр күтіп тұр. Кейбіреулері күң ретінде сатылады. ДАИШ лаңкестері өздерінің жасырын түрмелерінде әйелдерді зорлап, жыныстық тұрғыдан құлдыққа салады. ДАИШ-тың зындандарынан қаша алған  кейбір әйелдер ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында «Мосулдың түрмелерінде ДАИШ тарапынан қамауға алынған әйелдер мен қыздардың екі таңдау жолы бар: олар не ДАИШ-тың мүшелеріне құл ретінде сатылады, не ДАИШ-тың түрмелерінде күн сайын ең сорақы түрде зорланады. Бұл оларды біртіндеп өлтірумен бірдей. ДАИШ лаңкестерінің жыныстық талабына қарсылық білдірген әйелдер азапталып, өлтіріледі» дейді.

ДАИШ-тың қолындағы изадилік қыздар

Мына мәселеге көңіл аудару қажет: ДАИШ лаңкестерінің қылмыстары тек азшылыққа ғана қатысты болған жоқ. олардың бұйрықтары мен талаптарына көнбеген сүнниттер де азшылықтардай жазаға тартылып отырған.