Иран Ислам революциясы – теңдессіз революция (4)
(last modified Mon, 13 Feb 2017 10:23:04 GMT )
Ақп 13, 2017 16:23 Asia/Almaty
  • Иран Ислам революциясы – теңдессіз революция (4)

Бұл бағдарламада Иран халқының тарихи талаптарының, сондай-ақ әлемнің жапа шеккен халықтарының армандарының бірі болған, Иран халқының исламдық революциясында толықтай жүзеге асырылған тәуелсіздік арманы туралы баяндаймыз.

Ислам революциясы – теңдессіз революция

Ислам революциясының арман-мақсаттары көп еді, алайда тәуелсіздік пен азаттық халықтың 1979 жылы Ислам революциясының жеңісімен аяқталған жылдарындағы наразылық жиындарының көбінде айтылған ең маңызды ұрандар болды. «Тәуелсіздік» пен «азаттық» Иран халқының талап-тілектерінің негізгі бастауы ретінде Иранның қазіргі заман тарихының тұңғиығы мен халықтың ұлттық және діни  құндылықтарынан тамырланған, сол заманда жапа шегіп, бодан болған ұлттардың көбінің саяси ой-пікірі, сөздері мен істерінде де жоғары орынға ие болған. Иран халқы бірауыздан кесімді түрде ислам  революциясының жеңіске жетуі үшін  жанпидалық жасап жатқан шақта әлемдегі азаттықты сүюшілердің көбі, ішкі билеушілердің озбырлығы мен отаршыл елдердің  үстемдігінен шаршаған ұлттар өз елдерінің азаттық пен тәуелсіздік алуын аңсаған еді.

Тәуелсіздік талап ету азаттық талап етумен бірге Иран халқының ислам революциясы жолындағы негізгі ұрандардың бірі болды. Алайда тарихи тұрғыдан Иранда осы екі құндылыққа қол жеткізу үшін талпыныс ислам революциясынан бір ғасыр бұрын да жасалған. 19 ғасырдың соңғы жылдарында Иранда «Машрутият» (конституциялық) революциясы» жеңіске жетті. Бұл революцияда тәуелсіздік, азаттық пен әлеуметтік әділет деген мақсаттарға жету оның басты әрі өзекті принциптерінің бірі болды. Сол заманда екі держава – патшалық Ресей мен Англия Иранның ішкі істеріне тікелей араласып отырған. Иран үкіметінің әлсіздігі салдарынан мемлекет басшыларының олармен қарсыласуға қауқары болмаған. Алайда біртіндеп, осы екі елдің саяси-экономикалық тұрғыдан ұпай алу бағытындағы ұмтылыстары артып, халықтың сезіміне қозғау салынып, қоғамда наразылық пайда болды. Халықтың озбыр билеушілер мен шетелдік отаршылдарға қарсы қозғалысы осы заманнан басталып, ислам революциясында өзінің шарықтау шегіне жетті.

Иранның «Машрутият» революцисы мен ислам революциясындағы тәуелсіздік талап ету көрінісі

Иранның ішкі ісіне араласушылық пен халыққа зорлық-зомбылық жасалғанын көрсететін маңызды дәлелдердің бірі Ресей үкіметінің Иран үкіметіне сорақы келісімдерді таңуы болды. Орыстар соғыста Иранды жеңген соң «Гүлстан» және «Түркменшай» келісімдері барысында Иран жерінің көп бөлігін тартып алып, Иран халқына капитуляция құқығын таңды.  Олар, сондай-ақ, Иранның «Машрутият» революциясының құнды мұрасын, яғни Ұлттық Кеңес Мәжілісінің ғимаратын зеңбірекпен атқылап, орыстарға ұпай беруге қарсы болған Конституция талап етушілерге қатаң қатынас көрсетті. Иранның байлығын жаулап алуда орыстармен бәсекелескен ағылшындар да «Машрутият» революциясын жеңіліске ұшыратуда орыстарға жақтасты, өйткені Иранның «Машрутият» революциясы ұлттық тәуелсіздікті жобалап, көтеру арқылы екі державаның да араласушылығына тосқауыл қоятын еді. Шын мәнінде, халықтың күш-қуатқа ие болып, отаршылдыққа қарсы көтерілгенін  бастан өткерген ағылшындар халықтың күшеюіне қатты алаңдаған. Иран халқы Англияға бағынышты екі елге Иранның темекісін сатуға монополия беруге қарсы шығып, оның алып тасталуына себеп болды. Иранның саудагерлеріне қатты зарар тигізетін артықшылықты басқа елге беру қоғамдық реакциямен бетпе-бет келіп, Иранның қазіргі заман тарихына шетелдік отаршылдықпен күрестің алғашқы парағын тіркеді. 

Аятолла Мирза Ширази мен темекі көтерілісі

Екі держава – Ресей мен Англия Иранның тәуелсіздікті көздеген «Машрутият» революциясымен күресіп қана қойған жоқ, Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыста да Иран үкіметінің бейтараптық жариялағанына қарамастан, оны бұзып, елді жаулап алды. Сонымен қатар, бұл мемлекеттердің соғыс біткеннен кейін Ираннан күштерін шығару туралы міндеттемелеріне қарамастан, Кеңес одағы өзінің күштерін Ираннан шығарудан бас тартып, солтүстіктегі мұнайға ұпай алу үшін үкіметке қысым жасау мақсатында Иранның солтүстігіндегі екі облысты, яғни Әзірбайжан мен Күрдістанды басып алып, автономды үкіметтер құрды. Кеңес одағының қолдауымен солтүстіктегі мұнайға ұпай алу үшін құрылған Әзірбайжан мен Күрдістандағы көтеріліс егемендік пен аумақтық тұтастықты бұзумен қатар, Иранға көптеген шығын келтірді.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң әлемнің әртүрлі жерлерінде отаршылдыққа қарсы азаттық талап етуші қозғалыстардың үлкен толқыны туып, жапа шеккен халықтардың көбіне тәуелсіздік мен өз тағдырын анықтаудың тәтті дәмін татырды. Иран өз тарихында ешуақытта ешбір елдің отарында болмаған, бірақ Иран халқы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары үстемшілдермен күресте алғы шептегілердің бірі болды. Өйткені шетелдік алпауыттар әрдайым Иранның ішкі ісіне араласып, оның құнды қазба байлығын жаулап алуды көздеп келген. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Иранда отаршылдықпен күрес мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысы түрінде жүргізілді.  

Мұнайды мемлекеттендіру қозғалысының  жетекшілері аятолла Кашани мен доктор Моссадеқ

Мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысы Иран халқының Ұлыбританияның 1933 жылғы отаршыл келісіміне қарсы бүкілхалықтық көтерілісі болды.  Ұлыбританияның Иранға таңған осы келісімі бойынша, бұл ел Иранның оңтүстігіндегі кеніштерден мұнай өндіріп, сатуға және түскен табыстың тек 20 пайызын ғана Иранға беруге құқылы болды. Иран халқы 1950 жылдардың басында доктор Мұхаммад Моссадеқ пен аятолла Кашанидің жетекшілігімен осы сұрқия келісімге қарсы көтеріліске шығып, оның заңды күшін жойды. Нәтижесінде Иранның мұнайы мемлекеттендірілді. Бірақ Ұлыбритания Иран үкіметі мен халқына қарсы ешбір саботаждық әрекеттен бас тартпады.  Иран үкіметі мен халқын тізе бүктіру мақсатында халықаралық соттарға шағым айтудан бастап, ауқымды экономикалық санкциялар салуға дейін барды. Алайда халықтың ағылшындардың шектен тыс талап етушіліктеріне қарсылығы  Иранға қарсы жаңа қастандықтың туындауына себеп болды: 1332 жылдың 28 мордадында (1953 жыл) АҚШ пен Ұлыбританияның қолдауымен ескі де жаңа отаршылдарды осы ірі экономикалық көзден жақсырақ әрі көбірек қоректендіру үшін Иранның заңды үкіметіне қарсы төңкеріс орын алды.

1953 жылғы төңкерістен кейінгі жылдары Ұлыбритания мен АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қырғи қабақ соғысы кезіндегі екі полюсті кеңістікте Кеңес одағын Ираннан кетіріп, өзі қалаған үкіметті орналастырып, Иран мұнайының үстіне жайғасқан екі алпауыт ел болды. Бұл төңкерістің орын алуы Иран тарихындағы бетбұрыс нүкте болды. Өйткені Ирандағы тәуелсіздік пен азаттық АҚШ пен Ұлыбританияның қолдауына ие Мұхаммадреза шахтың абсолюттік билігі күшейген кезде жойылды. Бұл дәуірде Иранның мұнайы екі елдің – АҚШ пен Ұлыбританияның арасында бөлінді. Иран Бағдад, содан соң Санто келісімдеріне қосылды. АҚШ пен Ұлыбритания бұл келісімдерді Кеңес одағының ықпалының таралуының алдын алу үшін құрған еді. Бұл жылдары Иран америкалықтардың қысымымен «Ақ революция» деп аталатын реформаларды жасауға мәжбүр болды. Бірақ халықтың көбі мен саяси-діни топтар оған қарсы шықты. Иран АҚШ-тың әскери құрал-жабдықтарын сату нарығы мен осы елдің қару-жарақ жасау өнеркәсібінің қозғаушы күшіне айналды. Шах режимінің САВАК деп аталатын қауіпсіздік ұйымы үкіметтің қарсыластарын басып-жаншу үшін құрылып, нығайып, бір сөзбен айтқанда Иранның тәуелсіздігін бұзды. Америкалықтардың Иранда үстемдік етуінің шарықтау шегі 200 млн долларлық несиенің есесіне үкіметке капитуляцияны қабылдатуға қысым жасау болды. Осы қысым халықтың арасында қатаң реакция тудырды.

Капитуляция

Иран халқының мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіруге бағытталған күресі 1953 жылы америкалық-ағылшын төңкерісіне ұшырады. Соның салдарынан  Иранда Батысқа бағынышты режим билік басына келгенімен бұл қозғалыс әлемнің көптеген жапа шеккен елдеріне шабыт берді. Қосылмау қозғалысы қырғи қабақ соғысы кезінде, екі полюсті кеңістікте Кеңес одағы мен АҚШ бастаған Шығыс пен Батыс блоктарына бағынбай, тәуелсіздікті сақтауды талап еткен елдерден тұрады. Бұл қозғалыс Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кеңістікте Иран халқының Англияға қарсы көтерілісінен әсер алып құрылған. Тіпті 1955 жылы Бандунгта өткен Қосылмау қозғалысының алғашқы саммитында доктор Моссадеқ Шығыс пен Батысқа қосылмауды ұсынған алғашқы адам ретінде еске алынып, мадақталды. Осы тәуелсіздікті талап етуші және отаршылдыққа қарсы толқын, қуанышымызға орай, әлемнің зорлық-зомбылыққа ұшыраған халықтарының көбін қамтып, көптеген қоғамдар өздерін отаршылдықтан құтқара алды.

Ирандағы ислам революциясы екі алпауыт – АҚШ пен Кеңес одағының ортақ қысымының астында Қосылмау қозғалысының жұмысы бәсеңдеп, әлемнің көптеген елдерінде тәуелсіздік пен өз тағдырын анықтауға еш үміт қалмаған жағдайда жеңіске жетті. Мысалы, Чилиде Альенде Орландо Летельердің  халықтық үкіметі америкалықтардың қолдауымен құлатылып, Пиночеттің деспоттық үкіметі нығайып, бекіді. Осы жағдайда Иран халқы аятолла Хомейнидің (р.) жетекшілігімен және илаһи құдіретке иек артып, АҚШ-тың елдің саяси-экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларына араласушылығын тоқтатты. Ислам революциясы тәуелсіздік, Қосылмау қозғалысы мен «Шығыс та емес, Батыс та емес» үндеуіне беріктіктің жаршысы болды. Имам Хомейни (р.) тәуелсіздік пен Қосылмау қозғалысы  туралы сөйлеп, іс жүзінде жасырын түрде екі алпауыттың біріне иек артатын үшінші әлем елдері басшыларының көбіне керісінше, ашық та кесімді түрде тәуелсіздік жайында мәлімдеп, іс жүзінде де соған беріктігін сақтады.

Иран Ислам революциясы

Сол замандағы саясаткерлер мен сарапшылар Ислам революциясының жеңісінен кейін де Иранның Батыспен, әсіресе АҚШ-пен байланысы бұрынғыдай сақталынады, немесе, егер Иран АҚШ-тың достары шеңберінен шықса, Кеңес одағына қол созады деп ойлады. Бірақ имам Хомейни (р.) АҚШ пен Батыстың Ирандағы үстемшілдігін теріске шығарып қана қоймай, сол заманда Иранда база орналастыруға құштар болған Кеңес одағының араласушылығына да қарсы тұрды. Имам америкалықтарды сынап, АҚШ-тың Иранның ішкі ісіне араласуының қалай алдын алса, Кеңес одағына да солай қарсы тұрып, оған елдің ісіне араласуға рұқсат бермеді. Осы саясаттың айқын мысалы ретінде имам Хомейнидің (р.) Кеңес одағының Ауғанстанға шабуылын айыптағанын айтуға болады. Имам Хомейни (р.) Ауғанстанға шабуыл жасағанына байланысты Кеңес одағына ашық түрде қарсы позиция білдіріп, оған Шығыс пен Батыс отаршылдығының ешқандай айырмашылығының жоқтығын, екеуіне де қарсылығын дәлелдеп, тәуелсіздік нығметін Иран халқына ғана емес, ислам елдерінің барлық жапа шеккен халықтарына тіледі.

Имам Хомейни (р.)

Ислам революциясы Иран халқына тәуелсіздік нығметін сыйлады. Ислам республикасы Ислам революциясы жеңісінен 40 жылға жуық уақыт бойы осы ұлы нығметті қорғап келеді. Әлемдегі зорлықшыл елдердің Иранмен дұшпандығының ең маңызды себептерінің бірі осы жылдар барысында Иранның өз тәуелсіздігін сақтауға табандылығы болып табылады. Иран қаншама қан төгіп, бір ғасырдан астам уақыт бойы тауқымет көріп, қол жеткізген осы қымбат қазынадан оңайлықпен айырылғысы келмейді. Тәуелсіздікке қол жеткізудің Иран халқына көп шығын әкелгені сияқты оны сақтап-қорғап қалуға да көп шығын кететін болады. ИИР-на қарсы әлемде жүргізіліп жатқан саяси қысымдар, экономикалық санкциялар мен ақпараттық шабуылдар Иран халқының тәуелсіздікті сақтап қалу үшін төлеп жатқан құны болып отыр.  

Тегтер