Ислам революциясы – теңдессіз революция (5)
Бұл бағдарламада Ислам революциясының арман-мақсаттары мен ИИР жүйесіндегі бостандық ұғымының орны жайлы сөз қозғаймыз.
Өткен бағдарламада Ислам революциясының арман-мақсаттарындағы тәуелсіздік ұғымының орнына тоқталдық. Иран халқы ИИР жүйесі орнағаннан кейін тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып, енді оны қайткен күнде де қолдан шығармайды. Сонымен қатар Иран халқының күрестері барысында тәуелсіздік пен бостандық қатар талап етілген. Иран халқы бөгделердің араласуына қаншалықты сезімтал болса, бостандықты қамтамасыз етуге және ішкі тираниямен күресуге соншалықты алаңдайды. Осылайша ислам революциясы Иранда тәуелсіздік пен бостандықтың көрініс тапқан сахнасына айналды. Бүгінгі бағдарламаның жалғасында бостандық тақырыбына тоқталамыз.
Иран ислам революциясы Мұхаммад Реза шахтың зұлымдыққа толы деспоттық жүйесіне қарсы шыққан халықтың жаппай көтерілісі болды. Бұл 2500 жылдан астам тарихы бар монархиялық жүйені құлатып, Иранда алғаш рет республикалық жүйе орнатқан революция болды. Республикалық жүйені қабылдау халықтың биік те маңызды рөлін мойындау, сондай-ақ, барлық ирандықтар үшін бостандықтың кепілі болды.
Бір қызығы, көтерілістің діни болмысына байланысты одан туындаған жүйе мен идеологиялық ұғымдар да толығымен діни сипатта болды. Соған сәйкес бостандық та қисын мен діни тағылымдарға негізделген. Осы тұрғыдан ислам 1979 жылғы революцияның идеологиясы ретінде бостандықты ең биік адамгершілік құндылықтарының бірі санайды. Барлық адамзат қоғамдарындағы даму мен кемелдену онсыз мүмкін емес.
Ислам мектебі мен ислам революциясының дискурсы либерализм мен социализм сияқты идеологиялық және философиялық мектептерге керісінше бостандықты адамзаттың дамуы мен кемелденуі үшін берілген илаһи нығмет санайды. Сол себепті бостандықтың басқа өлшемдері мен сипаттамаларымен қатар, рухани азаттықты адамның ішкі дүниесін сараңдық, құмарлық, ашу-ыза мен шектен тыс талап етушіліктен құтылу факторы ретінде қарастырады. Ислам республикасының жүйесінде бостандықты қолдану аясында әрдайым адамдардың дамуы мен кемелдену мәселесі қарастырылады. Алайда бостандық тек әлеуметтік өмірге ғана қатысты емес, керісінше адамдардың ақыретте қайта тірілуі үшін қажетті шарттардың бірі саналады, сондықтан оның орындалуы мен қолданылуына қатысты жауапкершілік белгіленген. Бұл көзқарас бойынша, адамдар бостандық нығметін пайдалана алады, алайда олардың өздерінің, Алла мен қоғамның, тіпті болашақ ұрпақтың алдында жауапкершілігі бар.
Ислам революциясының дискурсы принциптерінің бірі – тәуелсіздік пен бостандықты бірге туған, бірге қолданылатын және бөлуге келмейтін ұғымдар ретінде қарастыру. Бұл принцип мынадай тарихи тәжірибенің нәтижесінде қалыптасқан: егер бір елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қатер төніп, бөгделердің бір қоғамның саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларына үстемдік жасауына жағдай жасалып, соның салдарынан шетелдік қысым артып, бағынышты үкімет құрылса, халықтың бостандығы жойылады. Бір үкімет бүкілхалықтық қолдауға ие болған кезде ғана бөгделердің құдіреті мен ықпалына қарсы тұра алады. Қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтары азаттық нығметіне бөленіп, ұлттық сеніміне ие болған кезде ғана нәтиже береді.
Ислам революциясы дискурсында қауіпсіздік пен бостандықтың арасында тепе-теңдік орнатылған. Тарихи зерттеулер көрсеткендей, көп жағдайларда үкіметтер қауіпсіздікті сақтау сылтауымен халықтың бостандықтарын шектеген немесе кейбір қарсылас топтар бостандықты қолдану сылтауымен елдің қауіпсіздігін қатерге ұшыратқан. Бірақ ислам республикасының жүйесінде үкімет тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау сылтауымен халықтың бостандығын шектеуге жол бермейді. Тіпті дағдарысты және төтенше жағдайда да уақытша және арнайы шектеулерді Ислам Кеңесі Мәжілісінің депутаттарынан рұқсат алып барып қана қолданады. Мысалы, егер сайлау және сайлану құқығын сайлау барысында көрініс табатын саяси бостандықтардың бірі деп қабылдасақ, таңылған соғыс кезіне тоқталуға болады: өте ауыр да дағдарысты жағдайда Иранда сайлау тоқтатылмай, халықтың сайлау және сайлану құқығына шектеу қойылған жоқ.
Ислам революциясының дискурсынан шабыт алған ИИР-ның Конституциясы бостандықты өзінің барлық салаларында кепілдендіреді. Бұл заң ой-пікір бостандығын ресми түрде танып: «Ой-пікірлерді тексеруге тыйым салынған. Ешбір адамға тек оның ой-пікіріне байланысты тіл тигізілмейді»,-деп тікелей айтылған. Ирандағы ой-пікір бостандығының ең маңызды көріністерінің бірі – монотеистік діндерді ұстанушылардың діни және әлеуметтік рәсімдерді орындаудағы еркіндігі. Ислам Иранның ресми діні, ал шиизм ресми мазхабы болып табылса да, Конституцияның принциптері бойынша басқа монотеистік діндерді, соның ішінде зороастризм, иудаизм мен христиандықты ұстанушылар өзінің діни рәсімдерін ерікті түрде орындай алады. Сондықтан бұл азаматтар Ислам Кеңесі Мәжілісінде арнайы үлеске ие. Иранның мұсылман халқының басқа илаһи діндер өкілдерімен әлеуметтік қарым-қатынасы құрмет пен адамгершілік және азаматтық құқықтарды сақтауға негізделген. Бұл іс олардың арасында достықтың нығаюына себеп болды. Тіпті Ирактың Иранға шабуылы сияқты көптеген оқиғаларда олар Иран халқының басқа топтары сияқты жұмылып, елді қорғады.
Сөз бостандығы – Ирандағы бостандықтың маңызды қырларының бірі. Бұл да Ислам революциясның дискурсынан бастау алады.
Исламға дейінгі жылдарда деспоттық монархиялық жүйенің орнауына байланысты сөз бостандығының ең маңызды дәлелі ретіндегі БАҚ-қа көптеген шектеулер қойылған, алайда ислам революциясы жеңіске жеткен соң Иранның БАҚ-ы сапа және сан тұрғысынан айтарлықтай дамыды. Соңғы онжылдықта одан ары дамыған ақпарат құралдары азаматтық қоғамның күзетшісіндей үкіметке бақылау жасап, жақсылыққа үндеп, жамандықтан жирендіру принципі аясында үкіметті еркін сынайды. ИИР Конституциясында да бұл нақты айтылған. Басылымдар мен ақпарат құралдары тақырыптарды баяндауда ерікті, тек исламның негіздері мен қоғамдық құқықтарды бұзбаса болғаны. Иранда басқа дамыған елдердегі сияқты ақпараттық заңбұзушылықтарды қарастыру жиналыстары алқабилердің қатысуымен өтеді.
Қазіргі таңда елдің саяси-әлеуметтік кеңістігінде жүздеген басылымдар, ақпараттық агенттіктер, ақпараттық және сараптамалық сайттар жұмыс істейді. Иран халқы оңай және ауқымды түрде әлеуметтік желілер мен виртуалды кеңістікке тіркеледі.
Барлық дамыған елдерде саяси және азаматтық партиялар мен қоғамдарды құру демократияны ілгерілетуші тетік ретінде саяси бостандықтың маңызды көріністерінің бірі саналады. Иранда да саяси партиялар мен қоғамдар құру мен ерікті түрде жұмыс істеу бостандығы тәуелсіздік, аумақтық біртұтастық пен жүйенің шеңберлерінен шықпау шартымен ресми түрде танылған. Осы топтар мен саяси партиялардың заңға сәйкес басқосулар мен шерулер өткізетін құқығы бар, тек қару ұстап шықпауы керек және олардың белсенділіктері исламның заңдарын бұзбауы тиіс. Осындай жағдайда Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейінгі жылдарда деспоттық жүйе саяси партияларға саяси жұмыстар атқаруға рұқсат бермей, саяси топтардың басшыларын түрмеге қамады.
Саяси белсенділік құқығы да Ислам революциясының дискурсындағы бостандықтың көріністерінің бірі. Ислам революциясынан қырық жылға жуық уақыт өтті. Осы жылдар барысында орташа есеппен алғанда жыл сайын Иранда бір сайлау өткізіліп тұрды. Тіпті соғыс кезеңдері сияқты ауыр да дағдарысты жағдайда және Иран қалалары дұшпанның ұшақтары тарапынан бомбаланған күндерде де Иранда сайлаулар тоқтатылмады. Ислам революциясының дискурсы бойынша барлық азаматтар – діні, тілі, ұлты мен саяси талғамына қарамастан, тең құқыққа ие және ерікті түрде сайлау мен сайлану үдерісіне қатысады. Иранда биліктің барлық тетіктері – жетекшіден бастап Президент, Ислам Кеңесі Мәжілісінің өкілдері, кеңестер, Эксперттер кеңесінің өкілдеріне дейін барлығы тікелей және жанама түрде халық тарапынан сайланады.
Әлеуметтік бостандықтар мен азаматтардың құқығын сақтау да Ислам революциясының дискурсындағы бостандықтардың бір көрінісі болып табылады. Ислам дінінің тағылымдарына сәйкес, тіл, этнос пен ұлт азаматтардың арасындағы айырмашылық пен кемсітушілік болып саналмайды. Ирандағы әлеуметтік мәдениеттер негізінде адамдар тең әрі әділ құқыққа ие. ИИР Конституциясы елдің мәдени алуандығына құрметпен қарап, барлық діни және тайпалық азшылықтарға топтық және жергілікті басылымдар мен ақпарат құралдарында өздерінің жергілікті және ұлттық тілін пайдалануға рұқсат берген. Тіпті бұл тілдер елдің ресми тілі ретіндегі парсы тілімен қоса, өз аймақтарындағы мектептерде оқытылады.