ДАИШ-тің бақылауынан босатылғаннан кейінгі Мосул: шетелдік ойыншылардың ұстанымы
ДАИШ лаңкестері 2014-ші жылдың маусым айынан бастап Иракқа кіріп, бұл елдің көптеген аймақтарын басып алды. Лаңкестер Иракқа шабуыл жасаған кезде бұл елдің саяси сахнасы саяси топтардың жаңа Премьер-министрді тағайындауға қатысты қайшылықтарының куәсі болды. Ирактағы саяси дағдарысқа себеп болған дәл осы мәселе ДАИШ-тың Ирактың көптеген аймақтары мен қалаларын басып алуы үшін жағдай тудырды.
ДАИШ Иракқа аяқ басқан бір жылдың ішінде бұл елдің террриториялық тұтастығына қауіп-қатер төндірген лаңкестік құбылысқа қарсы жеткілікті түрде күрес жүргізілмеді. 2015-ші жылдың екінші жартысында ДАИШ лаңкестерімен күресу саласында іс-әрекет жасалды, бірақ негізгі әрі шынайы күрестің жобалары 2016-шы жылдың басынан басталып, жылдың екінші жартысында әл-Анбар облысын азат ету әрекетіне ұласты. Ирактағы ДАИШ лаңкестерімен күресудің ең маңызды бөлімі ретінде 2016-шы жылдың қазан айының 17-інде Ирактың Премьер-министрі Хейдар әл-Абадидің бұйрығымен басталып, 2017-ші жылдың ақпан айының 17-інде бесінші айға аяқ басқан Мосулды азат ету әрекеттері саналады. Мосулды азат ету операциясының ұзаққа созылуының әртүрлі дәлелдері бар. Алайда олардың ішінде ең маңызды мәселелердің бірі ДАИШ-тен босатылған Мосулды басқару мәселесі болып табылады. Өйткені жергілікті және шетелдік ойыншылардың бұл тақырыпқа қатысты өз ойларын байқауға болады. Дәл осы мәселе Ирактың қазіргі кеңістігінің шиелінісуіне жеткізді. Мосулды лаңкестерден босату операциясының соңғы кезеңінде Бағдаттағы Мұқтада Садрдің жақтастары шеруге шығып, Ирак үкіметін лаңкестік дағдарысымен бірге саяси-қоғамдық наразылық дағдарысына тіреді. Әрине, Ирактағы ДАИШ үкіметінің құрылуын тоқтататын Мосул операциясы шетелдік және жергілікті ойыншылар үшін Садр жақтастарының наразылықтарынан маңыздырақ екендігі айқын. Өйткені, ДАИШ-тен босатылған Мосулды басқаратын үлгі бүкіл Иракқа таралады. Осыған орай Мосулды азат етуді Ирактағы ДАИШ-тің өмірін тоқтату емес, Ирактағы ДАИШ үкіметінің құрылуын аяқтау деп атауға болады. Сарапшылардың пікірінше ДАИШ Мосул босаған соң әлсірегенімен, жойылмайды. АҚШ – Мосулды азат етуге қатысып отырған трансөңірлік субъект. АҚШ 2003-ші жылы Саддам жүйесіне қарсы шабуыл жасап, Иракқа кірді. Бірақ Нури Малеки үкіметінің қарсылығымен 2011-ші жылдың соңында Ирактан шығуға мәжбүр болды. Бұл мәселе АҚШ-тың мүддесіне сай болмады. Сондықтан Вашингтон Иракқа оралуға сылтау іздеді. 2014-ші жылдың маусым айында ДАИШ-тың пайда болуымен АҚШ үшін сылтау табылды. Осыған орай ДАИШ-тың Иракты басып алуы кейбір ішкі субъектердің сатқындығы және АҚШ-тың үйлестіруімен жүзеге асты деген пікірлер айтылуда. АҚШ-тың Иракқа ықпал етуіне Ирактың саяси-қауіпсіздік саласы басшыларының өзгеруі себеп болды. Америкалықтар Саддам режимін құлатқан соң бұл елдің басшылары, атап айтқанда Джалал Талебани мен Ахмад Чалби сынды адамдарға әсерін тигізуге талпынды, бірақ нәтижеге жетпеді. Енді АҚШ Ирактың бұрынғы басшыларының өлімі немесе қартайып, науқастанып, биліктен кетуіне байланысты 2018-ші жылдағы парламенттік сайлауда билік басына келетін бұл елдің жаңа басышларына ықпал етіп, өз мақсаттарына жетуге үміттенуде. Мосул ДАИШ-тен азат етілгеннен кейін АҚШ бұл қаланы басқару стратегиясында бір жақтан бұл жерде көптеген америкалық күштердің қалуын, басқа жақтан Мосулды басқаруды күрдтерге тапсырып, Нейнава облысының қызметінен босатылған әкімі Асил әл-Наджифиды билік басына қайтарып, Бағдаттың орталық үкіметінде ұпайға ие болуды қарастыруда. ИИР, Түркия мен Сауд Арабиясы – Ирак дағдарысындағы аймақтық үш ойыншы. ИИР-н анық түрде Ирактың территориялық біртұтастығы мен ДАИШ-тен азат етілген Мосулды бұл елдің орталық үкіметіне тапсыруды қалайтын жалғыз шетелдік ойыншы деп атауға болады. Иран Мосулдың билігінің басқа топтарға өтуіне қарсы. Түркия, тіпті Мосулды азат ету операциясы басталмастан бұрын Иракқа кіруге әрекет жасаған мемлекеттердің бірі. Сол себепті Түркия өз әскерін Мосулдың солтүстігіндегі Башика базасында орналастырып, Реджеп Тайып Эрдоған мен Хейдар әл-Абадидің сөз тартыстарына себеп болды. Түркия Ирактағы саяси және экономикалық ықпалын арттыруды көздеп отыр. Бұл мәселе 2005-ші жылы АҚШ-тың рұқсаты және ирактық күрдтердің ынтымақтастығымен іске асырыла басталды. Түркия Тилафирдегі ұлтаралық қайшылықтарға назар аудартып, түркімендердің құқықтарын қолдау туралы уәж айтып, сонымен бірге Мосулдың сүнниттерін қорғау мәселесін көтеріп, әл-Хашад әш-Шааби күштерін лаңкестік күш деп атап, Ирактағы өз мүдделеріне жетпек. Ирактық күштер Башикені қоршауға алған соң Түркия ешбір әрекет жасай алмады. Эрдоғанның қоқан-лоққылары да іске аспады. Бірақ түріктердің уәждері олардың Ненйнаваның билігін сүннит арабтарға тапсырғысы келетінін көрсетеді. Басқаша айтқанда, Анкара Мосулдың Түркияға жақын жергілікті күштер тарапынан басқарылуын мақсат етуде. Сауд Арабиясы Мосулды азат ету әрекеттеріне тікелей қатыспағанымен, әрқашан Ирактағы өзгерістерге ерекше назар аударуда. Сауд Арабиясы Ирактың билігіне шиіттер келгеннен бері оларға шектеу қою үшін өзінің бүкіл мүмкіндіктерін пайдалануға талпынуда. Саудиялықтар екінші премьер-министрлік кезеңде Нури Малекидің сеніміне ие болып, ирактық күрдтерді шиіттермен коалиция құрмауға итермелеп, өз мақсаттарына жетпек. Иракта Сауд Арабиясының елшілігі, Ирактың Күрдістанында консулдығы ашылған соң Сауд Арабиясы үшін әрекет ету жеңілдеді. Сауд Арабиясы Ирактың батыс обылыстарында көбірек ықпал етіп, өткен жылдары Асил әл-Наджифи мен Рафе әл-Ясави сынды кейбір жергілікті саяси басшылардың мүмкіндіктерін Нейнава мен әл-Анбардағы өздерінің рөлін арттыруға пайдаланды. Сауд режимі Түркия үкіметі сынды Нейнава облысының билігін сүннит арабтарға тапсырғысы келеді. Егер шетелдік ойыншылар, әсіресе АҚШ, Түркия мен Сауд Арабиясы Ирактың ішкі істеріне араласпағанда Мосулды ДАИШ-тен тазалау операциясы ендігі аяқталатын еді. Болжамдар бойынша Мосулды ДАИШ лаңкестерінен азат ету операциясының аяқталуымен Иракта басқа мәселе, атап айтқанда ДАИШ-тен босаған Мосулды қалай басқару және АҚШ, Түркия мен Сауд Арабиясының шынайы араласуына қатысты проблемалар басталады.