Халықаралық экономикалық жүйедегі неолиберализм мен протекционистік саясаттардың талас-тартысы
Британдықтардың брекситке оң дауыс беруі және америкалықтардың Дональд Трампты сайлауы халықаралық экономикалық жүйедегі неолибералистік идеологияның үстемдігін түйткілге ұшыратты. Ондаған жылдар бойы неолибералистік тәсілдер әлемнің ірі экономикалық алпауыттарын біріктірген болатын. Алайда қазіргі таңда әлемнің экономикасы үлкен сынақтың алдында тұр.
Бұл елдер бұрынғыдай неолиберализмнің теориялық және практикалық шеңберлерінің аясын сақтай ала ма немесе ақырында протекционистік экономикалық алпауыттардың шабуылына мойынұсына ма?
Экономикалық неолиберализм тәсілі ұзақ жылдар бойы көптеген елдердің ұлттық экономикалары мен халықаралық экономика жүйесіне бағыт беріп отырған. Шығыс блогы құлап, кеңестік үлгідегі социализмнің тиімсіздігі дәлелденген соң неолиберализм идеясын жақтаушылар өз көзқарастарын әлемдік деңгейде одан ары таратуда еркінірек әрекет ете бастады. Бұл тәсілде классикалық капитализмнің шарттары, соның ішінде жеке меншік құқығын сақтау, экономикалық істерге тепе-теңдік беретін белгісіз қолды түсіндіру, сонымен қатар еркін сауданы баса айтумен қоса, әлеуметтік қажеттіліктерге байланысты жаңа ұғымдар мен жаңа талаптарға жауап беру мәселесі көтерілді. Мысалы, неолиберализмнің идеологиясы бойынша үкіметке осал топтардың минималды қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған әкімшілік істерді атқару рөлі белгіленген. Немесе неолибералистер өздерінің алдындағылардан көбірек ұлттық үкіметтерге көзжұмбайлықпен қарауды баса айтты. Осы топтың көзқарасы бойынша, елдердің арасындағы саяси, географиялық және мәдени шекаралар халықтар арасындағы еркін сауда үдерісінде тежегіш фактор саналады. Сондықтан осы тұрғыдан көзжұмбайлық жасалуы керек. Мұндай идеялар ақырында өткен ғасырдың соңғы жиырма жылында жаһандану құбылысының пайда болуына әкеліп соқтырды. Жаһандану неолиберализмнен туындап, халықаралық деңгейдегі осы экономикалық қатынастың дем берушісі болды деп айтуға болады.
Бұған қарамастан, уақыт өте келе неолиберализм көптеген кедергілерге ұшырап, көп жағдайда өзінің тиімсіздігін көрсетті. Бұл қатынастың қиындықтары және оның ең үлкен үлгісі – жаһандану, алдымен дамымаған елдерде, содан соң даму үстіндегі елдерде көрініс тауып, ағымдағы ғасырдың екінші онжылдығынан бастап кейбір дамыған елдерді де қамтыды. Мысалы, еркін бәсекелестік принципін баса айту ақырында экономикада монополияның туындауына себеп болып, дамыған елдер мен даму үстіндегі елдер арасындағы да табыс айырмашылығы артты. Неолибералистер экономиканы жандандырып, пайдалы жұмыстар коэффициентін арттыру және еркін сауданың әртүрлі кедергілерін жою мақсатында географиялық шекаралардан бастап сауда тарифтеріне дейін қарастыруды назарға алды. Осы аяда экономикалық шекаралар мен аймақтық және халықаралық деңгейдегі еркін сауда келісімдері қарқындай түсті. Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуроодақ, НАФТА (Еркін сауда туралы Солтүстік Америка келісімі ) және басқа да осыған ұқсас ондаған келісімдер сияқты құрылымдардың арқасында материалдық және адам капиталдары бұрын-соңды болмаған серпінділік қабілетіне ие болды. Тіпті жүздеген миллиард долларды құрайтын капитал және жүздеген миллион адам оңайлықпен дүниенің бір жағынан екінші жағына тасымалданды. Біраз уақыт бойы дамыған елдердің ұлттық мүдделерін қамтамасыз еткен бұл қабілет біртіндеп өзінің қиындықтары мен тиімсіздігін көрсетті. 2008 жылғы қаржы дағдарысының әсерінен қатты жаһанданған экономика қорқынышты шокқа ұшырады. Сол кезде капиталдар жылыстап, қаржы нарықтары тербеліске түсіп, жұмыссыздық, заңсыз миграциялар мен қауіпсіздік қатерлері сияқты құбылыстар бүкіл әлемге таралды.
Неолибералистік көзқарастардағы әсірешілдіктерге реакцияда протекционистік асыра кемсітушіліктер пайда болды. Осы қатынаста капиталистік ой-пікірлер шеңберінде елдердің ұлттық күш-қабілетін сақтау принципі қалыптасты. Басқа сөзбен айтқанда, қазіргі таңда әлем елдерінің көбін өзіне тартқан протекционистік саясаттардың теория бойынша капитализммен, тіпті неолиберализммен түбегейлі қайшылығы жоқ. Бұған қарамастан, протекционистік саясаттарды қорғаушылардың басымдығының неолибералистердің басым бағыттарынан айырмашылығы бар. Мәселен, протекционистер шетелдік бәсекелестердің шабуылдары алдында ұлттық нарықтарды сақтау қажеттігін қуаттап, осы мақсатқа жету үшін сауда тарифтерін қолдану, импорттық үлестерді белгілеу, субсидиялар тарату, ақырында валюталардың тепе-теңдік бағамына әсер ету сияқты құралдарды қолданады. Бұл қатынас осы арқылы экономиканы дамытуға, әсіресе ұлттық өндірісті арттыруға және жұмыссыздықты азайтып, әлемдік деңгейдегі қаржы және адам капиталының қарқынды қозғалысымен күресуге үміт береді.
Осы теориялық тақырыптардың арасынан қазіргі таңда елдердің басым бөлігін қамтыған практикалық тәсілдер пайда болды. Ұлыбритания халқы Еуроодақтың міндеттері аясында экономиканы жаһандандыру қажеттіліктері алдында өзінің отандық нарықтарын сақтау үмітімен өз елінің осы одақтан шығуына дауыс берді. Ұлыбританияда брекситтің жеңісіне алып келген осы ой-пікірлер біраз уақыт өткен соң Атлант мұхитының ар жағында АҚШ-тың президенттік сайлауында Дональд Трамптың жеңісіне әкеліп соқтырды. Жақын болашақта протекционистік идеялар әлемнің басқа бөліктеріне де таралып, Францияда, тіпті Германияда көрініс табады деп болжануда.
Дональд Трамп, Тереза Мэй, Марин Ле Пен сияқты адамдар бастаған протекционистер еркін сауда келісімдеріне қарсы. Олар қаржы мен адам капиталын еркін тасымалдауға шектеу қою қажеттігін қуаттап, басты басымдықты ұлттық өндіріс пен өзінің жұмысшыларына жұмыс орындарын ашуға беріп, еркін нарықтарды реттеуге қол сұғудан да жасқанбайды. Әлем экономикасының кейбір ең құдіретті елдері тарапынан осы тәсілді жалғастыру мен кеңейту басқаларға үлгі болады. Олар осыған ұқсас қатынастарды алға қою арқылы өздерін неолибералистік саясаттардың шабуылынан қауіпсіздендіріп, ұлттық күш-қабілеттерін арттырады. Бұл үдеріс ақырында неолиберализмді шетке ысыра алады.
Сол себепті өткен айларда бірнеше рет неолиберализм тәсілін қорғаушылар әртүрлі саяси-экономикалық және әлеуметтік салалардағы протекционистік саясаттардың жайсыз салдары жайлы ескертті. Пессимистеу кейбіреулер, тіпті әлемде неофашизм қадамының дыбысын естігеннен-ақ ірі алпауыттар арасында бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кездеріндегідей соғыстың орын алатынын хабарлады. Бұған қарамастан, әлемнің саяси-қауіпсіздік және либерал-демократиялық құрылымдары 21 ғасырда фашизм мен бүкіләлемдік соғыстардың қайта пайда болуына жол бермейді. Алайда протекционистік саясаттар әлемдегі саясат пен экономика мен мәдениетке үстемдік ететін болса, өте кішірейген әлемді басқаруға бағытталған әріптестік деңгейінің қатты төмендейтіндігінде күмән жоқ.