Бушер – Иран кітабының үшінші астанасы
Иранның Мәдениет министрілігі мен ЮНЕСКО-ның Ирандағы өкілінің "кітап астанасын" таңдауға арналған үшінші салтанатты рәсімінде х.ж.с.б.1396 жылдағы Иранның кітап астанасы ретінде Бушер қаласы таңдалды.
Иранның кітап астанасы – он бірінші үкімет кезінде қалалар арасында кітап оқу саласында инновациялар енгізуге ынталандыру мақсатында жақында басталған жоба. Алдыңғы екі кезеңде кітап астанасы болу құрметіне Аһваз бен Нишабур қалалары ие болған.
Бұл жобаның ең басты мақсаты әртүрлі қалалардағы мемлекеттік және халықтық институттар мен ұйымдардың кітап саласына байланысты іс-шараларды келісімді түрде жүзеге асыру болып табылады. Егер бір-екі жылмен шектеліп қалмайтын болса, бұл толқын Иранның барлық аймақтары, қалалары мен ауылдарындағы кітап оқу саласының гүлденуіне жеткізеді. Осыған байланысты шамамен үш аптадан кейін, яғни х.ж.с.б.1396 жылдан бастап осыған ұқсас жобаларды іске асыру аясында кітап пен кітап оқу салаларында болып жатқан көптеген өзгерістерге куә болуымызды асыға күтеміз.
"Әлемдік кітап астанасы" – 2001 жылдан бері БҰҰ-ның Білім, Ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) жыл сайын кітап пен кітап оқудың рөлін күшейту мақсатында қосқан үлесі үшін белгілі бір қалаға берілетін құрмет атауы. ЮНЕСКО-ның бұл жобаны жүзеге асырудағы мақсаты кітапқа байланысты түрлі мәдени іс-шаралар өткізу арқылы халықтың оқуға және ізденуге деген ынтасын арттыру болып табылады. Бұл бағдарлама негізінде таңдалған қалаға ешқандай ақшалай сый беру қарастырылмаған, тек кітап пен кітап оқу саласындағы жаңа инновация енгізгені үшін ең үздік бағдарлама немесе жоба ерекше марапатқа ие болады.

Өткен атпада ұйымдастырылған рәсім барысында Иранның оңтүстігінде орналасқан Бушер қаласы үшінші кезеңдегі, яғни 1396 жылдағы Иранның кітап астанасы болып таңдалды. Бушер қаласы Иранның кітап астанасына арналған арнайы бағдарламалар мен іс-шараларды дайындауда жаңа инновацияларды пайдалану, белсенділік пен үйлесімділік танытып, өнеркәсіптік, мәдени мүмкіндіктерін пайдаланғаны үшін Иранның үшінші кітап астанасы болып таңдалды.
Бұл рәсімде Оуз, Заранд және Шаһре Курд қалалары кітап оқу саласын дамытуға қосқан үлестері үшін Бушерден кейінгі жүлделі орындарға ие болды. Ал Шираз қаласы Иранның ең үздік он қаласының қатарынан көрінді.
Сонымен қатар, бұл рәсім барысында кітап оқу саласында кітап сүйер ауылды мекендер ретінде он үздік ауылды мекен анықталды. Фаһлиан, Ходже Джамали, Гориз және Имамазаде Базм кітап оқудың дамуына үлес қосқан ауылды мекендер ретінде танылған. Фарс облысы он үздік қала ішінен Оуз және Шираз қалаларының он үздік ауылды мекен ішінен екі ауылының таңдалуының нәтижесінде бұл рәсімде ерекше көзге түсті.
Осы салтанатты рәсімде кітап сүйер қалалар мен ауылды мекендерге Иранның Мәдениет министрлігі мен ЮНЕСКО ұйымы атынан алғыс грамоталары тапсырылды. Иранның Мәдениет министрі Бушерді асыл тас сынды Иранның өркениетінде жарқырап тұрған "кішкентай Иран" деп атады.
"Иранның кітап астанасы" атты бірінші және екінші фестиваль кезінде Аһваз және Нишабур қалалары Иранның кітап астаналары ретінде таңдалған болатын. Үшінші фестиваль кезінде Нишабур қаласының әкімі Һади Мослеми өткен жылы өз қаласында өткен іс-шаралар жайлы есеп беріп: "Нишабурдың есімі мен нышаны ирандықтардың есінде өткеннен бүгінгі күнге дейін бай мәдени және өнер мұраларымен қалды. Нишабур әлемге де осылайша танылды. Себебі Нишабур қаласы 2010 жылы ЮНЕСКО ұйымының мәдени-рухани мұралары тізіміне тіркелген болатын".- деді.
Мослеми Нишабурдың былтырғы фестивальде Иранның кітап астанасы ретінде таңдалғанына сілтеме жасап: "Әділ қазылар мен мамандардың айтуынша, Нишабурдың Иранның кітап астанасы болып таңдалуына халықтық институттар, азаматтық қоғам және өнеркәсіптік ұйымдардың мемлекеттік және қоғамдық институттармен бірге кітап оқуды дамытуға белсенді түрде қатысуы себеп болды",- деді.
Осы фестивальдің директоры Әли Асғар Сейіт Абади былтырғы Нишабур қаласының табысқа жеткеніне сілтеме жасап: "Биыл Нишабурдағы кітап оқу саласын дамыту аясында өткізілген іс-шараларды бағалау үшін арнайы есеп даярланып, бұл іс-шаралар арнайы бағдарламалар негізінде бағаланды. Есептің нәтижесі бойынша, Нишабур өзінің іс-шараларын сәтті өткізді. Бұл бағалау үдерісінің бір бөлігі кітап астанасының кітап оқу үдерісіне әсері болды. Бұл мақсатта Нишабурдағы кітап тарату орталықтарына кітап тапсырысын беру, кітап көрмелеріндегі кітап сатылымы мен қоғамдық кітапханалардағы кітап абонементтерінің көрсеткіштері бағаланды",- деді.
Сөзінің жалғасында, Сейіт Абади Нишабурдағы кітап сатылымының артқанын айтып: "Мәдени көрмелер өткізу орталығының хабарлауы бойынша, Нишабурдағы кітап көрмесіндегі сатылым көрсеткіші кейбір облыс орталықтарымен тең болған. Нишабурдағы кітап көрмесінің өткізілуі оның кітап астанасы ретінде таңдалуының негізгі себептерінің бірі саналады. Нишабур кітап сатушыларының балалалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптарды кітап тарату орталықтарынан сатып алу 67 пайызға, ал ересектерге арналған кітаптарды сатып алу 21 пайызға артқан. Тарату орталықтарының бұл статистикасы мемлекеттік орталықтар мен кітапханаларды емес, қарапайым халықтық кітап базарын қамтитыны айдан анық. Сонымен қатар, Нишабурдың қоғамдық кітапханаларының статистикасына сәйкес, кітап абонементінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артқан",- деп мәлімдеді.
Бушер – Иранның оңтүстік-батысында орналасқан Бушер облысының орталығы әрі портты қала. Бушер қаласы түбекте орналасқан өзімен аттас облыстың орталығынан орын алған. Оның солтүстік, батыс және оңтүстік бөліктерін Парсы шығанағы сулары шайып жатыр. Бұл теңіз айлағы теңіз деңгейінен 18 метр биіктікте Парсы шығанағының жағалауында орналасқан. Шөлейтті белдемде орналасқан Бушердің ауа-райы жылы болып келеді.
Бушер қаласының атауы тарихи деректерде "Раме Ардешир", "Абушаһр", "Бохте Ардешир", "Лиан" және "Ришаһр" секілді түрлі атауларымен тіркелген. Бушер қаласы тұрғындарының көпшілігі парсы тілінде немесе жергілікті диалекте сөйлейді. Бушер теңіз айлағының экономикасы балық шаруашылығы, атом электр станциясы, кеме жасау, басқа елдерге тауар экспортының арқасында гүлдене түсті.
Бушер қаласының құрылысы сасанилік Ардешир немесе Артаксеркс патшаның билігі кезінде басталған. Кейбір деректерге сәйкес, "Раме Ардешир" атауы уақыт өте келе "Ришаһр" атауына айналған. Ахемени әулетінің билігі кезіндегі Ирандағы ірі өркениеттердің бірі Лиан өркениеті болып табылады. Одан басқа тарихи жазба деректерге сүйенетін болсақ, Парсы шығанағы Сасани әулетінің алғашқы патшалары үшін өте маңызды болған. Бұл теңіз айлағының маңызы оның Бохте Ардешир күре жолы арқылы Казерон мен Ширазбен байланысып, экспорт тауарлары одан ары басқа аймақтарға жеткізіліп отырған.
Қазіргі Бушер қаласының тарихы 300 жылды қамтиды. Бұл қаланың негізі Надер шах Афшардың елдің оңтүстігінен теңіз айлағын салып, теңіз күштерінің құру мақсатында қаланған еді. Надер шахтың қолға алған шараларының арқасында бұл теңіз айлағы өркендеп, Басра теңіз айлағынынң ірі бәсекелесіне айналған болатын.
Бушердің әсем көрінісі ақ, сары және қоңыр түстердің қосындысынан құралған. Ирандық жыл санағы бойынша есфанд айының он сегізі, яғни наурыздың сегізі Бушер күні деп аталады.
Климаты ыстық әрі ылғалды Бушер қаласы литография өнеркәсібі пайда болған алғашқы орталықтардың бірі және кейін мұз жасау мен электр қуатын өндіру өнеркәсібі дамыған қала саналады. Бұл қаланың тұрғындары Иран халқының ішінде басылымдар және журналдармен басқалардан бірінші болып танысқан.
Кітап үйінің өткен жылғы статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 200 мыңнан астам тұрғыны бар Бушер қаласында 13 баспа бар. Бүгінде Бушерде мәдениет сүйер қауым өздерінің жеке қызығушылықтарының арқасында және ерікті түрде өз қаражаттарымен жақсы кітап дүкендерін ашқан. Бұл әрекет халықтың теңдессіз ерекшелігінің көрінісі саналады. Кеден мен атом электр станциясы қызметкерлерінің өмір сүретін және жұмыс жасайтын мекеніне айналған қалада көптеген университеттер мен қаладағы ерекше кеңістіктің болуы, жергілікті тұрғындарының ауқымды бөлігінің сауаттарының жоғарылауына себеп болды. Бұл мәселе Бушердегі кітап пен кітап оқу кеңістігінің дамуы үшін ерекше мүмкіндік саналады.
Кітап сату ісінің кез-келген кәсіп секілді стратегия мен жоспарлауды қажет ететінін ұмытпағанымыз жөн. Нарық пен тұтынушыны танып-білу бұл кәсіптегі негізгі әрі маңызды мәселе саналады. Кітап дүкенін ашудағы алғашқы мақсаттар мен армандар секілді, тұтынушылар немесе оқырмандардың қажеттіліктері мен сұраныстарын да ескеру қажет. Бұл кәсіптің негізгі принциптеріне оқырманды тану, оқырман талғамына көңіл бөлу мен оқырмандарды кітап сатып алуға ынталандару үшін арнайы жоспарлар құру жатады.
Сонымен қатар, Бушер қаласы осы жыл ішінде халықты өзіне қызықтырған туристік қала саналады. Кітап сатушылар мен мәдениет саласындағы жоспар құрушылар мұндай мүмкіндікті қолдан жібермей, осы уақыт аралығында мақсатты жоспарлары арқылы оқырманы көп халықты барынша қызықтыруға талпыныс жасауы керек.