Су - өмірдің қайнар көзі
1992 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның «Қоршаған ортаны қорғау мен даму» атты конференциясында түрлі мемлекеттердің өкілдері 22 наурыз күнін Халықаралық «Су күні» деп атауға келіскен. Барлық елдерден БҰҰ-ның № 21 мәлімдемесін жүзеге асыру аясында бұл күнді халыққа су мәселесіне байланысты үгіт-насихат жүргізуге арнау талап етілді.
Су табиғатты құраушы төрт негізгі элементтердің бірі ретінде мұхиттар, теңіздер, көлдер мен өзендер күйінде қиял-армандар, ертегілер мен өлең-жырларға шабыттандырудың қайнар көзі болған. Түрлі зерттеулерге сәйкес, ұлы өркениет ошақтары әрдайым мол су қоры бар жерлерде пайда болған. Рим империясы, Мысыр және Иран өркениеттері үлкен өзендердің бойында орналасқан. Су әрқашан ұлттардың мәдениетінде үлкен маңызға ие болған. Мысал ретінде ирандықтар арасындағы судың қадірі мен құндылығына сілтеме жасауға болады. Бұрын ирандықтар жыл сайын х.ж.с.б есфанд айының он үшінші жұлдызын «Сулардың Наурызы» деп атап, бұлақтар мен өзендердің басына барып, суды қорғау мақсатында арнайы рәсімдер өткізіп, суларға раушан гүлінің суы «голаб» шашып, себетін болған.

Су әртүрлі діндер мен мазхабтарда маңызды рөлге ие. Барлық діндер судың өмірдің негізі мен гүлденудің қайнар көзі екендігін бірауыздан мойындап отыр. Мәселен, мұсылмандардың қасиетті кітабы, Құран Кәрімде су терең мағынаға ие. Құдай Құранның көптеген аяттарында адамдарға су жайлы ойланып, осы ұлы нығметке шүкіршілік етуді айтқан. Осы аяттарға сәйкес, су өмір сыйлайтын, өмірді сақтаушы, адам баласы мен жерді тазалайтын Құдайдың нығметі саналады. Әсіресе, Құранның көптеген аяттарында судың өмір сыйлайтын қасиетіне сілтеме жасалған. Мысалы, «Фурқан» сүресінің 48-49 аяттарында: «Құдай суды бұлттар арқылы төменге жіберді, сол арқылы өлімінен кейін жерге қайтадан өмір сыйлады»,- деп жазылған. Сондықтан, қасиетті Құран Кәрімнің аяттары бойынша, су тек өмір ғана сыйлап қоймайды. Әрбір өмірдің негізі су болып табылады. Құранда су Құдайдың адамнан кейінгі ең құнды жаратылысы саналады.
Жер шарындағы адамдардың саны халықтың қазіргі санының жартысынан аз болған кезде адамдар суды сарқылмас ресурс деп есептеген. Себебі, ол кезде адамдар азырақ хлор тұтынып, азырақ ет жеп және азық-түлік өнімдерін өндіруге азырақ су мөлшерін тұтынатын. Алайда, қазір әлемде жеті миллиардтан астам адам өмір сүреді. Олардың өнідіріс, қалалық істер және ауыл шаруашылығы салаларындағы су үшін бәсекелестігі артқан. Мұнымен қатар, тұщы су ресустарының мөлшері де азайған. Себебі, климаттың өзгеруі табиғи мұздықтардың еріп, өзен ағынының азайып, көлдердің тартылуына соқтырды. Жер асты суларының қорлары шамадан тыс мөлшерде пайдаланылатындықтан, енді олар жақын арада тола қоймайды.
Соңғы жылдары су тапшылығы мен оның ластану мәселесінің маңызының артқаны соншалықты, Дүниежүзілік экономикалық форум су тапшылығынан туындайтын қатерді әлемдегі үшінші үлкен қауіп деп жариялады. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдайды назарға алсақ, 2050 жылға дейін бүкіл әлемдегі мемлекеттердің жартысы өздерін ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты су тапшылығына тап болады. Су мөлшерінің азаю мәселесі салдарынан көптеген мамандар мақал-мәтелдердегі от пен жалындарды сөндіруге арналған су ұлттар мен халықтар арасында соғыс отын тұтандырады деген пікір айтып отыр.
15 жыл бұрын Дүниежүзілік банк төрағасының уақытша орынбасары мысырлық Исмаил Сарагалдин осы тақырыпқа байланысты болжам айтып: "21 ғасырда орын алатын соғыстар мұнай мен жерді иемдену мақсатында емес, су ресурстарына қол жеткізу үшін болады",- деді. Бұл болжам орын алмағанымен, су қорларының тапшылығы мемлекеттер арасындағы саяси қақтығыстардың ұлғаюына себеп болып отыр.
Соңғы жылдары Азия құрлығындағы кейбір мемлекеттер арасында су ресурстары мен ортақ өзендер үшін келіспеушіліктер артып, тіпті саяси қақтығыстарға әкеп соқтырған болатын. Үндістан пен Пәкістан бір-бірімен Үнді өзені үшін келіспей отыр. Сонымен қатар, Қытай, Непал, Үндістан мен Бангладеш Гималай тауларының бөктерінен бастау алатын өзендер үшін бір-бірімен қатты текетіресуде. Олардың әрқайсысы сол өзендердің көбірек бөлігін иемденуді көздеп отыр. Бұл өзендер шамамен 500 миллион адамды сумен қамтамасыз ете аталтын су қоры болып саналады. Сондай-ақ Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан арасында да Әмудария мен Сырдария өзендері үшін алауыздық бар. Ал Түркия, Сирия мен Ирак болса, Тигр мен Евфрат өзендері үшін бір-бірімен жанжалдасуда. Әлемнің басқа бөлігінде, Аргентина мен Уругвай арасындағы Лаплата өзені үшін тайталас оларды Гаага халықаралық сотына дейін жеткізді. Сонымен қоса, Риогранде және Колорадо өзендерінің су қорларының көбірек бөлігін иемдену үшін АҚШ пен Мексика арасында қайшылықтар туындады. Ал Африка құрлығындағы Ботсвана, Мозамбик, Замибия мен Зимбабве мемлекеттері арасында бір өзен үшін қақтығыс орын алды. Мавритания мен Сенегал арасында да екі ел арасындағы ортақ су қорларын бақылау үшін дау-дамай туындады.
Су тапшылығынан туындаған мұндай қақтығыстардың болуы барлық қауымдастықтардың судың қайнар көздерін басқаруды оңтайландыру, келешектегі су қажеттіліктерін қамтамасыз етуде тиімді жағдайға жетуге, сұраныс пен қоғамды хабарландыруды басқаруға, ұсыныс пен шығындарды артықшылық негізінде басқаруға, қайта тазартылған суларды іске жаратуға, суды пайдаланудың тиімділігі секілді шараларды іске асыруына себепкер болды. Осы саладағы маңызды шешімдердің бірі су қалдықтарын қайта тазартып, оны екінші рет пайдалану, әсіресе тұрмыстық сарқынды суларды осылайша тұтыну жер үсті және жер асты суларын тұтыну көлемін азайтуға себеп болады. Асхана, жуыну бөлмесі мен киім жуғыш машинадан қалатын, дәретхана суынан басқа тұрмыстық сарқынды не шайынды сулар "сұр су" деп аталады. Бұл су қалдықтары қалалық кәріз суларының шамамен 50-80 пайызын құрайды. Қалдық "сұр сулар" қайта тазартудан өткеннен кейін, тазартылу деңгейіне байланысты ауыз су ретінде емес, жер үсті және жер асты суару, киім жуу, дәретхана үшін іске жарауы мүмкін.
Құрамында тыңайтқыштардың мол болуы мен су тапшылығы дәлелдерімен фермерлер жылдар бойы су қалдықтарын пайдаланып келеді. Алайда бұл әрекет фермерлер мен сол ауыл шаруышылығы өнімдерін тұтынушылар үшін зор қауіп-қатер төндіреді. Бүгінгі күні қолда бар технологияларды пайдалану арқылы су қалдықтарын шамамен ластанулардың барлығынан тазартып, оларды қайтадан кез-келген мақсатта іске жарату үшін дайындауға болады. Егер осы тәсіл дұрыс әрі сенімді түрде жүзеге асатын болса, су қалдықтары су мен тыңайтқыштарға бай ресурстарға айналып, сонымен қатар су мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатының жақсаруына да себеп болатын еді. Бұл тек жұмысшылар, әсіресе фермерлер үшін ғана пайдалы емес, сондай-ақ суға байланысты салаларда көптеген жұмыс орындарын қалыптастырады.
Осы маңызды тақырыпқа байланысты БҰҰ 2017 жылдағы дүниежүзілік су күнінің ұранын "Суды неліктен босқа жұмсаймыз?" деп жариялап, бұл күнді су қалдықтарын қайта тұтыну мәселесіне арнауды баса айтты. Бұл шара тұрақты даму мақсаттарының аясында іске асты.
Осы мақсатқа сәйкес, әлемдегі мемлекеттер 2030 жылға дейін ластануды азайтуды, қауіпті химиялық заттарды жойып, олардың мөлшерін азайтуды, тазартылмаған кәріз сулардың көлемін 50 пайызға дейін азайтып, су қалдықтарын қайта пайдалануды әлемдік деңгейде тұрақты түрде ұлғайтып, су сапасын жоғарылатуды жоспарлап отыр. Бұл бүгінде әлемдік деңгейдегі қауымдастықтардың шығарған қалдық суларының шамамен 80 пайызы тазартылмаған немесе қайта пайдаланылған мөлшері экожүйеге құйылып, оны бүлдіріп жатқан жағдайында орын алып отыр. Сол себепті, тұтынылған суларды жинау және оларды басқаруға байланысты жаңа шара қолдану қажет. Шындығында, су қалдықтарын қайта пайдалану азық-түлік өндіру мен өндірісті дамыту секілді салалардағы қиындықтарды шешуде септігін тигізуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл мәселе су тапшылығы мен осы салаға байланысты қиындықтарды шешуде де тиімді жол бола алады.