АҚШ жəне оның өз одақтастарымен қайшылығы
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i25712-АҚШ_жəне_оның_өз_одақтастарымен_қайшылығы
Х.ш.ж.с.б 1395 жылы (2016 жылдың наурыз айынан 2017 жылдың наурыз айына дейін) АҚШ əлемнің жер-жеріндегі өзінің одақтастарымен қарым-қатынасына сызат түсірді.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Сәу 03, 2017 12:12 Asia/Almaty
  • АҚШ жəне оның өз одақтастарымен қайшылығы

Х.ш.ж.с.б 1395 жылы (2016 жылдың наурыз айынан 2017 жылдың наурыз айына дейін) АҚШ əлемнің жер-жеріндегі өзінің одақтастарымен қарым-қатынасына сызат түсірді.

АҚШ-та Дональд Трамп бастаған жаңа үкімет билік басына келмей тұрып, бұл елдің өз одақтастарымен қарым-қатынасы салыстырмалы түрде жақсы əрі достық сипатта болды. Алайда Дональд Трамптың президенттік кезеңі басталған соң, əсіресе оның кейбір елдерге қатысты қарама-қайшы əрі өткір ұстанымдарына байланысты Вашингтонның өз одақтастарымен қарым-қатынасы шиеленісіп кетті.

Дональд Трамптың АҚШ-тағы президенттік сайлауда жеңіске жетуі Атлант мұхитының екі жағындағы елдердің байланыстарында бұлыңғырлық тудырды. Трамп АҚШ-тағы президенттік сайлау науқаны кезінде еуропалық елдер мен Вашингтонның НАТО-дағы одақтастарын сынаудан бас тартпады. Ол британдықтардың Еуроодақтан шығуға (brexit) шешім қабылдағанын қолдап, одақтың басқа мүшелерін осы жолды жалғастыруға шақырды. Осындай жағдайда басқа мүшелер Brexit-ті еуропалық бірліктің жалғасуына төнген қатер деп бағалап отыр. Сол себепті кейбір еуропалық басшылар, соның ішінде Франция Президенті мен Германия канцлері АҚШ Президентін Еуропа құрлығының ішкі ісіне араласуы жəне осы құрлықтың бірлігін бұзуға талпыныс жасауына байланысты сынға алды. Бұл ауызша айтыс тек Еуроодаққа мүше елдермен ғана шектеліп қалмады. Тіпті АҚШ-тың ең негізгі əскери ұйымы НАТО-да да сын тудырды. Трамп сайлауалды науқаны кезінде НАТО-ны қазіргі замандағы қауіпсіздік қатерлерімен, соның ішінде халықаралық лаңкестікпен күресуге қауқарсыз ескі жəне жойылу алдындағы ұйым деп атаған. Ол сонымен қатар НАТО бюджетінің АҚШ-тың мойнында екенін жəне басқа мүшелердің оған  қаражат бөлуден бас тартып отырғанын қатты сынады. Сонымен қатар Трамптың Ресеймен татуласу сипатындағы сөздері және оның РФ Президенті Владимир Путинмен  қарым-қатынасын қалпына келтіруге ынта танытуы НАТО-ның мүшелерінің, әсіресе Ресейге жақын және шекаралас елдердің алаңдаушылығы мен үрейін тудырды. Бұл елдер АҚШ-тың НАТО-ға қатысты міндеттеріне қандай да бір өзгеріс енгізуінің Еуропада тұрақсыздық пен бүлікке алып келетінін және АҚШ-тың мүдделеріне де қатер төндіретінін ескертті. Әрине кеңесшілер тобының мүшелері мен АҚШ-тың жаңа Президенті тарапынан таныстырылған қайраткерлер әртүрлі тәсілдермен Вашингтоннан алаңдау мен теріс болжамдарды жоюға талпыныс жасады. АҚШ Президентінің орынбасары Майк Пенс осы елдің Сыртқы істер министрі  Рекс Тиллерсон мен Қорғаныс министрі Джеймс Метиспен бірге Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысу үшін Еуропаға барғанда жақсы сөздер айтты. Бұған қарамастан, Трамптың экономикада протекционистік саясат ұстану қажеттігін баса айтуы және НАТО-ға мүше елдердің осы ұйымның бюджетін қамтамасыз етудегі үлестерінің артуы қажеттігін қуаттауы болашақта Атлант мұхитының екі жағындағы елдер арасындағы қайшылықтардың бастауы бола алады.

1395 жылы АҚШ пен сионистік режим арасындағы қарым-қатынас шарықтаулар мен құлдырауларға толы болды. Вашингтонның Израильге қалтқысыз қолдау көрсеткеніне қарамастан, Барак Обама президенттігінің соңғы айларында сол кездегі АҚШ үкіметі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің басып алынған Палестина жерінде сионистік қалашықтар салуды айыптаған қарарының алғынұсқасына вето жариялаудан бас тартты. Сол кездегі АҚШ үкіметінің басшылары: «Бұл қалашықтарды салу саясаты халықаралық заңдар мен ережелерге ашық түрде қайшы келумен қоса, аймақта бейбітшілік үдерісінің жойылуына себеп болып, Израильді оқшау қалдырады»,-деп мәлімдеді. Израильдің еуропалық және америкалық демеушілерінің көзқарасынша, егер бұл режим Палестина жерінде екі мемлекет құруға көнбесе, Израильдің болашағына қатер төнеді. Өйткені, араб азаматтардың көбеюі салдарынан еврей үкіметін құру идеясы шетке ысырылатын болады, немесе Израильде апартеидтік режим құрудан басқа амал қалмайды. Әрине, бұл көзқарас басып алынған Палестина жеріндегі Беньямин Нетаньяху бастаған  ең әсірешіл саяси ағымдардың көзқарастарына қайшы келеді. Сол себепті  сионистік режимнің басшылары Израильді айыптаған қарардың алғынұсқасына Обама үкіметінің қалыс дауыс беруін сатқындық деп атап, бұған наразылық ретінде Тель-Авивтегі АҚШ елшісі Израильдің СІМ-не шақырылды.  Алайда, мұндай сын ұзаққа бармады. Дональд Трамп билік басына келген соң сионистік режим Ақ үйде қайта одақтасқа ие болды. Бірақ, тіпті АҚШ‑тың президенттік сайлауында Трамптың демократ бәсекелесі Хиллари Клинтон жеңіске жеткен күннің өзінде Израиль бұрынғыдай Вашингтонның қалқысыз қолдауына ие болар еді. Бұған қарамастан, Палестина жерінде екі мемлекет құруды қолдау саясатын қайта қарастыру немесе АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Бейт ул-Мұқаддасқа ықтималды көшіру жобасы сияқты ұстанымдар қабылдауы Израильдегі ең әсірешіл саяси ағымдар үшін жағымды хабар болып саналады. Бұл топтар Трамптың президенттігі кезінде Израильдің ежелден келе жатқан армандарының кейбіріне қолжеткізетіндігіне үміттенеді. Бұған қарамастан, АҚШ‑тың сионистердің қылмыстары мен заң бұзушылықтарын қолдауын арттыруы ақырында осы елдің қоғамдық пікірдегі орнына орны толмас зиян тигізеді. Сол себепті Трамп қоғамдық пікірдің ауыр қысымымен АҚШ елшілігін Тель-Авивтен Бейт ул-Мұқаддасқа көшіру туралы уәдесінен кері шегінді.

АҚШ‑тың араб одақтастарымен, әсіресе Сауд Арабиясымен 1395 жылдағы қарым‑қатынасы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Бұл жылы АҚШ‑тың Конгресінде лаңкестікті демеушілерге қарсы «Әділет» заңы бекітілді. Заң бойынша, америкалық азаматтар лаңкестікті демеуші елдерге қарсы АҚШ‑тың соттарына арыз жаза алады. Бұл заңды дайындаушылардың негізгі мақсаты Сауд Арабиясының 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған лаңкестік әрекеттегі рөліне байланысты осы ел үкіметі үстінен арыз‑шағым айтуға жағдай жасау болды. 1395 жылы АҚШ үкіметі қоғамдық пікірдің ауыр қысымымен осы ел Конгресінің 11 қыркүйек оқиғасына қатысты зерттеу есебінің құпия бөліктерін жариялауға мәжбүр болды. Осы шарадан соң Сауд Арабиясы үкіметінің 11 қыркүйек оқиғасын орындаушыларға қаржылай көмектесудегі рөлі одан ары ашыла түсті. Содан кейін АҚШ Конгресінің өкілдері бір жоба ұсынды. Ол кейін «Джаста заңы» деген атпен танымал болды. АҚШ‑тың сол кездегі Президенті Барак Обама саудиялықтардың наразылығының алдын алу үшін АҚШ Конгресінің қаулысына вето жариялады. Алайда, Обама үкіметінде алғаш рет күтпеген оқиға орын алып, Конгресс қаулысының ветосы екі палата депутаттарының үштен екі дауысымен күшін жойды. Саудиялықтар бұдан бұрын Джаста заңын бекіту үдерісі қорытындыланған жағдайда өз активіндегі жүздеген миллиард долларды АҚШ‑тан шығаратынын айтып, қоқан‑лоққы жасаған  болатын. Бірақ, олардың қоқан‑лоққысы ешқашан орындалмады. Дональд Трамптың АҚШ‑тың президенттік сайлауында жеңіске жетуі  саудиялықтар мен осы елдің араб әлеміндегі одақтастары үшін жағдайды жақсартты. АҚШ‑та жаңа үкімет билік басына келгеннен кейін туындаған қатерлі әрі үрейлі кеңістікте саудиялықтар жағдайды өздерінің Батыс Азия аймағындағы басқыншы саясаттарын күшейту үшін пайдаланды. Саудиялық басшылар Дональд Трамптың Иранмен ядролық келісім немесе Сирия мен Палестинадағы өзгерістер сияқты тақырыптарға қатысты жауласушы саясаттарының аймаққа өз ықпалын тигізе алатындығына үміттенеді. Бұған қарамастан, кейбір айғақтар Трамп кезінде АҚШ‑тың аймақта өткеннен көбірек рөл атқаруға шамасы жетпейтінін және саудиялықтардың мансапқорлығын жан‑жақты әрі толық түрде қолдай алмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайда Сауд Арабиясы да өзінің экспансиялық мақсаттарын ілгерілету мүмкіндігінен айырылады.

Вашингтонның одақтастары арасында 1395 жылы Мексикадай АҚШ‑тан қысым көрген ел кемде- кем. 1395 жылы күзде АҚШ‑та президенттік сайлау науқаны шарықтау шегіне жеткенге дейін Вашингтон мен Мехико қарым‑қатынасы қалыпты жағдайда болатын. Мексика мен АҚШ‑тың екеуі де Солтүстік Америка еркін сауда ұйымының (Нафта) мүшесі болып табылады және ондаған миллиард долларды құрайтын тауар айналымына ие. Сонымен қатар заңсыз мигранттар, қылмыскерлер мен ескірткі контрабандасымен айналысатын топтардың белсендігі мәселелері екі елдің назарына алынған. Осы тұрғыдан, АҚШ пен Мексика арасында достық қарым‑қатынасты сақтап қалу шекараның екі беті үшін де қажет іс саналады. Бұған қарамастан, АҚШ‑тың жаңа Президенті Мексикамен бұрынғы байланыстарын сақтап қалуға ынта танытпай отыр. Трамп АҚШ‑тағы президенттік сайлау науқаны кезіндегі өзінің алғашқы сөздерін мексикалықтарға бұрын-соңды болмаған ауызша шабуылдармен бастады. Ол АҚШ‑та тұратын мексикалықтарды бір топ қылмыскер мен психикалық ауру деп атап, барлық 11 млн заңсыз мигрантты, соның ішінде  жүздеген мың мексикалықты АҚШ жерінен шығаруды талап етті. Трамп бұған да қанағаттанбай, Ақ үйге жол тартқан жағдайда Мексикамен араға дуал салуға бұйрық беруге және оның ауыр құнын Мехико үкіметінен өндіріп алуға уәде етті. Ол сонымен қатар Нафтаға мүше елдер арасындағы экономикалық қарым‑қатынасты әділетсіз деп атап: «Мексикалықтар америкалықтарды теріс пайдалануын қоюы керек»,‑деді. Трамп бөгделермен жауласу, соның ішінде мексикалықтарға қарсы ұрандар айту арқылы президенттік сайлауда көп дауыс жинап, Ақ үйге жол тартты. Алайда, Трамптың президенттік кезеңі басталғаннан бері оның Мексикаға ауызша шабуылы саябырсыды. Бұған қарамастан, бір жағдайда Трамптың қоқан‑лоққылары бір жапон компаниясының Мексикаға инвестиция салу жобасының тоқтатылуына себеп болды. Бұл үдерістің жалғасуы Мексиканың әлсіз экономикасына қатты қысым жасай алады. Мұнымен қоса, қазіргі таңда мексикалықтар мұсылмандардай Трамп үкіметінің мигранттарға қарсы саясаттарына алаңдаулы. Х.ш.ж.с.б. жаңа жылда АҚШ пен Мексика өзара қайшылықты шешу үшін ауыр жолды бастан өткереді деп күтілуде.

Қалай болғанда да 1395 жыл АҚШ‑тың кейбір одақтастары үшін Вашингтонмен саяси‑экономикалық байланыстарды сақтау үшін қолайлы жыл болмады. АҚШ‑тың Ақ үйінде билік ауысқан соң, саяси кеңістіктің әріптестік  жасау тәсілінен протекционистік қатынасқа өзгеруі бұл елдің одақтастарының көбіне қиындық тудырды. Мысалы, Трамп үкіметі АҚШ‑тың Тынық мұхиты еркін сауда ұйымынан шығатынын жариялады. Бұл ұйым АҚШ пен оның Шығыс‑Азия мен Океания елдеріндегі негізгі сауда серіктестері арасында жаңа қарым‑қатынас қалыптастырған еді. Егер бұл үлгі әлемнің басқа аймақтарына қатысты орындалатын болса, алдағы жылдары АҚШ пен оның әлемнің жер‑жеріндегі одақтастары арасында бәсекелестік пен текетірес  күшейетін болады.