Рохинья мұсылмандарының жағдайы (4)
Бұл бөлімде батыстың саяси топтарының әсірешіл буддалықтар мен Мьянма әскерилерінің рохинья мұсылмандарына қарсы жасаған қылмыстарына қатысты үнсіздік танытуының себептері жайлы сөз қозғамақпыз.
Мьянма Оңтүстік-шығыс Азия аймағындағы ең ірі және осы аймақ елдерінің ынтымақтастық ұйымы АСЕАН-ға мүше елдердің бірі саналады. Рангун не Янгон – бұрын Мьянманың астанасы болған ең ірі қалалардың бірі. Мьянманың қазіргі астанасы – Нейпьидо қаласы. Мьянма халқының саны 60 миллион адамға жетеді. Бұл елдің мемлекеттік тілі – бирма тілі (мьянма тілі), ұлттық валютасы мьянмалық кьят деп аталады.
Батыс елдері, әсіресе АҚШ, рохинья мұсылмандарының өлтірілуіне қатысты қаншалықты реакция білдіріп, бұл қылмысты айыптап жатқанымен, оны доғару үшін ешқандай әрекет жасамайды. Қайта сол үнсіздігімен Мьянма әскерилерін рохинья мұсылмандарын өлтіруді жалғастыруына ынталандырып отырғандай секілді. Батыс топтарының үнсіздік танытуының негізгі себебі Мьянмадағы инвестициялауға арналған салалардағы жаңа бағыттардың болуы және бұл елдің Оңтүстік-шығыс Азиядағы стратегиялық орыны болып табылады.
Мьянманың 2008 жылы «Демократияға апарар жол» атты жоспар жариялап, оны 2010 жылы жүзеге асыруы батыс топтарының назарын Мьянманың жағдайына аудартты. Нәтижесінде, бұл мәселе АҚШ пен еуропалық елдердің 2012 жылы Мьянмаға қарсы санкциялардың күшін жоюға шара қолдануына себеп болды. Шынтуайтында, бұл әрекет мақсатты түрде батыс елдерінің Мьянмаға келіп, әлі пайдаланылмаған жаңа ресурстарға инвестиция салып, соларды иемденуге қажетті шарттар мен негіз әзірлеу үшін және Қытай мен Үндістан мемлекеттерімен бәсекелестік жасау мақсатында жасалды. Мьянма жиырма жылдан бері Батыс мемлекеттерінің салған санкциялары салдарынан Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ең кедей мемлекетіне айналды. Ал негізінде, Мьянма түрлі экономикалық салаларда, соның ішінде туризм саласында айтарлықтай әлеует пен қабілетке ие мемлекет саналады. Алайда Мьянмада Тайланд пен Вьетнамдағы стандарттарға сай қонақ үйлер жоқтың қасы. Сондықтан, Мьянмадағы туризм саласы мен соған қатысты басқа да салалар, соның ішінде қонақ үй бизнесіне батыс елдері назар аударып отыр. Мьянмаға жыл сайын 7 миллионнан астам турист тарту ықтималдығы батыстық топтар үшін елеулі табыс көзі болуы мүмкін. Ал Мьянмадағы тозығы жеткен экономикалық құрылымдар шетелдік инвесторлар үшін қолайлы мүмкіндік саналады. Алайда мұның бәрі Мьянма үкіметінің батыс мемлекеттері мен компанияларының пайдаларын қамтамасыз ете алатын, салық төлеу, банктік қатынастар мен басқа да салалардағы артықшылықтарды қамтитын заңдар әзірлеп, оларды қабылдауымен тікелей байланысты. Атап айтқанда, Мьянма электр энергиясын өндіру, май мен ағаш өндірісі және жол құрылысы салалары бойынша инвестиция салу үшін зор қабілетке ие. Сол себепті де, шетелдік инвесторлардың шектеулерін азайту мақсатында Мьянмада инвестициялауға байланысты жаңа заңдар әзірленіп жатыр. Бұл елдің үкіметі сауда-экономикалық, қаржылай және инвестиция саясаттарын қайта қарастыратын экономикалық комиссия құрды. Мьянмада мұнай мен газдың бай қоры бар. Мұнай мен газ өндіру ағылшындықтардың Янгонда мұнай өндірісі зауытын ашқаннан кейін 1871 жылы басталды. Бұдан кейін Texaco, Premier Oil атты америкалық мұнай өндіретін компаниялар Мьянмадағы мұнай мен газ өндірісіне келді. Бүгінде санкциялардың күші жойылғаннан кейін, Мьянманың мұнай және газ өндірісі саласы батыс мемлекеттерінің назарына ілініп отыр. Санкциялар салынған жылдары олардың орнын малайзиялық Petro Nas компаниясы басқан болатын. Мьянманың өндіріс және энергетика салаларымен қатар, Мьянма үкіметінің еркін экономикалық аймақтар құруы мен олардың дамуы Батыс елдері үшін өте қызық болып отыр. Солардың ішінде Тейлава еркін экономикалық аймағын атауға болады. Янгон қаласының айналасындағы экспорттық және өндірістік аймақтардың дамуы да Мьянма үкіметінің шетелдік инвестицияларды тартудағы басымдылықтарының бірі саналады. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың Мьянма биржасында биржалық операциялар жасауына байланысты жаңа заң жобалары қабылдану қарсаңында тұр. Сол заң жобаларына сәйкес, кез-келген шетелдік инвестор 35 пайызға дейін мьянмалық компанияның акцияларын сатып ала алады. Мьянманың келесі басымдылықтарының бірі – бұл елдің стратегиялық маңызы бар Малака каналына жақын орналасуы. Бұл канал Үнді мұхитындағы Андаман теңізі мен Тұнық мұхитындағы Оңтүстік Қытай теңізін байланыстырып жатқан әлемдегі ең маңызды теңіз жолдарының бірі саналады. Әлемнің шикі мұнай тиелімдерінің шамамен төрттен бір бөлігі осы бұғаз арқылы тасымалданады. Малака бұғазы әлемдегі ең маңызды теңіз тасымал жолдарының бірі болып есептелінеді. Мьянма өзінің оңтүстігінде орналасқан және Үнді мұхитының бір бөлігі саналатын Андаман теңізі арқылы стратегиялық маңызы бар Малака каналымен байланысып жатыр. Сондықтан Батыс елдері Мьянмамен қарым-қатынастарын кеңейту арқылы Малака каналына үстемдік етуді көздеп отыр. АҚШ пен Қытайдың бәсекелестіктері мен бұл елдің Қытайды ауыздықтап, оның энергетикалық ағынына үстемдік етуге бағытталған талпыныстарын ескерсек, бұл мәселе АҚШ үшін өте маңызды болып табылады. Сол себепті де, АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама Мьянмаға екі рет сапар жасаған болатын. Түркиялық Гуманитарлық көмек қорындағы (IHH) Сейіт Демирдың айтуынша, алып державалар Мьянмада жеке пайдалары мен мүдделерін көздеп отыр. Міне, сондықтан да, олар бұл елдегі рохинья мұсылмандарының жағдайы мен олардың өлтірілуіне қатысты үнсіздік танытуда. Шынтуайтында, Вашингтон Мьянмадағы саяси және экономикалық билікті өз қолына алып, оны Қытайға қарсы қоюды көздеп отыр. Сондай-ақ, Ракхайн штатының географиялық орыны да инвестициялау үшін өте қолайлы әрі тартымды саналады. Бұл штат Мьянманың ең ыстық аймағында орналасқан. Оның құрамына Шидуба, Мингун секілді бірнеше арал кіреді. Бұл аралдар туризмді дамыту мақсатында таптырмас мекен болып саналады. Ал Ракхайн штатының солтүстік бөлігі құрылыс пен ғимараттар көп шоғырланған төмен жазықтық болып келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл аймақ инвестиция салу үшін таптырмас жер. Сонымен қатар, бұл аймақ әлі де пайдаланылмаған табиғи ресурстарға бай. Ракхайн штатында күріш алқаптары мен шабдалы, өрік, апельсин, манго, ананас, анар және банан бақтары мен де қауын-қарбыз бақшалары мол. Бұл алқаптарды зығыр және күріш тазалау зауыттарына жақын орналастыру арқылы штатта тиімді экономикалық жағдай жасалынып отыр. Міне, дәл осы себептермен Мьянма әскерилері Ракхайн штатына ашкөздікпен қараған. Олардың Мьянмадағы саяси және қауіпсіздік істеріне үстемдігін назарға алсақ, Батыс елдері Мьянма әскерилерінің жерінде "ойын" ойнау арқылы рохинья мұсылмандары этникалық тобын тазартуға қатысты үнсіздік таныту арқылы, әсіресе өздерінің Қытаймен бәсекелестігінде қажетті экономикалық және инвестициялық ұпайлар алуын артық көріп отыр. Мьянмадағы Демократиялық лига партиясының жетекшісі Аун Сан Су Чжи АҚШ пен Ұлыбританияның қолдауына ие болып, өзінің билік басына келуін осы алып державалардың арқасы деп санайды. Сондықтан Аун Сан Су Чжи алдымен ұлтттық мүдделер мен қауіпсіздік мәселесін ойлаудың орнына, батыс елдерінің ұстанымдарына қолдау көрсетіп отырады. Кейбір сарапшылар Батыстың белгілі бір мемлекеттің құрылуы мен Мьянмада толығымен буддалықтардың билік етуін қолдайтынын теріске шығармайды. Олардың пікірінше, АҚШ буддалықтарға қолдау көрсету арқылы оларды Шығыс Азиядағы басқа этникалық топтар мен мазхабтарға, әсіресе Қытайға қарсы қоюды көздеп отыр. Тибет буддалықтарының рухани жетекшісі Далай Лама Қытай үкіметі қарсыластарының бірі саналады. Жуырда Батыс елдері оны өз елдеріне шақыру арқылы Далай Ламаға қолдау көрсететіндіктерін айқын көрсетті. Осыған байланысты Далай Лама Қытайдың көптеген наразылықтарына тап болды. Қытай Мьянмаға қарсы салынған санкциялар кезінде бұл елмен ынтымақтастығын кеңейту арқылы елдегі буддалықтарды өзіне бағындыруға талпыныс жасаған болатын. Қазіргі таңда Мьянма Вашингтон мен Бейжіңнің бәсекелестік алаңына айналды. Мұсылмандардан үркіту мен батысшыл топтар мен әсірешіл буддалықтардың рохинья мұсылмандарын толығымен аймақтан тазарту мақсатында олардың арасында арандатушылық әрекеттер туғызуы бұл елде толығымен буддалық мемлекеттің құрылуын тездетуі мүмкін. Осылайша бұл жаңа мемлекет Тибет буддалықтарының қамқоршысы ретінде Қытайға ықпал ете алады.