Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі араб елдері басшыларының ауысуын күтуде
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i25830-Парсы_шығанағы_ынтымақтастық_кеңесі_араб_елдері_басшыларының_ауысуын_күтуде
Сейіт Реза Эмади: Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің алдында тұрған ең маңызды мəселелердің бірі – қысқа мерзімде осы елдердің басшыларының ауысуы.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Сәу 06, 2017 17:14 Asia/Almaty
  • Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі араб елдері басшыларының ауысуын күтуде

Сейіт Реза Эмади: Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің алдында тұрған ең маңызды мəселелердің бірі – қысқа мерзімде осы елдердің басшыларының ауысуы.

Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер басшыларының жастарына шолу жасау мынадай статистиканы көрсетеді: Кувейттің әмірі Саббах Ахмад Джабер ас-Саббах 88 жаста, Сауд Арабиясының королі Салман бен Абдулазиз 82 жаста, Оманның королі Сұлтан Қабус бен Саид Але Саид 77 жаста, БАӘ-нің  басшысы Халифе бен Зейд Але Нахиян 69 жаста, ал Бахрейннің королі шейх Хамд бен Иса Але Халифе 67 жаста. Бахрейннің королінен басқа төрт елдің билеушілері қартайған немесе ауруға шалдыққан. Тіпті Кувейт, Сауд Арабиясы мен Оман билеушілерінен жасырақ БАӘ-нің басшысы Халифе бен Зейд Але Нахиян 2014 жылдың қаңтар айында 66 жасында инсульт алды. Бұл оның халық алдына азырақ шығуына себеп болды.

Араб елдері басшыларының ауысуы Катар сияқты шағын елден басталды. Шейх Хамд бен Халифе Але Сани 2013 жылы сырттай алғанда сырқатына байланысты, ал іс жүзінде тыныш та жұмсақ төңкеріс барысында билікті өз ұлы 33 жастағы шейх Тамимге тапсырды. Қазір Катардың әмірі 37 жастағы шейх Тамим бен Хамд бен Халифе Але Сани Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің билеушілері арасында ең жас билеуші саналады. Жас шейх Тамим өзінің министрлер кабинетіне де жастарды тартты. Соның ішінде Мұхаммад бен Абдуррахман бен Саниді атауға болады. 37 жастағы ол 2016 жылдың қаңтар айынан бастап Катардың Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды.

БАӘ-де Абу-Дабидің мұрагері, осы елдің негізін қалаушының ұлы әрі қазіргі басшының бауыры Мұхаммад бен Зейд Але Нахиян осы елді басқаруға негізгі үміткер ретінде аталады. Ол 56 жаста. БАӘ-нің Премьер-министрі әрі басшының орынбасары шейх Мұхаммад бен Рашид Але Мактум да 68 жаста. Ол 2016 жылдың ақпан айында БАӘ-нің жаңа кабинетін таныстырды. Шейх Мұхаммад бен Рашид Але Мактумның жаңа кабинетінің құрамында орташа есеппен алғанда 38 жастағы жаңа 8 министр бар. Олардың ең жасы Шима әл-Мазруи ханым. Жастар істері жөніндегі министр болып тағайындалған бұл ханым тек 23 жаста. Ол әлемдегі ең жас министр атағына да ие болды.

Сауд Арабиясында осы елдің мұрагері Мұхаммад бен Наиф билік иерархиясы тұрғысынан Малек Салманнан кейін екінші құдіретті тұлға саналады, алайда Сауд Арабиясы мұрагерінің орынбасары әрі Қорғаныс министрі 32  жастағы Мұхаммад бен Салман осы елдің шешім қабылдаушы органдарында зор ықпалға ие және билікке жету мақсатын көздейді.

Бахрейннің мұрагері Салман бен Хамд 48 жаста ғана. Ол шейх Хамд бен Исаның орнын басуға маңызды үміткер саналады. Шейх Хамд Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің басқа қартаң басшыларына керісінше, аса қартайып тұрған жоқ және денсаулық жағдайы да жақсы. Бұған қарамастан, Бахрейндегі халықтық наразылықтар сегізінші жылға аяқ басты. Бұл шейх Хамд билігінің негіздерін әлсіретті. Наразылықтарды доғару үшін Катарда 2013 жылы орын алған оқиғаға ұқсас Бахрейнде де жұмсақ төңкеріс болып, мұрагер шейх Салман әкесінің орнын алмастыруы әбден мүмкін.

Оман мен Кувейт елдері де қысқа мерзімде басшыларының ауысуын күтіп отыр, бірақ осы екі елде Сауд Арабиясы, Катар, Бахрейн мен БАӘ-не керісінше келешек басшыларға қатысты айқын перспектива жоқ. Кувейттің қазіргі билеушісі 88 жаста болса, оның мұрагері 80 жаста. Оман Парсы шығанағындағы мұрагері жоқ жалғыз араб елі болып табылады, өйткені осы елдің қазіргі королі сұлтан Қабустың өзінен кейін таққа отырар ұл немесе іні жоқ. Сарапшылардың сенімінше, сұлтан Қабустың әке жағынан аға-інілерінің үш ұлының бірі билікті өз қолына алады. Олар 66, 61 және 59 жаста.

Араб елдеріндегі билеушілердің жаңа буынының билік басына келуі ел ішінде мүмкіндіктер мен сын-қатерлер тудырады. Ішкі деңгейде жаңа билеушілердің келуі араб елдерінде ұрпақ тығырығының жойылғанын білдіреді. Басқаша айтқанда, қазіргі билеушілер мен олардың жанұялық бәсекелестерінің қартаюы араб елдері үшін қауіп саналады. Көбісі 56 жастан төмен билеушілердің жаңа буынының билікке келуі біраз уақытқа дейін билеушілердің қайта-қайта ауысуын тоқтатуы мүмкін. Осы жағдайда  араб басшылары буынының өзгерісі туралы мәлімет таратқан америкалық «Ренд» институты: «Араб елдерінің жас билеушілерінің басқару тәсілі «жақсы басқару» тәсілі болып табылады. Бұл тәсіл қоғамға қызмет көрсетуге, басқару үдерісін өзгертуге, экономикалық реформаларға баса назар аударады»,-деп жазды. Мұхаммад бен Салман осындай басқару тәсілінен бөлек болып, бұрынғыдай Сауд Арабиясының басқа елдердің ішкі ісіне араласу саясатын қуаттаса да, БАӘ мен Бахрейндегі билікке үміткерлер Катардағы шейх Тамим сияқты өз елдерінің ішкі жағдайына назар аударуды мақсат тұтады.

Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердегі билікке үміт артқан жас буын өкілдері бетпе-бет келетін ең үлкен қатер «үйішілік қауіп» және көбіне аға-інілері мен ағалардың балаларынан тұратын бәсекелестерден туындайтын қатер болып табылады.

Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердегі билікке үміткер жас буын туралы айтылуы тиіс маңызды жайт бұл адамдардың көбінің АҚШ пен Ұлыбританияда білім алуы болып отыр. Катардың әмірі шейх Тамим бен Хамд Але Сани мен Абу-Дабидің мұрагері Мұхаммад бен Зейд Ұлыбританияда оқыған. Бахрейннің мұрагері шейх Салман бен Хамд та АҚШ пен Ұлыбританияның университеттерінде оқыған. Мұхаммад бен Салман ғана шетелдік университеттерде оқымаған, эр-Риядтағы Малек Сауд университетін бітірген жалғыз мұрагер болып табылады. 

Осы жағдайды назарға ала отырып, Батыстың, әсіресе АҚШ пен Ұлыбританияның  осы елдердің ішкі ісіне ықпалы мен қатысуы жалғаса түседі деп күтуге болады. Парсы шығанағы  ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің болашақ басшылары қазіргі билеушілер сияқты қауіпсіздік саласында бұрынғыдай экстраверттік көзқарасты сақтайтын болады. Экономикалық салада да бұл елдер болашақта либералистік экономика үлгісінің енгізіліп, әл-ауқаты жақсы үкіметтің нығайтылатындығына куә болады.  Саяси салада да бұл елдердің болашақ басшыларынан алдын ала жоспарланып, берілген саяси өзгерістерді жасайтынын күтуге болады.