АҚШ-тың Иранға қарсы экономикалық қысымдарды күшейтудегі мақсаттарына шолу
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i26092-АҚШ_тың_Иранға_қарсы_экономикалық_қысымдарды_күшейтудегі_мақсаттарына_шолу
Ислам революциясының жетекшісі жаңа жылдың басында қасиетті Мешхед қаласында имам Резаның (ғ.с.) кесенесіне жиналған зияратшылардың алдында сөйлеген сөзінде Иран халқы дұшпандарының Иранға экономикалық қысымдарды күшейтудегі стратегиялық мақсаттарының бірін халықтың исламдық жүйеден күдерін үздіру екенін айтты.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Сәу 15, 2017 16:06 Asia/Almaty
  • АҚШ-тың Иранға қарсы экономикалық қысымдарды күшейтудегі мақсаттарына шолу

Ислам революциясының жетекшісі жаңа жылдың басында қасиетті Мешхед қаласында имам Резаның (ғ.с.) кесенесіне жиналған зияратшылардың алдында сөйлеген сөзінде Иран халқы дұшпандарының Иранға экономикалық қысымдарды күшейтудегі стратегиялық мақсаттарының бірін халықтың исламдық жүйеден күдерін үздіру екенін айтты.

Аятолла Хаменеи Иран халқы дұшпандарының ұзақ жылдар бойы халықты исламдық жүйеден бөліп алуды көздегенін, бірақ осы уақытқа дейін сәттілікке қол жеткізбегенін және жеткізбейтінін баса айтты. 

АҚШ пен Еуроодақ отыз жылдам астам уақыт бойы Иранға қарсы әртүрлі санкция салды. Бұл санкциялар Иранның экономикасына теріс әсерін тигізсе де, елдің экономикасын көп жағынан нығайтып, Иран халқын көбірек талпыныс жасауға итермеледі. Әрине,  қымбатшылық, тоқырау, жұмыссыздық, қоғамның импорттық тауарларға тәуелділігі сияқты мәселелердің тәуелсіз ел үшін оңай еместігі күмәнсіз. Осы қиындықтардың бір бөлігін санкциялар мен шетелдік қысымдар, әлемдік деңгейдегі экономикалық тоқырау немесе әлемдік деңгейдегі мұнай бағасының әдеттен тыс төмендеуінен туындады деп санап, соған қатысты қисын мен дәлел келтіруге болады. Алайда тура осы қиындықтар дұшпандар үшін басқа мән-мағынаға ие. Бір елге соққы беру немесе тәуелсіз халықтарды тізе бүктіруге мұрсат іздейтіндер осы мәселелерді халықтың жүйеден үмітін үзуі, көңілінің қалуы мен ақырында сенімін жоғалтуы үшін құрал ретінде пайдаланады.

Осы тұрғыдан жүйе дұшпандарының ешқашан жүйенің мықты тұстарын айтуды қаламайтыны мәлім.  Олардың стратегиясы бұл салада Батыстың ауқымды жарнамалық  арналары арқылы исламдық жүйенің мықты тұстарын жасырып, осал тұстарын әсірелеп көрсету болып табылады. Шын мәнінде, олардың мақсаты санкцияны пайдалану арқылы жүйенің дамуына тосқауыл қою, жүйені тұрлаусыз мәселелермен айналысуға итермелеу және жүйені инфрақұрылымдық шараларды орындаудан алшақтату болып табылады. Осы кеңістікті тудыруда, сондай-ақ, психикалық соғысты күшейтіп, күйзеліс пен үмітсіздік тудырудағы ақпарат құралдары мен спутниктік арналардың рөлі өте жоғары.  Осындай ақпарат құралдары осал тұстарды көбірек әрі нақтырақ анықтап, үздіксіз санкциялардың әсерін бағалау арқылы осал тұстарды әсірелеп көрсетіп,  елдің экономикасын әлсіз, осал әрі мұнайға бағынышты деп көрсетуге тырысуда. Осы түйткілдер соңғы жылдары экономикасы мұнайға қатты тәуелді Венесуэла мен Нигерия сияқты елдерді  құлдырау қарсаңына жеткізді.

Осы тұрғыдан бұл ағымды үлкен қауіп деп түсіну қажет. Өйткені бүгінде психикалық соғыстар экономикалық қиындықтардың салдарларының тіпті әскери амалдар мен соғыстан да бүлдіргі сипатта бола алатынын көрсетті. Өйткені тікелей соғыста қарсыластар бір-біріне қарсы тұрып, басқыншының позициясы айқын көрінеді. Ал халықты жүйеден бөліп алу және макроэкономикалық саясаттарды тиімсіз деп көрсету  алдын ала  жоспарланып, жасалған ағым болып табылады. Бұл ағым осы түйткілдерден құтылуға үміт қалдырмауды мақсат тұтады. Соның нәтижесінде макроэкономикалық саясаттар күнделікті жанама мәселелердің тасасында қалады.

Алайда осы жұмсақ соғыс пен қауіп-қатерлерді қалайша мүмкіндікке айналдыруға болады?

ИИР-ның жүйесі осы жылдар барысында санкциялардың болғанына қарамастан, бір халықтың АҚШ немесе басқа да әлемдік алпауыттарға бағынусыз-ақ үлкен жетістіктерге жете алатынын және АҚШ-тың саясында өмір сүрмеудің артта қалу емес екенін дәлелдеді.

Мұнымен қоса, ИИР халықпен дұшпандықтың түрлі салаларына қарсы тұру үшін тиісті шаралар ұйымдастырып, дұшпанның жоспарлары мен әрекеттерін болжап, соған сәйкес өзінің бағдарламаларында экономикалық түйткілдерді шешу және қарсыласу экономикасын орындау жолында әрекет етуді басым бағыт етіп алды.

Иранда Ислам революциясының жеңіске жетуі қазіргі заман тарихында Таяу Шығыс пен ислам әлемінде орын алған ең маңызды саяси өзгеріс болып саналады. Имам Хомейни (р.) бастаған Ислам революциясының жеңіске жетуі халықаралық және аймақтық деңгейдегі саяси теңгерімді бұзды. Соның нәтижесінде АҚШ-тың сыртқы саясаты үш стратегиялық  салада – халықаралық жүйе, Таяу Шығыс  аймағының жүйесі мен Иранның саяси географиясы саласында бұзылды.

Осы тұрғыдан Ислам революциясынан кейінгі жылдар АҚШ үшін сезімтал жылдар болды. Ол тәсілдері, тактикалары, тіпті стратегиясын өзгерту арқылы өзінің бұрынғы құдіреті мен ықпалын қайтарып алуға тырысты. Осы стимулмен АҚШ Иранның жаңа жүйесіне қарсы қастандық ұйымдастырып, революцияға қарсылармен өз жұмысын бастады. АҚШ-тың халықтың революциядан үмітін үздіруге бағытталған мақсаттары мен тәсілдерін психикалық соғыс жүргізу, исламдық республика жүйесінің тиімсіздігіне нандыру, қысымды күшейту, іштен өзгерту, экономикалық блокада мен санкцияларды арттыру және Иранға қарсы әртүрлі мәселелер бойынша айып тағудан көруге болады.  

Бұл стратегия революциялық рухты әлсіретіп, халық пен үкімет арасында алшақтық тудыруға негізделген. Осы жылдары АҚШ Конгресінде Иран қоғамына іріткі салушы ағымдарды қолдауға көңіл бөлініп, билікті құлату үшін 20 млн доллар бюджет бекітілді.

1997 жылдың қараша айында АҚШ Конгресі 4 млн долларды Иранның «Азаттық» (Farda) радиосын ашу үшін бөлді. Ол радионың тыңдармандары революциядан кейін дүниеге келген ирандық жастар болады деп үміттенді. Бұл жобалар халық пен ИИР жүйесі арасына алшақтық салуды мақсат тұтты.

«Ньюсуик» басылымы бір мақалада осы туралы: «Иранда жаңа революция қалыптасу үстінде. Бүгінде ирандық жастар радиолар мен спутниктік арналардың көмегімен сыртқы әлемнен хабардар. Осы факторлардың барлығы саяси және мәдени революция үшін қажетті күш тудырды. Жүйеге қарсы топтар арасында үйлестіру жұмыстарын жоспарлау ОББ мен Моссадтың күн тәртібіне қойылды. АҚШ-қа бағынышты ақпарат құралдары мұны ұлғайтып көрсетіп, қоғамда шиеленіскен кеңістік тудырды. Осы шараның айқын үлгісін 88 жылғы сайлаудан кейінгі бүліктен көруге болады»,-деп жазды.

АҚШ пен оның жарнамалық органдары өткен отыз жылда әрдайым Ислам революциясының тәжірибелерін тиімсіз етіп көрсетуге тырысып, жарнамалық бопсалармен Иран халқы мен әлемнің азаттықты сүюшілеріне «Ислам революциясы халықтың қажеттіліктеріне жауап бере алмады» деп көрсетуді көздейді.

Осы қауіп-қатерлерді мұрсатқа айналдыру жолдарының бірі дұшпанның болмысын тану және барлық әлеуеттерді, әсіресе экономикалық мүмкіндіктерді пайдалануда бастамашыл болу екендігі айқын.

Ислам революциясының жетекшісі  аятолла Хаменеи бірнеше рет дұшпанның экономикалық қастандықтары мен олардың Иранға қарсы қысымдар мен санкцияларды күшейтудегі мақсаттарын еске салып, экономиканың инфрақұрылымын нығайту және осы саладағы шараларға көңіл аудару қажеттігін қуаттады. Аятолла Хаменеи осы саладағы орта және ұзақ мерзімді стратегияларды «экономикалық джиһад жылы» сияқты атаулар қалыбында қарсыласу экономикасы үлгісінің қалыптасу және даму жолымен бірге айқындап көрсетті. Хазірет аятолла Хаменеи осы негізде 1395 жылды «Қарсыласу экономикасы: әрекет пен амал» деп атап, биыл да осы тақырыпты ескеріп, 1396 жылды «Қарсыласу экономикасы: өндіріс және жұмыспен қамту» деп атады.