29 фарвардин (18 сәуір) – ИИР Қарулы күштерінің күні
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i26236-29_фарвардин_(18_сәуір)_ИИР_Қарулы_күштерінің_күні
29 фарвардин (18 сәуір) – ИИР Қарулы күштерінің күні. Бүгінгі бағдарламада ИИР Қарулы күштерінің Иран мен аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздік орнату саласындағы орны мен рөліне шолу жасаймыз.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Сәу 19, 2017 14:17 Asia/Almaty

29 фарвардин (18 сәуір) – ИИР Қарулы күштерінің күні. Бүгінгі бағдарламада ИИР Қарулы күштерінің Иран мен аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздік орнату саласындағы орны мен рөліне шолу жасаймыз.

ИИР қауіпсіздікті сақтауға бағытталған өзінің стратегиялық  принциптері аясында қорғануға дайын болу және тежегіш күшке ие болу қажеттігін баса айтумен қоса, әрдайым әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздіктің сақталуына мүдделік танытып, аймақтағы әскери стратегиялар қауіпсіздік, берік тұрақтылық және өзара сенім негізінде құрылуы қажет деп санайды. Осыған сәйкес ИИР Қарулы күштері таңылған соғыс жылдары елді қорғап, басқыншылардың бетін қайтаруда әсерлі рөл атқарды. Қазір де барлық күш-қуаты және айбынмен ИИР-ның шекараларын қорғауға дайын және бір тежегіш қүш ретінде дұшпанды тіпті Иранның шекарасынан тысқары жерде жою әлеуетіне ие.

АҚШ Иранның тежегіш және қорғаныс күшін аймақтың қауіпсіздігі үшін қатер деген уәж айтып отыр. Мұндай мақсатты сөздер АҚШ пен Ұлыбритания басшыларының аймаққа барыс-келісінен кейін күшейе түсті. АҚШ-тың Иранның зымырандық қорғаныс бағдарламасына алаңдайтыны туралы уәждер оның өзі аймақта зымырандық шабуылға мүмкіндік тудыру үшін ортақ маневрлер өткізіп жатқан жағдайда айтылып отыр.

«Вашингтон пост» газеті біраз уақыт бұрын  Пентагонның Сауд Арабиясына құны 60 млрд долларды құрайтын қару-жарақ сату туралы келісімшартқа қол қоюмен қоса, осы елдің  басшыларымен Сауд Арабиясын құны ондаған млрд доллар тұратын зымырандық кешендермен жарақтау туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын әшкере етті.

Иранға қоқан-лоққы жасау  саясаты осы уақытқа дейін АҚШ саясаткерлері тарапынан ұдайы түрде жүргізіліп келеді. Бұл әрекеттердің бір бөлігі АҚШ Мемлекеттік департаменті белгілеген жұмыс бөлінісі аясында ұйымдастырылған, ал келесі бір бөлігі АҚШ Конгресі тарапынан атқарылып отыр.

ИИР осы қоқан-лоққылардың деңгейі, қорғаныс қажеттіліктері мен басымдықтарын ескеріп, өзінің қорғаныс стратегиясын тежегіш күшін жоғарылатуға негіздеді. Бұл стратегия аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайту және аймақты кез-келген ықтималды басқыншының авантюристік әрекеттерінің алдын алуға бағытталған. Мұнымен қоса,  Иран аймақтың қауіпсіздігін сақтау үшін  интеграция  жасау принципіне сенетінін ең жоғары деңгейлерде сан рет жариялады. Осы тұрғыдан Иранның қорғаныс айбынының аймақтың қауіпсіздігіне қатер еместігі былай тұрсын, керісінше ұжымдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін аймақтық  қарым-қатынас үшін қажетті алғышарт  болып табылады.   

АҚШ соңғы жиырма жылда қауіпсіздік пен аймақта тудырған  өзі лаңкестікпен күрес тақырыптарын құрал ретінде пайдаланып, аймақтық  және халықаралық деңгейдегі өзгерістердің бағытын өзгертуге бар күшін салды.  АҚШ осы аяда алдын ала шабуылдар жасауға барды. АҚШ әлемнің 136-дан астам елінде әскери базалар ашып, іс жүзінде  ішкі істерге араласушы әскери амалдар жасады. Бұл ішкі іске араласушылық 2001 жылдың 11 қыркүйек айында Нью-Йорктің қос мұнаралы дүниежүзілік сауда орталығына жасалған лаңкестік әрекетке жауап ретінде 2001 және 2003 жылдары Ауғанстан мен Иракқа тікелей басқыншылық жасаған кезде айқындала түсті. Бұл шаралар АҚШ-тың әскери тетікті пайдаланып, әскери араласушылықпен аймақтық  елдерге өзінің ықпалын арттыруды көздейтінін көрсетеді. Оның жуырдағы үлгісі АҚШ-тың Сирияға зымырандық шабуылы болып отыр. Осындай араласушы саясаттардың салдарынан аймақтық елдерге соғыс пен дағдарыс таңылып, бейберекеттік туындады. Бұл саясат аймаққа көп шығын әкелді.

АҚШ-тың осы саясаты Иран дипломатиясы тұрғысынан қабылданбайды. ИИР зорлық пен үстемдік көрсету әрекеттеріне қарсы. Ол елдердің ішкі ісіне араласпау принципін қуаттап, аймақтық  елдерді өз мәселелерін  аймақтық  шешім жолдары негізінде бір-бірімен әріптесе отырып шешуге ынталандыруға күш салуда. АҚШ-тың саясаткерлері Иранды аймақтық елдердің ішкі ісіне араласады деп айыптайды. Осындай уәждер Йеменге қарсы соғыс жүргізіп жатқан Сауд Арабиясы сияқты елдер тарапынан да қайталанады. Мұндай саясаттың мақсаты Иранның аймақтағы рөлін әлсірету болып табылады. АҚШ осы мақсатты Ислам революциясы жеңіске жеткен алғашқы жылдары Иранға қарсы басқыншылық соғыста Саддамды  қолдау арқылы көздеп, ИИР-ын тізе бүктіруді  мақсат тұтты. Ирактың Иранға қарсы соғысының басталу себептерін талдау үш мақсаттың осы соғыстың орын алуына себеп болғанын көрсетеді: бірінші мақсат – ИИР жүйесін тікелей соғыс арқылы құлату. Бұл мақсат АҚШ тарапынан көзделді; екінші мақсат аймақтағы әскери теңгерімді өзгерту болды. Ислам революциясына дейін Иранның рөлі аймақта АҚШ-тың мүдделерін қорғау аясында сипатталды. Алайда Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткен соң бұл қатынас өзгерді. Саддам режимі шын мәнінде АҚШ-тың ынталандыруымен ИИР жүйесін құлату арқылы аймақта Иранның әскери құдіретінің орнын басуға үміттенді. Иранға соғысты таңудағы үшінші мақсат Ислам революциясының  аймақтық  елдер үшін үлгіге айналуының алдын алу болды. Бұл мақсат «Шиіттік жарты ай» теориясы мен «Ираннан үркіту» жобасы қалыбында жүзеге асырылды.   

АҚШ өткен 38 жылдың ішінде шын мәнінде барлық таңдау жолдарын пайдаланып, аймақта өзіне бағынышты режимдерге тікелей және жанама түрде көмектесу арқылы Иран халқын тізе бүктіруді мақсат тұтты. Алайда бұл істерінің ешқайсысы Иранның позициясын олардың мүддесіне қарай өзгерте алмады. Бұған қарамастан, таңылған соғыс аяқталса  да, Иранға қарсы қоқан-лоққылар доғарылмады. АҚШ бұрынғыдай осы таңдау жолдарын ұстанып келеді. Осы тұрғыдан Иран үшін қорғанысқа дайын болу қажеттілік саналады.  

Ислам революциясының жетекшісі әрі барлық күштердің бас қолбасшысы  хазірет аятолла Хаменеи осыдан біраз бұрын Иранның әскери өнеркәсібіндегі дамыған, жергілікті және іргелі ғылымға негізделген технологияларды көргеннен кейін жасаған  баяндамасында: «Зорлықшыл, үстемшіл және ар-ұждан мен адамгершіліктен жұрдай алпауыт елдер дүниені басқарып, басқа елдерге шабуыл жасап, жазықсыз адамдарды қырып-жоюдан тайсалмай тұрған шақта қорғаныс және шабуылға негізделген өнеркәсіпті дамыту – табиғи нәрсе, өйткені алпауыттар елдің айбынын сезінбейінше, қауіпсіздік қамтамасыз етілмейді»,-деді.   

Шындық мынада: Иран әрдайым АҚШ пен оның аймақтық одақтастарының  қоқан-лоққысына ұшырап келеді. Бұл қоқан-лоққылардың азаймағаны былай тұрсын, керісінше алуан түрлі сипатта арта түсті. Сол себепті  ИИР өзінің қорғаныс доктринасы аясында қоқан-лоққыларды жоюда әсерлі болатын жобалар дайындап, орындады. 

ИИР таңылған соғыстан кейінгі жылдары өзінің қорғаныс қабілетін Қасиетті қорғаныс  кезіндегі тәжірибелерді қолданып және жергілікті әлеуеттерге сүйеніп дамытты. ИИР-ның қорғаныс доктринасындағы стратегиялық мақсаттар екі принципке негізделген: әсерлі тежеу мен қорғанысқа ие болу үшін «күш-қуатты арттыратын құралдарды өндіру». Бұл салада Иранның құрлық, теңіз және әуе-ғарыштағы соғыста төтеп беру қабілеті әлемнің қазіргі заман стандарттарына сай және «тежегіш» принципі негізінде дамыды.

Қазіргі таңда ИИР дамыған технологияға қол жеткізіп, әртүрлі баллистикалық зымырандарды жасауда өзін-өзі  қамтамасыз ету дәрежесіне жеткен соң, осы технологияға ие санаулы елдердің қатарына қосылды. Теңіз және су асты қорғанысы саласында да Иран армиясы Теңіз күштерінің  флоты Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазынан бастап мұхиттар мен халықаралық суларда ірі миссияларды атқаруға қабілетті. Бұл жетістіктер жалпы алғанда Иранның кез-келген  ықтималды басқыншылыққа жауап беру үшін жоғары қорғаныс қабілетіне ие екенін және бүгінде ИИР Қарулы күштерінің құрылым мен стратегияның өзгергеніне сәйкес кез-келген деңгейдегі қоқан-лоққыларға төтеп беруге дайын екенін көрсетеді. Иран ешқашан бірінші болып соғыс бастаған емес, алайда қоқан-лоққыларға төтеп беру және басқыншылықтарға жауап беруде іс жүзінде айбынмен әрекет ететінін және өзінің әскери-қорғаныс қабілетіне сүйеніп, аймақта бейберекет тудыратын ағымдарға қарсы тұра алатынын көрсетті.