Трамптың Ақ үйдегі 100 күні
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i26702-Трамптың_Ақ_үйдегі_100_күні
Дональд Трамптың президенттік кезеңі басталғаннан бері жүз күн өтті.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Maм 03, 2017 15:51 Asia/Almaty
  • Трамптың Ақ үйдегі 100 күні

Дональд Трамптың президенттік кезеңі басталғаннан бері жүз күн өтті.

Дональд Трамп 2017  жылдың қаңтар айының 20 күні АҚШ-тың  45-ші президенті ретінде ант беріп, осы елді басқару жауапкершілігін мойнына алды. 29 сәуір Дональд Трамптың президенттік кезеңінің 100-ші күніне сәйкес келеді. АҚШ-тағы саяси дәстүр бойынша осы ел Президентінің Ақ үйде қызмет еткен алғашқы 100 күндегі жұмысын талқылау әрдайым маңызды саналады. Осы дәстүрді ескеріп, мынадай сауал қоямыз: Дональд Трамп  президенттік кезеңінің 100 күнінде қандай жұмыстар атқарды?

Дональд Трамптың президенттік кезеңінің 100 күнінде атқарған істерін АҚШ-та 2016 жылғы президенттік сайлау алдындағы даулы бәсекелестік пен Трамптың жанжалды уәделеріне шолу жасамай талқылау мүмкін емес. Трамп өткен жылы АҚШ халқының ауқымды наразылықтарын пайдаланып, өзін жемқорлыққа қарсы тұлға ретінде көрсетіп, 8 қараша сайлауында жеңіске жетті. Алайда, Трамптың Ақ үйге кірудегі сәттілігі АҚШ-та халықтың дауысына емес, сайлаушылар коллегиясының дауысына қарыздар. Сол себепті сайлаудың ертеңінен бастап АҚШ-тың таңдаулы Президенті бұрын-соңды болмаған сынға ұшырады. Трамп соңғы жарты ғасырда өткен президенттік сайлаудағы ең тартымсыз үміткер деп аталды. 100 күндік президенттік кезеңнің соңында Трамптың тартымдылығы бұрынғыдай 50 пайыздан төмен. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі АҚШ Президенттері арасындағы ең төменгі көрсеткіш.

Осы тұрғыдан Дональд Трамп АҚШ қоғамының үміттерін, тіпті өз жақтаушыларының бір бөлігінің де үміттерін ақтамады. Ол өзінің инаугурация рәсімін осы рәсімге қатысқан бірнеше адаммен дауласудан бастап, Ақ үйде болған екінші күні әйелдердің ең ауқымды шеруіне ұшырады. Әйелдер құқығын қорғаушы белсенділермен қоса, басқа да әлеуметтік белсенділер, соның ішінде қоршаған орта мен азаматтық бостандықтарды жақтаушылардың қатысуымен өткен бұл шеруде қатысушылар АҚШ-тың мәдениеті мен саясатының оңшылдық пен консерваторлыққа қарай бұрылуына алаңдаушылық білдірді.

Дональд Трамп өз президенттігін барлау саласындағы әшкерелеушіліктерден бастады. АҚШ-тың барлау органдары тіпті Трамптың Ақ үйде орналасқанына дейінгі бір есептерінде осы республикашыл үміткердің  сайлау штабына мүше адамдардың кейбіреуінің жасырын түрде  АҚШ-тағы Ресейдің саяси және барлау қызметкерлерімен байланыс орнатқанын жариялаған. Осы мәліметтердің Трампты сынайтын ақпарат құралдары тарапынан таралуы оның президенттік кезеңінің алғашқы күндері көп дау-дамай тудырды. Алдымен Трамп осы есептердің барлығын теріске шығарып: «Үкімет барлау қоғамы, негізгі ағымдардың ақпарат құралдары және 2016 жылғы қараша айының сайлауында жеңіліс тапқандар тарапынан ұйымдастырылған  қастандықтармен бетпе-бет келіп отыр»,-деген уәж айтты. Бұған қарамастан АҚШ үкіметінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Флиннің Вашингтонда Ресей елшісімен телефон арқылы  сұхбатқа қатысты жасырын әрекеттер жасағандықтан лауазымнан босатылуы жасырын телефон сұхбаттары мәселесінің алғашқы ойдан әлдеқайда күрделі екенін көрсетті. Бұл оқиға, сондай-ақ, АҚШ-тың Әділет министрі әрі Бас прокуроры Джефф Сешнсті де ортаға тартып, Трамптың партияластарының бақылауындағы Конгресте Ресейдің өткен жылғы президенттік сайлау барысындағы рөлін анықтау үшін зерттеу комитетінің құрылуына себеп болды. Трамп АҚШ-та Ресейге қарсы ағымдар бағытына бұрылып, Сирияға зымырандық шабуыл жасауға шешім қабылдаған соң оған жақындардың ресейліктермен жасырын қатынасы туралы әшкерелеушіліктер бәсеңдеді. Бұған қарамастан, Трамптың АҚШ-тағы ең танымал телерадио арналардың кейбіреуімен дауы жүзкүндік президенттік кезеңінің соңына дейін жалғасын тапты.

Дональд Трамптың ең маңызды сайлауалды уәделерінің бірі заңсыз мигранттармен күресу, мұсылмандардың АҚШ-қа кіруіне тыйым салу және АҚШ пен Мексика шекарасына дуал салу болды. Ол осындай уәделер беру арқылы миллиондаған дауыс жинап, АҚШ-тың президенттік сайлауында жеңіске жетті. Бұған қарамастан, президенттік кезеңнің 100 күнінде  Трамп осындай уәделерін жүзеге асыруда жеңіліске ұшырады. Бірінші ұтылыс АҚШ-тың соттары Трамптың 7 мұсылман елінің АҚШ-қа кіруіне тыйым салуға берген жарлығының күшін жойған кезде орын алды. Бұл жарлық АҚШ-тың іші мен сыртында көп шу шығарып, Трамп үкіметінің тіпті Конгрестің кейбір республикашыл өкілдері тарапынан да сынға ұшырауына себеп болды. Сол себепті Трамптың кеңесшілері алғашқы жарлыққа өзгерістер енгізіп, осы жолы 6 мұсылман елінің азаматтарына қарсы жаңа жарлық шығарды. Алайда бұл жарлық та АҚШ-тың федералдық соттарының дауысы арқылы алғашқы жарлықтың тағдырына ұшырады. Заңсыз мигранттарды елден шығару жөнінде де сот органдарында сотталған заңсыз мигранттарды шығаруға қатысты шаралар күшейгенімен, аталған 100 күнде бұған қатысты айтарлықтай өзгеріс болмады. Мұнымен қоса, АҚШ-тың кейбір қалалары Федералдық үкіметтің қылмыскер және сотталған заңсыз мигранттарды шығару туралы бұйрықтарын орындаудан бас тартты. Осындай жағдайда Трамп Конгрестің қысымымен және Федералдық үкіметтің ыдырау  ықтималынан құтылу үшін Мексикамен  шекараға дуал салуға бюджет бөлу туралы өтінішін қайтарып алды.  

«Obamacare» деп аталатын науқастарды қорғау және қарайлау заңымен күресу Дональд Трамптың өткен жылғы АҚШ-тың президенттік сайлау алдындағы науқанда берген негізгі уәделерінің бірі еді. Ол кезде Республикашылдар партиясының даулы үміткері бірнеше рет «Obamacare»  жобасына шабуыл жасап, оны АҚШ-тың тарихында бекітілген ең нашар заңдардың бірі деп атады. Сол себепті Трамптың Ақ үйге кірген бірінші күнінен бастап жаңа Президенттің осы заңға қатынасы АҚШ-тағы саяси орта мен бір топ ақпарат құралдарын қызықтыратын тақырып болды. Республикашылдар 7 жылға жуық «Obamacare» жобасына қарсы үздіксіз сөйлеп келеді. Сондықтан АҚШ-та саяси билік біркелкі болып, республикашылдар елдің үштік билігін өз қолдарына алған соң Конгресте «Obamacare» жобасының орнына жаңа заң бекітеді деп күтілген. Алайда  Республикашылдар партиясының кейбір консерваторлары «Trumpcare» деп аталатын АҚШ-тың медициналық сақтандыру жүйесі туралы жобасына қарсы шықты. Республикашылдардың бақылауындағы Конгрес өкілдері көптеген қиындықтардың туындауына байланысты қоғамдағы табысы аз, кедей 20 млн азаматты сақтандыру жүйесін алып тастауға ыңғай танытпады. Осылайша, олар Барак Обаманың әлеуметтік саладағы ең маңызды мұрасының бұрынғыдай сақталып қалуына рұқсат берді. Бұл оқиға 2016 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде пайда болған Республикашыл партияның ішіндегі жікке бөлінушіліктің Трамп жеңіске жеткеннен кейін де жалғасқанын көрсетті.   АҚШ Президентінің осы елдің Аппеляция сотының консерватор судьясы Нил Горсачты Жоғары федералдық сотқа тағайындаудағы сәттілігі консерваторлар арасында пайда болған жікті біршама азайтты. Бұған қарамастан,  бұл сәттілік те Республикашылдар партиясы ішіндегі әртүрлі ағымдардың Трампқа жақындардың ресейліктермен жасырын қарым-қатынасын қарастыру немесе Мексикамен шекараға дуал салуға бюджет бөлу туралы мәселелерде келісімге келуіне  себеп бола алмады.

Дональд Трамп президенттік кезеңінің 100 күнінде АҚШ-тың экономикасына жан бітіру үшін көптеген жобалар мен бағдарламаларды қабылдады. Ол «АҚШ-ты қайта гүлдендіреміз» деген ұранмен сайлауда жеңіске жетіп, өзінің инаугурация рәсімінде «АҚШ-тың бірінші болатындығына» уәде берді. Осы көзқарас аясында Трамп үкіметі америкалық өнімдер мен америкалық жұмысшылардың мүдделерін қолдауға бағытталған протекционистік саясатты назарға алды. Аталмыш мақсатты орындауға бағытталған алғашқы қадамда Трамп АҚШ-тың Транс-Тынық мұхиты еркін сауда келісімінен шығатынын жариялады. Содан соң Трамп  Солтүстік Америка еркін сауда келісімі – NAFTA-ны  сынға алды. АҚШ-тың жаңа үкіметі ішкі саудаға көмектесу үшін өзінің өндірістік желісін шекарадан тыс жерлерге ауыстырып, америкалық жұмысшылардың жұмыссыз қалуына себеп болатын  америкалық компаниялардың салығын арттыратынын мәлімдеді. Әрине, мұндай қатынасты жариялау  АҚШ-тың экономикалық компанияларының наразылығын тудырды.  АҚШ-тың Еуропа мен Азиядағы одақтас елдерінің барлығы дерлік, сонымен қатар халықаралық ұйымдардың аға қайраткерлері протекционистік саясаттың теріс салдарлары жайлы ескерту жасады. Кейбіреулер ірі алпауыт елдер арасында коммерциялық соғыстардың ықтималдығын хабарлады.  Бұған қарамастан,  уақыт өте келе Трамптың қоқан-лоққы жасаса да, іс жүзінде АҚШ-тың сауда серіктестеріне қарсы әрекет етпейтіні айқындалды. Мысалы, АҚШ Президенті «Қытай ұлттық валюта құнына өзгеріс енгізді» деген айыптауын ашық түрде қайтарып алып: «АҚШ NAFTA ұйымы аясындағы өзінің міндеттемелеріне берік болып қала береді»,-деп жариялады. Осы арада Трамп үкіметінің салықтық реформалар жобасын таныстыруы АҚШ-тың экономикалық белсенділері мен халықтық топтарының көбінің қолдауына ие болды. Бұл адамдар салықтардың төмендейтіндігіне қуаныш білдірді. Басқа топ АҚШ тарихындағы ең ірі салықты азайту жобасы іске қосылғаннан кейін бюджет тапшылығы туындап, федералдық үкіметтің қарыздарының ұлғаятынын ескертті.

Дональд Трамптың президенттік кезеңінің алғашқы 100 күніндегі АҚШ үкіметінің сыртқы саясаты мен қауіпсіздік саясаты да көптеген шарықтаулар мен құлдырауларға толы болды.  АҚШ-тың өткен жылғы президенттік сайлау науқанында бұрынғы үкіметтерді Батыс Азияда шығыны көп соғыстар жүргізгені үшін сынаған Трамптың Сирияға зымырандық шабуыл жасауға бұйрық беруі оның бұрынғы үкіметтердей әлемнің жер-жерінде соғыс жүргізуді қалайтынын көрсетті. Ол Сирияның Хан-Шейхун қаласына химиялық шабуыл жасалғанын сылтауратып, АҚШ-тың қанатты зымырандарын Сирияның эш-Шайрат әуе базасына атуға бұйрық берді. Осылайша, ол өзінің жаппай қырып-жою қаруларына қарсы екенін көрсеткісі келді. Мұндай әрекет, әрине, АҚШ-тың іші мен сыртында Трампқа қолдау әкелді. Алайда мұнымен бір мезгілде оның соғысқа қарсылығы және ДАИШ-пен шынайы түрде күресетіні туралы жалған айтқанын көрсетті. Ол Вашингтон мен Мәскеу арасындағы күрделі қарым-қатынасты одан ары шиеленістіріп жіберді. АҚШ армиясы Ауғанстанда «Барлық бомбалардың анасы» деп аталатын өзінің ядролық емес ең қуатты бомбасын қолданып, Корея түбегі аймағына басқыншы әскери кемелер жібергенде Трамптың  қатты соғысқұмар екені анық көрінді.  

АҚШ үкіметінің әскери қимылдарына сәйкес Трамп сыртқы саясат саласындағы өзінің кейбір көзқарастарын да өзгертті. Мысалы, ол Вашингтонда НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенбергпен  кездесуінде өзінің бұрынғы сөздерінен қайтып, бұл әскери ұйымды енді ескірген деп санамайтынын айтты. АҚШ Президенті, сондай-ақ, Флоридада Қытай басшысымен кездескеннен кейін: «Бұл ел өзінің ұлттық валютасы – юаньның бағамын анықтауда өзгеріс жасамады»,-деп жариялады. Мұндай ұстанымды жариялау Дональд Трамптың президенттік кезеңінің алғашқы 100 күніндегі АҚШ үкіметінің сыртқы саясат пен қауіпсіздік саясатындағы бұлыңғырлықты одан ары арттырды.

Дональд Трамптың президенттік кезеңінің алғашқы 100 күні жанжалдар, әшкереушіліктер мен дау-дамай тудырған бұйрықтардың шығарылуымен өтті. Көпшіліктің күткеніне керісінше, осы 100 күннің ішінде Трамптың сайлауалды науқаны кезіндегі уәделерінің көбісіне назар аударылмай, олардың тек аз ғана бөлігі орындау сатысына жетті.  АҚШ-тың жаңа президенттерінің барлығы Ақ үйге кірген алғашқы 100 күнде жеткіліксіз әрекет еткен. Алайда,  олардың ешқайсысының АҚШ-тың 45-ші Президентіндей рейтінгісі төмен болған емес.