Колайни – ислам əлемінің ұлы ойшылы
Сеғет ул-ислам Колайни "Әл-Кафи" хадистер жинағының авторы, ислам əлемінің ұлы ойшылы жəне мұхаддисі. Ол имам Хасан Аскари (ғ.с)-дің заманында Рей қаласында дүниеге келген. Бұл ұлы тұлға өз еңбектерімен ислам əлеміне баға жетпес үлес қосқан. Х.ш.ж.с.б. ордибеһешт айының он тоғызы – ислам əлемінің осы ұлы ғұламасын еске алатын күн.
Бүгін х.ш.ж.с.б. ордибеһешт айының он тоғызы, сəйкесінше мамырдың тоғызыншы жұлдызы - шейх Колайниды еске алатын күн.
Құдайдың нәсіп еткен керемет күндердің бірінде Рейдің төңірегіндегі бір ауылда Яғуб Колайнидың үйі пəк нəрестенің дүниеге келуімен нұрлана түсті. Бұл нəрестенің есімін Колайни деп атады. Колайни Теһраннан 37 шақырым қашықтықта орналасқан Рей қаласының маңындағы Колайн ауылында, имам Хасан Аскари (ғ.с)-ның заманында дүниеге келген. Сол себепті ол кісіні Рази, кейде Рей деген лақап аттармен атаған.
Оның әкесі ислам пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с)-қа адалдығына байланысты баласының атын Мұхаммад деп қойды. Сөйтіп Мұхаммад ибн Яғуб руханилық толқыны есіп тұрған үйде тәрбиеленді. Оның әкесі Колайн ауылында имандылығымен танымал ғалым, тақуа кісі болған. Анасы Раббани данышпандар əулетінен шыққан әулие әрі ғалым әйел болған.
Екеуі де Құдайдың мүмін құлдары болған осындай ата-ананың дана тəрбиесінің арқасында Мұхаммад ибн Яғуб Колайни бала кезден бойына рухани қасиеттерді сіңіріп, пəк және ардақты тұлға ретінде қалыптасып, жастайынан Аһле бейттің ілімдерін үйренуге қызығушылық танытты.
Мұхаммад əкесі мен нағашы ағасынан білім алғаннан кейін, білімін əрі қарай жалғастырып, жетілдіру үшін Рей қаласына барды. Онда Абул Хасан Мұхаммад бин Асади Куфиден білім алды. Содан кейін Құмға барып, мұхаддистер мен имамдардың сахабаларынан хадистерді оқып үйренді. Құмда Ахмад бин Мұхаммад бин Иса Ашари Құми, Ахмад бин Идрис Ашари Құми, Абдулла бин Джафар Хомейри (Ғорб ул-иснад кітабының авторы) секілді ұлы ұстаздардан білім алған. Содан соң, білімін жалғастыру мақсатында, əсіресе хадис пен калам ілімдерін жетілдіру үшін Иракқа аттанды. Сөйтіп Куфада Ибн Оқде Куфиден 100 мыңнан астам хадис үйреніп, кейінен Бағдадқа барып, теология саласында кітап жазумен айналысты. Ол Машхад, Дамаск, Рей, Құм, Куфа және Бағдад қалаларына сапар шегіп, сол сапарлары барысында шарықтаулар мен құлдырауларды бастан өткеріп, хадис іліміне байланысты және тарихи алуан-түрлі жанжалдар мен әртүрлі ағымдардың сенімдерін жақыннан танып, түрлі ұстаздардан білім алды.
Сеғет ул-ислам Колайни имам Хасан Аскәри (ғ.с)-ның заманында дүниеге келген. Сонымен қатар, ғайып хазірет имам Заман (ғ.с) қысқа мерзім аралығында ғайып болған кезде шиіттер мен имам Заман (ғ.с) арасында байланыстырушы болған төрт елшісі мен арнайы өкілімен замандас болған.
Халық оны шындықты айтуы, дұрыс амал-әрекеті және хадистер мен рауаяттарды жетік меңгергені үшін мақтайтын. Осыған байланысты, мұсылмандар пәтуа шығарарда онымен ақылдасып, оның сөздерінің растығы мен дұрыстығына кәміл сенетін. Сол себепті, ол кісіге «Сеғет ул-ислам» деген лақап ат берілген. Ол шынымен осы ұлы лақапқа лайық болған алғашқы ислам ғұламасы саналады.
Колайни тұлғасы туралы сүннит ағымының ірі әрі белді үлемі Ибн Асир өзінің «Джаме’е әл-усул» атты кітабында Колайни жайлы: «Колайни Рази Аһле бейттің діни жетекшісі, ұлы әрі даңқты ғалым болған»,- деп жазған.
Осы сөздерінен кейін Ибн Асир Пайғамбар (с.ғ.с)-дан бір рауаят айтқан: «Әр жүзжылдықтың басында діни салада үлкен қызметтер атқаратын мінсіз тұлға дүниеге келіп, аса жоғары дәрежеге ие тұлғаға айналады». Содан кейін, ол хазірет сондай біртуар ұлыларды атаған. Бірінші жүзжылдықтың басында имам Бағерді (ғ.с), екінші жүзжылдықтың басында имам Резаны (ғ.с), үшінші жүзжылдықтың біртуар ұлы тұлғасы ретінде Мұхаммад Яғуб Колайниді атауы оның тұлғасының маңыздылығын көрсетеді.
Колайни көптеген кітаптар мен еңбектердің авторы болып табылады. Ұлы ғалым Наджаши шейх Колайнидің өмірі мен еңбектері жайлы жазғанда, сонымен қатар шейх Туси «Әл-Феһрест» кітабында Колайнидің бірнеше кітабын атаған. Соның ішінде, хадистерді таратушыларды мазхаб, наным және сенімділік пен сақтау секілді жалпы тұрғыдан танып білуге байланысты «Элме реджал» (Қайраткерлер туралы ілім) атты кітапты атауға болады.
Колайнидің келесі кітабы «Әр-рад әлә әл-ғарамете» деп аталатын каламдық кітапқа жатады. Атауынан айтып тұрғандай, бұл кітапта жалған ой мен көзқарастар анықталып, теріске шығарылған. Қармат немесе қарматтар деп исламда жалған және қарсы көзқарастарды ұстанған топтарға айтылған. Шейх Колайни соларды әшкерелеп, олардың сенімдерін теріске шығару туралы кітап жазған. Бұл мәселе оның сол замандағы Рейдің басқа ғұламалары секілді калам ілімі мен сенімдерді тану және дінтану түйсігі жақсы дамыған кісі болғанын дәлелдейді.
Оның тағы бір еңбегі «Ма қил фил айеме (ғ.с) мин әш-шаар» деп аталады. Бұл кітапта ұлы шайырлардың имамдар (ғ.с) жайлы айтылған өлеңдері жинақталған. «Ресайел» кітабы имамдардың (ғ.с) жолдауларынан тұрады. Сөзімізді қорытындылай келе, шейх Колайнидың тарих, әдеп, ой және хадистер атты төрт негізгі салаға аса қатты мән беріп, осы салаларда көптеген құнды еңбектер жазғанын айту керек.
Колайнидың атақ-даңқы көбінесе «Әл-Кафи» атты еңбегіне қарыздар. Себебі бұл кітап үлкен еңбек саналады. Шейх Колайни «Осуле кафи» кітабын жазуға 20 жыл өмірін арнап, рауаяттарды іздеп, соларды жинаумен айналысқан.
Сеғет ул-ислам Колайнидың мақтауға лайық еңбегінің маңызы мен құндылығы жайлы білу мақсатында оның «Әл-Кафи» атты құнды еңбегінің кіріспесінен үзінді келтіргеніміз орынды болар. Ол кіріспеде еңбекті жазудың себебін былай түсіндіреді:
Бір шиіт ғалымы барлық діни салаларды қамтитын жинақтың болмауының салдарынан мұсылмандар арасында надандық пен жәһілдіктің зұлымдығына беталыс байқалады»,- деп шағымданған екен. Колайни кітабының кіріспесінде былай деп жазады: «Аллаға шүкір, өзің қалаған кітап жазылып бітті. Өзің қалағандай жазылды деп үміттенемін. Бұл мақсатта күшімізді аямадық. Себебі, дінді насихаттап, діни бауырлар мен діндес адамдарға бағыт-бағдар беру уәжіп саналады. Сол үшін, артық ешнәрсе қоспадық. Біздің кезең мен болашақта адамдардың өмірінің соңына дейін осы кітапты пайдаланып, соған жүгініп, сілтеме жасап, осы кітап негізінде әрекет ететіндей сауап аламыз деп үміттенеміз»,- деп жазған.
Колайни «Әл-Кафи» кітабын жазбас бұрын хадистерді жинау үшін хадис ілімінің мамандары болған жəне шиіттік хадистер мен фикхтердің бөлімдерін білген, хадистерді таратушылар мен пəк имамдар(ғ.с)-дың еңбектерін сақтаушылармен, шиіттік ірі мұхаддистер мен факихтер жəне рауяттарды білетін шейхтермен кездесу үшін исламдық алыс-жақын елдердердің шиіттер мекендеген қалалар мен елді мекендерге сапар шеккен. Осылардың барлығын жинап болғаннан кейін, керекті бөлімдерді таңдап, оларды бір тәртіпке келтіріп, нәтижесінде " Әл-Кафи" хадистер жинағы пайда болды.
"Әл-Кафи" жинағындағы хадистердің саны сүнниттік ағымның сенімді алты «Сахих хадистер» кітабынан көп әрі пəк хадис таратушылардың сөздері негізінде жазылған. Сондықтан бұл хадистердің дұрыстығы мен растығына еш күмəн жоқ. " Әл-Кафи" кітабындағы хадистер Аһле бейт (ғ.с) имамдарының сөздері мен сілтемелерінің жинағынан рауаят етілген.
"Әл-Кафи" кітабының маңызды əрі құнды болғаны соншалықты бүгінгі күнге дейін діни қайраткерлер мен үлемдер оған түсіндірмелер мен тәпсірлер жазды. Соның ішінде Мирдамад жəне Молласадра секілді философтардың түсіндірмелерінен бастап, ғұлама Маджлеси, молла Салех Мазандарани, молла Мохсен Фейз Кашани жəне т.б. ғалымдардың түсіндірмелерін атауға болады. Сонымен қатар, бүгінде Колайни кітабының ұлылығын көрсететін бұл еңбектің көптеген аудармалары жазылып, ғылыми-мазхабтық орталар тарапынан қабылданып, мойындалған. "Осуле кафи" ең маңызды хадистер кітабы əрі шиіттік хадистердің ең маңызды жинағы саналады.
Ұлы мұхаддис сеғет ул-ислам Колайни өз заманында шиіттік ағымның көзін ашқан шырақ, Бағдадтағы барлық ғалымдарының мақтанышы болған. Осындай талпыныстары мен ұмтылыстары, кітап пен туындылар жазып, Аһле бейт(ғ.с)-тің даналық мектебінің дамып, гүлденуіне үлес қосқаннан кейін, х.ш.ж.с.б. 328 не 329 жылы, яғни имам Заманның (ғ.с) ғайып болған кезеңнің басында Бағдадта көз жұмған. Ол кісінің кесенесі мұсылмандардың зиярат ететін мекені саналатын қазіргі Бағдадтағы Дежле өзенінің шығыс жағалауындағы ескі Джаср көпірінің маңында орналасқан.
Он бір ғасыр бұрын өмірінің көп бөлігін бар ынта-ықыласымен пəк имамдардың (ғ.с) ең сенімді хадистері мен рауаяттарын көптеген кітаптар мен жазбалар жəне еңбектердің ішінен ең сенімді дұрысын таңдап, солардың барлығын теңдессіз жинақ етіп шығарып, ислам жəне шиіттер қауымдастығына ұсынған ұлы ғалымға Алланың сəлемі болсын!