Еуроодақтың құрылымдық түйткілдері
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i27146-Еуроодақтың_құрылымдық_түйткілдері
Еуроодақтың құрылғанына ұзақ уақыт болса да, бұл ірі еуропалық ұйым соңғы бірнеше жылда көптеген түйткілдерге ұшырады. Тіпті осы еуропалық ұйымның жоғары лауазымды қайраткерлері мен кейбір еуропалық елдердің басшыларының көзқарасы бойынша бұл түйткілдер одақтың болмысына қатер төндіруде.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Maм 17, 2017 16:44 Asia/Almaty
  • Еуроодақтың құрылымдық түйткілдері

Еуроодақтың құрылғанына ұзақ уақыт болса да, бұл ірі еуропалық ұйым соңғы бірнеше жылда көптеген түйткілдерге ұшырады. Тіпті осы еуропалық ұйымның жоғары лауазымды қайраткерлері мен кейбір еуропалық елдердің басшыларының көзқарасы бойынша бұл түйткілдер одақтың болмысына қатер төндіруде.

Осы түйткілдердің қатарында Еуроодаққа мүше кейбір елдерде қаржы және экономикалық дағдарыстың жалғасуы мен босқындар дағдарысын айтуға болады. Одаққа мүше кейбір елдердің, соның ішінде Ұлыбританияның одан бөлініп шығуы ұлтшыл ағымдардың нығаюына себеп болды. Мұндай көзқарас үйлескен және біртұтас Еуропаға сәйкес келмейді. Басқа жағынан осы еуропалық ұйымның мықты және әлсіз мүшелері арасында алшақтықтың артуын Еуроодақтың маңызды түйткілдерінің бірі деп атауға болады. Сонымен қатар, лаңкестік қоқан-лоққылар мен әрекеттерден туындаған өте осал қауіпсіздік жағдайы және климаттық өзгерістер мен қоршаған орта  мәселелерінен туындаған түйткілдерді Еуроодақтың негізгі қиындықтарының қатарына жатқызуға болады.

Мұнымен қоса, Еуроодаққа мүше елдердің қаржы және экономикалық дағдарысы мен  босқындар дағдарысына қатысты тиімсіз әрекетіне байланысты еуропалықтардың осы одаққа теріс көзқарасының артқанына куә болып отырмыз. Бұл мәселелер Еуроодаққа мүше елдер халқының көңілін суытып, одақтан бөлініп шығуға бетбұрыстардың артуына себеп болды. Шын мәнінде, еуропалық басшылардың көзқарасы бойынша Еуроодақ бүгінде еуропалық қоғамға жылдам әрі ауқымды реформалар жасау арқылы ғана жеңуге болатын дағдарыстармен бетпе-бет келіп отыр.  Шолудың нәтижесінде Еуроодақтың түйткілдерін болмыстық, экономикалық және әлеуметтік деп бөліп қарастыруға болады.

Еуроодақтың ең маңызды түйткілдерінің бірі – болмыстық түйткіл. Ол осы одақтың болу-болмауы мен белсендігінің жалғасуын нысанаға алып отыр. Бұл түйткіл Ұлыбритания халқының 2016 жылы 23 маусымда Еуроодақтан шығуға оң дауыс бергеннен кейін (Brexit) көбірек байқалып отыр. Ұлыбритания халқының Brexit-ке оң дауыс беруі шын мәнінде Еуроодақтың басшылары үшін ескерту болды. Бұл одақтың қаржы және экономикалық дағдарыс пен босқындар дағдарысын шешуде біліксіз екенінің айқындалғанын ескерсек, еуропалық интеграция идеясы бүгінде қатты қатерге ұшырап отыр.

Brexit-тің оң дауыс алуының маңызды себептерінің бірі Ұлыбритания халқының Еуроодақтың заңдары, шектеулері, бұйрықтары мен шешімдерінен құтылуға ұмтылуы болды. Еуропа комиссиясының басшысы Жан-Клод Юнкер де Еуроодақтан бөлініп шығу тақырыбында Ұлыбритания үкіметін ғана кінәлі деп санамай, осы еуропалық ұйымның қателіктері мен бұрыс қатынастары Ұлыбритания халқын Еуроодақтан бөлініп шығуға итермеледі деген пікір білдірген. Шын мәнінде, ол Еуроодақтың ішкі іске араласушылық саясатын осы одақта ыдырау үдерісінің қалыптасып, күшеюінің себептерінің бірі деп қарастырады. Мұнымен бір мезгілде Brexit Еуроодақтан бөлінуді талап етудің сылтауына айналды. Нидерланды сияқты елдерде Brexit-ке ұқсас референдумдар өткізуге өтініштер қарастырылып жатыр.

Францияда да Ұлттық майдан оңшыл партиясының үміткері Марин Ле Пен елдің Еуроодақтан бөлінуін (Frexit) талап еткен болатын. Ол Франциядағы президенттік сайлаудың үгіт-насихат науқанында өзінің негізгі уәделерінің бірін Францияны Еуроодақтан бөліп алу деп айтқан еді. Алайда ол сайлауда жеңіліс тапты. Бұған қарамастан, Еуроодақтың басшылары осы түйткілмен күресіп,  соның ішінде бөлінушілік құбылысының басқа елдерге таралуының алдын алу үшін тез арада Ұлыбританияның жағдайы шешіліп, оның Еуроодақтан шығуының жүзеге асуын талап етті.

Мұнымен қоса, еуропалық басшылар Brexit-тің Ұлыбританияға және Еуропаға теріс әсерлері мен салдарларының біртіндеп айқындалуының соңында Еуроодаққа мүше елдердің халықтарын осы еуропалық ұйымнан бөлініп шығудың ауыр салдары болады деген нәтиже шығаруына себеп болатындығына үміттенеді. 

Еуроодақтың ең маңызды құрылымдық түйткілдердің бірі – әлеуметтік саладағы түйткіл. Әсірешіл оңшыл партиялар мен қозғалыстардың дамуы,  олардың Еуропа елдерінің Парламенттеріне жол табуы, осы партиялардың басында популист саясаткерлердің болуы және бәрінен маңыздысы – АҚШ-та Дональд Трамп билік басына келгеннен кейін олардың стимулдарының арта түсуі Еуроодақтың жоғары лауазымды басшыларының алаңдаушылығын тудырып, ескертулер жасауына себеп болды.

Мұнымен бір мезгілде басқа еуропалық басшылар Еуропада әсірешіл ұлтшылдық, оңшылдық пен популизмнің таралуына  алаңдаушылық білдіріп отыр. Германия канцлері Ангела Меркель мен Францияның бұрынғы Президенті Франсуа Олланд Еуроодақта  популизмнің таралу қатерін ескертумен қоса,  әсіресе Ұлыбритания осы ұйымнан шыққаннан кейін бұл одақта бірлік пен тілеулестікті қалыптастыру қажеттігін баса айтты. Еуропада ұлтшылдықтың даму салдарларының бірі экономикада протекционистік саясаттың артуы екендігі анық. Бұл саясат мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық интеграцияға негізделген Еуроодақтың болмыстық философиясына ашық түрде қайшы келеді. Бұл мәселе әсіресе Трамптың АҚШ экономикасына протекционистік қатынас көрсетуімен тығыз байланысты.

Қазіргі таңда жоғары лауазымды  еуропалық  саясаткерлердің, соның ішінде мүше елдер қайраткерлері немесе Еуроодақ басшылары арасында  мынадай алаңдаушылық бар: Еуропада халықтың оңшыл партиялар мен қозғалыстарды жақтауы ақырында бұл елдерде еуропалық бірлік пен интеграция идеясына сенбейтін саясаткерлердің билік басына келуіне әкеліп соқтырады. Олар ұлттық болмыс-бітімге қайта оралуды, барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени, әскери және қауіпсіздік салаларында толығымен тәуелсіз әрекет етуді жақтайтын әсірешіл ұлтшылдар саналады. Бұл мәселенің айқын  мысалы ретінде 2017 жылы Ұлттық майдан оңшыл партиясының үміткері Марин Ле Пенның Франциядағы президенттік сайлаудың екінші турына өтуі мен танымалдығының артуын айтуға болады. Ол соңында сайлаудың екінші турында еуроодақшыл тәуелсіз үміткер Эммануэль Макроннан жеңіліс тапты.

Еуроодақ соңғы жылдары бетпе-бет келген дағдарыстарды ескере отырып,  еуропалық қоғамдық пікірде Еуроодақты құру теориясының іргетасы саналатын интеграцияға негізделген идеяларды қайта қарауға деген  айқын ынтаның пайда болғанын көреміз. Мұнымен қоса, соңғы жылдары әсірешіл оңшыл партиялар мен қозғалыстар Германия, Франция, Ұлыбритания, Дания мен Грекия сияқты еуропалық елдерде қатты күшейіп кетті. Бұл әсірешіл оңшылдық Еуроодақтан бөліну, мигранттар мен босқындарды шығару, ұлттық валютаны қайтадан айналымға енгізу, бір сөзбен айтқанда ұлттық болмысқа қайта оралуды жақтайды.

Еуроодақтың құрылымдық түйткілдерінің келесісі – қаржы және экономикалық саясатқа және экономикалық мәселелерді шешу жолдарына қатысты әралуан көзқарастардың болуы.  Бұл Еуроодаққа мүше елдер арасында қайшылықтардың туындауына себеп болды. Мұнымен бір мезгілде одаққа мүше бай және кедей елдер арасындағы алшақтықтың одан ары айқындала түсуі Еуроодақта қайшылықтардың туындау факторларының бірі болып отыр. Еуропалық ұйымның бай елдері Еуропаның батысы мен солтүстігінде, кедей елдер осы құрлықтың шығысы мен оңтүстігінде орналасқан. Еуропаның ірі елдері мынадай нәтижеге жетті: Еуроодаққа мүше елдердің әралуан әлеуеттерін ескере отырып, соның ішінде Германия сияқты мықты экономикадан бастап, Болгария сияқты кедей елдердің болуын назарға алып, осындай екі бөлек топтардан еуропалық жобаларға қатысты бірдей әрекет күту қисынсыз әрі реалистік сипаттан ада. Сондықтан Еуропаның ірі елдерінің басшылары енді Еуроодақ ұсынған жобаларға барлық еуропалық елдердің қатысуын талап етудің орнына осы ұйымның мықтырақ елдерінің қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ортақ жобаларға, соның ішінде ортақ еуропалық армия құру, әлеуметтік салада босқындар дағдарысымен күресу, экономика саласында еуроны нығайту үшін ортақ шаралар қолдану, саяси салада халықаралық мәселелер мен дағдарыстарға қатысты ортақ саясаттар мен қатынастар қабылдауды ілгерілетуіне мүдделік танытып отыр.

Германия мен Франция сияқты елдер Еуроодаққа мүше елдердің максималды түрде біртұтас болуын талап етіп, ақырында бұл одақты экономика, әскер, сыртқы саясат салаларында біртұтас федералдық саяси болмысқа айналдыруды көздейді.

Бұған қарамастан, сырттай алғанда еуропалық басшылар мына шындықты, яғни мүше болу үшін қажет шарттарды назарға алмастан, 2000 жылдары шығыс және орталық Еуропа елдерін Еуроодаққа жылдам қабылдаудың осы ұйым үшін шешімі қиын мәселелер тудыру мүмкіндігін ескермеген сыңайлы.  Осы уақытқа дейін Еуроодақтың алдында туындаған мәселелер мен дағдарыстарда іс жүзінде осы еуропалық ұйымның солтүстік және оңтүстік елдерінің арасындағы пікір қайшылығы мен алшақтығына куә болдық. Мұны «байлар» мен «кедейлер» қайшылығы деп атауға болады.

Шын мәнінде, 2008 жылдағы экономикалық дағдарыстан кейін «экономикалық ұстамдылық» саясатына қатысты қайшылық пайда болып,  Еуропаның солтүстігіндегі бай елдер тарапынан осы құрлықтың оңтүстігіндегі кедей елдерге экономиканы құтқару ұсыныстары жасалып,  сонымен қатар ұлттық егемендік пен өкілеттіктің бір бөлігін Еуроодаққа қарасты органдарға тапсыру мәселесі туындап, соңында босқындар дағдарысы шыққан соң Еуроодақтың қазіргі қалыбында қалуына қатысты күмәндар мен сындар айтарлықтай артты.

Ескеретін жайт, Еуроодақтың ішіндегі алшақтық осы ұйым құрылғаннан бергі ең ірі түйткіл саналатын босқындар мәселесіне қатысты қайшылықпен шектелмейді, бірақ  босқындар мәселесінің ушығуы және оның көлемінің ауқымдылығына байланысты осы дағдарысқа қатысты қатынас пен шешім жолы жайлы қайшылықтардың жалғасуы Еуроодақтың ішінде елеулі алшақтық тудырып, ақырында оның біртіндеп бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Әсіресе,  Еуропаның шығысы мен орталығындағы шағын елдер осы салаға қатысты Еуроодақтың шешімдерін орындауға ынта танытпай, ашық түрде ұлттық мүдделерді еуропалық мүдделерден жоғары қойып отыр. Еуроодаққа мүше елдер үнемі Брюссельдің шешімдерін орындауға міндетті екенін ескерсек, бұл мәселе іс жүзінде мүше елдер үшін үлкен түйткілге айналды, өйткені олар ұлттық егемендік пен мүдделер және Еуроодақтың заңдары мен шешімдерін орындаудың арасынан қайсысын таңдауды  білмей, әуре-сарсаңға түсіп отыр.

Осы мәселенің айқын мысалы бүгінде босқындар дағдарысымен қоса, Шенген келісіміне мүше еуропалық елдер азаматтарының еркін қатынасын  бақылауға қатысты әртүрлі көзқарастардан көрініс тауып отыр. Лаңкестік қоқан-лоққылардың күшейгенін ескерсек, осы елдердің кейбіреулері, соның ішінде Еуропаның солтүстігіндегі елдер мен орталықтағы Аустрия іс жүзінде осы келісімді орындауды тоқтату немесе шектеу арқылы босқындар мен лаңкестік элементтердің кіруінің алдын алу мақсатында шекаралық бақылауды күшейтті. Шенген келісімі мен Еуроодаққа мүше елдер арасында еркін қатынау – осы одақтың құрылуының басты негізі. Шенген келісімінің жойылуы жабық шекаралар дәуіріне қайтып оралу деген мағынаны береді. Бұл Еуроодақты құрудың рухына қайшы.