Имам Хомейни (р.) – Ислам революциясының ұлы жетекшісі (1)
14 хордад – хазірет имам Хомейндің (р.) қайтыс болған күнінің жылдығы. Марқұм имамның саяси ойларының ерекшеліктерінің бірі үстемшілдікпен күресу және зұлымдықтан құтылу үшін ұлы революциялық қозғалыстарды қалыптастыруда халықтың күшіне сенуі болды.
Имам Хомейни (р.) өзінің саяси ойларымен Ислам революциясының ұлы қозғалысына теориялық тұрғыдан да, іс жүзінде де жетекшілік етті. Осы ұлы қозғалыстың екі маңызды ерекшелігі болды: біріншісі – үстемшіл жүйенің қоршауын бұзу. Сол себепті үстемшіл күштер Ислам революциясы жеңіске жеткен күннен бастап революцияда көрініс тапқан имам Хомейндің (р.) ойларына қарсы ортақ шеп құрды; ұлы қозғалыстағы екінші ерекшелік – имам Хомейни (р.) ойларының динамикалық және мәңгілік сипатта болуы.
Бүгінгі бағдарламада имам Хомейндің (р.) саяси ойларын осы екі қырдан талдауға талпыныс жасаймыз.
Имам Хомейнидің (р.) саяси ойлары аймақ пен әлемде түбегейлі өзгерістердің бастауы болғаны күмәнсіз. Өйткені имам Хомейнидің (р.) исламның саяси әлеуеттерін таныстыру жолында жасаған ұлы қозғалысы серпінді күш ретінде қосполюсті жүйеден туған саяси режимдерді түйткілге ұшыратты.
Әлемде болған революциялардың теоретиктерінің көзқарасынша, имам Хомейнидің (р.) саяси ойларында екі маңызды ерекшелік бар. Марқұм имамның саяси ойларындағы бірінші әрі маңызды ерекшелік ислам революциясына әлемдік тұрғыдан қарауы болды. Бұл ерекшелік ислам революциясының жаһандық сипат алып, әлемдегі үстемшіл жүйелердің түйткілге ұшырауына себеп болды. Имам Хомейни (р.) зорлық-зомбылық көрген халықтар арасында "Ең ауыр жағдайда да ең үлкен жетістіктерге жетуге болады" деген сенім тудырды.
Имам Хомейни (р.) әлемдік үстемшілдерге қарсы күрес пен табандылық жылдарында өз жолын жалғастыруға қатысты титтей де күмән келтірмеді, керісінше аймақтағы халықтарды әрдайым өз қарым-қабілетіне сүйенуге және табандылық танытуға ынталандырып, "үстемшіл жүйеден құтылудың жалғыз жолы – зорлықшыл күштерге қарсы біріге-жұмыла әрекет ету" деген сенімді нығайтты. Сол себепті революцияның армандары мен мақсаттары әу бастан анық болып, әлемдік алпауыттардың қол астындағы көптеген халықтар үшін түсінуге боларлық құндылыққа ие еді.
Имам Хомейни (р.) халыққа сүйенуді жұмсақ күш ретінде басты негізге алу арқылы әділет талап етуді Иран халқының ең негізгі талабы санап, күрес майданына кірді. Осы екі тірек қосылып, ислам революциясының негізін қалады. Осылайша ол әлемдік алпауыттардың үстемшіл саясаттарымен күресуге бағытталған тұрақты қозғалысқа айналды. Сондықтан Иранда ислам революциясының жеңіске жетуі әлемде азаттықты қалаған халықтар үшін шабыт көзіне айналып, әлемдегі саяси қозғалыстардың, соның ішінде ислам елдері арасында назарға алынды. Содан бері 40 жылға жуық уақыт өтсе де, ол әлі де әртүрлі елдердегі революциялық қозғалыстарға шабыт беріп келеді.
Имам Хомейни (р.) шынайы күш-құдіреттің халықтың қолында екенін, әлемдік алпауыттардың қолдауына сүйенбей-ақ үлкен саяси өзгеріске жағдай жасауға болатынын көрсетті. Бұл өзгеріс Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін орын алып, ислам дінінің ұлы саяси құдіреті мен әлеуеттерін әлем халықтарына таныстырып, үстемшілдік пен отаршылдыққа қарсы қозғалыстарды жандандырды. Иран халқы өзінің күресінде осы мүмкіндікті тудырып, революция контекстінде әділет, азаттық пен тәуелсіздік талап ететін көптеген халықтар үшін бұрынғыдай өміршең әрі тағдыр тудырарлық мәні бар мақсаттарды көздеді.
Имам Хомейни (р.) құтқаратын саяси ойларды тарату арқылы ислам мен ислам қоғамдарын оқшаулықтан шығарды. Имам Хомейнидің (р.) саяси ойлары ақиқат пен әділет жолындағы күреске мән-мағына берді. Осы тұрғыдан марқұм имамның саяси ойлары өзінің аймақтық және халықаралық ықпалымен жапа шеккен халықтардың көбін өзіне тартты.
Имам Хомейни (р.) үстемшіл жүйеден тәуелсіздік алуға бағытталған кез-келген әрекетті елестетудің өзі мүмкін болмаған жағдайда ислам революциясын жеңіске жеткізді.
Сол себепті әлемдік алпауыттар, соның басында АҚШ әу бастан Ислам революциясымен текетіресуді өз саясатының басты бағдары етіп алып, ИИР-ын құлатуды көздеді. АҚШ осы салада көптеген жоспар құрып, қастандықтар жасады. Қазіргі таңда да осы саясатты кейбір аймақ елдерінің көмегімен және үстемшіл әрі зорлықшыл шаралардың аясында жүзеге асырып жатыр.
Өткен 38 жылдың ішінде Ислам революциясы мен ИИР жүйесі басынан өткерген қиындықтар мен қысымдар мына шындықты растайды: Иран халқы өз мақсаттары мен армандарына жету үшін барлық қысымдарға төтеп беріп, бар күш-қуатымен ілгерілеуді жалғастырып, аталған ерекшеліктерді сақтай отырып, әлемнің әртүрлі аймақтарындағы азаттық сүюші халықтар үшін үлгіге айналды.
Имам Хомейнидің (р.) саяси ойларының жаһандық сипатқа ие болуы ислам революциясының әділет пен ақиқатты көздейтінін және осы мақсатты ислам революциясы армандарының қатарына қосқанын көрсетеді.
Шын мәнінде әрбір революцияның құны мен маңыздылығын сол революцияның армандары мен мақсаттарына шолу жасау, сондай-ақ, оның әлемдегі өзгерістерге әсерін бағалау арқылы анықтауға болады. Иран ислам революциясының орнын да осы құндылықтар бойынша бағалау керек. Имам Хомейни (р.) ислам әлемінің мұсылман халықтары, мақұрымдар мен мұқтаж жандар арасында хабардарлық пен қырағылықты арттыру арқылы олардың күреске деген батылдық рухын оята алды. Осы тұрғыдан марқұм имамның саяси ойлары мен арман-мақсаттары Иран ислам революциясының берік сақталып, мәңгіге қалуына себеп болды. Имам Хомейнидің (р.) саяси ойларының осы ерекшелігі туралы келесі бағдарламада сөз қозғайтын боламыз.