Имам Хомейни (р.) – Ислам революциясының ұлы жетекшісі (2)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i27760-Имам_Хомейни_(р.)_Ислам_революциясының_ұлы_жетекшісі_(2)
Имам Хомейни (р.) өзінің саяси ойларымен саяси салаларда жаңаша ойлауды өзінің революциялық қозғалысының басты бағыты етіп алып, осылайша өз-өзіне сенімділік пен өз-өзіне сүйенуге және Батыстың алдында тізе бүкпеуге жағдай жасауды көздеді.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Маусым 06, 2017 13:54 Asia/Almaty
  • Имам Хомейни (р.) – Ислам революциясының ұлы жетекшісі (2)

Имам Хомейни (р.) өзінің саяси ойларымен саяси салаларда жаңаша ойлауды өзінің революциялық қозғалысының басты бағыты етіп алып, осылайша өз-өзіне сенімділік пен өз-өзіне сүйенуге және Батыстың алдында тізе бүкпеуге жағдай жасауды көздеді.

Аймақ деңгейіндегі осы тағдыр тудырушы қозғалыс ислам елдерінде саяси көзқарастардың дамып, жоғарылауына айтарлықтай көмектесті. Ислам революциясының жеңісінен қырық жылға жуық уақыт өтсе де, имам Хомейнидің (р.) саяси ойлары әлі күнге дейін ықпалын сақтап отыр. Оның ойларының әлі де қарастырылуы ислам әлемінің саяси әлеуеттерінің айқындалуына себеп болды.

Имам Хомейнидің (р.) саяси ойларының Ислам революциясы кезіндегі ең маңызды әсерлерінің бірі революциялық құндылықтарды мәңгілік ағымға айналдыруы болғаны күмәнсіз. Бұл ұлы қозғалыс революциялық құндылықтарды әлемдік құндылықтарға айналдырып, жаһанның жапа шеккен халықтарына үстемшіл жүйеге қарсы тұруға үміт берді. Ислам революциясы марқұм имам сипаттаған жолда халықтардың құқықтарын қорғауды өз мақсаттарының бастысы деп белгілеп, әлемде орын алған басқа революцияларға керісінше өзінің бастапқы  жолынан ауытқымады. Қандай жағдай болса да, қысымдар мен сепаратистік әрекеттерге қарамастан, өзінің құндылықтары мен армандарынан алшақтамады. Осы тұрғыдан Ислам революциясы әлемнің саяси-әлеуметтік саласында ақиқат талап етуші ағымның символына айналды.

Зұлымдықпен күрес және үстемшілдікті теріске шығару хазірет имамның революциялық ойларының негізгі принциптері бірі болып, әрдайым баса айтылды. Иран Ислам революциясының саяси әдебиетіне енген «үстемшіл» сөзі Құран Кәрімнің тағылымдарынан бастау алады. Зұлымдықты жою және үстемшілдікпен күресу діни және саяси жауапкершілік ретінде әлемді билеп-төстеген зұлым жүйеге қарсы жапа шеккен халықтардың көтерілісінде ең терең әсер қалдырды. 

Имам Хомейнидің (р.) діни ойлары мен сенімдерінен туындаған зұлымдыққа қарсы ұстанымдары бір жағынан зұлымдықпен күресуді діни міндет ретінде ұсыну арқылы бұл ойдың ислам үмбетінің діни намысымен астасуына және мәңгілікке діни қажеттілік пен міндет ретінде рөл атқаруына себеп болды. Екінші жағынан үстемшіл күштермен күресу рухы отаршылдықтан құтылуға бағытталған көтерілістердің туындауы үшін қажет жағдайды одан ары әзірлей түсті. Мұның барлығы – имам Хомейнидің (р.) саяси ойларында көрініс тапқан даусыз шындықтар.

Ислам революциясының жеңісінен 40 жылға жуық уақыт өтсе де, 20 ғасырдың ең үлкен құбылысы саналатын имам Хомейнидің (р.) саяси ойларына қызығушылық, оларды талқылау мен пікір алмасулар әлі жалғасуда.

Имам Хомейни (р.) саяси ойларын саяси пайда көретіндей тиімді кеңістіктерде айтпаған. Исламдық жүйені орнатуға бағытталған күрес кезеңінде имам Хомейнидің (р.) исламның саяси ойлары туралы тәпсірінде екі айрықша ерекшелік болды: біріншісі – қатып қалған қисық ойлау мен рационалдыққа қарсылықпен күресу; екіншісі – ислам дінін саяси билік жүргізуге негізі бар жан-жақты мектеп деп сипаттауы.

Имам Хомейни (р.) әлем Батыс пен Шығыстың текетіресіне душар болған шақта өзгеріс тудыратын революциялық қозғалыс жасап, халықтық күш түріндегі үшінші ағымды тудырды. Бұл ағым үстемшілдікпен күресіп, коммунистік-социалистік үкіметтердің дінге қарсы ойларын теріске шығарып, шынайы исламның оқшау қалып, мойынұсынбайтынын, керісінше, әділет талап етуші қозғалыстарға шабыт беретінін көрсетті.

Имам жаңа саяси ойларды баяндап, жетекшілік ету арқылы маңызды салаларда үстемшілдікпен күресті бастап, оны өзінің берекелі өмірінің соңына дейін жалғастырды. Имам «Ислам барлық салаларға қатысты сындарлы ойлар мен бағдарламаларға ие. Тіпті, тәуелсіздік, әділет пен динамикалық дамуға стимул беретін ислам үкіметін құруға биік мақсаттары мен қорытынды бағдарламасы бар» деп санады.

Имамның саяси ойларының келесі бір негізі исламның қайнар көзін қоғамның әлсіз тобы мен мақұрымдар деп санауында жатыр. Имам әрдайым үкіметтің мақұрымдар үшін құрылатынын қуаттап, жүйенің жауапты тұлғаларын халықпен, қоғамның әлсіз тобы және мақұрымдармен байланыстарын нығайтуға шақырған.

Имамның көзқарасы бойынша, халықты отаршылдық пен деспотизмнің құрсауынан құтқару – күрестің маңызды мақсаттарының бірі.  

Имам ислам республикасы мен діни үкіметті сипаттауда: «Исламдық жүйе деспотизммен біріге алмайды»,-деген. Имам халықтың исламдық басқарудағы рөліне тоқталып, оны Ислам республикасының ең негізгі тақырыптарының бірі ретінде атап: «Біз Ислам республикасының орнауын қалаймыз. Бұл үкімет халықтың дауысына сүйенетін болады»,-деді.  

Имамның саяси ойларында «Исламдық басқару – халықтың дауысына жүз пайыз негізделген үкімет. Әрбір ирандық өзінің дауысымен өзі мен елінің  тағдырын жасайтынын сезінеді».

Иранда салтанатты Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейін үстемшіл әлемге қарсы тұру және Батыс пен АҚШ-қа қарсы табандылық көрсету тек  арман немесе шындықтан тыс ой ретінде түсінілсе, имам Хомейнидің (р.)  саяси ойлары негізінде Ислам революциясы қалыптасып, ол жан-жақты жеңіске жеткеніннен кейін, жапа шеккендер әлемінің отаршылдарға қарсы күресуге және өздерін азат етуге үміттері пайда болып, әлемдік деңгейдегі азаттық қозғалыстары жаңа серпін алды деп айтуға болады. Сол себепті хазірет имам Хомейнидің (р.) саяси ойларының басты принциптерінің бірі саналатын дүниежүзілік үстемшілдікпен күрес мәңгі сақталатын динамикалық құбылысқа айналды деп айтуға болады.