Діни жетекшінің имам Хомейнидің қайтыс болуының 28-шы жылдығында сөйлеген сөзі
Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи өткен жексенбі, маусым айының 4 күні Ислам республикасы жүйесінің іргетасын қалаған имам Хомейнидің қайтыс болуының 28 жылдығына қатысты шараға жиналған халықтың алдында сөз сөйледі.
Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи өткен жексенбі, маусым айының 4 күні Ислам республикасы жүйесінің іргетасын қалаған имам Хомейнидің қайтыс болуының 28 жылдығына қатысты шараға жиналған халықтың алдында Иран халқының имамның мақсаттары мен армандарының аясында қырағылықпен үстемшілдікке қарсы тұрып, Ислам революциясының мақсаттарына жету жолын жалғастыратынын қуаттап: «Имам Хомейни туралы айтылмаған нәрселер бар. Соларды біртіндеп қоғамға жеткізу қажет. Имамның жолы мен негіздері бұрмаланбас үшін өткен жылдары айтылған мәліметтерді қайталау керек»,- деді.
Ислам революциясының жетекшісі жастарға: «Имам Хомейни мен халықтың арқасында илаһи жігерге жетуге себеп болған Ислам революциясының жеңісі бір топтың билік басынан кетіп, келесі топтың келуі болған жоқ. Ислам революциясы – елдің саяси сахнасы мен ирандық қоғамдағы терең өзгеріс.Ислам революциясы жабық, мұралық және бөгделерге тәуелді диктатураны халыққа сүйенген, тәуелсіз, абыройлы және өз болмысына ие үкіметке айналдырды»,- деді. Ислам революциясының жетекшісі «Имам Хомейни революцияның жеңісінің арқасында үлкен өзгерісті іске асырды. Имам Хомейни кейбір саясаткерлер олардың орындалуына күмәнданғанына қарамастан, өз сөзінде Ислам революциясының мақсаттарын баяндауымен бірге олардың көбін іске асырды»,- деді. Аятолла Хаменеи имам Хомейнидің мақсаттарымен салыстырғанда маңызды емес саналатын монархия қозғалысының мақсаттары мен мұнайды ұлттандыруға тоқталып: «Бұл қозғалыстар тіпті өзінің алғашқы мақсаттарына жете алмады, керісінше имам Ислам революциясының мақсаттарына жетіп, бұл революцияны қорғап, мәңгілік етті»,- деп баса айтты.
Аятолла Хаменеи имам Хомейнидің табысының сырын халықты жаппай көшелерге шығаруында болды деп атап: «Халқы қоғамға араласып, табандылық танытып, қарсыласатын кез келген мемлекет өзінің мақсаттарына жетеді»,- деп қуаттады. Ол имам Хомейнидің жеке тұлғасы мен ұрандары және негіздерінің басқаларды қызықтыруының себебін халықтың, әсіресе жастардың саяси сахнаға шығуымен байланыстырып: «Имам Хомейни өте мықты, қиындықтарға қарсы тұратын күш-қуатқа ие, адал әрі ашық және сөзі мен амалында Аллаға иман келтіріп, оған тәуекел еткен азамат болды. Имам Хомейнидің осы тартымдылығы жастардың имам мен оның жолын, қозғалысы мен революциясын таңдауына себеп болды. Имамның ұсынған негіздерінің бірі хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның Исламы болды»,- деп баса айтты.
Ол сондай-ақ тәуелсіздік пен азаттықты, қоғамдық, экономикалық әділет пен халық демократиясын, халықтың сайлау мен басқару құқығын және ұлттық сенімді имамның басқаларды өзіне тартқан ерекшеліктері деп атап: «Имамның АҚШ-тың билігінен шығу деген келесі негізі ирандық жастарды қызықтырды. Бұл негіз бүгінде аймақ жастарының көбінің арманы болып отыр»,- деді. Ислам революциясының жетекшісі сөзінің келесі бөлімінде Ислам революциясы жеңісінің басындағы Шығыс пен Батыстың алпауыт үкіметтерінің алаңдаушылықтарына тоқталып: «Ислам революциясының дұшпандары өткен 38 жылда Иран халқына қарсы әртүрлі жобаларды іске асырды. Бірақ, барлық қастықтары сәтсіздікке ұшырады. Алда да солай болады»,- деді. Аятолла Хаменеи сөзінің бұл бөлімінде хиджри шамси күнтізбесі бойынша Ислам революциясының жеңісінен кейінгі бірінші онжылдыққа тоқталып: «60-шы онжылдық зорлық-зомбылық онжылдығы болды. Бұл Ислам революциясының тарихындағы маңызды әрі тағдырды анықтаған кезең болды. Бірақ, өкінішке орай, бұл онжылдық белгісіз қалып, соңғы кезде кейбір жоғары лауазымды басшылар сол кезеңге шабуыл жасады. 60-шы онжылдық үлкен сынақтар онжылдығы, әрі Иран халқына қарсы жан түршіктірерлік лаңкестік әрекеттер іске асырылған уақыт болды»,- деді. Аятолла Хаменеи таңылған соғыстың басталуы мен сол жылдардағы революцияшыл Иранға қарсы санкциялар мен елді бөлуді көздеген әрекеттерге тоқталып: «Иран халқы, әсіресе жастар мықты табандылықпен барлық қастандықтар мен дұшпандықтарды жеңіп шықты»,- деді. Аятолла Хаменеи ойшылдарды 60-шы онжылдықтардағы оқиғалар мен шындықтар туралы ойлануға шақырып: «60-шы онжылдықтың оқиғаларында шәһид пен жендеттің орындарының ауысып кетуінен абай болайық. Өйткені, 60-шы онжылдықта Иран халқы көптеген зорлық-зомбылықтармен кезігіп, лаңкестер, мұнафықтар мен оларды демеушілер имам Хомейни мен Иран халқына зұлымдық жасады. Халық өзін қорғап, нәтижесінде жеңіске жетті»,- деді.
Аятолла Хаменеи сөзінің келесі бөлімінде революцияның күштерді жұмылдыратын күш-қуатын үлкен нығмет деп атап, Иран Ислам революциясы дұшпандарының арсыздығына сілтеме жасап: «АҚШ Президенті тайпалық, кертартпа жүйенің (Сауд Арабиясының) басшысымен қылыш биін билеп, әдепсіздікпен ерікті сайлау мен Иран халқының 40 миллион даусын сынады. Біздің дұшпандарымыз (АҚШ пен оның одақтастары) ұялмай, Йемен халқын қырып-жоюшылардың қасында тұрып, адам құқығы туралы айтып, Иран халқын адам құқығын бұзды деп сылтауратып, санкция салады. Бұдан асқан арсыздық бола ма? Бұл арсыз дұшпандарға қарсы тұру үшін Иран революциянық күштерді жұмылдыруды қажет етеді. Барлық басшылар мен революцияға жанашырлар құндылықтар мен армандарды шынайы құрметтеп, қысқа мерзімді мақсаттары мен өтпелі саяси өзгерістері үшін негіздер мен құндылықтарды ұмытуға рұқсат бермеуі керек»,- деп баса айтты.
Аятолла Хаменеи ұтымдылықты революцияның ұрандарына қарсы қоятын кейбіреулерді сынап: «Шынайы ұтымдылық революцияшылдықта. Революцияшыл көзқарас ғана шындықты көрсете алады. Ұлы имам осыдан отыз жыл бұрын революцияшыл көзқарасының аясында АҚШ-ты «Үлкен шайтан» деп атап, сенім артуға болмайды деп қуаттады. Қазір отыз жылдан кейін кейбір еуропалық мемлекеттердің басшылары бұл шындықты мойындап, АҚШ-қа сенуге болмайды дейді. Бұл мәселе имамның революцияшылдығынан туындаған ұтымдылықты көрсетеді. Ұтымдылық, яғни халық пен жергілікті күшке сүйеніп, Аллаға тәуекел ету. Ұтымдылық АҚШ-тың билігінен босағаннан кейін қайтадан «Үлкен шайтанға» жақындамау»,- деді.
Аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында ұтымдылықтың атымен алпауыт елдермен қайшы келуді зиян дейтіндерді сынап: «Қайшы келудің шығыны бар, бірақ олармен бітімге келудің өтемі одан артығырақ»,- деп ескертті. Ислам революциясының жетекшісі саудиялықтардың өз халқының жүздеген миллиард долларын АҚШ-тың мүдделері мен мақсаттары үшін жұмсауын «Үлкен шайтанмен» бітімге келу деп атап: «Егер адам өзіне сеніп, революцияшыл қисынмен бір қайшылыққа кірсе, оның шығыны бітімге келудің қаржысынан азырақ болады»,- деді.
Ол қастық жасаушы және шапқыншы елдердің еш уақытта қанағаттанбайтындығын, дұшпандардың алдында артқа шегінуді олардың жаңа талаптарына себеп болатынын, сондай-ақ, артқа шегіну мен жаңа талаптар тізімінің аяқталмайтынын ескертіп: «Революцияшылдық, яғни ел басшыларының мақсаты алпауыт елдерді риза ету болмай, зорлық-зомбылық жасаушыларға бағынбай, олардың алдауына алданбай, «үлкен шайтанның» алдында әлсіздік танытпай, ішкі күштер мен мүмкіндіктерден пайдаланып, халықтың мәселелерін шешіп, халықты риза етуге шоғырлану болуы керек»,- деп қуаттады.
Аятолла Хаменеи Иранның президенттік сайлауы мен халықтың бұл сайлауға жаппай қатысуына тоқталып: «Сайлауға қатысып, дауыс берген 41 миллион халықтың әр біреуіне шын жүрегімнен алғыс айтамын», - деп, халықтың сайлауға бірауыздан қатысуын жүйеге деген сенім мен елдің беделінің артуына себеп болады деп бағалады. Ол сөзінің жалғасында үкіметке өндіріс пен жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлуге кеңес беріп: «Конституция бойынша президент көптеген мүмкіндіктерге ие. Сондықтан, белсенді әрі білікті басшыларды сайлап, олар халыққа берген уәделерін орындауға міндетті»,- деді.
Аятолла Хаменеи аймақтың бірнеше мәселесіне тоқталып: «Өкінішке орай, қасиетті Рамазан айында Йемен, Сирия, Бахрейн және Ливия сынды кейбір елдердегі біздің ораза тұтып жүрген бауырларымыз үлкен қиындықтармен кезігіп отыр. Сауд үкіметінің тіпті тағы 10-20 жыл өз қылмыстарын жалғастырса да, Йеменнің жазықсыз халқын жеңе алмайтынын, тек өз күнәсін ауырлатып, илаһи азапқа ие болатынын білгені жөн»,- деді.
Ислам революциясының жетекшісі Сауд үкіметінің Бахрейндегі араласуын қисынсыз деп атап: «Бахрейн мәселесі Бахрейн халқына қатысты. Сондықтан, Бахрейн халқы өз үкіметімен мәміле жасап, нәтижеге жетуі керек»,- деп баса айтты. Аятолла Хаменеи сонымен бірге бөгделердің Сириядағы араласуын бұл елдің үкіметі мен халқының жігеріне қайшы деп атап: «Сирия мәселесі келіссөздер арқылы шешілуі қажет»,- деді. Ол Ислам дүниесіндегі гибридтік соғыстар мен халықтар арасындағы қақтығыстардағы дұшпандардың рөліне тоқталып: «Бұл мәселелердің шешім жолы – келіссөздер. Сондықтан, мемлекеттердің сыртында қару таратылып, басқалар халықтар істеріне араласпауы керек»,- деп баса айтты.