АҚШ – адам құқығын бұзушы (1)
Өз елін адам құқығын қорғауда көшбасшы ретінде көрсетіп, басқа мемлекеттердің адам құқығын сақтау істеріне төрелік жасау биігіне жайғасқысы келетін АҚШ адам құқығы саласында қабылдауға келмейтін тарихқа ие.
АҚШ-тағы адам құқығының бұзылуы немесе адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы негіздерінің еленбеуінің мысалы ретінде бұл елдегі кедейшіліктің өсуі мен әлеуметтік теңсіздікті және нәсілдік кемсітушілікті атауға болады. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мемлекеттерден өз азаматтарын адамның қадір-қасиетіне лайық, тең, жақсы өмірмен қамтамасыз етуді талап етеді. Қазіргі таңда АҚШ-та миллиондаған адам кедейшілікте, таршылықта, дискриминация мен әлеуметтік теңсіздікте өмір сүреді. АҚШ әлемнің ең ірі экономикасы ретінде танылып, дүние жүзіндегі байлықтың басым бөлігінің осы елде шоғырланғаны бұл тақырыпты маңызды ете түседі. Осы себептерге байланысты бұл елдегі кедейшілік пен дискриминация жағдайы жеткілікті ақшасы жоқ немесе байлық жинау үшін тұрақты саясатты қажет ететін басқа дамымаған немесе даму үстіндегі елдермен салыстырғанда адам құқығын бұзудың бір белгісі ретінде қарастырылады.
АҚШ-тың ресми статистикасы бойынша бұл елдің 40 млн-ға жуық азаматы кедейшіліктен төмен деңгейде өмір сүріп жатыр. Бұл адамдар тамақ, тұратын жер, жұмыс секілді минималды қажеттіліктерді қамтамасыз ете алмайтындықтан үкімет пен соған қарасты қайырымдылық ұйымдардың көмегіне зәру. АҚШ үкіметі бұл адамдарға көмектесу үшін бірнеше жылдан бері әл-ауқатты жақсартуға бағытталған азық-түлік талонын тарату бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарламаларда әлеуметтік жағдайы өте төмен адамдарға арнайы дүкендерден негізгі азық – нан, ет, сүт тағамдарын алу үшін талон беріледі. Бұл адамдардың өздерінің күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін адамзат құндылықтары мен ар-намыстарын аттап өтіп, жат мінезге жүгінген кездері сан рет байқалған.
Осындай ауқымды кедейшілік салдарынан АҚШ-тың кедей азаматтарының көбі қатал қоғамда жан сақтау үшін жезөкшелік, ұрлық және кісі өлтірушілік секілді әлеуметтік ауытқушылықтарға бет бұрады. Соңғы жылдардағы қаржы дағдарысы және АҚШ-тың қазіргі үкіметінің экономикалық және әлеуметтік саясаттары салдарынан азық-түлік талондарымен қамтамасыз ету азайды.
Соңғы статистика бойынша шамамен 40 млн адам осы көмектің жалғасуын қажет етеді. АҚШ Конгресі соңғы жылдары әскери және қауіпсіздік сияқты басқа салаларға жеткілікті қаражат бөлу үшін кемінде 5 млн адамды осы бағдарламадан шығарды. АҚШ-тағы кедейлерге көмек беру бағытында жұмыс істеп жатқан ұйымдар бұл адамдардың өмір сүру жағдайының қиындап кеткенін ескертті. Адам құқықтарын бақылау ұйымы мен Халықаралық кешірім ұйымы сияқты адам құқығын қорғаушы ұйымдар да АҚШ-та кедейшіліктің етек жаюына байланысты адам құқығының бұзылуына алаңдаушылық білдірді.
АҚШ-тағы кедейшілікті басқа елдердегі жағдаймен салыстырғанда өзгешелендіретін нәрсе – бұл елдегі адамдардың тұрмыс деңгейінің алшақтығы. АҚШ шамамен 19 триллион долларды құрайтын жалпы ішкі өніммен әлем елдерінің көшін бастап тұр. Бұл елдің кейбір азаматтары мен компаниялары дүниежүзі бойынша ең бай компаниялар мен адамдардың қатарына жатады.
Мысал ретінде, 40 миллион адамы кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүретін және осы шамадағы адамдары тұрмыстық қажеттілік үшін азық-түлік талондарына мұқтаж елде MICROSOFT компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс (Bill Gates) 70 млрд долларға жуық ақша тапты.
АҚШ-тағы ондаған аса бай отбасының дәулеті осы елдегі 317 млн халықтың жартысының байлығына тең деседі. Әрине, экономикалық теңсіздік пен өмір сүру деңгейінің алшақтығы тек АҚШ жұртшылығына ғана тән емес, әлем елдерінің көбінде, әсіресе Батыс елдерінде де байқалады. Осылайша ешбір мемлекетте Америкадағыдай кедейлер мен байлар арасында осындай айырмашылық жоқ деуге болады. Соңғы жылдардағы қаржы дағдарысы да осы айырмашылықты арттырды.
Зерттеу институттары Батыстағы индустриялық революциядан бүгінге дейін әлеуметтік топтар арасында мұндай алшақтықтың болмағанын, бұл жағдайдың жоғары шегінің АҚШ-та байқалғанын жариялады. Бір қарағанда экономикалық теңсіздік пен адам құқығының бұзылуы тақырыптары арасынан тура байланыс көрінбеуі мүмкін. Бұған қарамастан, абсолютті кедейшіліктің жанында абсолютті байлық қалыптасқан қоғамда Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясында жазылған заң бойынша барлық азаматтарға бірдей тиімді өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік құрылымдар құру мүмкін емес.
АҚШ-тағы адам құқығы тақырыбына кері әсерін тигізген экономикалық теңсіздік пен кедейшіліктен басқа, бұл елдегі жүйелі және табиғи жағдайға айналған дискриминация елдің адам құқығы тарихын қаралады.
АҚШ-та азаматтардың тыныштық, әл-ауқат пен қауіпсіздікке қолжетімділік деңгейінде әлі де терінің түсі айқындаушы роль атқарады. АҚШ-тағы элита саналатын түрлі-түстілер азшылығын қоспағанда, қара нәсілділер, латынамерикалықтар, Американың байырғы тұрғындарының көбінің өмір сүру деңгейі ақ нәсілділердің орта деңгейіне қарағанда төменірек.
АҚШ Еңбек министрлігінің статистикасы бойынша, ұқсас жұмыс пен бірдей физикалық жағдайда қара нәсілді жұмысшы ақ нәсілді жұмысшының айлығының тек 70 пайызға жуығын алады.
Қара нәсілділердің жақсы мектепке қол жеткізу, жақсы ем алу, қаржылық мүмкіндіктерге ие болу, жақсы ауданда өмір сүру сияқты мүмкіндіктермен қамтылу деңгейі ақ нәсілділермен салыстырғанда өте төмен. Абақтыға түскен қара нәсілділер саны олардың жалпы халық санындағы үлесіне қарағанда өте жоғары. Кісі өлтірушілер мен өлім жазасына кесілгендердің көбін қара нәсілділер құрайды.
Қоғамда айқын әлеуметтік және мәдени кемсітушіліктердің болуымен қатар, елде қауіпсіздік пен әділдікті қамтамасыз ететін ұйымдар да нәсілдік дискриминациямен былғанған. Соңғы жылдары полиция қызметкерлерінің қара нәсілді жастар мен жасөспірімдерге дәлелсіз оқ атуы үлкен түйткілге айналды.
Зерттеулер бір қара нәсілді америкалық жеткіншектің полицияның тергеуіне алынып, дәлелсіз оқ атуына ұшырау ықтималының шамамен 9 есе көп екенін көрсетеді. Осындай жағдайда соттың қара нәсілді жастар мен жасөспірімдерді дәлелсіз атып өлтірген полиция қызметкерлерін ақтағаны немесе жеңіл жаза шығарғаны бірнеше рет байқалды.
Қандай жағдайда да АҚШ қоғамында адам құқығын бұзушылықтың көптеген жайттары бар екені айқын. Мысал ретінде бұл елдегі кейбір түрмелердің адам төзгісіз жағдайын айтуға болады. Кейбір штаттарда қажетті қаржының жеткіліксіздігінен түрмелерде сотталғандарды ұстауға қолайлы кеңістік жоқ. Адамдар тар темір торларда отыр. Өлім жазасына кесу үкімедерін электр орындықтарға отырғызу немесе өлтіретін дәрілерді қолдану арқылы орындау бұл елдегі адам құқығын бұзудың айқын жайттарының қатарына жатады.
АҚШ-та кейбір сотталғандар он жылдап қоғамнан тыс жеке камераларда жазаларын өтеп жатыр. Сол түрмелерде де түске қатысты нәсілшілдік кемсітушіліктер ашық түрде жасалып жатыр. Қара нәсілді жаза өтеушілер көптеген әл-ауқат мүмкіндіктерінен мақұрым қалады.
Сонымен қатар түрме басқармасының жеке секторға тапсырылуына немесе жеке сектордың түрмелерді салу мен басқаруға инвестиция салуына байланысты АҚШ-та полиция қызметкерлері, судьялар мен жеке компаниялардан тұратын желі пайда болды. Олар жеке сектордағы инвесторлардың табысын көбейту үшін әртүрлі сылтаулармен көптеген адамды түрмеге қамайды.
Осындай себептермен АҚШ халқы әлемдегі кез келген халықтан көбірек қылмыстық жазаға тартылу, түрмеге қамалу немесе қызметтен шеттетілу тарихына ие. Бұл мәселе адам құқығы принциптеріне ашық түрде қайшы келеді.